Әлі сана толған жоқ
24.10.2015
1578
0
537420_363306595_159911Газетіміз апта сайын «Желқазық» айдарында қаламгерлерге түрлі сауал қойып, әдебиет пен мәдениет жөніндегі ойын біліп, жазарман жауабын оқырман назарына ұсынатын-ды. Осы аптадағы тақырып – бұқаралық (тобырлық деуге де болады) мәдениет белең алған заманда бір жағына ауған талғам-таразысын қалай түзейміз? Неге даңғазаға бой ұрып, түкке тұрғысыз дүниені мақтауды әдетке айналдырдық? Әлемді былай қойғанда, әдебиетіміздегі әдеби үрдістерді бақылауға неге құлықсызбыз? Жастардың ойын біліп, пікірін тыңдауда неге тайсақтық танытамыз? Жоғарыдағы сұрақтарға байланысты біршама қаламгерлерге хабарласып, жауап беруін өтінген ек… Біреулері «уақытының жоқтығын» сылтау етсе, екіншілері әлгіндей «тосын сауалға» дайын еместігін жеткізді. «Екі аптадан кейін телефон соқ!» – дегенді де естідік. Газеттің жұмыс барысы турасында айтпаса да белгілі шығар. Одан бұрын үлкен әдебиетшілерді түнде оятса да атып тұрып, кез келген әдеби мәселелерге жауап беруге дайын ғой дегенге қатты сенгенбіз. Кейбіреулердің «базалық білімі», дайындығының әлсіздігіне таң қалатынымыз бар. Сөз өнерін мұхитқа теңесек, қазақ әдебиеті соның қай жерінде екені көбімізге қызық болар. Басында ма, ортасында ма, аяғында ма?! Қай жерінде? Мың жылғыны азық қылып, «Әлем таныған Әуезовті», «Адамзаттың Абайын», «Поэзия падишасы Мұқағалиды», «Өлеңі жұмбақ Жұмекенді» қашанғы алдымызға салып, ауыз талғанша айта береміз.

Дұрыс! Тарихты ешкім, ешқашан да ұмытуға қақы жоқ! Бірақ қара суды қай­та-қайта сапырғаннан бетіне қаймақ шы­ға ма екен?.. Орыстар «великий и могучий» сөзін Иван Тургенев арқылы Лев Толстойға ғана қиды. Қал­ғандары «генийальный», «отменный», «чуткий» дәрежесін­де қала білді. Чеховты «тонкий», Бунинды «нежный», Шукшинді «талантливый» деп еркелетті. Мүмкін шынайы, кәсіби әде­биет жасау үшін ал­ды­мен ұстам­ды­лыққа үйрену керек шы­ғар. «Әлемнің», «адам­заттың», «ұлы» деген пафосқа толы сөз­дерді барынша аз қолдануға тырыссақ қалай болар екен?!. Аталынған сөздер белгілі бір автордың атақ-абыройын асқақтатып, оны басқа­лар­­дан жоғары көрсету мақсатында пай­да­ланылады. Бірақ біз оны «ұлы» де­ге­ні­міз­бен ол ұлы бола қалмаса керек-ті. Яғни аса бір ештеңе өзгере қоймайтынын байқай­мыз…
Әдеби ортада Мұхаңды, Әуезовті үз­дік­сіз айта бергеннен жастар арасында «Сонда классиктерден басқа жазушы жоқ па?» деген заңды сұрақ туды. Мынандай бір қызық әдеби әзіл бар. Баяғыда Хемингуэй тотықұсқа «Диккенс» деген сөзді үйретіп қойыпты. Тотықұс күні-түні: «Диккенс, Диккенс, Диккенс», – деуден шар­шамапты. Бұны Хемингуэйдің ұлы жазушыға деген құрметі деп түсіндік. Бірақ Эрнест дәл бұл сөзден соншалықты мезі боламын деп ойламаса керек. Бір күні: «Фолкнер деші!» – депті жалынып. Тотықұс: «Диккенс, Диккенс», – деуден тан­бапты. Ашуға булыққан жазушы құсты атып өлтіріпті. Кім жауыз? Бір сөзді қай­та­лай берген құс па? Әлде оны атып тас­та­ған иесі ме? Тағы бір әзіл. Академиктен пушкинтанудың тарихы туралы лекцияны жетпіс жетінші рет тыңдаған Маяковский әбден шаршағаны соншалық: «Ертең Пушкинның ескерткішін осында көтеріп келуге рұқсат етіңізші…», – деген екен. Жо­ға­ры­дағы сауалға жазарман қауым жауап беруге аса құлық танытпаған соң, өзіміз жазуға бел будық…
Талғам мен жаңа дүниенің арасында қан­дай байланыс бар?.. Талғам қалыпта­сады, бұзылады, қайта қалпына келеді. Өміріңізде бір рет қана иіскеген әтір секілді. Есіңізде қалғанымен, уақыт келе ұмыта бастайсыз. Сол әтірді екінші рет иіс­кегенде есіңізге түседі. Талғам да сол сияқты. Басқа иістермен салыстырмайынша оның озық және тозық тұстарын бағамдай алмайсыз. Ал талғамның бұ­зыл­уы иіс сезу, есту, көру, сипап сезу мү­шеле­рінен айырылумен тең. Талғам­паз­дық жөнінде сөйлегенде бірден ескіні қозғаймыз. Жазармандар жаңадан мысал келтіргендерді өте сирек көрдік («Жоқ» дегенді сылтауратамыз). Неге? Тарихи талғам мен бүгінгі эстетиканың арасы Жер мен Көктей ғой. Қайбір грек данышпаны «Төбемдегі жұлдыздар мен аққан өзенге таң қалудан қалмаймын» дегендей, шетел әдебиеті турасында сөз қозғалса тыңдағымыз жоқ, бірақ солар­дың пікірі біз үшін аса қымбат болып шы­ға­ды. Әдебиет, мәдениет, өнер турасында жазылған рецензия, философиялық эссе, әдеби-көркем портрет, очерк жанр­ында жазылған дүниелерді әлем демей-ақ қояйын, іргелес Ресей әріп­тес­те­ріміз оқып, шынайы бағасын бере ала­тын дә­ре­же­де жаза аламыз ба? Дулат Иса­беков­­тың пьесасы Лондонда сахналанды. Мойын­дауымыз керек, бұл қазақ әдебие­тін­дегі ірі оқиға болды. Алайда, дәл сол са­пар туралы, қазақ драмасының ағыл­шын қабылдауындағы тылсым тұсы жөнінде еш жерден сараптамалық мақа­ланы оқи алмадық. Қазақ пен ағылшын­ның ойын, сөйлеу, қимыл-қозғалыс, тү­сіну, түйсіну, жеткізу, көру, байқау, кө­­рер­менмен театр тілінде тілдесу ерек­шелігі жөнінде көлемді (ақыры көлдей мақала жазғанды ұнатамыз ғой!) дүние оқығымыз келгенін жасырудың қажеті жоқ. Бірақ «болды» және «өттімен» шек­телдік. Сапардан Отанына оралған соң Дулат Исабековтың «Жас қазақ үніне» берген сұхбатында драматург: «Ағыл­шын­дар бізді білмейді, менсінбейді, оқымайды деп сырттай айта береді екенбіз. Қазақ жазушыларының көбісін ағылшыншаға аударып, кітабын кітап, аудиодискісін аудиодиск күйінде сақтап қойған екен. Осыған қатты таң қалдым», – депті. Сан ғасырлық әдеби дәстүрі бар Англияның қазақ әдебиетіне патша-көңілін аударып, соншалықты құрмет көрсеткені шынымен де таң қалдыратын нәрсе болды. «Япу­райға» жанарымызға жас тұнатын жанымыз нәзік қазақ едік, ал қазір адамды толғандыратын жаңалыққа селт ет­пейтін болдық, кез келген дүниені аса салқын қабылдадық. Дулаттың сапары да елеусіз өтті…
Сол жаққа ауған талғам таразысын қа­лай теңестіреміз деп жүргенімізде дол­лар қымбаттап, халықты абыржытып тастады. Абыржымаған, байсалды қалпы­нан танбаған байекеңдер ғана ғой дей­мін. Ақшаны доллар күйінде жиғандар ұтып, байыған үстіне байи түсті. Ал пәтер­ден пәтерге көшіп, жұмыс таба алмай қинал­ғандардың жағдайы одан ары күрделене түсті. Бірақ қазағым саспайды, сасқанын білдіргісі келмейді. «Жоғалт­қан түгіміз жоқ. Қиналса жоғарыдағылар қиналады…», – деп қояды әзіл-шыны аралас. Барлық зат, дүние-мүлік, азық-түлік, киім-кешек бағасы отыз-қырық пайызға көтеріліп, қымбатшылық қысқан уақытта халыққа әдебиет керек пе? «Халықты алдымен нанға тойдырыңдар, одан кейін барып қойылым қойғандарың жөн болады!». Цезарьдың сөзі. Доллар бағамы 281-ге дейін жетті. 150-ден 281-ге дейін шарықтаған шетелдік валюта бүгін 300-ге көтерілді. Ол кездегі ішкі және сыртқы жағдай қандай болмақ? Одан бұрын заңнама, экономика, ғылым-білім, орта және шағын бизнесті дамытуға байланысты қабылданған заң жобалары да халықты тұқыртып тастады. Дәл осындай қиын жағдайда көптеген елдер өнер мен әдебиетке байланысты жаңа заман заңын қабылдап, ірі-ірі меморандумдарға қол қойып үлгерген-ді. Бұл еріккендіктен емес, сөз өнерін сақтап қалу, оған барынша жағдай жасау. Сондай бір заңдардың бірін Үндістан қабылдаған-ды. Соның ішінде «Халықта ақша жоқ болса кітап тегін таратылсын, әдебиетке ерекше құш­тарлығы бар жас жазушылар болса, оны шетел университетінің грантына түсіруге тырысуымыз керек, баспалардың жанынан жағдайы төмен жазушыларға қала­мақы тағайындалсын» деген секілді бөлімдер бар. Біз заң қабылдағышпыз. Бірақ жоғарыдағыдай әдебиет пен өнер­ге қатысты заңды әлі пісіре алмай келе­міз. Бұған әдеби орта ма, әлде билік құлық­сыз болып тұр ма, оны өздеріңіз шеше жатасыздар. Дегенмен, кешенді жұмыстар атқарып, ірі қадамдарға баратын уақыт келді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада жұмыссыздық, аштық, қымбат­шылық, жоқшылық белең алған уақытта халық біразға дейін өнерден қол үзуге мәжбүр болды. Себебі, кітап оқып отырып аштан қатқандарды барынша құрметпен жерлесе де, көбісі бұлай ажал құшқысы келмеді. Бетховен симфонияларын тыңдап жатып жоқшылықтан көз жұмған­дар­ға күле қарағандар болған жоқ. Және бұл құбылыс әпенділікке де баланбады. Жан бағып, бала-шаға асырау керек екенін дер кезінде ұғынды. Қырық сегіз-елуінші жылдарға таман ірі оқу орындары өз жұмысын жалғастыра бастағанда эли­талық топ балаларына алдымен әдебиет­ті, одан кейін музыканы, сурет және мүсін өнерін үйретті. Сол кездегі Еуропа көзіне жас алып тұрып «Экономика мен қаржы саба­ғы қатар өтілмесін» деген заң қабыл­дады. Неге екенін білесіз бе? Өйткені, әдебиетті коммерцияға айналдырып, ақшаға айырбастауға түбегейлі қарсы болды. Дегенменде, бүгіндері дағдарыс­тан шыға алмай жатқан Еуропаның әлсіз мемлекеттерінен халық жағдайы жақсы, шатқаяқтамай тұр деген елдерге жер аударуға мәжбүр. Бірақ классика мен коммерция деген қос ұғым тоқайласқан жоқ. Баспагерлер әлсіз шығармаларымен әлемге танылған жазушылардың арқа­сын­да пайда көрді. Себебі, капитализм олар­ды дамудың сол сатысына алып келді. Анти-исламдық һәм эротикалық сипатта жазатын Мишель Уэлбектің кітабына сұраныс өте жоғары. Оны бас­қан баспагер миллионер болатын дәре­же­ге жетті. Ал еліміздегі мәдени ахуал мүлде бөлек. Классиктеріміз сөрелерде сіресіп тұр, ал эстетиканың ауылынан алыстап кеткендерді оқу былай тұрсын, кітабының мұқабасына қарауға бейілді болмай шықтық. Нағыз ақын Халықтың өзі екенін ұмытып кететін секілдіміз. Біз кітапқа, шынайы өнерге Поэзия арқылы ғана ораламыз. Өйткені, тұқымға жазыл­ған дүниені өзгерту қиындау. Түсінуге қиын, авторлық романдар жазайын де­сең халық оқымайды, ал даңғаза, дүбәра, шикі нәрселерден әлі де жерінер емес. Дилемма! Ауада өзгеріс иісі сезіледі. Біра­қ ол қашан боларын ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ ол жаңару алыс емес сияқты…
Егер есімнен шықпаса, алпыс бес-жетпісінші жылдары Америка өнерінде коммерция басым болып, Бродвейдің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс еді. Би­лет­тер алдын-ала сатылып кететін-ді. Сон­дағы көрсететіні – бір қатарға тізілген қыздардың жалаңаш саны, би, ән-думан, шоу және тек қана мелодрама. Бұндайдан жалыққандар ол жаққа бас сұқпайтын болды. Өзгеріс басы осыдан басталған-ды. Одан кейін отандық драматургияға аты әлемге әйгілі жазушылар келе бастады. Көш басында Теннесси мен Миллерлер тұрған еді. Алғашында театрдың екі қатары әзер толатын. Табысты ойлаған театр басшыларының ақшасы күйді. Үмітсіз шайтан. Олар сабырсыздық танытпай, әліптің артын бақты. Міне! Шоудан шаршағандар шынайы, психология­лық, ұлт проблемасын арқау еткен театр­ға асыққан көрерменде есеп болмады. Арты жаман болған жоқ. Сондағы драматургтардың пьесалары Голливудта экранизацияланды… Дәл сондай күйді қазір бізде бастан кешудеміз. Шу мен ду көп, шынайылық жоқ. Сондай бір жағдайға бой үйреткеніміз соншалық әншінің айтқан әр сөзі ақиқат ретінде қабылданатындай көрінді. Өсер ел – болашағын болжағыш келеді. Осы ғасыр­да әлемге өзімізді танытқымыз келсе, ми­ды ауыртқан шудан құтылуымыз қа­жет…
«Бүгінгі жастардың талғамына, олар­дың ой-пікіріне қаншалықты сенуге болады?» деген сұрақ көп туындап жүр. Үлкен­дердің көңілінде күдік пен күмән алмасып, сенімсіздік басым түсетіндей көрінеді. Бұл әр кезеңде болған құбылыс. Екі ұс­таным, екі түсінік, екі көзқарастың астарында – бала мен әке, немере мен атасы сияқты керағарлық жатыр. Жастар үлкендерді «ескішіл» деп айыптаса, үлкен­дер жастарды «толыспаған», кей кезде «шала­ғайлау» деп кінәлайды. Қалай бол­ған­да да, біз бір-бірімізге соншалықты жақын емес екенбіз. Арамызда бір көзге көрінбейтін көпір жатыр. Бір қарағанда бәрі дұрыс, бәрі орынды, бәрі жақсы се­кіл­ді. Ең үлкен кемшілігіміз – бір-бірімізді оқымаймыз. Оқымай жатып пікір айтамыз. Және ол пікір өте жалпылама шыға­ды. Бұнымен қалай күресеміз? Бауырмашыл болайық. Француз әдебиетіндегі романтизм мен реализм бағытын ұстану­шы­лары­ның текетіресі туралы оқығанда, сол кездегі жазушылардың ортақ ойы – әдебиеттің көсегесін көгерту екенін тү­сіне­сіз. Әдебиеттанушылар сол кезеңге «Гюго мен Бальзак стилінің итжығыс түс­кен уақыты» деп баға берді. 2014 жыл­ғы Нобель сыйлығының иегері Патрик Модианоның сөзіне сенсек: «Бұл француз әдебиетінің өшіп немесе өсетін, сондай бір шешімтал дәуірі еді. Егер екі алып әде­биет үшін бет жыртыспаса, онда бүгін­дері біздер, француздар мойындалмас едік», – деп өзінің естелігінде жазған-ды. Ал қазақ әдебиеті үшін шешімтал кезең қашан тумақ? Дәл сондай күн туғанда идея үшін күресуге дайынбыз ба? Бізге дейін істелінбеген, бізге дейін бара алма­ған тақырыптарды қаузай аламыз ба? Егер осы үдеден шыға алатындай дәре­жеде болсақ, онда жастар үлкен әдебиет жасай алады. Өсек-аяң, айқай-сүреңді аңдығыш болып барамыз. Бұқаралық мәдениеттен бойымызды аластатқымыз келсе де, оған іштей болсын төтеп бере алмаудамыз. Қоғамда бұқаралық сана басым түскенде ол доминант дәрежесіне көтеріледі. Негізгі құндылықтар әдебиет, өнер, мәдениет, ғылым, таным-түсінік, ой-сана құнсызданып, адами фактор, адамгершілік, адамилық сияқты киелі түсініктер аяққа тапталады. Тарих дәлел­деген­дей, бұндай ойран-асыр ірі жаңа­лық­­тың, ұлт өміріне «төңкеріс» (жақсы мағынасында) алып келетін өзгерістердің алдында болады. Мәселен, Латын Америка құрлығында XX ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін испантілді жазу­шы­лардың шығармаларына деген сұраныс жоғары емес еді. Қазақ әдебиеті ауыл прозасына ауыз салып жатқан тұста, Оң­түс­тік Америкада әлемдік әдеби бум бас­талған-тын. Айналасы он жылдың ішінде әлем кечуа, аймар, майя, ацтектер ұрпағы әлемдік өркениет көшіне әде­биет­пен де кіре алатынын дәлелдеді. Ол уақытта Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбе­ков, Бердібек Соқпақбаевтардың елге танылып, шығармалары қазақ оқырма­нына кеңінен тарала бастаған. Қанша шетелді айтқанымызбен өзгеден өнеге үйренуге болар, бірақ ол өзіңдікі емес екенін түсінесің…
Заманақыр болған жоқ,
Әлі сана толған жоқ.
Тау жайлаудан қалған жоқ,
Би кеңестен қалған жоқ.
Қара тұмсық қазақтың қарашы,
Құдайға қылған жазасын!
Заманақыр болған жоқ,
Әлі сана толған жоқ,
Әуеден Иса түскен жоқ,
Жерден Мәді шыққан жоқ.
Өтіріктен басқаға
Құдайға дұспан жоқ.

Сүйінбай шайырдың айтқаны әлі өзгере қойған жоқ, «әлі сана толған жоқ». Адамға сөйлегенде адамның атын емес, рудың атын айту қанға сіңгені соншалық, өз есімін ұмытатын дәрежеге жеттік. Үл­кен әдебиет жасағысы келетін ел, бойына біткен кеселден айырылмайынша алдыға жылжуымыз барған сайын қиын­дай бермек. Ұлт қиналғанда Әдебиет жанынан табылатындай деңгейге қашан жетеміз?.. «Үлкен әдебиет», «талғам» де­генді көп айтқанымызбен, сол үдеден шығып жатқанымыз шамалы. Көңіліміз алабұртып, сағыныш басқанда Есенқұл­дың «Алдай-ау, Алдай, Алдай-ауын» тың­дап жұбанамыз. Ел есінде қалып, әде­биет­ке өз үлесін қосу деген осы болса керек-ті!.. Біреу біреуді мақтайды, кей­біреу­лер даттайды келіп. Қалай болғанда да сөз өнері бәз біреулердің сөзімен өл­шенбесе керек… Өйткені, дәл осы дүниеге қатты сенеміз, соңғы үмітіміз де осы…

Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір