«Ғұмыр өзі – хақиқат…»
27.02.2019
417
0

Омар Жәлелұлы

Бүгінгі нөмірде тақырыпқа шығып отырған хакім атамыздың сөзі алдағы күндері философ, мәдениеттанушы-ғалым Омар Жәлел жүргізетін айдарға айналатынын ескертіп қойғанды жөн көреміз. Доғалданып, тұйықталып, көрбілтеленіп қалған шектеулі дүниетанымымызды бабалардан қалған сөздің өзегіне салып отырып кеңейтіп, кестелеп жүрген Омар Жәлел мырзаның ойлары, лебізі осы күнгі есті қазақ ортасын баурап барады. Біз Омекеңе «Қазақ әдебиетінің» бір бағанасын ұстап тұрыңыз» деп өтініш жасадық, Омекең қуана келісті. Ендеше, Омар Жәлелдің бағанасында бас қосайық, бауырлар!

Абай өзінің Китаб тасдиқ (38-сөз) атты еңбегінде: «Ғұмыр өзі – хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кә­ма­лат жоқ», – дейді. Ғұмыр фило­со­фия­сы. Ғұмырсүйгіштік философия­сы. Қазақ философиясының жалпы та­би­ғаты – осы. Ғұмырды сүю – кәмалатты сүю. Даму, өсу, өркендеу. Осы ғұмыр­сүй­гіштік философияны біз бүгінде жо­ғалтып алған сыңайлымыз. Ғұмырға қарсы, қазақ философиясының таби­ға­тына қарсы, қазаққа қарсы интенция­лық шабуылдар жасалып жатыр. Қазақ философиясының ғұмырсүйгіштік та­би­ғаты қазақтың қара өлеңінде «ора­лың­ның барында ойна да күл» атты интенция арқылы беріледі.
Дүние ойлап тұрсам, шолақ екен,
Адамдар бір-біріне қонақ екен.
Барында оралыңның ойна да күл,
Қызығы бұл жалғанның сол-ақ екен.
Осы шумақтағы қазақтың ғұ­мыр­сүй­гіштік философиясына қарсылар­дың шамына тиетін сөз – «ойна да күл». Бұл сөз өзі жәй айтылып тұрған жоқ, байқасаңыздар, «ойна да күл» деп бұй­рық райда айтылып тұр. «Өмірді өсімдік құсап не ішіп-жеп хайуан құсап емес, ойнап-күліп өткер, солай өмір сүр», – дейді қазақ философиясы. Енді осы шумаққа алапат энергия беріп тұрған «ойна» сөзін тудырушы «ойын» сөзіне тоқталайық. «Ойын», «ойнау» – біз ойлағандай жеңіл сөз емес; оны жеңіл­де­тіп жіберген өзіміз. «Ойын» – шығар­машылық, творчество. Қазақ әдетте бір істің шыңына жеткенде: «Мен бұл істі ойнап жүріп істеймін», – дейді; біз дом­бырада «ойнаймыз», аттың құлағында «ойнаймыз». Әкелеріміз спектакльді «ойын» деп атайтын.

(Толық нұсқасын газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір