ХАН КЕНЕ. Арлан- Шамай (әфсана дастан)
05.02.2023
992
0

Қорғанбек АМАНЖОЛ
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

«Кімнен таяқ жегендей
Біздің қазақ баласы!
Алдырып жүрген дұшпанға
Ауызының аласы.
Дін мұсылман әлеумет
Бірге мінсе кемеге,
Үш Алаштың баласы
Тізгінін берсе Кенеге,
Ер басына аяқтай
Тас көтерсек жебеге,
Тау басына шығатын
Жол салмасқа немене?!»
Нысанбай жырау

Хан Кене қазағымның қаһары еді,
Сүйегі үзілмеген аталы еді.
Ардақтап ақ киізге көтерілген,
Алқаған бақ пен қыдыр баталы еді.

Хан Кене еркін елдің ерлігі еді,
Ерліктің серек туған сеңгірі еді.
Нәмәрт­ті найзағайша жайрататын
Намыстың туы болып желбіреді.

Елдіктің үмітінің шырағы еді,
Ерліктің ерт­теп мінген пырағы еді.
Жанкешті жанын түйген шүберекке,
Уа, қашан жанға сауға сұрап еді?!

Жорықты жолдарынан Ер Кененің
Қасиет, қасірет­ті тең көремін.
Хан баба, самғауыңа қуанамын,
Қан-жоса сор-зарыңа шерленемін.

Хан Кене – зар заманның запыраны,
Қан-құса жылымына батырады.
Бас иген бодандықтан өлім артық,
Қас жауға қанды жебе атылады.

Қазақтың жарқ еткен бір тағдырындай,
Бір сәтке төге салған бақ нұрындай,
Алланың Алашына бере салған
Алдаспан, алмас қылыш алтын ұлды-ай!

Жанпида өр рухымды өлтірмеген,
Жау бетін ел шетіне келтірмеген.
Жорықта жолдас болған, қолдас болған
Кіл қасқа «мен атайын, сен тұр!»–
менен.

Арамды мысы басып жер қаптырды,
Адалды күші тасып самғат­тырды.
Аруағы хан Абылай атасының
Асырып алапасын қолдап тұрды.

Сұм заман салды матап шырғалаңға,
Қаймықпай қарсы шапты дүр ғаламға.
Әт­тең-ай, қазылған ор, құрылған тор
Көкжалды кектендірмей құр қалар ма?

Қайралған қаталдықпен сапысы да,
Болған-ды қателік пен қапысы да.
Қайтсін-ай, от­та қалса опа таппай,
Елім деп еңіреген ақысына.

Көп болған өкініш те, өнеге де,
Өрлеген жетіп биік өреге де.
Озбыр жау, қайқы қылыш,
қайшы заман –
Байланып бағы тұрды керегеге.
Тең еді бересі де, аласы да,
Кең дүние сыяр ма көз шарасына?!
Ауызы ала болған қазағым-ай,
Ақырда қалдың ердің наласына.

Төресін хан Кененің Алла берген,
Ордасы шапағатын алда көрген.
Алаштың арына дақ түспесін деп,
Оғланың ойланбастан жан да берген.

Бас имей дұшпанына өліп кет­ті,
Өлсе де жеңілмеді, жеңіп кет­ті.
Көксеген еркіндікті ел-жұртына
Аңсарын азат­тықтың беріп кет­ті.

Өлсе де найза бойы биік тұрды,
Соңында күңіренген күйік тұрды.
Шырқаған хан Кененің ақырғы әні
Алаштың бар баласын ұйыт­тырды.

Өлсе де топырағы кеніш болды,
Тірелген тығырығы өріс болды.
Өлімі өлген рухты тірілт­ті де,
Көкжалдың жеңілісі жеңіс болды.
Еңсесі биік бүгін бостан елмен,
Ақыны өмірінен дастан өрген.
Қашанғы қазағымның хан Кенесі,
Жасайды мәңгі бақи аспан-жермен.

Жырлаймын жорық-ғұмыр бір-ақ сәтін,
Талайы Тәңірге аян сынақ сәтін.
Болғанды болғандай қып айту парыз,
Аруақтар ар шыңынан құлатпасын…

* * *
Басына хан иемнің салған Құдай,
Қым-қуыт, қиын-қыстау болған ұдай.
Арпалыс, аласапыран, от-жалында –
Алдаспан ағайынды Арлан-Шамай.

Арғында асыл тегі қарауылдан,
Көмекей ер Сәукеден батыр туған.
Зер шашақ Зерендіден ұлы дуға
Қосылып ел мен жердің кегін қуған.

Кененің қос батыры соңына ерген,
Жойдасыз жойқын алып, әрі мерген.
Ақмола, Ақтау, Ортау, Әндірліде
Алдынан жауы қашып, дабыл өрген.

Шамайдың алыптығы алабөтен,
Ырғасып Науан ермен қалады екен.
Ойыннан от та шығып кетпесін деп,
Үлкендер басалқада болады екен.

Айналған қосы бөлек құт­ты ауылға,
Ел разы ерек туған сырт­тан ұлға.
Батырлар барын салып жаннан кешкен
Күнімжан бәйбішені құтқаруда.

Салса да отқа, суға бір қайтпаған,
Олжасыз еш жорықтан құр қайтпаған.
Қадірін хан да білген қайтпастардың
Қапысыз қан кешуде мұңайтпаған.

Ақырып айқайына сүрен қосқан,
Алаш-Ел болсын дейді түгел бостан.
Әмірін ханның екі етпейді әсте,
Қиянат бола қалса бұға алмас һәм.

Өркеші – батагөйің би Бөгенбай,
Серкесі – шұбыртпалы ер Ағыбай.
Еркесі еркін қосын ішіндегі
Арда өскен алғадайлар Арлан-Шамай.

Ханның да басындағы бағындай-ды,
Бір Хақтан басқасына бағынбайды.
Бәрінен ар-намысты биік қойған,
Бұларсыз қамал-қорған алынбайды.

Сақара Сарыарқаның сардарлары,
Топан су, толқын кешкен тарландары.
Жүрегі шайқастарда шайлықпаған,
Найзадан жортуылда талған қары.

Қолдаған хан Кенені серіктері,
Сірә да жауға мұрша беріп пе еді?!
Әт­тең-ай, араға жік түскенінше
Тәңірім желеп-жебеп келіп те еді.

Сақталған әфсанасы жадында елдің,
Хат­талған қара дәптер қағын көрдім.
Әйгілі Арлан-Шамай уақиғасы
Қазаққа қайғылы бір сарын дермін.

* * *
Қырғызға ат­танардан алдыңғы жаз,
Әуреге хан Кенені салды біраз.
Жағаға жаудың қолы жармасқанда,
Етектен ездердің де тартқаны рас.

Отанды орыс анау отарлаған,
Қоқаның бір жағынан қоқаңдаған.
Қазақтың арасына ши жүгіртіп,
Жан-жағы өз жайымен жата алмаған.
Жамандар заманына күйлей бермек,
Әлділер әлсіздерді илей бермек.
Тастүйін жұдырық боп бірікпеген
Қазақты бөліп алып билей бермек.

Араны ашылғандар арандатқан,
Құрады әккі тұзақ, амал-қақпан.
Жаулықты көріп алды-ау жат­тан келген,
Жақынның жат болғаны жаман батқан.

Қайткенмен қазағымның қалың елі,
Кенеге ықыласы ауып еді.
Арқадан сая таппай келгенінде
Алатау бауырына алып еді.

Қайтсе де де сағын елі сындырмаған,
Қазақтың патша көңілі бұл бір ғалам.
Қайран ер соқты басын тау мен тасқа,
Сәуле іздеп болашақтан бұлдырлаған.

Арманы зор болғанмен, арзуы кем,
Көзсіз ер, жалаң батыр, қаржуы кем.
Алдаспан алапатқа қарсы тұрған
Жаратқан жар Құдайы – жалғызымен.

Жолының алды тұман, арты түнек,
Жай оғы атылғандай жан тітіреп.
Арыстан ордасына сыймай кетер
Кектеніп, тұла бойын ашу кернеп.

Шеңгелі қысқан сайын самұрықтың
Тұрды екен Ту түбінен табылып кім?
Ашынған кездері де аз болмаған
Астында қапа менен қамырықтың.

Дұшпан да, дос та тауып
ойдан-қырдан,
Дамылсыз дүбірлетіп майдан қылған.
Қатыбас қан кештірген қилы заман
Тағы бір шер кешуге сайландырған.
* * *
Қар кете қырғыз асып бармағына,
Хан Кене шашты жарлық
жан-жағына.
Биі мен төресіне салды хабар
Түспе деп арамдардың арбауына.

Жасаққа жігіт­терін берсін дейді,
Бұлтақсыз әміріме көнсін дейді.
Ақ туын Абылайдың көтергенде,
Соңынан қазақ қалмай ерсін дейді.

Себеп жоқ сын сағат­та бұғып қалар,
Тіктейтін шаңырақты уық болар.
Тамалар Қоқанға бет бұрды деген
Жетеді желдей есіп суық хабар.

Таманы тауансыздар дат­тады ма?
Әмірші әділет­тен ат­тады ма?!
Ақының ақиқатын айта алмайды
Сүйек те, су да үзілген
шақта мына.
Біле алман анық па, әлде,
танық па бұл?
Өсекші өрт тасыған – тамұққа кір!
Обалы оңбай кеткір арамзаға
Айтақтап шағыстырған қағып дабыл.

Хан Кене естіп мұны қаһарланды,
Қам көңіл, қату қабақ зәһарланды.
Ордада шатыр-шұтыр күн күркіреп,
Артық сөз айтуға ешкім бата алмады.

Ашуын аяз қарып ақпан қылды,
Ағайын арасына оқпан кірді.
Төлеңгіт Тасқараны мың жігітпен
Таманы шауып кел деп ат­тандырды.

Қалайда хан әмірі екі болмас,
Ешкімнің ессіздікке дәті бармас.
Ішінде мың жігіт­тің не бір айбоз,
Батырлар қамал бұзар, қапы қалмас.

Кең дала.
Кернейсіз-ақ дүбір қат­ты.
Жол ұзақ.
Жортуылда күн-түн қат­ты.
Қақ жарып қазағыңды жауластырған
Сұм уақыт, Шу-Сарысу сусып ақты.

Бетпақтың бер жағынан орағанда,
Қамданып күткен екен тамалар да.
Жанпида, жансадаға, жантәсілім –
Жан үшін жағаласпас шара бар ма?

Ағылып айдаладан аңдыздады,
Екі күн соғыс салып алғызбады.
Өліспей беріспейтін ерлер екен,
Көрінді ыза буып, қан қызғаны.

Тамаға айып-кінә таққан ауыр,
Қолында хан Кененің көп қарауыл.
Кешінде басты қосты батырлары,
Екпіні бет қаратпас соққан дауыл.

«Жүретін біз емес пе жел өтінде,
Жұмсаса жауын дәйім жеңетін де.
Қан кешу қасіретін көретін де,
Қапыда қаза жетсе өлетін де!

Алғанбыз Ақмоланы, Созақты да,
Көргенбіз қыл көпірді, тозақты да.
Орыстың зеңбірегін жайратқанда,
Тосыпты жаужүрегін қазақ мына!

Шабамыз жауға дәйім «Абылай!»-лап,
Қайтамыз қырғын салып, малын айдап.
Неге осы «Қарақай!»-лап
шаппаймыз-ау?!» –
Деп салды батырлардың қаны қайнап.

Атойға алағызған қыран ері,
«Қарақай!» қарауылдың ұраны еді.
Үйлесіп қарға тамыр қазағына,
Жарасып заманына тұрар еді.

Ноғайдан Тастемірдің Бала Баубек,
Малайдан атышулы Наурыз ерек.
Бердәлі, Жаналы мен Кеңесбайлар
Қылдыдан қыран шыққан нағыз ер! – деп…

Дабысы дала кезіп, аңыз қылған,
Дүбірі жеті белес, тоғыз қырдан
Асып кеп арқа қозғар
Ағайынды
Арыстан Арлан-Шамай арыс оғлан.

Ат­тандап ат қою да ер ісі еді,
Намысты неге оңай беріседі?
Бір жолға «Абылай!»-ды қоя тұрып,
Шабуға «Қарақай!»-лап келіседі.

Ұран да қанға қамшы, жігер еді,
Атойдың ақырабын біледі елі.
Батырлар бәтуәнің ақырында
«Қане, кім бастайды?»-ға тіреледі.

«Мен едім жасы үлкенің, мен бастайын,
Ұрыста «Қарақай!»-лап ойқастайын» –
Дегенде Наурыз батыр
Арлан-Шамай
Жарқ етіп тұрады атып жай тастайын:

«Ақсақал ағамызсыз бәріміздің,
Кім білген не боларын халымыздың?
Жөн бе екен өзіңізді
Қартайғанда
Қалдырсақ қаһарына ханымыздың?!»

Шабады ертеңіне «Қарақай!»-лап,
Таманы жеңіп,
Жылқысын алады айдап.
Алғадай Арлан-Шамай айт­ты-біт­ті,
Қосына қайт­ты қосын алақайлап.

Жеңісті аңсарланып күткен еді,
Аруағы ата-баба рух береді.
Ел аты хан атынан қанат­тырақ –
Болғанын дүйім қосын құп көреді.

Қолбасшы Тасқара тек қуанбады,
Шапқанды «Қарақай!»-лап
құп алмады.
Ызадан жарылардай булықса да,
Көкнөсер көпке түк те қыла алмады.

Ауғандай Арлан жаққа қайран бағы,
Ішінен қара пышақ айналмады.
Шортанға тереңдегі шама келмес,
Шабақтай таяздағы қайраңдады.

Бақыршы жетім бала бар еді бір,
Арлан мен Шамайға еріп
жүрген өндір.
Қызығып жылқыдағы көк құнанға,
Бүрлепті көкейінде дәме гүл-гүл.

Дәмесін ұға қойған Шамай ағаң,
Асауға құрық салу оңай оған.
Құнанды сол арада ұстап беріп,
Жетімді мейірімен аялаған.

Маңдайға жазылғанды бала көрген,
Ат қылып мінуге аңсар ауа берген.
Қамшылап көк құнанды, шат­танды да,
Шапқылап кете барды тамам елмен.

Шабысқа құстай ұшқан елікті арман,
Қызық та, қиқу дағы жолықты алдан.
Жетімнің құйт­тай осы қуанышын
Тас қарау Тасқараңыз көріп қалған.

«Бер кел!» деп баланы тез шақырады,
Көздері шамырқанып шатынады.
«Рұқсатсыз құнанды кім берді саған?,
Қанеки, қоя бер!» деп ақырады.

Бәледен құтқаратын аға көріп,
Шамайға тығылады бала келіп.
«Құнанды мен бергенмін. Тиме!» дейді,
Астына қанатының ала беріп.

Етегі ескі шапан далаңдаған,
Тасқара қоқиланды одан жаман.
Келетін маған қарсы сен кімсің деп,
Шамайға қопаң-қопаң қожаңдаған.

Шамай ма шыдап тұрар басынғанға?
Басқаға бір Құдайдан бас ұрған ба?!
«Басыңды шауып алам, ей, Тасқара,
Жөнел тез жөнің тауып, басыңды ал да!»

«Көрейін, қалай маған қас қыласың?
Одан соң сау басыңмен тасты ұрарсың.
Қанеки, шаба ғой!» деп тасыраңдап,
Тасқара тебініп кеп тосты басын.
Ерегіс өршітпей ме от дүлейді?
Тайталас өрт қоздырып, шоқ күрейді.
Қылышын Шамай батыр суырып алып,
Шұнтитып бір құлағын шапты дейді.

Жампоз ер жаралмышы күлік текті,
«Керегі сол болса, ал» деп жүріп кет­ті.
Тасқара айырылып құлағынан,
Бажылдап, байбаламдап күпілдепті.

Екеуің, Арлан-Шамай, асқаныңды,
Аяққа Абылай атын басқаныңды,
Ордаға одыраңдап шауып кет­ті,
Ханға айтып алдырам деп бастарыңды.
* * *
Қараға ханнан асқан бел болар ма?
Шапқанын іс насырға білді олар да.
Ордаға бармайық деп ұйғарады,
Бастары қалмас үшін шырғалаңда.

Тозақ қой батырға да хан қаһары,
Белгісіз не күтері алда тағы.
Қалдырып ханның қара сыбағасын,
Олжадан өздеріне жолды атады.

Көшсе де бектер, сірә, ел көше ме?
Кетсе де бетегесі бел көше ме?
Орман жұрт орынында отыр ғой деп,
Батырлар аңсарланды ел Көкшеге.

…Аптығып қайтармаққа бұрған бет­ті,
Ордаға Тасқара да жылдам жет­ті.
Дәт­тетіп хан Кенеге дәсерлет­ті
Жорықта жол-жөнекей болған кепті.

Қарауыл қара ниет батырлары,
Ұранын «Қарақай!»-лап шақырғаны.
Аруағын Абылайдың жер қаптырып,
Хан малын талан-тараж сапырғаны…

«Хан ием, бұл сұмдықтар болған солай,
Бәрінің бас содыры Арлан-Шамай.
Садаға кетсін батыр атынан да,
Күн бермес бұл екеуі қан қақсамай».

Қазақтың қаһар төгіп отыр ханы,
Қасірет уын ішкен ғапыл ханы.
Жазасын жаналғышқа бергізуге
Ордаға қос батырды шақыртады.
* * *
Шабысар ханмен жоқ-ты шамасы да,
Бармасқа қалған жоқ-ты шарасы да.
Әуелі ақылдасып алайық деп,
Келеді би Бөгенбай ағасына.

Бөгенбай – батагөйі хан Кененің,
Керілген ақ желкені нар кеменің.
Жорықта бар қарауыл қарауында,
Ұйытқан ұлық сөзбен қордалы елін.

Қойғанда тағдыр тезге байлап ақыр,
Батагөй айтады екен қандай ақыл?
Күрмеудің шешілуі бір қиямет,
Жүрмейді бұл арада майда нақыл.

Бөкең де жаба тоқып жасырмаған:
«Алкеуде, жасадыңдар ғапыл қадам.
Ал енді ақиқатқа тура қара,
Хан иең жақсылыққа шақырмаған.

Бармасаң қалың қолмен шабады елді,
Қаһары қанмен жуар құба белді.
Қалайда ханға қарсы тұра алмайсың,
Таппасаң құдірет­тен амал енді.

Ханның да қан ішерде сыры мәлім,
Жүзінде сұрланады суық жалын.
Қолында сары кездік, төмен қарап,
Тобылғы шырлай берсе құрығаның.

Болса егер осы белгі, ханда – күдік,
Жандарым, үзе бергей жаннан үміт.
Иегін жаналғышқа қағуы мұң,
Әкетер әзірейіл жолдан іліп.

Жазмыштан қаласыңдар қалай аман?
Жазғанын Жаратқанның мен айта алман.
Құдайсыз қурай сынбас, қарақтарым,
Тәңірден күдер үзбес талайлы адам».

Абыздың айтуында ғапыл бар ма?
Дем берді Бөкең солай батырларға.
Жүйткіді жел айдаған бұлт­тай олар
Заманның запыраны сапырғанда.

Күркіреп найзағайы шатырлады,
Қобалжып қорықпады, қапылмады.
Сабырмен сабат­танып алаң көңіл,
Сар желіп қалың қосқа жақындады.

Ер Шамай тартып сонда ат­тың басын,
Ақтарды көкіректің көк тұмасын:
«Беу аға, батагөйді түсіндің бе?
Жоқ боласың, немесе жоқ қыласың!

Қолдасын өздеріңді Алла, дейді,
Қапыда қайткенде де қалма, дейді.
Қимылдап жаналғыштан бұрынырақ,
Жау көрген жауар бұлт­тай торла, дейді!

Ұқтырды дәл осыны Бөкең бізге,
Ойпырмай, Бөкеңе біз бөтенбіз бе!
Ажалдан құтылатын амалың сол,
Салмайды Бөкең бізді секемді ізге.

Қасапқа не де болса бар дегені,
Қимылдап бұрынырақ қал дегені,
Жаныңды аман алып қалғың келсе,
Ханыңның кесіп басын ал дегені!

Осыған нар тәуекел бекінеміз,
Бұл іске бұлтармастан беркінеміз.
Иілген басты қылыш кесер болса,
Илікпей иемізді өлтіреміз!

Қазақтың жалау еткен зар мұратын,
Бұйырса бір байтаққа қондыратын,
Ойпырмай, хан Кенеге қас қылам деп
Ойлауға қалай ғана барды дәтім?!

Хан ием қалдырмады амал басқа!
Оң ісі бет алды ма оңалмасқа?
Найсаптар нар ниетін шөктірді де,
Іріт­ті ірілігін заман қасқа!

Қан кешіп, құздан құлап, жардан астық,
Жасайтын ой жоқ еді ханға қастық.
Жазықсыз жаза тарту әділет пе,
Жан үшін жағаласып, жанталастық.

Ар таза, ханымызға болдық адал,
Ажалдың айла бар ма алдын алар?
Жаланы жаба салған жандайшапты
Жазасы Жаббар Хақтың әлі-ақ табар.

Бойлайық енді қайрат, күшімізге,
Байлайық ақ семсерді ішімізге.
Ордаға жаяуламай, атпен барсақ,
Тәңірдің түспей қалмас құсы бізге.

Ілінсін артық қару ер қасына,
Ер болсаң өзіңнен де зорға шыда.
Есіктен шылбырларын ұстай кіріп,
Екі ат­тың ие болам мен басына.

Сүйеніп босағаға тұра қалам,
Жанымның маздағынан шырақ алам.
Ашуын ақылына жеңдірер ме,
Ханымыз – қан төгуге құмар адам?

Аға, сен тақап барып хан алдына,
Бүгерсің бір тізеңді жоралғыға.
Сақтайық сабыр-дәт­ті соңғы сәт­те,
Тіреліп тұрса-дағы жан алқымға.

Белгісі Бөкем айтқан білінгенде,
Құрбандық қаһар-көзге ілінгенде,
Ағатай, ханның басын қағып тастау
Бұйым ба сен сияқты жырынды ерге?!

Жаналғыш жанын жылдам мен аламын,
Осылай қиянат­тан кек аламын.
Көрерміз сосынғысын ат үстінде,
Шиырлап сайын дала кең алабын».

Өртеніп кетпес үшін от­та мына,
Қос батыр келді осындай тоқтамына.
Орданы орай шауып, нысаналап,
Көзінің от­тай жанған шоқтарына.

* * *
Екпіндеп ордаға да келіп қалған,
Жапырып өтердей-ақ төніп барған.
«Ордаға атпен неге келесің?» деп
Кес-кестеп жасауылы шығыпты алдан.

Ашуын Шамай мінген ат­тан алып,
Жіберген қамшысымен салып-салып.
Шаншылып Шамай батыр найзасына
Жасауыл қала берді жолда талып.

Бұйырар маңдайына нәсіп қандай?
Өрлене түскендей-ақ, жасып қалмай.
Ордаға жорғалатып жет­ті жылдам,
Қиямет көпіріне асыққандай.

Болса да жүрек түкті,
Көңіл күпті.
Әуелі Арлан кіріп тізе бүкті.
Бір қолы семсерінде, тұғырдағы
Кәдімгі қасқыр алар тау бүркіті.

Ер Шамай бір қолымен шылбыр ұстап,
Қайнына келгендей-ақ қыдырыстап,
Сол жақта босағада былқ-сылқ етіп,
Бір қолы семсер сабын тұрды уыстап.

Қол жетіп тұрса дағы, қадам қысқа,
Шамайдың екі көзі жаналғышта.
Жаналғыш қандай жарлық болады деп,
Күтеді меңірейіп ханнан нұсқа.

Хан Кене суық тартып, сұрлай берді,
Бетін де бері қарай бұрмайды енді.
Тас мүсін, қату қабақ, төмен қарап,
Кездікпен тобылғысын шырлай берді.

Қар жауып қабағынан қабарады,
Жүзінде жан шыдатпас қара дағы.
Кездікпен тобылғыны шырлағаны:
Кеуілде жаман ниет, жан алады!

Уақыт сүт пісірім өт­ті ме екен?
Ажалы Арлан-Шамай жет­ті ме екен?
Булығып азынайды айқай боран,
Дегбірі бу боп ұшып кет­ті ме екен?

Хан сонда айт­ты дейді:
«Бабам Абылай,
Аруағын аяғыңа бастың қалай?!
Екеуің басшы болып қосыныма,
Жауыма «Қарақай!»-лап
шаптың қалай?!»

Дегенде жүрек тоқтап қалғандай-ақ,
Қаһар-хан ешкімді де қалмады аяп.
Дүниені қара түнек басты демде,
Қара бұлт көктің жүзін торламай-ақ.

Қапыда қайран ерлер жер құшарда,
Құдайдың құдіреті болды сонда.
Үйбегі, хан Кененің Құлтан биі
Асауды асқындырмай салды шалма.

Жайланып алдиярдың ордасында,
Салатын сөзге – сырға, арға – шырға,
Қалампыр қатып үгіп насыбайын,
Жайғаған хан Кененің дәл қасында.

Құлтан би араласып аласыға,
Жеткізбей қан төгілер шамасына,
Сыпырып бөз көйлегін үстіндегі,
Соғыпты хан мен Арлан арасына.

«Қарақай!
Қарақай да ел емес пе?
Ұрандап жауыңды алса жөн емес пе?
Қалай деп шапса дағы, хан ием-ау,
Жеңістің қақ иесі сен емес пе!»

Дегенде хан Кене де тосылыпты,
Сабырмен сабат­тайды есірікті.
Тоқтаған кәлимаға ханды айтсайшы,
Тоқтатқан биінің де десі мықты.

Семсерге сол сәтінде барып қалған,
Арлан да қолын жылдам тартып алған.
Құдірет төктірмеді ханның қанын,
Жазмышы хабар салып тағдырынан.

Тәңірім бұл сұмдықты болдырмады,
Ұрпаққа кетер кекті жол қылмады.
Ақтығын Арлан-Шамай Алла біліп,
Хақтығы қасірет­те қалдырмады.

Қос батыр қас қағым да бөгелмеді,
Ордадан шығып ала жөнеледі.
Ортаға соққан бидің бөз көйлегі
Бір сәт­те бөлек күйге бөлеп еді.

Жайпаған отқа түспей, жолы болған,
Қайтадан тұғырына қонды қыран.
Сарыарқа, сайын түзге самғай берді,
Бөлініп Кенесары жорығынан.

Хан Кене қалды сұлық бір азырақ,
Томсарып сұры жүзі ұзағырақ.
Айтыпты базынасын үйбегіне,
Көрмеген шер кешуде бір ажырап:

«Құлтаным, тілеуқорым жанымдағы,
Бүйрегің бұрып кет­ті-ау сенің-дағы.
Қанына тартпағанның қары сынсын,
Туыстық тартып кет­ті-ау қаныңдағы».

Құлтан би қанына емес, арға тартқан,
Ар соты артық парыз арқалатқан:
«Хан ием, енді сәл-пәл кешіккенде
Құлауға шақ қалғанбыз жарқабақтан!

Айырсақ, қане, дос пен қасымызды?
Қойынға тықтық қара тасымызды.
Батырлар келген емес жүгінуге,
Алуға келген сіздің басыңызды.

Ханның да ниетіне қанық болған,
Жау-жала жан өрті боп жанып барған.
Сайлаған іштен байлап семсерінің
Сабына сайлы қолдар барып қалған.

Кешіксем бір сұрапыл болар еді,
Иегін хан иеміз қағар еді.
Шабылған қас-қағымда ханның басы
Қазаққа қара дақ боп қалар еді.

Жастыққа тимей әсте жар құлағым,
Осы бір масқараның алдын алдым.
Өйтпесем би болғаным бекер деймін,
Кейінге қандай үлгі қалдырамын.

Өр дала.
Өшіктірме асау ұлын,
Қарама, қайшы келсе, аса қырын.
Сенбесең, сыртқа шық та, көрші, ханым,
Өлгелі жатыр, әне, жасауылың.

Айыпты емес және Арлан-Шамай,
Ежелден ердің сойы болған солай.
Намысты ер табаныңды жаламайды,
Қалайды жығылғанды нардан солай.

Құдірет құтқарды өзі.
Астапыраллам!
Ажалды айдап салды асқан шыдам.
Жымысқы жамандардың жаласынан
Айрылдың екі бірдей дос батырдан».

Әр сөзі Құлтан бидің зәрге тұнып,
Хан Кене қалың оймен қалды отырып.
Ғайыптың тағы да бір соққысынан
Жазмышы жар басында тербетіліп!

* * *
Әфсана осылайша болды тәмам,
Толғайды шер кешуін жыр мен кәлам.
Хан Кене тағдырына асыққанда,
Батырлар бет алыпты елге таман.

Жарқ еткен найзағайы көк тілердей,
Ханға да ер намысын кет­ті бермей.
Ажалдан асқақ тұрып, ар сақтаған
Алғадай Арлан-Шамай өт­ті нендей!

Қасиет, қасіретін тең арқалап,
Алды-артын аждаһалы аран қамап,
Елім деп арпалысқан боздақтар-ай,
Алашың әлі күнге алаң қабақ.

Жан оты жарқыратқан дулығасын,
Жанпида жорықтар-ай нұрлы жасын.
Жаны жай тапсыншы деп қайран ерлер,
Жолдаймын Жаратқанға жыр дұғасын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір