ТАЙҚЫ ТАҒДЫРЛЫ ТОҚАШ АҚЫН
19.02.2025
246
0

Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, Ұлы Отан соғысының ардагері, қара өлеңге үлкен олжа салған ақтаңгер ақын Тоқаш Бердияровтың туғанына биыл, 19 қыркүйекте 100 жыл толады.

Тарихтың тегіршегі кері айналып, адасқан әр ақиқат өз орнын табар болса, ең алдымен, тұғырынан әділетсіз шет­теп қалған тұлғалар төрге озар еді. Азғантай ғұмырында үлкен іс тындыра тұра, өмірден өз үлесін алмақ түгілі, есесін жіберіп алған ерлердің уақыт шаңында көміліп қалған есіл еңбегі келер ұрпақтың аршып алғанын күтіп еленбей тым-тырыс жататыны бар. Заманның зобалаңын басынан өткеріп, «ұрланған», «тоналған», «бұрмалаған» уақыт ішінен өз жолын адаспай тапқан, сөйтіп, қазақ поэзиясына адал қызмет жасаған тап осындай аяулы тұлғалардың қатарында Тоқаштың да бар екені хақ.
Тоқаш Бердияров – қазақ әдебиеті тарихындағы «күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден аяқталатын» (Е.Раушанов) тосын ақын; өзі құралпы замандастарының арасында басқа ешкімге ұқсамайтын өмірі оқшау тұлға, ХХ ғасырдың поэзия көгіндегі адасқандарға анық жол көрсетіп тұратын шолпан жұлдыз; «ақындардың батыры, батырлардың ақыны» (Ғ.Мүсірепов); тілі – тікен, тағдыры – тайқы.
Тоқаштың тосын ұйқасқа құрылған тентек өлеңдері талай оқырманның жан дүниесінде найзаға­й от­тарын ойнат­ты, жүректерінде небір жойқын жарылыстар жасады.
Ол – ол ма, өз елінің адал перзенті ретінде ел басына ауыр күн туғанда 17 жасар бозбала өзі сұранып қанды майданға ат­танған. Сұрапыл соғысқа қатысып, елі мен жері үшін оқ пен от­тың ортасында қатыгез жаумен жағаласты. Сол бір қиын-қыстау кезеңге қарамай, окопта жатып-ақ кеңес жауынгерлерінің ерен ерлігін жырға қосты. Адамзат­тың жартысын қырғынға ұшыратқан сұм соғыс аяқталғаннан ке­йін де ол әскер қатарында қалып, төрт жыл бойы Қызыл тулы Балтық әскери-теңіз флотында теңізші (сүңгуір қайықта) болып қызмет атқарды. Әскери қызмет­тен денсау­лығына байланысты 1949 жылдың күзінде ғана біржола босатылған.
Бейбіт өмірге оралғаннан ке­йін де бұрқыратып жалынды жырлар жазды. Отызға жуық кітап шығарып, кудесінде сәулесі бар ойлы оқырмандарын отан сүйгіштік сезімге баули білді.
Өкінішке қарай, анда-санда бір өтетін мерейтойларда болмаса, ақын есімін есте қалдыру және ұлықтау шаралары мүлде ұмыт қалғандай. Рас, Тоқаң қайтыс болған соң 70 және 90 жылдық мерейтойын дүркіретіп болмаса да, туған жерінде атап өткендей болғанбыз. Сол іс-шараларда сөз сөйлеген шешендер мен көсемдер «Тоқаңдай талант­ты ақынды тасада қалдырмаймыз, есімін жаңғыртып, еске алып жүреміз, ке­йінгі ұрпаққа үлгі етіп қалдырамыз» деген уәделерін үйіп-төгіп жамырай бергендері де есімізде. Бірақ әдет­тегідей бәрі де бәз-баяғы қалпына қайта түсіп, қас талант тарс естен шығарылды.
Осылай десек, себепсіз емес. Өйткені ақын Тоқаш Бердияровтың есімін ұлықтауға қатысты бұл мәселені бұған де­йінде бірнеше рет көтергенбіз. Бірақ талантын таққа отырғызып, ақынын төбеге көтеруге тиіс халық қызметкерлері ауызына құм құйып алғандай үнсіз. Сондықтан ақынға қатысты бұл мәселеге қайта оралуға мәжбүрміз.
Оның шығармаларының іздері әсем қаламыз Алматыда молынан сайрап жатыр. Кезінде «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жас алаш» («Лениншіл жас») басылымдарында қызмет істеген ақын көптеген шығармаларын осы шаһарда жүріп жазған және сүйікті қаласына арнаған өлеңдері де аз емес. Өкінішке қарай, ақын өзі жарты өмірін өткізген, қызмет істеген,
сауық-сайран салып, қызығы мен шыжығын қатар көрген ару Алматыда Тоқаш Бердияровтың атында не мектеп, не көше жоқ, не ескерткіш тұрғызылмаған. Оны айтасыз, халықтың сүйікті ақыны тұрған үйлерге мемориалдық ескерткіш тақта да орнатылмаған. Ақынның өмірден озғанына да 40 жылға жуықтады. Алайда әлі күнге де­йін оңтүстік астанада Тоқаңды еске түсіретін бір белгінің болмағаны қалай сонда? Қалай дегенде, қырық жыл аз уақыт емес қой! Осы уақыт ішінде қазақтың Тоқаштай ақынының оңтүстік астанамыздың төрінде қасқайып «өлең оқып» тұратын-ақ жөні бар еді. Әлде біздің уәжіміз орынсыз ба?!.
Реті келгенде айта кететін нәрсе, қазақты бар ықыласымен сүйіп өткен ақынды еске түсіретін белгілерді шырайлы Шымкент шаһарынан да кез­дестірмейсіз. Неге? Бұл – енді өз алдына бөлек әңгіме.
Халыққа өкпе жүрмейді. Халық қатарластарының арасынан оза шапқан талат­тарын қай заманда да ардақ тұтып, алақанына салған, төбесіне көтерген. Алдыңғы буынды былай қойғанда, Тоқаңның «шекпенінен шыққан» (Ө.Нұрғалиев) талант­ты шәкірт­тері Мұқағали Мақатаевқа Алматы қаласынан көше аты беріліп, кітап ұстап отырған еңселі ескерткіші тұрғызылса, Қадыр Мырзалиев, Тұман­бай Молдағалиев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Фариза Оңғарсынова, Өтежан Нұрғалиев, тағы басқа сияқты дарабоздардың атына берілген көшелер мен қойылған ескерткіштер бүгінде халқымыздың рухын аспандатып, еңсемізді биіктете түсіп отыр.
Шындығында да халық Тоқаштай біртуар ақынын сағынды. Асқақ Алатау алыстаған сайын биіктей беретіні сияқты, талантымен талай алыс-жақынды тамсандырған майдангер ақын, қайраткер азамат тұлғасы да жылдар алға жылжыған са­йын асқақтай түсетіні сөзсіз. Сондықтан сағымға оранып, сағынышқа айналған ақын тұлғасы жылдар бойы өзі тұрып, қызмет істеген, дос арт­тырып, жырына қосқан сүйікті шаһарының төрінде «өлең оқып» жарқырап тұратын кезі келді деп есептейміз.
Осы орайда әдебиет пен мәдениет­тің өкілі, Тоқаш ақынның рухани мұрагер інісі ретінде өз ой-пікірімді білдіре кетсем деймін: ең алдымен, Алматыдағы өзі тұрған үйге (Гоголь көшесі 15-үй, 69-пәтер) ескерткіш тақта орнатылса, қала аумағы жылдан-жылға ұлғайып жатыр, сол жаңадан түсіп жатқан көшелердің біріне Тоқаш Бердияровтың есімі берілсе, ақын аты берілген көшеде ақынның ескерткіші тұғырда тұрса, артында қалған рухани мұрасы – кітаптарын шығаруға атсалысса, сыйлықтар таға­йындалса, ақын есімі ел есінде жүруі үшін жасаған игі ісіміз болар еді. Заманның тар кезінде таудай талап арқалап, халқымызды алға сүйресем, жүрегінде от жандырсам, еліме пайдалы адам болсам деген ұлы арманмен өмір сүріп, еліне адал қызмет еткен Тоқаш есімі қайткенде де ұмытылмауы тиіс!
Бұл ұсыныс-пікір қалың көпшіліктің қолдауына ие болатынына сенімім кәміл.

Болат ШАРАХЫМБАЙ,
Қазақ­стан Жазушылар
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір