Оның аты – Шоң-Мұрат
Омар ҚЫЙҚЫМОВ,
М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер Мұрат Нұрасыловтың өнердегі өмірі емес, өмірдегі өнері жайлы қоспасыз «оригинал» әңгіме
Айнымай «сырбаз» мінез парықты ойдан,
Өз аты ұмыт болып қалып қойған.
Шоң деген жампозыңның жанама аты,
Мүкеңді еркелетіп халық қойған.
Бісміллә, «бет алған жақтан бақберсін» айтып, шүу дегеннен аттың басын «Балқантауға» бірден тіремей, кейіпкеріміз Нұрасылдың Мұраты хақында, кішігірім мағлұмат, аздаған анықтама бере кетсек, артық болып арқамызға бата қоймас. Шынымен білмесеңіз, шоқыдай Шоң дегенің кім десеңіз…
Өткен ғасырдың дәл ортасында 1949 жылы қақап тұрған қаңтардың 20 жұлдызында қарып тұрған саршұнақ аязға қарамай, Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Қоңыр ауылында жалған дүниеге жарқ ете түскен.
Әкемтеатрдың 70-тегі жүгірмектері Айдос Бектеміров, Әубәкір Рахимов, Саят Мерекенов, Төлеубек Аралабай, Тұңғышбай Жаманқұлов, Шоңмұрат Нұрасылов
1955 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1967 жылы аман-есен бітіріп шыққан. Екі жыл ауылда не істегенін өзі біледі. 1969-71 жылдары азаматтық борышын өтеген. 1973 жылы эстрада студиясын бітіріп, Қуыршақ театрында, 1974-75 жылдары Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда театрында қызмет істеген. Сол жылы, 1975-тің 4 қарашасында Талдықорған театры ашылады. Шөкең желіп отырып, желтоқсанның 30-ында осында келіп жұмысқа орналасады. Осылай біраз жердің тоңын ерітіп, дәмін татқан көкемізге 1976 жылы театр институтына келіп, атақтары қара жерді қақ айырған Асқар Тоқпанов, Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімовтерден дәріс алу бақыты бұйырады. 1980 жылы Асанәлі Әшімовше айтсақ, «Тоқпановтың тоқпағының» астында институтқа Мұрат болып түсіп, Шоңмұрат болып бітіріп шығады. Азан шақырып қойған атының өзгеруіне келсек, ол кезде көршілес Қырғыз елінің қыз-жігіттері бізге келіп білім алатын. Солардың арасында жаның жамандық көрмегір Жұпариса деген қыз болған. Міне, сол сұлудың тасқа қаққан темірқазықтай қадап кеткен есімі. Келін болып тергегендігінен емес, Мүкеңнің жасының үлкендігіне қарап һәм басқа Мұраттармен шатастырмау үшін.
Шөкең сол 1980 жылы қазақ өнерінің қара шаңырағы әкемтеатрына қабылданып, күні бүгінге дейін шапқылап келе жатқан жайы бар. Сахнадағы, экрандағы еңбектері елінің, көрерменінің көз алдында. Көпшіліктің көріп, біліп, тап басып танып отырған дүниесіне тоқталып, қайталап жату артық болар деп түсіндім. Шөкеңнің жеке ғұмырнамасына ат шалдыратын болсақ, Құдай қосқан қосағы Қалампырға соқпайкете алмаймыз.
Жеңешеміз кессе кемімейтін, шайқаса төгілмейтін неге болсын таразылап, талдап қарайтын ақылына ажары сай, сөзімен ісі қабысқан артық өлшеп, асырып кесетін әйел затында сирек кездесетін сабырлылық әлемін еркін меңгерген, жер қозғалса қозғалмайтындай салмақты да, салиқалы мінездің иесі. Шөкең сияқты ұшып-қонба ебелек мінез, ерке құлықты еркектің бағы үшін арнайы жаратылған арда жан десем, тілім жазықты болмас дүр. Ерлі-зайыптылық тату-тәттілігі, жанұялық жылуы аңыздай айтылатын ақиқат. Бұл дәлелдеуді қажетсінбейтін аксиома.
Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әріптестеріне, өнерге жақын жандарға, қасында бірге жүрген үзеңгілестерінің аузымен тарап жатқан Шөкеңнің қылықтарын, айтқандарын дәл табиғи қалпында жеткізе алмасымыз хақ. Әсіресе, ашуланғандағы сөздерін сол күйінде сүйкей салуға қағаз қауқарсыз, қалам әлсіз, «ішің білсін әлу-ай».
Әйтпесе Шөкеңнің Қожанасыр қылықтары бір емес, бірнеше кітапқа жүк болары кәміл. Аман болсақ, әлі талай айтылар, жазылар ал мына жекешелеп ат қойып, айдар тағып жариялап отырған жәйттардан жазылмай қалған жолдарды тауып, танып оқырсыздар.
…
(Толық нұсқасын газеттің №9 (3643) санынан оқи аласыздар)