ҚЫЗ БАЛА МЕН МҰЗҚАЛА
25.09.2023
2506
1

Әлдебір шұғыл шаруасымен тысқа шыққан адам түгілі, құм кесірткесінің де ап­шысын қуырған мынадай аласат ыстықта шыбын жанын күйт­теген бір пенде болса, ол – осы ауылдағы мұзқаланың меңгерушісі Боранбай.
Боранбайдың бұл қызметіне қызығатындар шаштың түгінен көп, қызғанатындардың есебін кім алсын. Ал Боран­байға бәрібір: күн көтерілісімен қызыл құмның үстімен көз арбайтын ақ сағым жүгіретіні; қозы-лақтың алыс ұзамай, қайта айналып тоқал тамның көлеңкесіне тығылатыны; бағана басындағы электр сымдарының белдері бүгіліп, түсініксіз тілде гөй-гөйлейтіні; әйелдердің есік-терезені қымтап, аулаға су бүркіп жататыны – ол үшін үйреншікті тіршілік. Басында дағарадай ши қалпақ, тұмсығында құрсауы алтын түстес бояумен жиектелген қоңыр көзілдірік үстінде ақ шыт­тан тігілген кең қолтық жейде, бұтында да қыры сынбаған ақ шалбар… Боранбайдың сырт тұлғасының өзі бейтаныстарды былай қойғанда, ауылдастарын да үнемі таңғалдырумен келеді. Төбесіне күннен көлегейлеп, шатыр ұстамағаны – әлдебір еркетотай нәзік жандыларға ұқсамайыншы деген сақтығы; әйтпесе, үйінде қолына қолайлы, басына киіктің мүйізі қондырылған ақ таяғы және бар. Төңірегіңе айнадай асфальт төселсе бір сәрі, тық-тық дыбысының өзі кісіге қуат берері сөзсіз, ал қызыл құмның өзегіне аяусыз таяқ сұққылағаннан не табасың?!
Боранбайдың мұзқаласы иек астында. Жерден жарты метр ғана көтерілген жертөленің қай тұста екендігін жұрт­тың бәрі біледі. Білетіндері –айналаның барған сайын тынысы тарылып, құм бетіндегі табан тигізбес жалын өршелене түскен сайын жертөледегі Боранбайдың мұзқаласы қиял-ғажайып ертегідегі жұмақтай, көз алдыңда көлбеңдеп тұрып алады. Мұзқаладағы қоңыр салқын лепке бір «шомылып» шыққанның арманы не?! Қайран мұзқала! Мұзқаланың ішіне әлдебір себеппен кіріп-шықсам-ау-ды ойламайтын пақырды бұл маңнан шырақ алып таба алмайсың. 
Міне, ауылдастарының көздерін бақырайтып қойып, бар өмірін мұзқалада өткізіп келе жатқан Боранбайдың бейнесі неге екендігін қайдам, барған сайын биіктей түседі, биіктей түседі. Айтары жоқ, өзі де барып тұрған көксоққан! Әйт­песе, мына тұрған мұзқалаға сонша сәнденбей-ақ баруына болады ғой. Әлде құм қойнауындағы шоққа көмген табадай шіліңгір шілдеде бүтіндей өртеніп кетпесе де, ыстық астында ыңырсып жататын жатаған ауылда да әлемдік өркениет­тен үміт­ті, ас ішіп, аяқ босатқаннан гөрі жан-жағына зерделі көзбен қарай алатын адам барын дәлелдегісі келе ме; әлде «табиғат-ананың қытымыр мінезіне жатып кеп өкпелейтіндерің-ай, ертең, не арғы күні теріскейден сап-салқын жел көтеріледі, мұның бәрі уақытша, шыдамдылық танытып, Құдайға қарсы келгендеріңді қойсаңдаршы, одан гөрі барларыңды үстеріңе жапсырып, мен секілді неге маң-маң басып жүрмеймісіңдер, а?» дегісі келе ме?! Ойпыр-ай, Боранбайдың жүрісінен жер ойылады. Мұзқалада кеңірдегіне кездік қадағандай, апыл-ғұпыл атқарып тастайтын шұғыл шаруаның иінтіресіп тұрмағаны өзіне аян. Десе де көзге күйік болмай, баратын жеріне жылдамдатып жетіп алсашы! Жоқ, Боранбай әлдебір әуеннің ырғағына қосылғандай, бір қалыпты бүлкіл жүрісінен жаңылмайды. Осындайда өзімді бір көрсетіп қалайын деп, әдейі істей ме кім білсін. Несін жасырады, құм қойнауына қоныстанған бұл ауыл адамдарының мінез-құлықтары да ала-құла, бірде көл, бірде шөл… Әлдекім ойламаған тұстан жол талғамайтын, кесе-көлденеңдеген бұйрат құмдарыңды шыбын шаққан құрлы көрмей, көктей өтетін шетелдік жеңіл мәшине мініп келсе, соның маңына үймелей қалады. Ғажап! Ғажаптығы сонда, мұны қайда бағыт­тасаң да тоқтаусыз жүре береді, құм төбелердің басынан бір-ақ секіреді, доңғалақтың желін біраз уақыт шығарып жіберіп, тақырлыққа түскенде қайтадан толтырып алатын автомат­ты тетігі және бар. Жүргізушісі – бір кез­дері жалаңбұт жүрген осы ауылдың қара борбай баласы, оқыған, заманға бейімделіп, бизнеспен айналысқан. Жол талғамайтын көлігі – ұйқысыз күндер мен түндердің жемісі. Оның ата-тегі, қай рудан шыққаны, мектепті қалай бітіргені біразға дейін таусылмайтын тақырыпқа айналады.
Боранбай ондай әңгімелердің ешбіріне қосылмайды, саяқ жүреді. Бірақ көкірегіндегі бір беймағлұм құбылыстың аяқ астынан бүлк ете қалғандығын аңдамайды: «Көзге түсудің кереметін кейін көрсетемін сендерге!». Ішінен күбірлейді, біреулермен бәсекеге түскендей жұдырығын түйеді. Шүкір, қазір заман жақсы, істің көзін тапқандардың дегендері болып-ақ тұр. Өткенде осы ауылдың тағы бір азаматы қаладан электр движок сатып әкеліп, жұрт­тың аузын аштырып, көзін жұмдырған. Міне, керемет! Алыс ауылға сағатпен, онда да қараңғы түсе берілетін электр желісіне телміру айдалада қалды. Әлгі движоктың иесі моторды кез келген уақыт­та іске қосып, сиырларын да аппаратпен сауады-мыс; күні-түні телевизор көреді-міс; құдықтың суын да тұрбамен тартады-мыс… Боранбай мұны да қаперіне алған жоқ. Жерлестерінің жерден жеті қоян тапқандай, құдды мұнан артық жаңалық болмайтындай, өліп-өшкендерін жақтырмады. «Боранбай тірі тұрса таңғалудың көкесін көрсетеді сендерге!». Баяғыша ішінен күбірледі, біреулермен бәсекеге түскендей жұдырығын түйді.
Рас, рас. Мына секілді ми қайнатар аптабыңда ыссыламай да, пысынамай, қарһәлләзи тірлік кешкен Боранбайдан басқа бір пендені тауып берші, кәнекей! Таба алмайсың. Қазір Боранбай екі-үш жерден бұрап ашылатын мұзқаланың киізбен қапталған ауыр есігін еппен ғана бері сырғытады. Бірден лақ еткізу қауіпті. Себебі сырт­тағы кірерге тесік таппай, түтігіп тұрған ыстықтың бірден ішке лап қоюы әбден мүмкін. Ал жертөледегі қыздың жиған жүгіндей, рет-ретімен қаланған мұзқала ыстық ауаға «көңілшектік танытып», ери бастаса кім жауап береді. Жауап беретін адам – Боранбай. Оның беті әрмен, кеселінен сақтасын, осы тұрғанда бір қадақ мұзың алтынмен пара-пар. «Ыстықтан қаталаған ауылдастарымның сауабын алып, мұнымды ертең біреулер елер-елемес, оған тіреліп тұрған түк жоқ, билік өзімде, график жасап, со сорлыларды мұзқалаға топ-тобымен кіргізіп шықсам қайтеді» деп те біраз ойланған. Жақсылық жасау Боранбайдың да қолынан келеді. Кейіннен мұнан мүлдем бас тарт­ты. Мұзқала көпшілік кіріп-шығатын, экспонат тамашалайтын музей емес. Бұл – стратегиялық бағыт­тағы күрделі нысан. Алдымен мұнда Кіші теңіздің қуыс-қолтығынан ауланған балық сақталады. Аралдың кешегі дархан тарихын ұрпақ санасына жеткізетін бірден-бір жанды
организм – осы! Әрине, мұзқалаға сыймай жататын баяғыдай ат-көпір балық жоқ, тұс-тұстан ауланған балық там-тұмдап осында жиналады да, рефрижератордың жүгі толды-ау дегенде, қаладағы зауыт­тарға жөнелтіледі. Бұл жүйе тоқтамайды, тоқтатпай тұрған – мұзқала. Күн көзінде қалған балықтың бірер сағат­та саудасы бітеді. Шіриді, шіріген балықты ит те жемейді. Кез­дейсоқ жол апаты болғанда, тіпті жергілікті ауруханалардағы науқастардың жағдайлары нашарлағанда мұзға деген сұраныс күрт артады. Қала, қала ма, осындай түйткілді мәселелер туындаса басыммен жауап беремін деп уағдаласқан Боранбайдың жерлестерін мұзқалаға графикпен кіргізіп-шығару бастамасынан тартыншақтаған себебі, мұзқаланың да адам түсінбейтін тосындау «мінезі» бар, ішке топырлап кіргендерді жақтырмайды. Боранбайдың бұл қамқорлығына ризашылық пейіл танытып, ауылдастары аз-маз салқындаған соң үн-түнсіз шығып кетсе кәні! Сөйлейді, біреулерді жамандайды, тақа түк таппаса жер-жаһанды от­ты тілімен күйдіріп жіберуге шақ қалған биылғы аптаптың қолайсыздығына тіл тигізеді. Оу, мөп-мөлдір жақұт­тай жарқыраған мұзқала мұндай пендешілікті көтере ала ма?! Күлгендер күлсін,
Боранбайдың түсінігінше, тазалықтың тұнбасына айналған мұзқаланың тілі жоқ демесең, тұнып тұрған тірі құбылыс. Әлгіндей сорақылықты бойға сіңіре алмайды, сіңіре алмаған соң қыстығып «жылайды», тас еденге тырс-тырс тамшылар тамады. Мұз еріді деген тым қарапайым ұғым, мүлде ақылға қонбайды.
Боранбайдың басшылығымен әрі ауылдың жұмыссыз жүрген жастарының күшімен жылда, қақаған қыс айында мұзқаланың «құрлысы» басталады. Теңізге қалыңдығы метрге жуық мұз қатқан соң, ол электр арамен әдемілеп қиылады да, транспортермен мұзқалаға тасымалданады. Мұз кесінділерін жымын білдірмей қалауға да шеберлік керек. Айналасы атшаптырым жертөле қапелімде түп-түзу «көшесі» бар мұзқалаға айналып шыға келеді. Жертөленің төбесі ыстық ішке кірмес үшін топырақ араласқан қамыспен қалыңдатып қайта жабылады. Киізбен қапталған есігіне дейін мұқият жөнделеді.
Мұзқаланың есігін еппен ысырғанда арғы жақтан лап етіп, бері құйылған салқын леп Боранбайдың тұла бойын тіл жеткісіз рахатқа бөледі.

* * *

Көптен таныстығы бар бір балықшы теңізден жаңа ауланған үш-төрт центнер майда шабағын әкеп өткізді. Күннің ыстығы оны да қажытқан білем, екеуіне қатысы жоқ, қайдағы-жайдағыны айтып, уақыт өткізіп біраз аялдады. Боранбай қарсы болмаса мұзқаланың салқын ауа­сымен тыныстап, әлі де тұра бергісі бар.
Осы жұрт­тың айтып жүргендері рас па, өтірік пе қайдам, төрткүл дүниенің ауа температурасы бұрынғыға қарағанда биыл тым жылып кет­ті дейді. Араға біздің теңіз табанынан ұшқан тұзды шаңдақты қыстырғысы келеді. Сенбеймін-ау, сенбеймін. Анау Антарктиданың мұздақтары қайда, Арал қайда?! Айта береді бар болғырлар… Дегенмен ыстықтың ажары жаман. Созылмалы сырқаты барлар күтінбесе, өліп кетуі кәдік… Сен осы Көнебөгендегі Іңірбайды білуші ме ең? Әйелі біраздан бері жатып қалды деуші еді, татар дәмі таусылыпты байғұстың…
Пластмасса жәшіктегі балықтың арасына мұз кесегін үгітіп салып жатқан Боранбайдың қолынан шотбалтасы сылқ етіп, түсіп кет­ті. Өңі боп-боз, оқыс жаман хабар естігендей, жауырын тұсының дір ете қалғандығын сезбеді. Әлдекімнен жанашырлық күткендей, алақтап, жан-жағына қарады. Әлгі түбің түскір… «мына жерде шалжиып отырған сенің өмірге өкпең жоқ шығар» дегенін былай қойғанда, соңынан сандырақтап не деп кет­ті-ей?! Іңірбайдың әйелі… Іңірбайдың Бағдагүлден басқа қанша әйелі бар еді? Беті былш етпей, Бағдагүлдің о дүниелік болғандығын шымшық торғай өлгендей, немкет­тілеу айта салғаны несі?! Өй, көріңде өкіргір! Тізесінің дірілдегендігін елемей, киізбен қапталған ауыр есікті әрең ашып, сыртқа жүгірді. Сорыңды ұрайынның есі дұрыс па, Бағдагүлдің қазасын Боранбайға өстіп те естірте ме екен, а?! Боранбай мен Бағдагүлдің арасындағы мейлі қанша жерден адам айт­қысыз аптап үйірсе де, мейлі қанша жерден көз аштырмайтын қарлы боран соқса да, ыстыққа ұрынбайтын, суыққа тоңбайтын «мәңгілік махаббат жырынан» азды-көпті хабары болған соң, әрі Боранбай да бүйтіп талтаңдап жүре бермесін, ара-тұра мұның да сағын сындырып қойғанымыз жөн шығар деп, әдейі айт­ты ма?! Түсіне алсашы. Көз алдынан бұлдырап, сағым жүгірді. Мең-зең. Түзге шықса да мұзқаланың киізбен қапталған есігін қымтап жауып кететін Боранбай асығыстықтан ба, әлде өз-өзін билей алмаған әлсіздіктің әсері ме, бұ жолы жертөленің аңқиып ашық қалағандығын аңғармады. Балықшы алыс ұзамапты, жетіп барып желкесіне жабысты.
– Сен, сен… рас болса әлгіңді тағы қайталашы?!
Боранбайдың, былайғы күнгі Боранбайдың бет-әлпетіне ұқсамайтын әлемтапырық күйзелістен сезіктенсе керек, ол да кішірейіп, желкесіне жабысқан арбиған саусақтарды әрең ажырат­ты:
– Сен немене, жынданғанбысың, өлімнің өтірік болғандығын қайдан көріп ең?! «Артының қайырын берсін, соншалық қабырғаң қайысатындай, Іңірбайдың әйелімен қандай жақындығың бар еді?»-ні айта жаздап, артынша тілін тістеді. Ол өз жөнімен кете барды.
Боранбай бойындағы болмашы қуат-күшті мына жан-жақтан анталаған аптап ыстыққа еш қарсылықсыз өз қолымен бере салғандай, алға жылжыса басы айналып құлайтындай, сіңіріне ілініп бір орында сілейіп әлі тұр. Қалай, қалайша? Ыстыққа шыдамайтындай Бағдагүлдің жүрегі ауырушы ма еді?! «Қайран Бағдаш, Бағдагүл, сенің маған елден ерекше бөліп беретінің болмаса да, бұ дүниеде барлығыңның өзі, тікейіп жүргендігіңнің өзі мен үшін баға жетпес сүйеніш, тіреуіш еді ғой! Енді не болды? Шыным, сен мен туралы ойла, ойлама, онда шаруам жоқ, осынша жасқа келгелі сенің не құдіретіңнің барын түсіне алмаған ақымақтығымды айтсаңшы?! Мына бес күндік тірлікте жүрегің езіліп, бір адамның амандығын тілеп жүргеннің өзі неге тұрады?! Әрине, мен сорлы да жұрт таңғалатындай тау қопарып тастамаған болармын, бірақ біреулерге азды-көпті жәрдем тигізгенім анық. Олар әрине, артынша алғыстарын жаудырады, сонда «мұны Бағдагүлдің әдресіне бағыштасаңдаршы!» деп, ішімнен мың қайтара, сенің тілеуіңді тілейтінімді сен қайдан білейін деп ең?! Енді білмейтін жаққа шықтың!..». Ойпыр-ай, Боранбайдың көкірегінен ақтарылған әлгіндей сөз маржандарын әлдекімнің тыңдамағаны қандай өкінішті! Мұнан артық салыстыру ойына қайдан келсін. Жеті қат жер астындағы бұлақ көзі жинала-жинала келіп, жанды жеріне ине ұшы тигенде ашыған қымыздай, тығынын аспанға атып кеп жібермеуші ме еді. Құдай басқа салмасын, білмей жүрсе
Боранбайдың тұла бойы тұрғанымен небір толағай толғаныстардың алтын кеніші екен де. Қай тұстан шығып жатқанына таңы бар және артық-кемі жоқ төгіліп түскен тіркестер: «Бағдаш, Бағдагүл-ау, сен мені қайда тастап кет­тің деп, кінәлаудан аулақпын. Бәлкім, мұнша таусылу маған да жараспас. Сен біреудің некелі жарысың. Іңірбайды сүйдің бе, сүймедің бе, о жағын қайдан білейін. Әйтеуір, шұбыртып бес-алты бала тапқаныңнан хабардармын. Оның бәрін түгендеу маған не керек, олар енді мен үшін бес тиын, қара бақыр. Кей-кейде осынша күйреуік болғаныма да қарадай-қарап қарным ашады. Сенің тағдыр-талайың бөлек, мақсат-мұратың бөлек, тіпті қат­тылау айтсам, мен үшін мүлде бөлексің. Ара-тұра көзіме көрініп жүрсең… сенің нұрлы бейнең жүрегімді қанша тілгілесе де амалым қайсы, қайдағы-жайдағы еске түскенде жұрт секілді тоя арақ ішіп, ішімдегі шер-наланы сыртқа шығарып тастауға талпынсам не дейсің?! Көрші ауылда тұрсаң да сені көрмегелі қай заман. Әйтеуір, біреулерден сұрасам, жағдайы жақсы, аман-есен жүріп жатыр дейді. Сол демеу, сол демеу демекші, сенің жер басып жүргендігіңнен қандай заряд алатындығымды білсең ғой. Иә-иә, екеуміздің арамызда айта қаларлықтай жақындық болсашы! Бір кез­дегі бала махаббат­тың жылуымен тұлыпқа мөңіреген сиырдай, жоқ нәрсеге алданып жүрген мені біреулер «Боранбай жынды» десе ашуланбас ем. Шындығында мен жынды шығармын. Баяғыда сөніп қалған ошақ көмейіндегі қоламтаны не үшін және қандай ұшпаққа шығатындығымды білмей, үрлей беретіндігіме әлі күнге дейін аң-таңмын. Бірақ бір нәрсе айқын, сені есіме алсам-ақ болды, күнделікті аяқ басқан сайын кез­десетін кәкір-шүкірдің бәрін ұмытамын да, төрт құбыласы тең, көңіліне кірбің ұяламайтын әрі күліп жүруге тырысатын жайдары мінезді пендеге айналып шыға келемін. Сол, сол… сенің алғаш рет қып-қызыл ерніңнен сүйгендегі алған ләззат күллі өміріме жарайтын тырнақтай атом энергиясы секілді… Не деп кет­тім-ей?! Сондағы оймақтай аузыңнан шыққан ыстық деміңнің әсерін әлі күнге дейін ұмыта алмай жүргендігіме сен, сенбе, өзің біл!..».
Әлгіде мұзқаладан алас ұрып, тысқа жалаң бас шыға салған Боранбай шақырайған күн сәулесінің шекесін ойып жібере жаздағанын осы жолы байқады. «Мә, безгелдек, өзгелердің тірлігі тірлік емес, тозақ екен ғой!» Жертөленің ашық қалған есігінен жалма-жан әрі ат­тады. Арғы жақтан лап ете қалған салқын леп, жан-дүниесіне жайма шуақ себелегендей әсер ет­ті.

* * *

Түстік астан соң аяқ-қолын созып, жарты сағат көз шырымын алушы еді. Ары-бері аунақшығанымен ұйқысы келмеді. Әйелі де Боранбайдың бүгінгі көңіл күйін сезе ме кім білсін, анау-мынауды ауызға алмастан, үлкен ұлының оқуға түсу үшін қалаға кеткенінен «не хабар білесің»-ді де сұрамады. Төргі бөлменің терезесін ескі газетпен тұмшалап, Боранбайды жалғыз қалдырды. Боранбай шынымен жынданған шығар, ол біреудің әйелі ғой десе де, Бағдагүлдің қазасын қалай қабылдарын білмей, құс жастыққа бетін басып, қыстығып жылап алды. Осымен екінші рет… Алғашқысы ана жолы.
Бағдагүл өзінен бір сынып төмен оқыған-ды. Қараторының әдемісі. Әсіресе күлгенде екі бетінің ұшынан өзгелерден ұшыраса бермейтін бармақтай ойық пайда бола кететін. Бәлкім, былайғы жұрт­ты өзіне ынтықтыра түсетін, қарамауға мұрша бермейтін ашық теңіздегі шырадай ашық күнгі иірім десе жарасар. Тостағандай көз адам жатырқамайтын мейірімге толы. Сүю үшін жаралған шиедей ерінді айтпаңыз! Амангелді мен Сағымгүлдің үйлену тойында біраз жастар бас қосқан-ды. Түннің бір уағына дейін биледі, жасырынбақ ойнады.
Бағдагүл Боранбайдың далаға шығып, кішкене бой жазып қайтайықшы дегеніне қарсы болмады. Жарықтық жұлдыздардың самсауын! Тойдың ырду-дырдуынан қашып, теңіз жағалауында біраз серуен­деді. Боранбайға кенет жігіт­тік жігер пайда бола кетіп, Бағдагүлді құшағына қысқаны… Қыз үндемеді. Сүйсе дейтін секілді ме қалай. Боранбайдың да күткені сол, шиедей ерінге аш кенеше жабысты. Қайта-қайта сүйісті. Бағдагүлде бір шөл бар, ал керек болса, жігітке тілін сүйгізуді қайдан үйренген. Сол түні біраз мәселенің түйіні тарқатылды. «Мәңгілік махаббат болмайды» дегендердің бет­терін тырнауға бар-ды. «Мәңгілік махаббат­тың үлгісін бізден үйренсін» деді бірауыздан. Ер мен әйел атанудың қатып қалған ережелерін бырт-бырт үзіп, ақ шағыл үстінде таң атқанша аймаласты. Боранбай
Астрахандағы балық шаруашылығы техникумын бітірді. Бағдагүл Қызылордадағы медучилищені тәмамдады. Жолдамамен Көнебөгендегі ауруханаға медбике боп орналасты. Бұйырса алдағы күзде үйленеміз деп жүрген. Қырсыққанда қымыран іридінің кері, мұндай болады деп кім ойлаған. Бағдагүлдің училищені бірге бітірген көзі қылилау құрбысы бар-ды. Боранбай ұры ит­тің құйрығындай, бір мезет байыз таппайтын әлгінің жеңілтек мінезін ұнатпайтын. Сол азғырды ма деп әлі күнге дейін күдіктенеді. Біреудің «вечерінен» шыққан қыздарды Іңірбай сболш айт жоқ, той жоқ, үйіне әкеп бір-ақ түсіреді. Бұл өңірде қыз алып қашу – мода. Оқиға тым асқынып бара жатпаса, заң орындары оны қылмыс деп құжат толтырмайды. Жабулы қазан жабулы күйінде қала береді. Екі білегін сыбанып, алдына келгенді тістеп, артына келгенді тепкілеп, «кетемін, бәріңді сотқа беремін, түрменің түбінде шірітемін!» деп жұлқынып шығатын қыз қайда. Және ондай өжет­тік Бағдагүлге қайдан бітсін. Жылап-сықтаған шығар, ауылдың үлкен әйелдері: «Бәріміздің тағдырымыз осылай, әлі-ақ үйренісіп кетесің, келген жерің өсіп-өнген отбасы, күйеуің де алтын асықтай азамат», – деп жұбатқан шығар. Біт­ті, Бәтима! «Екі бұт­тың арасын айырады оңбаған!..». Қанша қиналса да осы жолдарды Іңірбайға арнады. Қалай десең, олай де,
Боран­байдың Бағдагүлді көрші ауылға жібермей, үйленіп алғаны жөн еді. Қырдың қызғалдағындай бойжеткеннің бойдақ жігіт­тердің көз құртына айналарын білмеді ме? «Қыз алып қашудың» қашаннан бойға сіңіскен әдет екендігін сезбеді ме? Өзін де өлтіретін адам жоқ! Ал, ендеше, «мәңгілік махаббат­тың жырын» айтып, өзіңмен-өзің арпалысып, талай түнді ұйқысыз атқарып, қаншығы өлген арлан қасқырдай, айдалаға қарап ұли бер! Көзінен жалғыз тамшы үзіліп түсті.

* * *

Балықшылар уақытпен санаспайды. Осы күндері Кіші теңіздің жағалауы құжынаған құс қайық. Айдыннан әркім бұйырған несібесін таласып-тармасып алып қалуға әуес. Браконьерлерің екібастан бет қаратпайды және кез келгеннің тілін табуға «мәстір». Мұндайда
Боранбай «менің жанымды түсінетін біреу бар ма, Бағдагүлден айырылып, сорлап қалдым ғой!» деп мұзқаланы жауып, үйінде қалай тыныш жатады. Мұнан кейін кім білсін, бұған дейін мұзқала жабық тұр деген түсінік мүлде болмаған.
Мұзқалаға келгенімен ешнәрсеге қол тигізбеді. Үлкен-кішісін айырып, балықтарды сорт­тауға да құлқы болмады. Самсоз. Іңірбайдың осында да бірді-екілі жамағайыны тұрады. Солармен ілесіп, мұсылмандық парыз, тіпті ауылдас ретінде Бағдагүлдің қазасына көңіл білдіріп қайтсам қайтеді деп те оқталды. Бірақ Іңірбаймен көздері түйіскенде, екеуінің қандай «трагедияны» бастан кешерін кім білсін. Іңірбай: «Қай бетіңмен келдің, мені табаламақсың ғой, ә?! Табала, табала! Енді Бағдагүл екеумізге де жоқ!»
Боранбай: «Біреудің аузындағысын жырып әкеткен қалай екен? Бағдагүл барда кісі менсінбей, аспанға секіруші ең, бейшара болғаның осы бейшара болған! Бәрін көріп-біліп отырған Құдай біреудің біреуге жасаған қысастығын кешірмейді… Иманың жолдас болсын, алдыңнан жарылқасын, Бағдагүл! Екі ақымақты да азаптан құтқардың!..».
Мұзқаланың сыртына кеп, біреулер мәшинеден түсіп жат­ты. Екі-үш еркек үн-түнсіз киізбен қапталған ауыр есікті күшпен ашып ішке кірді. Аз-кем есен-­саулық сұрасты.
– Боранбай, – деді күжірейген мұрт­ты қара, – саған бұйымтаймен келіп тұрмыз. Мен Іңірбайдың нағашысы Асанбай боламын. Алланың ісіне не шара. Айтпақшы, сен Бағдагүлмен бір мектепте оқымап па ең? Е, солай екен-ау… Бағдагүлдің көптен жүрегі ауыратын еді ғой, мына ыстық шыдатпады. Өлген адам жерленеді. Ертеңді-кеш Бағдагүл барған жерге бәріміз барамыз… Әй, мен не деп кет­тім?! Тоқетері, Бағдагүлдің Алматыдағы қызы: «Мен барғанша шыдаңдар, асықпаңдар, мамамды молаға ала жүгірмей тұра тұрыңдар!» – депті. Молда өкпелі, өкпелесе қайтеміз. Жол қашық, әлгі қыз аман болса ертең жетер… Күннің күйіп тұрғаны өзіңе мәлім. Мүрдені бір түн мұзқалаға түнет. Бұзылып кетпегені абзал…
Боранбайдың тіл-ауызы байланып, түк айта алмады. Мақұлдағаны, не мақұлдамағаны белгісіз. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Басқа біреу болса… оу, ол Бағдагүл ғой, Бағдагүлге қайтіп қарсы келмек? Бағдагүлден аяған мұзқаласының ішін ұрғаны!
– Қашан әкелесіңдер?
– Кеш батсын.
– Іңірбай қайда?
– Іңірбайдың несін сұрайсың, сүйретіліп әзер жүр.
«Өзіне де сол керек, біреудің аузындағысын жырып әкеткен қалай екен?».
– Міне, кілт, өздерің ыңғайлы жерге орналастырарсыңдар. Есікті мықтап бекітуді ұмытпаңдар.
Дағырадай ши қалпақ астындағы Боранбайдың көзі сәл жасаурап, қызыл құмның бетіне түскен ізі ирелеңдеп, біреу артынан итергендей, үйіне әрең жет­ті.

* * *

Түн ортасында шұғыл киінді: – Запас кілт қайда? – деді әйеліне. Пештің арғы қуысынан бір бума кілт­ті суырып алып, Боранбайға табыстаған әйелі: – Қайда барасың? – деді шыдамсызданып.
– Жұмысың болмасын!
Асығыс-үсігіс сыртқа бет­теген
Боранбайдың бұл қиқарлығын түсінбеген әйелі «не жазып қалдық!» деп, екі иығын қиқаң еткізді. Әдет­те жер ойылардай мұзқалаға жеткенше өз ауанымен маң-маң басатын Боранбай бұ жолы аспандағы жұлдыздарға қарап алды да, жыңғылды төбелердің іргесімен тікелей тарт­ты. «Қайда барасыңы?» не, осындай да сұрақ бола ма?». Күндіз-түні үстіне түсіп, ертеңді-кеш шай-суын әзірлеп, киімдерін тазалап, жуып-үтіктегеннен басқа жазығы жоқ әйелі әлгідей «жанашырлығы» үшін жазықты боп қалды.
«Қайда барасыңы?» не, сондай да сұрақ бола ма? Бағдагүлмен қоштаса­йын, Бағдагүл мұзқалада суыққа тоңып, бүрісіп жатқанда менің бүйтіп жүруім жараспас». Бір нәрседен құр қалатындай, киізбен қапталған ауыр есікті де жұлқып ашты. Тастай қараңғы. Жарықтың тетігін басуға рұқсат жоқ. Мұз ериді.
Әлдебір тұстан еденге тырс-тырс тамшы тамады. Мұнысы не? Бағдагүлдің ақ кебінге оралған денесін жақтырмағандықтың белгісі ме? Боранбайдың бойында тырнақтай үрей ұшқыны болсайшы. Керісінше… баяғы-баяғы Бағдагүлдің аузынан шыққан сондай сүйкімді ыстық дем мұзқаланы жылытып жібергендей. Соқыр кісіше бұрыш-бұрышты сипалап жүріп, әйтеуір тапты… Бағдагүлдің бойы бұрынғыдан да ұзарып кеткен бе қалай? Өлді деген ұғым немесе соған пара-пар суық түсінік кеуде тұстан әлдеқашан пыр-пырлап ұшып кеткен-ді. Дәп бір Бағдагүл тыстағы ыстықтан ығыр боп, мұзқалаға кірген бет­те аяқ-қолын еркін созып, Боранбайға еркелеп жатқандай елестеді. Боранбайдың да онан басқаны ойлауға шамасы келмеді. Сұп-суық қолын сипалады. Қалта телефонының болар-болмас жарығын жылт еткізіп, ақ кебін астындағы бет-жүзін көрді. Бағдагүл қалың ұйқыда. Мына өткінші өмірдің аумалы-төкпелі теперішін көп көріп және жан әлемін түсінетін бір пендені кезіктіре алмай, дүниенің о шеті мен бұ шетін айналып-айналып келіп, осы жерден ғана сая табатындығына табан тірегендей, қамсыз-мұңсыз ұйқы құшағында.
«Сенің алдыңда қандай кінәм барлығын түсіне алмай отырмын. Иә, ана жылдары былқ-сылқ етіп, сені қолыма қондыра алмаған ынжықтығым үшін кешір. Басқадай айыбым – сені бар болмысыммен өліп-өшіп сүйгенім… Көрер қызығымның бәрін өзіңмен бірге әкетіп барасың. Қалғаны – өз-өзімді алдарқату. Саған не дейін, алдың пейіш, жатқан жерің жұмақ болсын, жарқыным!..»
Түн ауғанша үйіне бармай, жалаңаяқтанып алып, қызыл құмның үстін олай-былай кезді де жүрді.

* * *

Бағдагүлдің жетісін берген соң, үріп ауызға салғандай әп-әдемі қыз бала именшектеп мұзқалаға кіріп келді.
– Боранбай аға, мен Бағдагүлдің қызы Айнагүлмін ғой, – деді.
– Айтпасаң да сезіп тұрмын. Апыр-ау, осындайда ұқсастық болады екен-ау, ә?! Төрлет, шай қояйын…
– Ниетіңізге рақмет, асығыспын.
– Ал не шаруа, маған мұз сұраушылар ғана төбе көрсететін.
– Мұзды қайтемін… отырған жеріңізге өкпе айтпайтын шығарсыз. Сырт­та қырық градус ыстық, іште қоңыр салқын.
– Бұйыртқаны осы… «Мұның қызығын кеше Бағдагүл де көріп кет­ті ғой» деген сөзді албасты басып айта жаздады…
– Бір аптадан соң оқу басталады. Әке-шешеме көмегім тисін, ең құрығанда киім-кешегімді өзім табайын деп, каникулда қосымша жұмыс істедім.
– Жөн-жөн, алаңсыз оқуыңа әкең жағдай жасамады ма?
– Менен кейінгілерін жарылқаса да жетер. Сізге келерде көп, тым көп ойландым. Өлер адам өлді, ендігісінің қажеті қанша? Десе де мойнымдағы қарыздан құтыла­йын деп шештім. Анам менімен ғана ашық сырласушы еді … Араларыңызда қандай байланыс барын қайдан білейін, екі сөзінің бірі «Боранбай, Боранбай!»-ды.
Бұл – байқауымша, мәңгілік махаббат жыры! Мәңгілік махаббат бар ма, жоқ па, оның ақ-қарасын анықтау менің құзырыма жатпайды. Бала емеспін, біраз нәрсені байқайсың, әрине! «Осынымды кейін Боранбайға жеткізерсің» дегенді бет-жүзінен оқығам. Бұл – айта қаларлықтай аманатқа жатпас… Өмір бойы анам ұнатқан бір адам аман жүрсінші… Жақсы сөз, ізгі ниет – өлгенді де тірілтеді… Үнемі мұзқаланың ішінде жүресіз. Ең болмаса бойыңыз жылы жүрсін деп, мұны әдейі айтып жатырмын… Ал мен жүрейін…
Боранбайдың арқа-басы жеңілденіп сала берді.

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 07.06.2024 | 17:13

Қазақтың қаймағы бұзылмаған жалпақ тілімен жазылған шұрайлы шығарма екен. Ара-арасында қазақы юмор да бар. Махаббат деген аса нәзік әрі ұлы сезімнің қаншама жыл өтіп кетсе де, қарапайым жандардың жүрегінде бірге жасасып қана қоймай, о дүниеге өзімен бірге ала кетуі өте сирек кездесетін көрініс болса керек. Мен «Айнагүл Боранбайдың қызы болар?!» деп ойлап қалғам…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір