ТІЛМӘШ БАЛА
24.06.2023
360
0

1987 жыл. Қыркүйек. Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне қызметке ауысқаныма бір жыл болған. Редакторымыз Арғынбай Бекбосын хат­тар бөліміне жіберді.

Меңгеруішім Болат Мәулен – артық сөзі жоқ, саусақтарын анда-санда шырт еткізіп қойып, өзімен-өзі жүретін жұқалтаң, ақсары өңді кісі екен. Біраз хат­тарды дайындап, арыз-шағым айта келген хат­тарды ауыл-аймаққа барып тексеріп, Бөкеңе де, сол бөлімге келіп түсіп жатқан хат­тарды тіркеп отыратын Шырын апайға да кәдімгідей үйренісіп қалғам.
Бір күні басшылық мені «Мәдениет және әдебиет» бөліміне ауыстырды. Бұл бөлімнің сол кездегі меңгерушісі Қыстаубай Байту – ақөңіл адам болатын. Қызыл шарапқа «қызыңқырап» алған кезінде ол кісіден асқан ақын және жоқ. Арқаланып кетсе, тіпті алдындағы үстелдің үстіне шығып ап, қолын сермеп тұрып өлең оқитын. Анда-санда, жастар жағы, үйіне барып, жеке тірлігіне де көмектесеміз. Бір барғанымда кішкене ғана сөресіндегі там-тұм кітаптарды көріп, көңілім қоңылтақсып қалғанын сезген Қыстаубай аға:
– Сенің кітаптарың бұдан да көп шығар, ә? – деген бала сияқты кіршіксіз таза көңілімен.
Бір күні кітабым шынында да көп екенін көрсетейін дедім бе, Шыңғыс Айтматовтың публицистикалық эсселер мен естеліктерінен, ертеректе жарияланған повестері мен әңгімелерінен тұратын «Эхо мира» деген кітабын тауып алдым да (дұрысы, оны сол кезде облыстық комсомол комитетінде қызмет ететін Арсыланбек деген дос сыйлаған), ішіндегі өзіме ұнаған «Заметки о себе» мақаласынан шағын аударма жасап келдім.
Қыстаубай аға шұқшиып оқи бастады. Қарап отыру ыңғайсыз, залға шығып, бұрышта темекі шегіп тұратын топқа барып қосылдым.
Қайтып келсем, Қыстаубай көкем аудармамды оқып болып, қолын қойып, редактордың орынбасары, белгілі балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбайға апарғалы жатыр екен.
– Шықаңның мына кітабын қайдан тауып алғансың? – деп сұрады да, менің жауабымды күтпестен: – Жақсы аударыпсың, – деп жымың-жымың ет­ті.
– «Снега Манас-Ата», «Золотые ворота» деген публицистикалары бұдан да керемет, – дедім мен бастығымды одан сайын таңғалдыра түсейін деп.
Әлдекеңнің кабинетінен қайтып келген соң:
– Бастық оқып шығып, «Осы бетінен қайтпаса мына бала түбі жазушы болады деп айт­ты» деп, мені одан сайын мәз ғып қойды.
Аудармамның мазмұны қазіргі кездегі талап-түсінікпен сәйкесе бермесе де, бірақ сол кездегі Горбачев, Колбиндер құтырта қолға алған «қос тілділік» деген ұранның қолайына жағатын тақырып еді. Бірақ шебер үйлескен ойлы сөйлемдерінен (мысалы, әжесінің «…Әлде, сен өз тіліңнен қымсынатын шығарсың? Барлық тілді де құдай жаратқан, қарай гөр мұны, жүр..!» дегенін айталық) жанға жағымды нәзіктік пе, суреткерлік пе, табиғат­тың өзіндей бір әдемі сезім, сосын тау мен дала адамдарының жұпары аңқитын.
Заңғар тау сынды Шыңғыс Айматов та әлемдік деңгейдегі танымал қаламгер боп аспаннан бірден салбырап түсе қалған жоқ қой: ол да бала болды, оның да басынан небір қызықты сәт­тер мен қиындықтарға толы жылдар өт­ті. Әкесінің қызметі мен оқуының арқасында кішкентай кезінен бастап Мәскеуде тұрып, Мәскеуде оқып, орысша тіл ұтарт­ты. Бірақ өкінішке қарай, 1937 жылы әкесі «халық жауы» боп ұсталған соң, анасы мен бауырлары, бәрі Қырғызстанға қайтып келді. Елмен бірге жайлауға да шықты.
Мына оқиға да сол кезде болыпты. Осы күні ойлап отырсам, «қос тілділік» туралы мақала жазып, «ақыл айтып» отырғым келмеді ме, әйтеуір Шыңғыс Айтматовтың естелігін аударып беріп, редакторымның тапсырмасынан құтылғым келген сияқты.
Мынау – сол аударма. Ол кезде жасым жиырма сегізде. Үзіндіге «Алғашы қаламақы» деп тақырып қойыппын. 

АЛҒАШҚЫ «ҚАЛАМАҚЫ»

(«Заметки о себе» ат­ты мақаласынан үзінді.
«Эхо мира», Москва. «Правда» баспасы, 1985 жыл)

Мен тұңғыш рет тілмәштің рөлін атқарғанымда бес жаста ғана едім, ал бір кесек ет – менің сол кездегі алғашқы «қаламақым» болды. Бұл – тауда, жазғы жайылымдықта, әдет­тегідей, әжеммен бірге жүргенде болған оқиға.
Ол кезде колхоз шаруашылығы енді оңалып, ел жаңадан ес жия бастаған. Сол жылы біздің жайлауда күтпеген оқиға болды. Бұдан біраз бұрын колхоз сатып алған асыл тұқымды айғыр тал түсте іші кеуіп құлады да, жаны жаһаннамға бір-ақ ұшып жүре берді. Жылқышылардың есі шықты, өйткені алыс Россиядан әкелінген айғыр – Дон тұқымы, қымбатқа түскен болатын. Іле колхозға, одан ауданға шапқыншы жіберілді.
Бір күн өткеннен кейін тауға орыс адамы келіп тұр. Еңселі, қызыл күрең сақалды, көгілдір көзді, былғары қара күртесі мен жамбасында дала сөмкесі бар. Мен оны есімде өте жақсы сақтап қалдым. Ол қырғызша бір ауыз сөз білмейді екен. Біздің адамдар бір ауыз орысшаға жоқ. Ал малдың не себепті өлгенін анықтап, документ жасау қажет. Жылқышылар көп ойланбастан аудармашы мен болады деп шешті. Мен бұл кезде балалардың ортасында солармен бірге әлгі келген адамды қызықтап тұрғам.
– Бері кел, – деді бір жылқышы менің қолымнан жетелеп. – Мына адам біздің тілімізді түсінбейді, сен соның не айтқанын аударып бер, ал біздің айтқанымызды оған жеткізесің.
Мен ұялғанымнан әрі қорыққанымнан оның қолынан жұлқынып шығып, киіз үйде отырған әжеме қаша жөнелдім. Менің соңымнан дүркіреп достарым ілесті. Біраз уақыт­тан кейін әлгі жылқышы тағы да келіп әжеме шағымдана бастады. Әжем қашан көрсем де мейірімді болатын, ал бұл жолы қабағын түйіп, қатал кейіпке енді.
– Сенің ауданнан келген адаммен неліктен сөйлескің келмейді, үлкендер өтініп тұрғанын түсінемісің? Әлде орыс тілін білмейсің бе?
Менде үн жоқ. Үйдің сыртындағы балалар да тым-тырыс: «Енді не болар екен?» деп тұр.
– Сен не, орысша сөйлеуге ұяласың ба? Әлде, сен өз тіліңнен қымсынатын шығарсың? Барлық тілді де құдай жаратқан, қарай гөр мұны, жүр…
Ол мені қолымнан жетеледі де әлгі ортаға қайтып алып келді. Балалар тағы соңымнан ілескен. Қонақтың құрметіне жаңа сойылған қойдың еті асылыпты, киіз үйге жиналып, қымыз ішіп отырған адамдар өте көп. Ауданнан келген ветеринар ақсақалдармен бірге отыр екен, мені көріп күлімсіреп:
– Кір, балақай, мұнда кел. Атың кім сенің? – деді. Мен жәй ғана күбірледім. Ол менің басымнан сипады да:
– Айғырдың неліктен өлгенін мына кісілерден сұрашы, – деп өзі жазу үшін қағазын дайындай бастады.
Барлығы менің сөзімді күтіп тынши қалған, ал мен болсам тұтығып, ешқандай сөздің басын құрай алар емеспін. Әжем де тықыршып отыр. Сол кезде бізге туыс болып келетін бір ақсақал мені тізесіне отырғызып, бауырына басты да құлағыма салмақты әрі сенімді үнмен:
– Бұл адам сенің әкеңді таниды екен. Әкеңе біз туралы, сенің қалай өсіп келе жатқаның туралы не деп айтып барады енді? – деді сыбырлап. Сосын қат­ты дауыстап:
– Қазір ол сөйлейді. Қане, қонаққа бұл жердің «Улы саз» деп аталатынын айтып жіберші, – деді.
– Ағай… – дедім мен ұяң үнмен, – бұл жер «Улы саз» деп аталады, Ядовиты луг…
Осыдан кейін әжем мен ауданнан келген орыс кісінің, киіз үйдегі барлық отырғандардың қуанышты жүзін көріп, батылданып кет­тім. Сол күнгі екі тілдегі сөзбе-сөз аударманы өмір бойы ұмытпаспын.
Айғыр улы шөп жеп қойған болып шықты. «Ал бұл шөпті басқа жылқылар неге жемейді?» – деген сұраққа біздің жылқышылар, «жергілікті мал ол шөптің жеуге жарамсыз екенін біледі, сондықтан оған жоламайды», – деп жауап берді. Осылайша мен барлық сөздерді аударып бердім.
Қонақ мені мақтап жатыр. Ал ақсақалдар маған исі мұрынды жарып тұрған бір кесек үлкен ет берді. Мен мақтанышпен үйден атып шықтым. Сол-ақ екен, балалар мені лезде қоршап алды.
– О-о, қандай тамаша! – деп таңыр­қас­ты олар. – Сен орысша тура өзеннің суындай тоқ­тамай ағады екенсің.
Шынтуайтына келгенде, мен күмілжіп сөйлегем. Бірақ балалар менің орысшамды қа­лай қабылдағылары келсе, солай қабылдады.
Біз сол жерде ет­ті бөліп жеп, ойынға кірісіп кет­тік.

Орыс тілінен аударған
Көсемәлі Сәт­тібайұлы».

Аудармам «қостілділікті» насихат­тайтын арнайы бет­тің үстіңгі жағына, ең көрнек­ті жерге жарияланды. Болашақта жазушы болам деп, талап қылып жүрген жас үшін бұл да жақсы нәрсе, еңбегіңнің бағаланғаны.
Жақында облыстық архивтен 1987 жылғы «Еңбек туы» газетін алдырып, «алтын сандықты» ақтарғандай қарап отырсам, Шыңғыс Айтматовтан қотарған сол аудармам көзіме от­тай басылды. Мақала 12 қыркүйек күні жарияланыпты. Арада ат­тай 36 жыл өте шығыпты.
Бірақ ол кезде, кейін Шыңғыс Айтматовтың үйінде боламын, онымен әдебиет, мәдениет, саясат жайлы әңгімелесемін, тіпті жетпіс жылдығына байланысты Шекер айылында өткен мерейтойына қатысам, ал өмірден озғанда Бішкектегі азалы жиынына барып, бақұлдасып қайтамын деп үш ұйықтасам түсіме де кірмеген екен.

Тараз қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір