КЕЙІПКЕРДІҢ ШЫҒАРМАҒА ДЕЙІНГІ ӨМІРІ…
30.05.2022
827
0

– Бірден айтайық, әңгімеден Хэм әкей мен Мураками-санның самалын сездік. Ал кейіпкердің көңіл күйі, өмір сүру салты Камюдың «Бөгдесін» еске салады. «Қараңғы көшеңізге» «шырақ» болған кімдер? Қай қаламгерлердің шығармашылығын көбірек үлгі тұтасыз?

– Бұл жерде Кафканың да әсерін айта кету керек. Дегенмен Камю де, Кафка да жоғарыда аталған екі қаламгерге ұқсамайды. Ал менің кейіпкерім мүлде ашылмаған десек те болады. Хемингуэй сияқты қысқа сөйлемдер қолданғаныммен, оның «айсбергіне» бойлай алмадым. Мураками сияқты қарапайым жазғым келсе де, санада жатқан ойлар оқиғаға ұласпады.
Осындай ойлардың себебінен, кез келген жазып шыққан әңгімені жариялаудың қажеті жоқ деген шешімге келдім. Бұл әңгіме жазылғаннан бері 4 жыл өтті. Алты беттік әңгіменің әлі күнге бір кәдеге жарайтынын қабылдау қиын. Мүмкіндік болса, мен біраз жерін өзгертер едім, бірақ шығарма менің қолымнан кеткеннен кейін ол өзі өмір сүріп, өз күнін өзі көруі керек. Бір қызығы, «Жоғалған қараша» деген әңгімем де жазылған соң 3 жылдан кейін газетке басылған. Шығармаларымның аз да болсын өмір сүретіні қуантады.

– Жас әдебиеттанушы Әлібек Байбол бір жазбасында «Қараңғы көшедегі шырақта» формаға емес, мазмұнға басымдық берілген», – деген еді. Әйткенмен біз керісінше ой түйдік… Жалпы, қандай да бір әңгімені бастап жазарда не нәрсеге мән бересіз? Осынау шығарманың идеясы қашан туды? Не түрткі болды?

– Әңгіме қағазға түскенге дейін оның біраз оқиғасы ойымда өтеді. Мәселен, бұл әңгіме кейіпкер «Хилтон» қонақ үйінің жоғарғы қабатында өмірмен қош айтысуға дайындалып тұрған кезінде басталады. Алайда одан бұрын біраз оқиғаларды бастан өткеріп, осы хәлге түсуінің себебін мен ойымда жазып шықтым. Оқып отырған адамға шығармаңды түсіндірудің қажеті жоқ. Оқыған кезде жауабын өз ойынан табады. Ал мазмұны мен формасы әдебиеттану ғылымын зерттеп, қызығушылық танытқан адамдардың еншісінде.

– Әңгімені оқып болған соң: «Қыз кейіпкердің қиялында ғана өмір сүре ме?» деген ой келді. Балықтың өлімі қиялдағы қыздың өліміндей көрінді. Әңгіменің бұлай аталуының сыры да сол соңғы сөйлемінде жатқандай: «Тек аквариумдағы судың бетінде қалқыған өлі балық, өлі тыныштық және (тірі) мен». Сіздің бұдан бұрынғы «Жоғалған қараша» әңгімеңізден де осы кейіпкерді кездестірген сияқтымыз. Бұдан кейін осынау кейіпкеріңіздің ғұмыры қаншалықты ұзақ болмақ?

– Әңгіме жазғанда «біреуді» өлтіру деген ойға мүлде барғым келмейді. Бірақ дәл осы шығармада… Қызды аман алып қалу қолымнан келмеді. Шығарма қай жерден басталып, қалай аяқталатыны маған беймәлім. Кейіпкерлер қайда барады, не істейді, онда менің шаруам жоқ. Егер араласқан болсам шығармамды басып, бұлай сұхбат жасауыңыз екіталай еді.
Кейіпкер де, әңгіме де «Жоғалған қарашаға» тікелей қатысты. Негізі, бұл әңгімелер талай жылдан бері айтып, жазып жүрген «романнан» шыққан. Бұл кейіпкердің өмірі туралы шығармаларды оқисыздар деген үміттемін.
– Шығармаға ол жазылған уақыттағы қоғамда болып жатқан жағдай да әсер еткен секілді?

– Шығарма жазып отырған кезде оған саясатты араластырмау туралы емес, саясиландырып жібермесем екен деп ойлаймын. Қоғамда, отбасыңда болған жағдайды қаузай берсең, себебін іздесең, түбінде бәрі бір-бірімен байланысты. Адасқан топқа қосылып кеткен бес баланың әкесі туралы жазғаным діндарларға ұнамайды. Бірақ бұл – шындық. Мешіттің жанынан өтсең қайыр сұраған мүгедек адамдардың қатары құшағында балалары бар жас қыздармен толыққан. Неге? Оларға «Құдай» маңызды. Себебі олар «Құдайын» тауып, күнде сонымен кешкі ас ішіп жүргендей, оның атынан сөйлеп, жолымен жүрміз дейді. Адам өзіне ұнаған нәрсені ғана қабылдайды және ұнаған жолымен жүреді.
Менің сенімім, ұстанымым, өмір сүру салтым шығармаға араласып, оқырманға үгіт-насихат жасамауы керек. Мен тек баяндаушымын. Қалғаны оқырманның еншісінде.
– Соңғы сұрақ. Қазір «Қара шаршыға» қарағанда қандай күй кешесіз?

– Бос кеңістікте бейнелер айқындалып келе жатқан сияқты…

                                                                                                                                                                                                                       Сұхбаттасқан Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір