Наурыз
15.03.2019
779
0

Омар Жәлелұлы

Кейде мені бір ұры ой мазалайды: «Наурыздың қадіріне жетіп жүрміз бе?» Жер-дүниені құлпыртып, міне, тағы Наурыз келе жатыр. Қазақ елі үнсіз. «Келсең, кел, келсең өзің үшін келесің» дегендей кісәпірлік кейіп танытады. Жер дүниені солқылдатып, бір ай бұрын шырша орнатып, көтеріңкі көңіл күймен асыға күтетін Новый годтың мәртебесіне жете алмай жатыр. Иса пайғамбардың туған күнінен бастау алатын жат жұрттық Новый годқа бөркін аспанға атып, есі кетіп, Абайша айтсақ, «шапаны аттың көтін жауып, екі көзі аспанда, еліріп шаба беретін» қазақ Наурызға келгенде не жын тиіп қалды?

Халықта жазық жоқ: әркім қолынан келгенше қарсы алып, тойлап жатыр. Гәп билікте болып тұр. Көзін тырнап ашқаннан Новый годпен ауызданған билік өкілдері бұдан өлсе айырылмақ емес; бұдан айырыл­са – бәрінен айырылатынын біледі. Новый год, Сегізінші март – күні өткен идеоло­гия­лық мерекелер. Қанша тырысқанмен, қан­ша тыртысқанмен – болмайды. Қазақта жақсы мақал бар: «Таң атпайын десе де, күн қоймайды» деген.
Наурыз – Жаңа Күн. Күн мен түннің теңесуі. Жаңа жылдың дүниеге келуін ай­ғақ­тайтын Жаңа күн. Осы күннен жаңару басталады. Табиғат жаңарады. Дүн-дүние жаңарады. Адамдар ескі-құсқыдан арылып, барын қағып-сілкіп, үйін тазалап, жан дүниесін тазалап, Жаңа күнді қарсы алуға дайындалады. Бізге де жаңаратын уақыт келді: қашанғы ескі-құсқы, күні өткен, түкке жарамсыз идеологияны талғажау қыламыз?!
Бастықтар тойлап, қарапайым халық кіре алмай, есіктен сығалап жүретін ол – Наурыз емес. Ол – біздің әлі отарсыздан­баған, бейшара, кіріптар кейпіміз. «Жауға – қатын, жақынға – жалмауыз» (Шәкәрім) отар елдің билігінің траги-комедиялық бейнесі.
Наурыз неден басталуы керек? Наурыз Елбасының Наурызнамасынан басталуы керек. «Президенттің шыршасы» деген ұғым бар. «Президенттің Наурызнамасы» деген ұғым неге болмауы керек? Бірақ: «Сізге Наурызнама қылдыруға келдік» дей­тін аталы сөзді білетін, аузы дуалы бүгінгі­нің Едіге билері қайда?!
Неге Қазақ елінде береке жоқ? Неге Қазақ елінің мал-басы бірдей өспей жатыр? Өйткені, қазіргі қазақ бұрынғы қазақтай Наурызды жүрегі жарыла қуанып күтпейді. Ал, бұрынғы қазақ қайткен? Мәшһүр Жүсіпке құлақ түрейік: «Сол жаңа туған жылын, жаңа туған күнін құттықтап, қуанып той қылса, сол жыл да, сол күн де бұл құттықтаған, қуанғанды қолтығына қысып, құшағына алып, сый-құрметпен, қызық дәуренмен өткізуге міндетті, борышты». Міне, қазақтың баю, өсу тех­ноло­гиясы; мал мен басты бірдей өсірудің ноу-хауы.
Бұны ата-бабаларымыз шебер меңгер­ген табиғатпен, Жаратушымен етене болу­ды ғылыми тілде энергетикалық алмасу дей­ді. Табиғаттың, Жаратушының тілін біл­ген қайран ата-бабаларымыз бұл алмасу­ды «сыйға – сый, сыраға – бал» деп тұжырған.
Әйгілі Джон Кехо: «Біз энергетикалық тор­да (паутина) өмір сүреміз: біздің кез кел­ген ойымызға Ғалам дереу жауап береді», – дейді. «Бағаламағанға бақ қон­бай­ды, қуанбағанға құт дарымайды» дегенде, таңдайымыз тақылдап, аузымыз аузымызға жұқпайды. Жаттап алғанбыз, бірақ мәнісін түсінбейміз, тереңіне бойлай алмаймыз. «Бай болғысы келмейтін адам жоқ, Құдайы қаламайды, хан болғысы келмейтін адам жоқ, халқы қаламайды» дегендей, халықтың бай болуы, берекелі болуының осындай сакральді астары бар екен. Біз бұны бүгін ұмыттық: біз «ептеп бай болғымыз» келеді», «есебін тауып бай болғымыз» келеді. Байлардың баянсыз­дығы, байлықтың қайырсыздығының сыры да осында жатқан жоқ па екен?
Біз Наурызға неге қуанбаймыз? Өйт­кені, Наурыздың идеологиясы жоқ. Идео­ло­гиясы ұмыт болған. Ал Наурыздың идео­логиясы піл сауырлы қара жердей кәрі, ау­а­дай қарапайым, теңіздей терең: «Жауын­менен жер көгерер, батаменен ер көгерер».
«Қайда атақты асқан бай бар болса, Наурызнаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында Наурызна­маның қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен». «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама».
«Елді, жұртты оңға бастаймын, ілгері басуына, малы-басы өсуіне тілектес бола­мын деушілер… осы Наурызды құрметтеп, «Ұлыстың ұлы күні» атандырып, той-тама­ша қылуға тырысу керек». Мәшһүр Жүсіпке біз де қосыламыз. Бұдан артық не айтуға болады?!

ПІКІР ҚОСУ