«Қай ел шықса шындықтың ақ шыңына, Сол ел мәңгі жасайды жер бетінде…»
15.02.2019
789
0

Рафаэль Ниязбек

Шындықтың ақ шыңы

Сағым қуып, адасып құмда қалып,
Жанарымда көрмеді мұң қамалып.
Болашаққа жол тартқан біздің елде,
Болашақтың іргесі тұр қаланып.

Қамқа төрде бесігі тербетілген,
Қазақ неге айрылсын келбетінен.
Болашақтың іргесін қалай алмай,
Құрып кеткен жұрт қанша жер бетінен.

Бүкіл жарық әлемге нұр таралып,
Таудың бәрі тұр, әне, тұлғаланып.
Болашаққа асығып
Көкірегімнің
Жеті өзені барады тулап ағып.

Күңіреніп көрмеген күрең күнде,
Бұл қазақтың нұр толқып тұр өңінде.
Көші түзу елдердің ерлік ізі
Сайрап неге жатпасын жүрегінде.

Қасиетін,
қадірін ел біледі,
Небір көкжал заманда ер түледі.
Бабалардан үзілмей бізге жеткен
Жалғыз нәрсе:
ол – көзсіз Ерлігі еді.

Бұтағынан үзілген жапырағы,
Кімнің қайта жанбады шам-шырағы.
Бұл қазақтың қайыра көтерілген
Зұлмат жылдар қиратқан шаңырағы.

Көлеңкесін түсірмей таң нұрына,
Кімдер ара түспеді тағдырына.
Бәйтерегі ешқашан құламайды,
Бұл қазақтың құрт түспей тамырына.

Дүниенің нұр толқып келбетінде,
Тұрса
қайғы жете ме ерте күнде.
Жұрттың бәрі біледі бұл күндері,
Өмір кешкен ызғарлы жел өтінде:
Қай ел шықса шындықтың ақ шыңына,
Сол ел мәңгі жасайды жер бетінде.

Ата Түрік елінде

Зарын айтып қайтемін замананың,
Сәулесі есіп тұрғанда самаланың.
Ата Түрік еліне келіп тұрмын,
Сағынышын сарнатып сахараның.

Жауына оғын қырдан да, қайдан да атқан,
Түрік елі арыстан Айға шапқан.
Елден келдім, ағайын, даласында
Ата ерліктің іздері сайрап жатқан.

Кімге дәрі ызғары өктем желдің,
Неге гүлін жармасын көктемі ердің.
Бөрілі байрақ ту тіккен бөлтірігімін
Көкке қарап ұлыған көкбөрі елдің.

Ердің бәрі елеусіз жүрген елде,
Қалады деп ойлама бір белеңде.
Ата Түрік еліне келдім, бәлкім,
Рухымды іздеп жоғалған дүрбелеңде.

Елде жүрсең білетін жыр бағасын,
Жырлағың кеп тұрады құм-даласын.
Бәлкім, келген шығармын Құдай айдап,
Ізгіліктің еккелі бір ағашын…

Жаттың, сірә, естілмей қатерлі үні,
Қайда деме қазақтың ата ерлігі.
Сары орысқа бодан боп келсек бұрын –
Ғасырлардың ол, бірақ, қателігі.

Тәуелсізбін…
той-думан, сайран далам,
Ақ семсерім мұқалса – қайрап алам.
Көкбөрі ел болсақ та Тәңірі күшті,
Неге орысқа бағындық – қайран қалам.

Ойлы жұрттың қосылып санатына,
Кір жұқтырмай келемін арлы атыма.
Сіздер жаққа сан мәрте жібергенмін,
Ұшқан құстың жыр жазып қанатына.

Туыстыққа не жетсін бұл өмірде,
Бақыт тілеп, бақ тілеп жүрем күнде.
Бүкіл Түркі әлемі – жанарымда,
Бүкіл Түркі әлемі – жүрегімде.

(Толық нұсқасын газеттің №7(3641) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір