«ОНЫҢ ҚОЛЫНДАҒЫ СОҢҒЫ ШЫРПЫНЫҢ ЖАЛЫНЫ…»
28.08.2022
780
0


Ақжан
АМАНЖОЛ

Уақыт

Оның қолындағы соңғы шырпының жалыны
бүкіл әлемді жылыта алар еді.

Бірақ
оның
ескі суреттерді өртеп жібергісі келді.

Оның қолындағы соңғы шырпының жалыны
бүкіл әлемді жылыта алар еді.

Бірақ
ол
шылым тұтатты.

Ол қолындағы соңғы шырпыны
Күнге ұқсатқысы келді.

Бірақ
шырпы сөніп қалды.

* * *
Мама,
сенің үйіңнің қабырғасы құлапты.
Ол енді ауылдың топырағына сіңді.
Қабырғаға салған суретіңді
көргенім есімде жоқ.

Сол үйдің төбесінде
апамның әңгімелеріндегі жас қыздың
сурет салып отырғанын
елестеткім келеді.

Қаланың әлдебір бұрышында
картиналарының
мүлде бөлек өмір сүріп жатқанын
елестеткім келеді.
Мама,
бұл қала әр жыл сайын
туған күніңді
жаңбыр,
қар
немесе тұманмен қарсы алады.

Бірақ менің
есіме жиі оралатын жалғыз естелік:
ауылдағы көл,
жаз,
үрлемелі қайық үстінде –
сен және мен.

Көзімді жұмсам,
толқындар сыбырлайды.
Көзімді ашсам,
аспанды көрем.

Мама,
сен маған
«Адамды дұрыстап сал» – деп ұрсатын едің.
Ал мен әлі де сызықтармен салғанды ұнатам.
Бір дөңгелек пен бес сызық.
Бірақ неге олар сондай қиын?

Менің сөздермен сурет салғым келеді.
Естеліктерімдегі
ауылдың аспаны секілді
ақшыл көк түсті өлеңдер жазғым келеді.

Шексіз көп
бір дөңгелек пен
бес сызық
оларды оқиды деп сенем.
Солай ғой?

Ықпал
ҚАПАРҒАЗИН

* * *
ҚазҰУ,
Жатақхана,
Беймаза түн.
Құлан жырға қиянатсыз бейуаз ақын.
Құс жолынан құлап түскен жұлдыздардың
Жарығымен жалғыздан ой қазатын.

Таңдайына сөз салған Тәңір бейбақ,
Ол содан өлең жазған жанын жей қап.
Шам намазда шақырған азан дауысы,
Естілетін сығанның әніндей жат.

Кеудесін кесірлі бір дауыл байлап,
Санасында ел-жұрт деген сағым қайнап.
Үйінен кеткен мынау үшінші күз,
Ол солай ақын болған ауылды ойлап.

Сан тағдырды сидырған наласы мың,
Сондықтан құрсын дейтін қаласы мұң.
Көзіне көп қараудан қорқушы еді,
Телефонда жылайтын анасының.

Сағынышын сар жапырақ күз бояйтын,
Әлем сырлы дейтін де: «біз ғой айқын».
Терезеден темекі тартып тұрып,
Есентайдан жалғыз қайтқан қызды аяйтын.

ҚазҰУ,
Жатақхана,
Жаны ғарып
Ақынның атпай қойды таңы нағып?
Оның соңғы тұтатқан шылымында,
Бір өлеңнің кетті солай бағы жанып.

Қаған
(Қайсар Қауымбекке)

Дәуір еді, Құдай да құлымен тең құбылатын.
Есітпеген оның да ел дүбір атын,
Әулие Шыңның батасы бағытын бастап,
Алматыға кезінде келді бір ақын.

Келді солай сәруар жыр, Ғазалы мұңды.
Бекзада өлеңі елестетер таза күніңді.
Өзі бірақ Құлжасын күнде аңсайтын,
Алматы ғой,
Ауыртпаған азабы кімді?

Дәруіші көп шаһар деп таңырқағанмен,
Жүрегіне тауып бермеді Тәңір табан да ем.
Солайда,
солай тарлан жыр тентірегенде,
Есентайда жолықты Әмір қағанмен.

Әмір қаған,
Әмірхан дегдар ақын-ды,
Одан солай сейілтті шерлі Алматыңды.
Қос қазақтың аңызы Айға тарап,
Содан бері сүйемін менде Алматымды.

Қаған құдай болған кез,
Сөнді де жанды.
(Ескі күндер сағыныш шерліге мәңгі).
Қағанатқа хан қылып сайлады да,
Әмірхан бір күндері өлді де қалды.

Содан бері ол да жалғыз жаралы бөрі,
Тәңір ғана қылшығын тарады кері.
Әмірханның аманаты адырам қалмай,
Бола алды баһадүрлердің қағаны, бегі.

Жылылық сезінсе де қанша жүрегі,
Алматының аспаны аңсары ма еді?!
Қиялына толқынның тоқсан жұтылып,
Ағысына жүзетін аңсап Ілені.

Өлеңімен өрбітетін шерді кектегі,
Көкте құдай, ал қаған жердің өктемі.
Құзырлы Құлжасында қыс-жазы қап,
Іңірдің қараңғысында келді көктемі.

Жырларымен ететін хошты аспаныңды.
Поэзия, пақыр етпегін көш бастарыңды!
Әулие Шың әлі де күтіп жүр екен,
Он сегізінде өзімен қоштасқан ұлды.

ПІКІР ҚОСУ