Бала жастан біліп өскен Тоқаш
24.10.2015
1481
0
937934_942190161___________Қашан көрсең де, сәл кіжініңкіреп, сәл тістеніңкіреп, сәл мысқылдаңқырап, жымиыңқырап, кейде қабақ түйе бұрқылдай жөнелетін де, ізінше сабасына тез түсе қалатын, сығырайыңқыраған отты көздері кейде одан сайын сығырайып кететін. Егер татар дәмі ертерек таусылып, мезгілінен бұрын бақилық болмағанда Тоқаш Бердияровтың бүгінде қатар-құрбы, қаламдас, замандас, қалың ел-жұртының ортасында әзіл-қалжыңын айтып, шалқып жүрері сөзсіз еді-ау! Дариға-ай! Шығармаларында өзі де қайта-қайта қадап айта беретініндей, оның бұл фәни жалғандағы табан тірер жалғыз сүйеніші – қызығына тоймай өткен тәтті өмірдің өзі және артында қалдырған мәңгі өлмес жырлары.

Бір жолы маған: «Осы біз екеуміз қа­шан, қайда танысып едік? Есіңде ме?» – дегені.
– Есімде. Сізді алғаш рет Нарпоша апайдың үйінде көргенмін.
– Нарпоша нең болушы еді?
– Өзіңіз білесіз, соғыстан кейінгі ел­дің жағдайы қиын болғанын, – деп түсін­дір­дім. – Біздің (кейін Сарыағашқа қо­сыл­ған) Келес деп аталатын ауданда не көп, кішігірім колхоз көп. Ал, орта мектеп күллі ауданда біреу-ақ. Аудан орталығын­да­ғысы, колхоздардан келгені бар, со­ның өзінде сол жалғыз орта мектепте ба­ла саны көп емес-ті. Әр класс екеу-екеуден ғана. Ауыл балаларына аядай интернаттар тар, сыймайды. Сондықтан әр­кім тапқан баспанасын сағалайды. Тоғызыншы класта оқитын үш-төрт бала 1952 жылдың күзінен қыс түсіп, қар жауғанша аудан орталығында майда-шүйде кәсіппен күнелтетін Нарпоша деген әйелдің қорасындағы бос тұрған шағын үйшікте жаттық. Нарпоша адам­гер­шілігі жоғары, мейірімді болатын, біз­ден ақы-пұл алмайтын. Төсек-орын­да­рыңды әкеліңдер де, жата беріңдер дейтін. Едені сыз, пеші жоқ, ескі баспанада қар жауғанша жататын себебіміз сол. Әрі қарай әркім өз жөнін табады.
Ол кезде әдебиетке құштарлық үл­кен. Ара-тұра өзіміздің Келес ауданынан шыққан ақын бар екен, аты-жөні Тоқаш Бердияров екен деп естіп жүреміз. Газет-журналда басылған өлеңдерін қызығып оқимыз. Алматы – арман. Онда кілең мықтылар тұрады, олардың ішінде жүрген Тоқаш Бердияровта не арман бар деп те ойлаймыз, әлбетте.
Қара күз. Екі-үш күн қатарынан жаң­быр жауған. Аспан ала бұлт. Жабырқау табиғат, қабағы салбырап бір жадырамайды. Ызғырық жел сүйектен өтіп, еңсені езеді, көңіл құлазытады. Кенет… о, тәңірім, тосын хабар! Тоқаш келіпті! Келгенде, дәл осы қазір іргеміздегі Нарпоша апайдың үйінде отыр-мыс. Үш-төрт бала дүркіреп сыртқа шықтық. Қора ішінде жүрміз. Мақсат – Тоқаш та тысқа шыға қалса, жүзін көру, тілдесіп қалу.
Ұзамай көкшіл костюм-шалбар киген, шымыр денелі, орта бойлы, көмірдей қап-қара шашын жоғары қайырған, жұқалтаң мұрты бар, қара торы жігіт ор­та­мызда жаймашуақ әңгіме айтып тұрған. Тоқаш осы еді. Бізді баласынған да, жатсынған да жоқ. Төбеміз көкке жетті. Сұрақ үстіне сұрақ қоямыз. «Сәбит Мұқанов қай көшеде тұрады?». «Артиллерийскаяда», – дейді ол. (Осы адреспен Сәбит Мұқановқа талай рет хат жаз­дық).
Әйтеуір өзіміз ұнадық па, сөзіміз ұна­ды ма, Тоқаш бізбен едәуір шүйір­ке­лесті. «Менің есімім Тоқаш емес, Торқыс, Торқысбек», – деді. Бірақ содан қайтып бұл атауды ешкімнен естіген емеспіз. Есімі Тоқаш боп қала берді.
Екеуміздің алғаш рет қашан кездесіп, танысқанымыз жайлы сұраған Тоқашқа осынау жайларды тәптіштей баяндап бергенімде, ойына қайдағы-жайдағылар түскен қайран ақынның тебіреніп толқығаны сонша, бір жерге барып сыра ішейікші деп емеурін білдірді. «Саған айттым ба, айтпадым ба, жуықта менің әлгі бір өлеңдер жинағым шығып еді ғой, – деді әдеттегісінше селқос сөйлеп. – Егер нансаң, соның қаламақысынан қал­тамда көк тиын жоқ. Біреулерге қарыз едім, оны бердім. Онан соң, әлгі… – деп күлгенде шағын денесі селкілдеп кетті. «Білемін, Тоқа, – деймін. – Хабарым бар». Білетінім – осыдан біршама бұрын кезекті өлеңдер жинағы шыққан, ақшасын оңды-солды жұмсап, талайдың көңілін тапқан. Солардың ішінде жүзге тарта студентті ресторанға шақырып, қонақ еткен (мен де қатысып, куә бол­ғанмын).
Міне, сол Тоқаш ешқашан тиын-тебен­нің құлы боп көрмеген, қолы ашық, мәрт Тоқаш кей-кейде арзымас жерден соңынан сөз ілестіріп қап та жүретін, жарықтық. Оны өзі де білетін. Кейде отқа қасақана май тамызып, ушықтыратын да өзі еді. «Мұныңыз қалай?» десек, қолды бір сілтейтін.
Дос-жараны, сырлас-мұңдастары аз емес еді. Толып жатқан жыр жинақтары, көзі тірісінде таңдамалысы жарық көрді. Дүкен сөрелерінде саржамбас боп жатқан Тоқаш кітаптарын ешкім көрген емес. Пышақ үстінен бөліп әкететін.
Тумысы бөлек тарланбоз қай-қай ақын­ның да тек бір өзіне ғана тән, бір басына ғана сиымды қырлары аз болмайды, әдетте. Боташ деген жасы қатар­лас, балалар үйінде бірге тәрбиеленген досы бар-тын. Елде тұрып, тәуір қызмет істейтін, денесі шағын, мойны қылқиған Боташтың, неге екенін қайдам, тістері сап-сары боп жүретін. Басына дағарадай шляпа киетін. Бір жолы сол Боташтың әйелі Тоқашты түнде үйінен қуып жіберіпті деген қаңқу сөз тарасын. Біршама уақыттан кейін республикалық газеттер­дің біріне Тоқаңның әңгімесі жарияланды. Бас кейіпкерінің шляпасын «тайлаққа артқан шаңырақтай», тістерін «сап-сары жүгерідей» деп сипаттайды. Айнымаған Боташ. «Бұл қалай?» – дейміз. Тоқаң ащылау жымиды да қойды. Ал, Созақта тұратын Боташпен достықтары үзілген жоқ. Боташ астанаға келгенде алдымен Тоқашты іздейтін.
Қаншалық асау, кірпияз, кінәмшіл бола берсін, бәрібір, сырбаз суреткер, талғампаз ақынға тән ішкі мәдениеті байқалмай, аңғарылмай тұрмайтын. Бір жолы Сарыағаш аупарткомының бюро мүшесі Бектен деген жігіттің үйінде – Төлеген Айбергенов те бар – дастархан ба­сында жан-жақты білімділік, мә­де­ниеттілік көрсетіп, сырбаз қалып танытты. «Пах!» – дестік.
Өзімен қатар ғұмыр кешкен замандас­тары Құдыш Мұқашев, Төлеужан Исмайылов, Фатих Дінісләмов, Ақат Еспаев, Шә­міл Мұқамеджанов, Мұқағали Мақатаев, Нұрсұлтан Әлімқұловтардың (басқалар да аз емес) көбінің аты-жөні Тоқаштың жыр кітаптарында аталады. Кіммен аралас-құралас болуды білетін. Қай дәуірде де шын дарын иелерінің асығы алшы тұра бермейтінін де білетін. «Мүшелтой туралы» өлеңінде өзі жайында:
Өмірім бұрқырап өтті ғой,
Ашыған қымыздай сабада.
Күндерім – телеграф сымдары,
Жылдарым – ыздиған бағана, –
дейді.
Бұған не қосып-алары бар?! Дәл солай. Бірге тумаса да, өле-өлгенше бірге жүріп, бірге тұрған Мұқағали ақын өмір­ден өткенде:
Сен жоқсың!
Жан табылмас енді сендей,
Мен жүрмін бірде сеніп, бірде сенбей.
Таусылған ішіндегі сыбағасы,
Жатырсың төңкеріліп нән кеседей, – деп тұншыға жылады, көз жасын көл­детті.
Бұған не қосып-алары бар?! Дәл солай. Шындық!
Атаулы мерейтой болсын, белгілі біреу қайтпас сапарға аттансын, ондайда апыл-ғұпыл өтімді өлең жазып, ат­танға сүрен қосып, көп алдында суырыла оқы­ға­нын көрген де, естіген де емеспіз. Бірақ қай-қайсысында да бейжай қал­май­тын. Бәрі кітаптарында. Іздеуші солардан табады. Бір Тоқаш осындай еді дейді ақынның артында қалған жыр мұралары…
Ірі тұлғалардың көзі тірісінде бір-біріне етене үйір болуын базбіреулер өздерінше пайымдап, әлденеге жоры­ған­сиды. Бұл бос сөз. Тұлғасы нардай, атағы дардай болғанмен, тұзы татымсыз, нәрі кемшін тұрғыластарына Тоқаң өзі де жола­майтын, одан олар да көш аулақ жүретін. Алайда, Тоқаң біреу-міреудің дарынсыздығын бетке баса бермейтін, сөкпейтін. «Жұрттың бәрі Пушкин, Абай болса, поэзияда не мән қалады?» дегенді жиі айтатын.
Оның есесіне, зілі аз, кермек әңгіме­лер­ді жиілеу айтатын да, «қисық сөз күл­мек­ке жақсы» деп жөндемелеп қоятын.
Қазан айының орта тұсы. Ауа райы кілт бұзылып, әуелі жаңбыр, соңынан жапалақ-жапалақ қар жауды. Дәл осы шақта қызмет бөлмеме Тоқаш кіріп келді. Келді де, терезе алдына барып, сыртқа көз тастаған қалпында: «Қар жауып кетті. Ақ емес, қызыл болса да жарар еді, – деді әлденені меңзеп. – Сыртта Нұрсұлтан (Әлімқұлов) тұр». Түсіндім. Керегін бердім. Үнсіз шығып кетті. Несі бар!..
Еркелеп келді, еркелеп кетті. Әбестігі жоқ. Адам бар жерге адам келеді. Күні ертең не зейнетақы, не кітабына ақша алады. Сонда тағы келеді. Дудыратып шашады. Ештеңе дей алмайсың. Себебі, ол – ақын. Ақын болғанда да, қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған, поэзия көгіндегі жарық жұлдыздармен қатар тұрған саңлақ ақын! Сардар ақын!..
Қысқасы, Тоқаш елдің еркесі, ақын­дар­дың серкесі, санаулы дарын иелерінің бірі-тін. Оның қысқа ғұмырында көрген, бастан кешкен сан алуан жай-жапсардың бәрін қамтыдық демейміз. Ол мүмкін емес. Бұл жолғымыз – әруағын тірілтіп, есімін еске алу. Рухы шат болсын!

Зәкір АСАБАЕВ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір