ЕКІ ЖАҚСЫ
27.02.2019
1034
0

Қазақ теледидарының беласар 60-қа толған тойында Қазақ теледидарының теңдессіз тұлғасы Совет Масғұтұлының «Тұмар» сыйлығын алғанына төбем көкке жеткендей қуандым. Сол ұстазым жөнінде осы тойдың алдында ұлтымыздың рухани үні «Қазақ әдебиетіне» «Осы бір көше, осы үй…» деген естеме жазып едім. Енді, міне, Совет марқұмның телдидардағы дарабоз тұлғасын тағы да толымдай түсу үшін Сәкеңнің сүйген жары, «Жазушы» баспасында ширек ғасыр білікті редактор болған «Еңбек ардагері» медалінің иегері, «ҚР баспа ісінің үздігі» Шолпан Сұңғатқызы Тоқсанбай туралы толғамымды тағы да сол сырласым да мұңдасым «Қазақ әдебиетіне» ұсынып отырмын.

Менің басым – Алматының вок­залы, ал ойым – ояу кезімде соған күндіз-түні бір тынбай кіріп-шы­ғып жататын қаптаған қалың жо­лаушы сияқты. Солардың ара­сы­нан кейбір көзтанысыңды көр­генде көкірегің жылып сала береді. Міне, тап қазір көз алдыма өзім ерек сыйлайтын, ақсары жүзін әжім торлаған егде жастағы әйел бейнесі келіп отыр:
– Қазақтың «екі жақсы қо­сыл­майды» дегені бекер сөз екен, өз­деріңдей екі жақсы қосылады екен ғой өмірде, – депті өткен ғасыр­дың сонау 73-жылы өзінің қой аузынан шөп алмайтын көк көз, шайқор шалы, жас кезінде «Ақ палуан» атанған Қапаш қа­рия­сымен Жезқазғандағы қызына барып, енді Тарбағатайына қай­тып бара жатқанда жолай Алматы­дағы біздің үйге қонған, жасында қос атпен алдырып, айтысқа түсір­ген ақын Күлдариға шешей менің кемпірім Қуанышқа. Бұл кісі – Кеңес заманы келіп, қазақ­тың кіл жақсыларын кеңірдектен алғанша күншығыстағы Ер Дәулетбай елін­де 18 жасында би болған атақты Қайырбайдың келіні, менің ай­ны­мас досым, марқұм Әнуарханның анасы еді. Мұны маған Қуаныш сол күні кешке қарияларды пойыз­ға отырғызып, үйге қайтып келе жатқанда айтқан. Аузы дуалы әулие анамыздың әлгі сөзін есті­генде көз алдыма бұдан бірер күн бұрын Советтің үйіне барғанда альбомнан көрген, бірі жігіт, бірі қыз, бірінен бірі өткен қос сұлудың фотосуреті келген. Екеуі де жау­қа­зындай жап-жас, жауын жуған қа­рақаттай мөп-мөлдір, көркіне көз тоярдай сұлу… «Жоқ, нағыз екі жақсы» деген мына Сәкең мен Шөкең ғой» дегенмін сонда өзіме-өзім.
Онда да бәрі аяқ астынын бол­ған. Мен Радиода жұмыстан соң үнтаспаларымды тазалап жатқам, Сәкең телефон соғып, әй-шәй жоқ: «Осы сен Зайсаннан емессің бе?» – деді. Онда Кеңес өкіметінің «кімсің?» десең, рушылдыққа, «қай­дан­сың?» десең, жершілдікке жатқыз­ған, жұрттың жеті атасын ұмыттырып бара жатқан кезі еді ғой. Бірақ, сонда да «тонның ішкі бауындай» қазақтығымызды қайдан қояйық:
– Иә, Тарбағатайданмын, Зай­сан екеуі бірге аталады ғой, – дедім.
– Онда маған балдыз болдың, біздің үйдегі Шолпан Зайсанда туған. Жұмысың бітсе шыға бер, қазір Сапекең (майдангер Сапар­ғали Шәріпов ол кезде теледидар­дың бас режиссері. – Қ.И.) бізді «Волгасымен» үйге апарып сала­ды, – деді.
Сөйтіп, Алматының әдемі
«Го­рький» паркінің түбіндегі осы Бұ­зырбаев көшесіндегі Сәкеңнің табалдырығын алғаш аттағам. Сәкеңнің бізді таныстырғаны да қызық:
– Шолпан-ау, – деген ол есік­тен кіре сөйлеп, алдымызда тұр­ған, Сәкеңнің өзі сияқты сұңғақ бой­лы, ақ маңдайы жарқыраған ажарлы келіншекке қарап, – ме­нің бал­дыз­дарыммен ойнамай­ты­нымды білесің ғой, жақсы көретін Раушан сіңліңнің өзін «Тойтан» деп қана еркелетем. Ал, мынаның тілінің қы­шыма қотыры бар екен, қасы­нып тұрмаса, асқынып кете­тін кө­рі­неді, соған мен де сеп бо­ла­йын деп, саған іні, маған бал­дыз тауып әкелдім, өзі Тарбағатай­дан, аты – Құсыман, радиодан естіп жүрсің ғой, – деген.

Құсыман Игісін,
ШҚО, Тарбағатай
ауданының
Құрметті азаматы,
ҚР Мәдениет қайраткері

(Толық нұсқасын газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір