Көз ұшында дөңгелейді дүние…
27.02.2019
1179
0

Құралай Омар

***

Жазмышымның қыртыстарын
өзім ғана жазамын,
Содан кейін тіршіліктің ұмытамын азабын.
Дәл қазір мен су сияқты мөлдірмін,
Су сияқты тазамын.

Жүрегімді жұбата алмай, мұңмен ғана бөлеппін,
Әр таңымды, әр сәтімді бақытым да демеппін.
Дәл қазір мен
Ауа сынды жеп-жеңілмін,
Ауа сынды бұл әлемге керекпін.

***

Жүрекке нұр сыйлар сезімнің,
Жүріппін арқалап азабын.
Тағдырым қолымда өзімнің,
Барлығын қайтадан жазамын.
Арылу үшін деп күйден мұң,
Қып-қызыл гүл қоям үстелге.
Өмірді бояуды үйрендім,
Өзіме ұнайтын түстерге.

***

Бір күдікпен алысып,
Бір үмітті үзбейміз.
Бірде көктем жанымыз, бірде солғын күздейміз.
Тұнжыраған сәттерде көктен сұрап медетті,
Жүректегі Құдайды неге аспаннан іздейміз?

Құс – қиялмен қалықтап,
жұлдыздарға жетемін,
Түс сияқты бұл жалған,
Елес сынды мекенім.
Тым алыстан…
Ғарыштан қол созардай бір күні,
Ұмытамын Тәңірдің өз ішімде екенін.

Налимыз да тағдырға, артып кейде мың өкпе,
Адасамыз тұманда,
Тұншығамыз түнекте.
Біз қорқатын тозақ та,
Біз күтетін жұмақ та,
Рақымы мол Құдай да
Жырақта емес, жүректе.

***

Жарығыңды, жылуыңды ұсын, Күн!
Тағдыр деген – үзігі екен түсімнің.
Мен өмірге келген жоқпын, расында,
Өмір маған келгендігін түсіндім.

Көктем келер, жаз жетеді, күз өтіп,
Қар астында қалтыраймыз сыз өтіп.
Көз ұшында дөңгелейді дүние,
Мен өмірді, өмір мені түзетіп.

***

Естімей гүл әуенін, құстар әнін,
Жүректі тіліп өтті ұстара — мұң.
Сен менің өмірім ең, өлеңім ең,
Мен саған таңда көрген түс қанамын.
Арманымды сөндіріп көк те, міне,
Тоңдырған сен бе,
Әлде көктемім бе?
Жақсы еді ғой, бәрі де тәтті еді ғой,
Оянып кеткенің не?

(Толық нұсқасын газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір