Ақындар күнде тумайды
Әр күніне шүкіршілік етіп, атар таңға аман жетсем деп дұға ететін қазақтың той қазынасына кешегі кеңестік жүйеден қыстырыла келіп қосылған көп сауықтың бірі – туған күн осы. Тіршіліктегі тынысын мүшелмен қайырып, құт-береке тілейтін қазақ баласы қай қызығын да күнпараққа қарап бағамдай бастағалы бір ғасырдай болды. Дүние есігін ашып, кіндігі кесілген күнін бірі жайлауға шыққан мезгілмен межелеп, бірі қыстың сарышұнақ аязымен байланыстыра ақтарылар сұңғыла қарттардың қатары сиреп, тұрмысының тізгінін ұрпағына ұстатқалы туған күн дәстүрі төрге озды. «Бар жиғаным тойыма шашылсын» деп тілейтін пендеге бұл да бір қуаныш. «Байдың асын байғұс қызғанады» дегендей болмасын, Жаратқанның берген ғұмырына, нығметіне шүкіршілік етіп, ағайынның батасын алсам дегендерге бізден де бір тілек.
Туған күн мен мерейтой бұл күнде тек тірілердің ғана емес, барзах әлеміне кеткендерді еске алу үшін, дәлірек айтсақ, «еске алдыру» үшін керек боп тұр. Бұл думан басқа жұртты қайдам, әсіресе, қазақ руханиятының жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын, қаламын қару еткен әдебиетші қауымға да аса қажет. Неге дерсіз… Себебі, ажалына араша бола алмағанымызға аһ ұрып айырылған ақын-жазушыларымызды біз енді осы туған күнінде ғана іздейміз. Мерейтойы болса ел болып «сағынып», оның кісілік те, кішілік те қасиетін айтып тауыса алмай, баспасөз бен телеарналардан ақтарыла төгілеміз. Реті келсе, ол туралы естеліктер мен жылы лебіздердің де бір жинақталып, кітап болып шығып қалатын тұсы осы кез. Жазушының туған жеріндегі ел ағалары оң қабақ танытып жатса, дүркіреген жиындардың өтіп жататыны және бар. Оның қаламынан осындай ғажап дүниелер туғанына тағы бір тамсанып, тұңғиық әлеміне бойлай алмай жүргенімізге өкінісіп не сол тереңдікке бойласақ-ау деп армандап кететін мезгіл де, міне, дәл осы шақ. Артық айтсам айыпқа бұйырмассыз, әншейінде мойны жар бермесе де сол пенде үшін Алладан екі дүниенің абыройын тілеп, артынан құран бағыштасақ деп құлшынатын күн де осы ғой… «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп жүріп, бұл жиындар біткен соң мауқымыз басылып, барлық шаруаны жайлағандай бәз баяғы күйбің тірлікке араласып кете барамыз. Келесі туған күнге дейін….келесі мерейтойға дейін… себебі, біздің ендігі жоспарларымызға, кештерімізге ақынның тағы бір айналып келер мерейтойына дейін үлкен мінберлердегі «күн тәртібі» оңайлықпен орын босата қоймасы анық. Сондықтан бұл күн – қара жер басып жүргендердің де, қалам-қағазын жазу столына қалдырып, мәңгілік мекенін қабірстанға ауыстырғандардың жанашырларының да көңілін алаңдатар уақыт. Елдің есіне салып тұру үшін, ұмытпас үшін. Насихат үшін. Осыдан соң, өзгеден келсе де өзекке теппей, қазақтың бір кәдесіне жарап тұрған туған күннен қалай айналмассың енді. Болмаса, өз әулеті немесе азды-көпті оқырманы мен тақырыбына нысан еткен зерттеушілерден басқа оларды енді еске алып, еміреніп отыратын кім бар екен?
Келместің кемесіне мінген қаламгерлерді еске алып, ардақтау алдымен адамдықтың, елдіктің белгісі. Ұлыбритания корольдігі Уильям Шекспирдей ұлы тұлғасының туған күнін халық болып тойлап, әлемдегі ең үздік театрлардың премьераларын сахналап, аспанға отшашу атып, мәре-сәре болып жататыны да содан болар. Қызығасыз, сүйсінесіз. Сіз біздің байшыкештердің баласының тұсауы кесілсе де аспанның апшысын қуырып, жарыса атылатын отшашулары қазақтың бір ардақты ақынының құрметіне атылды дегенді естідіңіз бе? Естімегеніңізге, әрі жуық арада ести қоймайтыныңызға бек сенімдімін.
Ал Пушкинді келер ұрпақтың жадында мәңгі сақтау үшін орыс зиялылары теккен терге таңырқамасқа тіпті амал жоқ. Пушкиннің орыс ұлтының, қала берді, адамзат баласы жасаған сөз ұстаханасының бағдаршамы болып келе жатқалы екі ғасырдан асты. Орыс тілінің қолданыс аясы кең, қорғауға аса бір мұқтаж емес екенін сіз бен біз жақсы білеміз, әрине. Десе де, орыс халқы өз тілінің тағдыры Пушкиндей ұлы данасын еске алумен, насихаттаумен көркейе түсерін терең түсінген. Сондықтан да 1997 жылы «А.С.Пушкиннің 200 жылдығы және Ресейде Пушкин күнін атап өту» жөнінде Ресей Президентінің Жарлығы шығып, мемлекеттік мәртебеге ие болды. Тіпті, бұған Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі де бетбұрыс жасап, дәл осы күнді халықаралық белеске көтерді. Пушкин күні, орыс тілі мерекесі кәріқұрлық Еуропаның біраз қалаларында да атап өтіледі. Ұйымдастырушылар бұл күнді зеріктіретін жиналыс-жиындардан гөрі ел-жұртпен емен-жарқын араласа жүріп, ақын шығармаларындағы кейіпкерлердің сауық-сайрандарымен жалғастырады. Сол күні Петербор көшесінде келе жатсаңыз, сізден Пушкин өлеңдерін жатқа сұрап жатса, таңқалмаңыз. Бал дейсіз бе, кітап көрмесі дейсіз бе, концерт тамашалайсыз ба – бұл күні барлығы Пушкин әруағы үшін, Пушкинді еске алу үшін, ұлы ақын арқылы орыс тілінің байлығын барша жұртқа насихаттау үшін жасалады. Қысқасы, Ресей бұл күні қала-даласы болып Пушкинді пір тұтады… Осындайда Алматыға жол түскен қазақтың құбыласы Кеңсайда жатқан алаштың арда ұлдарына зиярат етіп, құран бағыштау емес, күйкі тіршіліктің қамы болып кеткенін еріксіз ойлайсыз. Сіз Сәкен мен Мағжанның, Ілиястың ізі қалған жерді бір көрсем-ау деп бет түзеген бір қазақты байқадыңыз ба? Көңіліңізге ауыр алып қалдыңыз ба? Әлде «Көпке топырақ шашуға болмас» деп көңіл жұбатармыз?
Пушкинді айтасыз-ау… Орыс жұрты оның туыс ағайыны болып келетін ХІХ ғасыр басындағы ірі ақындардың бірі Василий Пушкин 1824 жылдан тұрған үйді де ел келетін, ел көретін тарихи орынға айналдырды. Әрине, тек атақ-абыройы әлемге танылған ұлы ақынның туысы болғаны үшін емес. Бұл үйдің А.Пушкин өмірінде, оның шығармашылығында мәңгілік із қалдырғаны үшін… Бұл үйде Карамзин, Чаадаев, Жуковский секілді талай орыс зиялыларының басы қосылып, ғажап туындылардың, тың идеялардың туғаны үшін…
Бұл күнде мәңгілік мекенінен орын алған ақындардың талай босағаны тоздырып, тіршілігінде әрең қолы жеткен үйіне бір белгі тақтайшаны ілген соң, «ақынның нағыз өмірі енді басталды» деп, көңіл марқайтып, шүкіршілік етеміз, әрине. Болмаса, өзге жұрт тек «зиялыларының басы қосылып, тың идеялардың туғаны үшін» дәріптеп, ұрпақ тәрбиесінің қажетіне жаратып жатқан баспанаға алаштың талай арыстай азаматтарының қолы жетпей кеткенін де білеміз. Тіпті, бір кездері қазақтың қайсар ақыны Қасым Аманжоловқа «Бермесең бермей-ақ қой, баспанаңды, бәрібір тастамаймын астанамды» дегізген болатынбыз. Десе де, өмірдің ащы-тұщысын бір пендедей-ақ көрген Қасым ақын мойымастан:
Сол жерге қалармын ба мәңгі тоқтап,
Жоғалып жер бетінен сүрлеу-соқпақ?
Немесе бастармын ба екінші өмір,
Жалынды жыр жолында қызыл шоқ қап?
Дүние жалт-жұлт еткен кең мекенім,
Көре алмай көп жеріңді мен кетемін.
Арпалыс алақұйын заманалар
Арбасып тұрып алды, мен не етемін?!
Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға,
Көп күттім, көп тіледім құмарлана.
Қайтейін, жетер емес қысқа өмірім,
Алыстан көрінгенмен мұнарлана.
Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап.
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын қырда қымтап.
Жүзінде кәрі жердің әжімі көп,
Ізімді табарсыңдар әзер іздеп.
Оқырсың сонда, мүмкін, бұл жырымды,
«Досың да, туысың да біздерміз», –
деп келер ұрпаққа үміт артып етті. Ақын арманы орындалды. Ел болдық, ту тіктік, еңсені көтердік. Ақынның ғасырлық мерейтойын алаш болып тамаша атап өттік. Бірақ ақын айтқан «жер сарайын жаңғыртып келген ұрпақтың» басы бұл күндері қандай бақыттан айналып жүргенін білесіз бе? Ақын өсиетіне адалмыз ба? Өзі айтқандай «досың да, туысың да біздерміз» деп жырын оқи алдық па? «Әжімі көп кәрі жердің жүзінен» ақынның ізін іздеп жүрген бүгінгі ұлан бар ма екен? Таусылмайық дейміз-ау. Бірақ көкейден кетпейтін, кептеліп қалатын қалың сауалдар осы…
Дарынды ақын Иосиф Бродский тірі кезінде де туған күнін достарымен бірге атап өтіп, оны құтты бір шығармашылық кешін өткізгендей өлеңдерін оқуға арнаған. Дүниеден өткен соң да өзі салған дәстүрді орыс зиялылары ұмытқан жоқ. Бродскийдің бағы – әдебиетті сүйер, оның қадіріне жетер ортасының қалыптасқаны. Ол орта тек туған күні жиналып, ресми кештер өткізумен шектелмейді. Ақын шығармашылығының насихатталуы, зерттелуі, басылуы туралы келелі әңгіме айтып, бір мәселенің күрмеуін шешіп кетеді. Әлі күнге оның туған күні әдебиеттің, сөз өнерінің мерекесі ретінде филологтардың, суретшілердің, жазушылар мен ақындардың басқосуымен аталып өтіледі. Тірлігінде де, өлгенде де іздеушісі бар Бродскийді бақытты емес деуге қалай дәтің барады енді? Болмаса, біз қазір теңеуге сөз таппайтын Мұқағали ақын:
Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей,
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау шапан, Мынау атың, мін» демей.
Мынау жұртқа жақпады ма әлденем?!
Бекер өмір сүргенім бе әлде мен?
Халқым, Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!
Айтамын деп қуанышың, мұңыңды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен бәрібір өзіңменен бір болам,
Өзегіңнен тепсең-дағы ұлыңды, –
деп жырлағанда, оның жан дүниесі бір туған күннің өтпей қалғанына емес, қазақ қоғамын жайлап келе жатқан немқұрайлылыққа, бойкүйездікке алаңдады емес пе?
Қазақтың біртуар ақыны Төлегеннің:
Біздің үйді сол күні бетке ал қауым,
Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын.
Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,
Қазанымда бір асым ет қалмауын.
Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,
Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.
Кім білсін талай күнгі арманым ед,
Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның, –
деп жырлаған, армандаған «бір тойы» да сөз қадірін түсінбес тобырға жайылған дастархан емес, шын талант пен дарынсыз көзбояушылардың ақ-қарасын ажыратар әдебиетші қауымның арқа-жарқа отырып, поэзия патшалығының салтанат құруы болатын. Көпшілік жатқа білетін Мұқағали мен Төлегеннің осы өлеңдері бүкіл қазақ ақындарын «еске алдыру» үшін жазылған поэзия күнпарағы секілді көрінеді кейде… Еске алдыру демекші, өткен ғасырда өмір сүрген орыстың тағы бір талантты ұлы Владимир Высоцкий 1970 жылы толтырған сауалнамалардың бірінде «Мына өмірде неге қол жеткізуді армандайсыз?» деген сұраққа «кейінгілер еске алатындай іс тындыру үшін» деп жауап берген екен. Ақын өз арманына жетті. Қанша рухани құндылықтар ауысып, дүние астаң-кестең болып жатса да, орыс халқы үшін Высоцкийдің өлеңдерінің рухы асқақ. Бар дүниені статистикаға салып шамалайтын уақыттың өзінде өткен идеалдарды мансұқ етуге бейім бүгінгі орыстың өрімдей ұлы мен қызы өз кумирі ретінде бард ақынын тұңғыш ғарышқа көтерілген Юрий Гагаринмен қатар бағалапты. Бұл сіз бен бізді ойландыра ма? Сол статистиканы бізде сөйлетсек, «елге танымалдығы» жөнінен ақындарымыздың бәсі қаптаған жұлдыздардың тасасында қалып қоятынын іші құрғыр сезіп-ақ отырған болар.
Қасиетті Маңғыстаумен қоныс жатқан, діні мен ділі жақын түркмен жұрты ұлы ақыны Мақтымқұлының туған күнін ұлттың Қайта Өрлеу, Бірлік мерекесі ретінде тойлауды үрдіс қылған. Бұрын 18 мамырды ұлттың Қайта Өрлеу және Бірлік, ал 19 мамырды Мақтымқұлының туған күні ретінде жеке атап өтетін екі мерекенің басын Сапармұрат Ниязов ел басқарған тұста қосып кетті. Бұл да көрегендік болар. Сөз қадірін түсінер жұрт Мақтымқұлының шығармаларын түркмен халқының, қала берді, түркі әлемінің рухани қазынасына балайды. Ол өзінің өлмес өлеңдері арқылы күллі түркменнің еңсесін тіктеді, ғажап поэзиясымен өшпес із қалдырды. Олай болса, тұтас бір халықтың қайта өрлеуінің, мызғымас бірлігінің рухани шырақшысы, бағдаршамы болған шайырдың туған күні (нақты белгісіз болса да) ұлттық мереке ретінде тойлануы заңдылық. Бұл күн – түркменнің еңбектеген баласынан, еңкейген қартына дейін қуанатын, өзінің Мақтымқұлыдай шайыры бар ел екеніне шүкіршілік ете шаттанатын күн. Тәуелсіздік монументі мен Мақтымқұлының ескерткіштеріне гүл қоюдан бастау алатын барлық мерекелік іс-шаралар ұлттың әдеби жәдігерлерін жандандыруға, түркмен әдебиетіне арналады.
Дағыстанның аяулы перзенті Расул Ғамзатовтың туған күні де мемлекеттік мәртебеге ие болған мерекелердің бірі. Дәл осы күні дағыстан елі тілі мен ділі үшін басын бәйгеге тіккен ақын ұлына тағзым етеді. «Белые журавли» деп аталатын ақын шығармашылығына арналған күндер дағыстандықтардың рухани иммунитетін көтеруге бағытталған. Ақын қабіріне туған-туыстары, оқырмандары ғана емес, ел тізгінін ұстаған атқамінерлер де барып дұға бағыштайды, гүл шоқтарын қояды. Бай-бағланы мен әкім-қарасы әдебиеттен алыстап бара жатқан қазақ үшін бұл да өнеге болар іс.
Ақпан айының екінші жұлдызы – татар тілінің бейресми тойланатын күні. Татар халқының аяулы перзенті Мұса Жәлел дүние есігін ашқан күн – осы күн. Оның ескерткішінің басына жиналған жұрт 1944 жылы 25 тамызда неміс фашистерінің Плетензедегі түрмесінде «жәлелшілдерге» қатысты өлім жазасы орындалар шақта ақын айтқан «Менің Отаным» әнін бірге тұрып шырқайды. Мұса Жәлелмен бір камерада отырған бельгиялық Андре Тиммеранс алып шыққан ақынның шағын ғана екі қойын дәптері Ұлттық мұражайдағы арнайы броньдалған сейфтен шығарылып, салтанатты түрде көпшіліктің көруіне ұсынылады. Біз үшін бұл да өнеге боларлық, үйренерлік дүние. Сейфтен емес, келушілерге әр күн есігін айқара ашып, алаштың ардақты ақын ұлдарының өмірі мен шығармашылығын түсіндіретін, тұтынған заттарын көрсететін мұражайға қашан бас сұқтыңыз?
Сталиндік зұлматтың құрбаны болған өзбек ақыны Осман Насырдың атын ардақтап, артына қалған аз да болса өшпес мұрасын ел есінде қалдыру үшін көрші ағайындар табанынан таусылып жыл сайын Кемерге барады. Себебі, шейіт болған шайырының денесі осы топырақта жатыр. 1944 жылы ақталып шыққан бұйрығына жете алмай жарық дүниемен қоштасқан Осман Садырға өзбек жұрты сол жерден үлкен ескерткіш орнатты. Саяси құрбандар тұтқында болған лагерь алаңында қасқайып тұрған жалғыз ескерткіш сол боздақтыкі. Туған еліне жете алмаған арқалы ақынның мүсіні Тәуелсіз Өзбекстанына қарай бет түзеп тұр. Талай алаш арыстарының да арманын үзіп адыра қалдырған Кемер топырағында өзбек ұландары Осман шайырдың өлеңдерін оқып жатқанда бейқам жүрген бүгінгі ұрпақтың Жұмекен, Төлеген, Кеңшіліктер Алматы дейтін шаһардың қай жерінде тұрып, қай жолымен жүрді екен деп ойланарына сенесіз бе? Сенбейсіз ғой…
Хакім Абайдың туған күні де өтті…
Самал Дәрібайұлы,
әдебиетші.