«Мен туған жер Қарасаз баурайдағы»
27.02.2019
1769
0

Көлік жүйткіп келеді. Шұбатылған жол соңымызда қалып барады. Бағытымыз – Қарасаз ауылы. Өзі ауырып тұрса да, таңертеңмен бізді жолға шығарып салған ақын Жарас Сәрсектің мейірбан көңілі жайлы ойланып келемін. Ал, қасымда – қазақтың қабырғалы ақыны Аманхан Әлім. Ол кісі көліктің алдыңғы орнына, мен болсам соңына жайғастым. Қолымда – ақын ескерткішіне қойылатын бір шоқ гүл. Иісі мұрын жарады.

Жол қысқарсын деді ме, Аманхан аға әңгімесін бастап жіберді:
– Екі жыл бұрын Мұқағалидың тойына келгенбіз. Онда қасымда Маралтай болатын. Кешке Қарасазға келіп қонып, ертесіне асық­пай мәжілістерге қатысып, кешінде болғамыз…
Таңғы алтылар шамасында Алматы артта қалып, бозарған уыз таң шапағымен әлдебір ауылдардың сұлбасы көріне бастады. Енді бірде көгілдір көл үстінен тау қалық­тайды. Бұлттар көшпелі маусымдардай.
– Мына жолды қарашы, – дейді Аманхан аға, – тура жүре берсең таудың басына шыға­тын секілдісің.. Қойын дәптерін алып, бір-екі қатар өлең шумақтарын түртіп қойды.
Шіркін-ай, көлік жоқ кезеңдерде Мұқа­ғали ақын осы жерлерден ат арбамен Алма­тыға жеткен болар деймін. Мына қыратқа, мына торғын белге қарап отырып қалайша ақын болмассың! Табиғатқа қайта-қайта қарайлап, жан шөлін қандыруға болатындай. Мұқағали болмысының табиғатпен етене жақындығы, сірә, туған жерінің ғажайып табиғатынан болса керек. Кез кел­ген ұлы ақынның үлкен ерекшелігі табиғат-ананы бүкіл жан дүниесімен сезіне алуында емес пе?! «Қараңғы түнде таудың қал­қығанын» сезген Гётенің де, Рязань бағының шие аға­шын отауға қимаған Есениннің де, қаһарлы қысты «ақ киімді, денелі ақсақалға» теңеген хакім Абайдың да кемеңгерлігі осында емес пе?!
Жапырақ жүрек жас қайың,
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын,
Келісесің бе, жас қайың?!
Ал, мына бір жолдар иесінің табиғатқа деген іңкәр сезімін қалай түсінер едіңіз?! Әр­бір жаратылыс иесіне «бауырым» деп қараған ақынның құс жүрегі деген осы емес пе?!

Батырхан СӘРСЕНХАН

(Толық нұсқасын газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір