ШЕҢБЕРДЕН ШЫҒАР УАҚЫТЫМ КЕЛДІ
27.02.2019
1447
0

Жаңа жазып жүрген баланың жырларын екіұдай күдікпен қарап оқи бастап едім. Әдепкіде сәл тосындау болғанымен, оқи келе бүгінгі жас ақындардың тәтті толғаныстарындай сөз саптауы мен балбалалық еркіндігіне көзім әбден жетіп, бір марқайып қалдым. Алдыңғы «Шамшырақ бол» деген жыры мен Төлеген Айбергенов атасына арнаған жырларынан басқасы маған жас жауқазынның жүрек лүпіліндей боп естілді. Жас жанының ағынан ақтарылуы жүрек лүпілімен астасқанда, ондағы ойлар мен сөз құрылымдарының ағымы балдай тәтті жырдың бағыт-бағдарына бірдеңе деуге мүмкіндік бермейтінін іштей сездім. Содан да мен бұл баланың жазғандарына «Жүректің балғын самалы» деген ат қойғым келді. Шындығы да солай болар.

Сейфолла Оспан


Аманжол Ақжан

ШЕҢБЕРДЕН ШЫҒАР УАҚЫТЫМ КЕЛДІ

Көңіліме жиып алып жүз үміт,
Өткеніме сағынышпен қарадым.
Күндер,
Айлар,
Жылдарменен үзіліп,
Жапырақша желмен ұшып барады,
Қайран уақыт…

Араға сап уақыт пенен қашықтық,
Жоғалтқанды іздедік.
Сары мұңды күз келіп,
Біздер тағы кездесуге,
Жүздесуге асықтық,
Еһ, асықтық…

Сары мұңды күз келіп,
Сағыныштың сары әуенін тыңдатты.
Сол әуеннің жылуынан мұз еріп,
Ызғарынан естеліктер үн қатты.

Естеліктер сөйлейді,
Жанұшыра айқайлайды ішімде.
«Жүректердің заңдылығы – бұл», – дейді,
«Мағына бар естеліктің күшінде.
Өткен күннің парақтарын жұл, мейлі,
Жүректегі жазуларды өшірме!
Ол жазулар,
Ол жазулар өшпейді,
Сен үшін де, бүкіл әлем үшін де».

Ұмытпашы тілекті,
Ұмытпашы,
есте сақта
заңдылығын жүректің.
«Мен келермін!» – деп шулаған құстардай,
Қоштасулар қауышуды уәде етті.


Абай ОРАЗ

БЕЙКҮНӘ ӨЛЕҢДЕР
(цикл)

Бірінші өлең
Ауыл деген – апамның алақаны,
Маңдайыма жылы нұр таратады.
Мен ертерек қол үздім ауылымнан,
Тұрғандай-ақ келісіп қала сәні.

Ауыл-аймақ – ақ отау, ақ бесігім,
Жазатайым жауып ем қатты есігің.
«Біткен іске сыншы» өзің алдыменен,
Бүккен ішке тағы өзің әпке сырын.

Көрген келін секілді жұртын жаңа,
Іштен тынып, бір күйіп, бір сыздана.
Кеше сенің алдыңа үнсіз бардым,
Ал сен болсаң қарсы алдың үнсіз ғана!

Екінші өлең
Жылы сәуір төгіп тұр шуақ, нұрын,
Апам жайсыз ұйықтады бірақ бүгін.
– Мазаң болмай отыр ғой! — деймін қарап,
– Қарғам! – дейді, – Жо-жо-жоқ!..Қуаттымын!

– Күйіп-жанып тұрса да тұла бойың,
Неге жалған сөйлейсің, дұғагөйім?!
Аз-кем тыныс алған жөн, уайымшылым! –
күйгелектеп мен оның ұғам ойын.

Ішке еніп көр тізеңді бүгіп төрге –
Құлаққа ұрған танадай тыныш бөлме.
Құлағы ауыр еститін апам жатыр,
Маңдайынан ыршытып күміс теңге.


Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Екеуміз туралы

Маңдайымнан күн сүйіп, жел өппеген,
Ғұмырыңнан Тәңірдің күзі өтпеген.
Түн ішінде тіріліп өзектегі үн,
Жүрегімді ап тәнімнен бөлектенем.

Хақтан келген әмірдей серілігің,
Тағы көкке көтердім сені бүгін.
Аспаны жоқ күнді кеп сүйесің сен,
Білмей соңғы сәуленің желігі кім?!

Дәру таппай жүректен шетінеген,
Біздерді аңыз қылуға бекінеді ел.
Арайына алдансаң жоқ аспанның,
Жоқ сәуленің соңында кетіп өлем.

Ғұмыр көшін мұң шалса шарықтаған,
Мен өзіңдей ұғудан қалып барам.
Салық қылып жүзіме шеріңді бар,
Құдіретіңді, қанекей, таныт маған!

Қолдан кесел жасаған бақсылардай,
Дегбір қашып барады, дәт шыдамай.
Күнді жоқтап қол жайып жүремісің?
Маңдайыңа шоқ тиіп, тас құламай.

Кезеңге кеп кертартпа, қайдағы бір,
Азуында шайнайды айла ғұмыр.
Мен сонда да сенімен қорғанамын,
Тамыр жайып жанымның айбары – Гүл!

Қиянат деп сөкпейді ешкім мұны,
Барлығын кеш!
Бұл – жанның ессіздігі!
Екеумізге тар болмас ұғысуға
Күнді құшқан аспанның шексіздігі!

(Толық нұсқасына газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір