Теледидар халықты, халық теледидаршыларды тәрбиелеуі тиіс
22.02.2019
974
0

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» (Ы.Алтынсарин) аппараттан бүгінгі озық технологияларға дейінгі жетістік халықты да өркениет биігіне жетелеп келе жатқаны рас. Кешегі төбесінен тоқпақтап жүріп әзер сөйлететін телеқобдиша көрермендері мен ән-е-еу жерде шалқаңнан жатып-ақ түртпегін түртіп қалып сарнататын телеэкран тамашалаушылары арасындағы сана сапасының айырмашылығы жер мен көктей деуге болар.

Бұрын теледидардан нені естісе, соған «Апырым-ау, солай екен-ау!» деп, илана салатын халық қазір кез келген тақырыптағы хабар-ошар, әңгімелеріңізді өз түсінік, көзқарастарымен саралап, қабылдамаған көріністерге сын-ескертпелерін жедел жол­дап жатады. Өйткені, теледидар мен радио – ақпарат ағынындағы көрермендері мен тыңдармандары аса көп арна. Дей тұрсақ та осы телеқұрал материалдары сапасының төмендігімен «құлақ түргіштер» мен «көз жүгірткіштерді» жалықтыра бастағандай?
Неге?
Жаңа жылдың алғашқы бір-екі күнінде отандық арналар үзіліссіз үш-төрт сағаттан концерт берді. Жұрт ән, күй тыңдап, дем алсын деген шығар. Рақмет оларына. Ал енді осы әндердің көркемдік сапасына назар аударайықшы. Итең-итең, тыртаң-тыртаң бір ырғақтар. Не вальс, не вальс екпінді, не марш, не марш екпінді бірде-бір ән құлағыңа шалынбайды. Екіден, үштен, төрт­тен бірігіп алған топтар көгеннен ағытылған қозыларша бір дауыста ал кеп «жа­мырайды». Кейде бір-бір шумақты әрқайсысы кезектесе «шырқайды» да, қайыр­масында біріге «дүрлігеді». Екі дауыс­ты – дуэт, үш дауысты – трио, төрт дауысты – квартет дегеннен қазіргі ән саласы мақ­ұ­рым. Көпшілігінің музыкалық сауаттары бар шығар, дауыс игеруге таланттары жет­пейді. Негізінен екі қазақтың бірі әнші. Отбасында, жиын-тойларда әндеткенде кез келген малшы немесе тракторшы сахнада әншімін деп жүргендердің көбін шаң қаптырып кетеді.
Кезіндегі ағайынды Абдуллиндердің
«…Арманы биік, қолы жетпестей, Сапары ұзақ, жолы жетпестей…» деп сай-сүйегіңді сыр­қырататын қайран дауыстары-ай десеңші! Ән тарихынан жұрдайлар оларға еліктеп не қылсын! Сон-а-ау жылдары радио-теле­ко­митеттің әндерді елеп-екшеп, ел талғамына лайықтыларын ғана эфирге жіберетін көркемдік кеңес деген болушы еді. Өзі саз­гер Ілия Жақанов, белгілі ақындар бар, комис­сия мүшелері «шөп те өлең, шөңге де өлеңге» рұқсат бермейтін, ар-ұяттарына жүгінетін.
Көктегі «жұлдыз» әншілер байқауында қазылар алқасында отырып, көрнекті ком­позитор Кеңес Дүйсекеевтің: «Беті қызар­майтындардың, өзі ұялмайтындардың бәрі әнші», – дегені бар. Әбден күйінсе керек.
«Ұялмайтындар» демекші, әншілер сахнаға шығып келе жатып, көрермендерден қол соғуын «сұрайтынын» қайтерсің. Айт­қан әнім, орындаушылық шеберлігім тың­дармандарғы ұнай ма, ұнамай ма деп қо­балжу­ды білсеші, шіркіндер. Ха­бар­ла­ма­шылар да: «Пәленше түгенше деген ән айтады, қарсы алыңдар!», – деп, үкімет басшысы келе жатқандай дүрлік­тіреді.
«Композитор» – «сазгер» деген атақты Композиторлар одағы бекітуші еді. Қазір «белгілі сазгер» дегендер жыртылып-айы­рылады. Тас лақтырсаң соларға тиіп, «Мен сүндет тойға да арнап ән шығарып, сөзін де өзім жазған композитормын», – деп гитараны сабалағанда, әйтеуір кеуделері жарылып кетпей тұрғанына «қуанасың».
Теледидаршылар «тірі дауыс» дегенді қай­дан шығарып жүр, осы?.. Өлі дауыс бол­майды ғой, табиғи дауыс десек, ішіміз кебе ме!
Теледидарды қазір жарнама деген «жал­мауыз» еркін жаулап алды. Кез келген әң­гіме-дүкен, материалдарды, тіпті, телесе­риал­дарды әр 20-30 минут сайын үзіп тас­тап, тықпалап, күніне қырық қайталап, апта бойы, ай бойы өзгеріссіз берілетін жарнамалары жұртты мезі қылды. Алғаш­қыда нан үшін керек болған шығар деп, кешіріммен қарайтынбыз. Расында жар­нама патшалығы телеарна басшыларын жарылқап тастаса керек, дәрі-дәрмектерден басқа қажетсіз бір нәрселерден көзің «қарығады». Өздері көріп отырып ләззат алатын сияқты, әйелдердің борбайқұрғат­қыш жұп-жұқа, ұлтарақтай «дүниесін» жалауша желбірететіндерін қайтесің? Осы дүниені айына бір-ақ рет берсе де әйел деген аса мұқият халық қой, тауып алады, болмаса күйеулеріне таптырады.
Тіл, тіл, қазақ тілі дегендегі «оқыту­шы­лар­дың» бірі осы теледидар ғой. Қайсыбір тұстардағы сөздері мен сөйлемдерін қай­та­ласаң, өз тіліңе теріскен шығады. Қос­та­найдан беріліп жатқан кешкілік хабарда ар­ғы жағында әртүрлі ішіп-жемдерді тұ­тынушылардың сатып алып жатқанын көрсетіп, бергі жағына бадырайтып тұрып «Сапасыз тағамдар саны екі есеге артты» деп ұрандатып қойған. Шіркін-ай, жүректерін жарып бара жатқан неткен қуаныш! Са­пасыздықты осыдан артық қолдау бола ма!
Атыраудан тауықтардың әдемі қыт-қытын жағалата жария жасайды да, «Құс фабрикасы 20 млн. дана жұмыртқа өндірді», – деп мәз болады. Сонда фабрикадағылар кен қопарып, жер қазып жатыр ма екен? «Жүз биеден жүз құлын алдым» деп шірене шалқайған «герой» жылқышыға Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Айғыр шапты, бие тапты, ал сен не бітірдің?» дегеніндей, әтеш әрекет етті, тауық тапты, құс өсірушілер сол тауық тапқан жұмыртқаларды жинады ғой. Осылай тізе беріп, әзірше қағазды қор қылмай-ақ қояйық. Тағы да бір оралармыз.

(Толық нұсқасын газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір