ӘЙЕЛ. ӘЛЕМ. ӘФСАНА
08.03.2019
1572
1

«Феминизм», «Әйел теңдігі». Бұл терминдердің түп төркіні Батыс өркениетінен бастау алады. Олар өз діндеріндегі шала сенім бойынша Хауа ана мен Адам атаға тыйым салынған жемісті жегізіп, бүкіл адам баласын кәусар мекен – жұмақтан шығарған Хауа ана деп түсінді. Сөйтіп, дүниенің ақырына дейін Хауа ана барша адамзаттың күнәларына себепкер деген тұжырымға келді. Сондықтан Батыстың көптеген шығармаларында әйелдерді «дене икемімен өзін ақылды етіп көрсетуге тырысушылар», «сөйлейтін құралдар» немесе атақты философ Генри: «Әйелдердің оңашада не істейтінін білгенде, еркектер үйленбес еді» – деген ұшқары пікірлер айтты. Тіпті, араб мемлекеттерінде дүниеге қыз баласының келуі – отбасы үшін масқараның нақ өзі болып саналатын. Егер әйелі қыз бала босанса, ері оны ешкімге айтпастан тасаға апарып өлтіріп не тірідей көміп тастайтын. Алайда жетінші ғасырда Ислам дінінің өркен жаюымен әйелдердің дәрежесі қара жерден аспанға бір-ақ көтерілді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Жұмақ – аналардың табанының астында», – деді. Әрі: «сендердің ең ізгілерің – әйелдеріңмен жақсы мәміледе болғандарың» деді.

Бірде-бір сахаба өзінің мұсылман болмай тұрған кезінде өз қызын қалай өлтіргені жайлы: «Қызымды әсемдеп киіндіріп сыртқа алып шықтым.
Ол: «Әкешім, енді қайда барамыз?» – деді қуанышты үнмен. «Нағашыларыңа барамыз», – деп алдап қойдым. Түн қараң­ғылығында қазылған үңгірдің қасына апардым да, қызымды ақырын үңгірдің ішіне түсіріп, төбесіне топырақ шаша бастадым…», – деп әңгімесін жалғай бас­тағанда, тыңдап отырғандардан көзі жасқа шыланбағаны қалмады. Бұл не деген аза! Бұл не деген қасірет!
XX ғасырда қазақ жазушылары көтер­ген «әйел теңдігі» мәселесінің екі ұшы бар еді. Бір ұшы Кеңестік құйтырқы саясат болса, бір ұшы надандық езгісіне жаншыл­ған әйелдерге, шынында, теңдік әперу мәселесі еді. Сол тұста дінді дұрыс түсінбе­ген әм түсіндіре алмаған дүмше молдалар­дың себебінен әйелдер дәрменсіз, орайы келсе қамшымен сабап алуға болатын, мал беріп сатып алуға тиімді зат секілді дәре­же­ге түсті. Жеке құқықтары аяққа таптал­ды. Бұл туралы «Қалың мал», «Бақытсыз Жамал», «Шұғаның белгісі», «Ақбілек» секілді шығармаларда кеңінен жазылған болатын. Осы тұста Мұхтар Әуезовтің «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласы жарыққа шықты. Онда заңғар жазушы: «Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!» – деп Алаш баласына жар салды.
Егер әйелдер психологиясын зерттеу жобасы құрылып, жүз том еңбек жазылса, ол томдықтар әйел жанының тереңдігіне толық сүңги алмас еді. «Барлық өнердің бастауы – әйел». Кез келген ұлы тұлғаның соңында қажырлы әйел тұрғаны жасырын емес. Әлем әдебиетінің классигі Федор Достоевский өзінің тамаша туындысы «Аға­йынды Карамазовтарын» сүйікті әйеліне арнаған болатын. Әдебиет зерт­теушілері Анна Гри­горьевнаның Дос­тоевский­дің бұл туындыны жазуына аса көп ықпал еткенін айтады. Лев Толстой Анна ханыммен бір-екі рет жолығып, аз-маз сөйлескеннен соң: «Көп орыс жазу­шыла­рының Достоевс­кий­дің әйелі секілді әйелі болса, олар өздерін одан да мықты сезінер еді», – деген екен. Ал, Анна Гри­го­рьев­­­на Лев Толстойдың әйелі Софья Андреев­на­ға 1910 жылдың 7 қарашасында жолда­ған хатында: «Егер сіздің қадірлі еріңізге 83 жасқа дейін өмір сүру бұйырса, онда бұл үшін күллі Ресей сізге қарыздар… Сіздің оған деген қалтқысыз қам­қор­лы­ғы­ңыз бен ыстық махаббатыңыз үшін», – деп жазады…

Батырхан Сәрсенхан

(Толық нұсқасын газеттің №10 (3644) санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР1
Қажы мұқамбет қаракедей 10.07.2019 | 08:53

Тұмар апай қандай-ды
Қорлатты Зұлқарнайды
Тимепті ол заңғарға
Сомен елді сақтайды
Ал бүгінгі қыз-қатын
Жатқа бұрды маңдайы
Ал қазақтың жігіті
Қазақ қызын алмайды
Осы елді жалмауға
Жалмауыздар алдайды

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір