Әдебиет әлемжелінің бетінде жасалмайды
17.05.2023
3301
0

Қолыңызда «Қазақ әдебиетінің» бүгінгі саны. «Әдеби апталық не жазды екен?» деп газет бетін парақтап отырсыз. Көзіңіз алдымен көне суреттерге түсті. Солай ғой? Сосын: «Жазушылардың кезекті құрылтайы өтіп жатқанда баяғыда дәрілбақиға аттанып кетіп, барзақ әлемінде жүрген қаламгерлердің бейнесін қайталап беріп отырғаны несі бұлардың?» деп ойлауыңыз мүмкін. Иә, олар – фәни жалғаннан көшкен жандар. Бірақ олардың рухы бізбен бірге. Алайда, абайлап, зер салып қараңызшы, қаламы сөйлеген, қара қаламға тіл бітірген осы бір аяулы тұлғалар ортамызға жалқы сәтке оралып, құрылтайға қатысты мәжіліс құрып тұрғандай емес пе? Аруақтар үнсіз тілдеседі… Әз бейнелі әзиз ағалардың суреттерін Еркін Жаппастың мұрағатынан алып, жариялауымыздың сыры осында: қазақ әдебиетінің алтын шаңырағына күміс уық болып қадалған асылдарымыздың жарқын жүздері сіздің де жадыңызды жаңғыртып өтсін дедік.
Сонымен, құрылтай… Құрылтайға келсек, Жазушылар одағының биылғы XVI құрылтайының қарсаңындағы қоғамдық пікірдің қызуы қатты көтерілді. 12 сәуірде Жазушылар одағында Әдеби жыл қорытындысы мен жазушылардың пленумы қапталдасып, қаламгерлерді шақыратын құрылтайдың уақыты белгілі болған күннің ертеңінде әлемжеліде «Жазушылар одағы керек пе?» деген жарымжан сауал «жарқ» ете қалды. Бұл енді «итке темір не керек?» деген идиома тектес тіркестің тірсегі қисайған, азған түрі болып шықты. Алайда, Аллау-ау, сол сауалға көзі алайып, тас төбесінде ойнаған біреулер кәдімгідей жанығып жауап беріп жатты. «Керек емес». Кежегесі кері тартып, «керек емес» деп кергігендерге дер шағында Байбота Қошым-Ноғай сияқты ақындардың байыпты жауабын оқыған орта ойланып қалды. Осы арада айта кетелік, әлгі әумесер сауалдың ар жағынан біз нені және кімдерді көріп отырмыз? Біз бағаналы терегіне балта ала жүгірген әулекілікті көріп отырмыз. Әлде әбден езгіге түсіп қорланған, тапталған, содан өзінен-өзі қорынып, жиренген сананың жеңілісін көріп отырмыз ба? Ол да мүмкін…
Содан кейін «бес жылда Жазушылар одағы түк бітірген жоқ» деген мүттәйім пікірлер қоғаға түскен өрттей қаулады. Бастапқыда білместікпен айтылып жатқан біреулердің бірдеңесі болар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, оны біреулер емес, білдей ақын-жазушылардың аузы барып айта бастапты.
Былай ғой, ЖО ақынға өлең, жазушыға әңгіме немесе роман жазып бермейді. Амалсыздан осылай дейміз, әйтпесе, осы сөзіміздің өзі күлкілі. Қысқасы, қаламгер өз туындысын өзі жазуы керек. Одақ шығармашылық ұйым ретінде қазақ әдебиетінде көрініс тауып жатқан шығармаларды байыптайды, бағасын береді. Иә, әртүрлі сыйлықтарға ұсынады. Баяғыдай жазарман қауымға жағдай жасап, басына баспана алып беруге бүгінгі Жазушылар одағының мүмкіндігі жоқ. Соны қазіргі әдеби орта бек жақсы біледі, біле тұра білегін сыбанып алып, жалғыз Одағын жабыла сынап-мінейді. Ақылгөйсуден аулақпыз, біздіңше, жазушы алдымен өзіне сыншы болуы керек. Жаза алмаса, оқырманға ойлы дүние ұсына алмаса, оған алдымен өзі кінәлі.
Сыйлық дегеннен шығады, біздің сыншыларымыздың (кәсіби әдебиетші сыншылар емес) көкейін тескен бір нәрсе ол – сыйлық екен. Сыйлықтан сырт қалса бітті, ойбай салып отыра кетеді де, Одақты сынайды. Сынының түрі сол – Жазушылар одағының жақсылы-жаманды қызметін белден бір-ақ сызады, болды. Ал енді осы әділдік пе?
Әдебиет әлемжелінің бетінде жасалмайды. Әдебиет туралы салмақты сөз, салиқалы пікір әдеби апталықтың дәргейінде қалыптасады және ықпалды болады.
Ұлықбек Есдәулет басшылық еткен бес жылда (оның екі-екі жарым жылын пандемия жалмады) Жазушылар одағы өзінің қызметін мүмкіндіктің шегінде абыроймен атқара білді. Төраға қазақ қаламгерлерін Азияның, Еуропаның ақын-жазушыларымен жақындастыруға ұмтылды. Ол басқарған ЖО жаңа менеджменттік сапаға қол артты.
Одақта атқарылған игілікті істер жайында қазақ әдебиетінің қамын шын ойлайтын қаламгерлер не дейді? Мархабат, пікірлер топтамасына көз жүгіртіңіз.

Дәурен Қуат

      Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ,
ақын, жазушы

Әдеби Қазақстанды танып-білу үшін Австралиядан да ақындар арнайы келді

Егер әдебиеттердің өзара байланысы туралы айтар болсақ, бұл шығармашылық желі әркез екі немесе одан да көп жанасу нүктелерінен тұрады. Алайда ол «Мен және қоршаған әлем» атты біртұтас жасампаз формулаға сәйкес әрқашан жазушының шығармашылық шеберханасынан бастау алады. Бұл тұста қаламгердің шығармашылық «мені» өзін және өзгені өз сана-түйсігінде танып-білуімен астасып, өзара араласып-сіңісіп кетеді.
Қазақстанның ақыны болсын немесе жазушысы болсын, құшағы да, жан дүние­сі де әлемге әрдайым айқара ашық. Фольклор мен эпос бойынша да, Абай мен Мағжанға да қатысты солай. Ұлықбек Есдәулеттің басшылығындағы Қазақстан Жазушылар одағы қазақ әдебиетінің осы гуманистік қағидаттарын әлемдік әдебиет үрдісімен аударма кітаптар мен альманахтар шығару арқылы, екіжақты және көпжақты шығармашылық, әдеби қарым-қатынастар арқылы үйлестірді. Түркі әдебиеті әлемін Еуропаның, Ресейдің шығармашылық, әдеби әлемімен, Еуразиялық жаңа әдеби есімдер әлемімен, иероглиф сызықтарынан Оңтүстік-Шығыс Қытайды танып-білумен – өзара түсіністік жолымен ұштастырып, үндестірді.
Әдеби Қазақстанды танып-білу үшін тіптен қиян шеттегі Австралиядан ақындар мен жазушылар елімізге арнайы келіп жатты. БҰҰ-ның алты тілінде жарық көрген Қазақстанның поэзиясы мен прозасының антологиясы әлемнің өзге тілдеріндегі жалғасын күтуде. Өткен кезеңде біздің Одақтың қатары жас жазушылар мен ақындардың, драматургтер мен эссеистердің көптеген жаңа есімдерімен толықты. Бұлар – жиырма бірінші ғасырдың өкілдері.
Германияда біздің қазақ немісіміз Герольд аға Бельгердің рухына арналған «Биік таулар» атты кітап жарық көрді. Әл-Фараби, Абай, Жамбыл, Жұбан, Сафуан және басқа да көптеген қазақ әдебиеті ақсақалдарының мерейтойларлары, өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференциялар өтті. Олардың өміршең шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорының қатарында, жарқын бейнелері де жадымыздан өшпек емес!
ТҮРКСОЙ-дың қамқорлығы аясында бауырлас түркі елдерінің ақындары мен жазушылары алғаш рет өздерінің одағын – түркі елдерінің Жазушылар одағын құрып, ұйымдастырушылық шеберлігі мен ақындық талантын Жаңа Қазақстан құру жолындағы шебер басшылықпен ұштастыра білген қабілеті үшін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулетті құрылтайшылық жиналысында жаңа ұйымның Төрағасы етіп сайлады. Біз мұны мақтан тұтамыз!
Қазіргі, тағдырлы кезеңдегі әдебиет­тердің өзара байланысы жайындағы менің ойларым мен пікірлерім, міне, осындай.


Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, ақын

Жазушылар одағының шамы жанды

ҚР Жазушылар одағының қадірі қашанда бөлек. Кейінгі бес жылда Одақтың ұйымдастыруымен көптеген жұмыстар атқарылды деп сенімді түрде айта аламын. Жас таланттар Одақ мүшелігіне қабылданып, қатарымызды толықтырды. Шетелдік ақын-жазушылармен, әдеби ұйымдармен байланысымыз артты. Аударма арқылы шетел қаламгерлерінің мықты деген дүниелерін қазақ оқырманы оқи алса, біздің дарынды қаламгерлеріміздің шығармалары өзге тілге тәржімаланып, жаңа кеңістікке шықты. Шет тіліне туындылары тәржімаланған қаламгерлердің қатарында өзім болмасам да, жаңа оқырманға жол тартқан қазақстандық қалам иелері үшін шын қуандым, қатты қуандым.
Тағы бір айтатын дүние, руханият­тың дамуы үшін билікпен бірлесе жұмыс істеу жолға қойылды. Алматы қаласының әкімдігі алматылық қаламгерлерге, басқа да ақын-жазушыларға көп көмегін тиізді. Нәтижесінде жаңа кітаптар жарық көрді, қаржылай демеу болды. Бұл да Жазушылар одағы басшылығының ықпалымен іске асты. Сондай-ақ лайықты дарындарға марапаттар беріліп келеді. Екі жыл карантин болды. Бірақ Одақ карантинде де қарап жатпады. Жазушылар одағының шамы жанды, бастысы. Осының бәрін ескерсек, ақын Ұлықбек Есдәулеттің басшылығындағы қазіргі Жазушылар одағының бес жылдағы жұмысы қанағат­танарлық деп есептеймін. Ақ теріні қара тері етіп көрсетудің қажеті жоқ.

Байбота Қошым-Ноғай, ақын

Бұл қазақтың мақсаты барды жоқ қылу ма?

«Ең сорлы қазақтың күніне екі адамға ақыл айтатынын» бәріміз білеміз. Өзіміз ақылымыз бір басымызға жетпеген соң жұрттың ақылын тыңдаймыз. Бірақ кем ақылмен кейде жұрттың көп ақылын да құлағымызға сіңіре алмай жатамыз…
«Қазақ әдебиеті» газетінің мамырдың 5-і күнгі №18 санында Қазақ­стан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің, фейсбук бетінде Думан Рамазанның, Нұржан Қуантайұлының, Арман Әлмембеттің, Ақберен Елгезектің есебі мен бағдарламалары, ұсыныстары жарияланды. Қазақстан Жазушылар одағының құрылтайдан құрылтайға дейін атқарған жұмыстарының ауқымын сезіп отырмын. Атқарылған істе ілгері басушылық бар екені көрінеді. Болашақта Қазақстан Жазушылар одағының жұмысына жан кіргізудің жолдары да айтылып жатыр. Дұрыс!
Қазақстан Жазушылар Одағының кезекті құрылтайы жақындаған сайын әлеуметтік желіде де неше түрлі данышпанның ақылгөйсіген пікірлерін оқыдық. Айтар ұсынысы болмаса, «Қазақстан Жазушылар одағы неге керек? Жауып тастаған жөн!» деп бір-ақ түйіндейтін «білгіштер» тіпті де есе бермейді. Олардың ата-бабалары өткен ғасырда «Қожа мен молданы қойдай қу қамшымен» деп, мешіттерді қиратқан, медреселерді талқандаған, әке-шешелері кеңшарлар мен ұжымшарларды таратып, кітапханаларды жойған, Ғылым академиясын жоқ қылған… Енді Қазақстан Жазушылар одағын жауып тастау ғана қалған! Сонда бұл қазақтың мақсаты әйтеуір барды жоқ қылу ма? Ау, бәріміз жабылып жоқты бар қылмаймыз ба?
Ертеректе Қазақстан Жазушылар одағында бір үлкен жиын өтіп жатты. Біздің жастау кезіміз. Қазақстан Жазушылар одағына енді ғана мүше болып жатырмыз. Алдымыздағы толқынның өкілдері қырықтың қырқасына шығып қалған. Есенғалидың әйгілі «Қырық жастан асқаннан соң біздер де «атақ бер» деп айқай салар ма екенбіз?» дейтін жыр жолдарының жазылатын уақыты. Сол қырықтан асқан ақындардың бірі шалдардың жастарға жол бермейтінін, өздерінің Мемлекеттік сыйлық алғысы келетіндерін айқайлап айтып жатты. Сол кезде одақтың хатшыларының бірі Қалтай Мұхамеджанов мінбеге көтеріліп, жастардың лайықты бағаланбай жатқаны рас, бірақ әдебиетіміздің ақсақалдарын қадірлемеуіміз керек пе деген ойды айтып, өзінің сатиралық стиліне көшті. «Бірде Қожанасырға өздерің секілді жас жігіттер келіпті, – деді ол. «Елдің тізгіні ақсақалдардың қолында. Олар жастарға жол бермейді. Сіз төрелігін айтыңызшы, бұл шалдардан қалай құтыламыз?» Қожекең сөзден тосылған ба? «Ол шалдардың бәрін бала кезінде өлтіріп тастау керек еді», – депті». Әңгіме осымен аяқталды.
Әрине, «Жас келсе – іске». Ал Қазақстан Жазушылар одағы – шығармашылық ұйым ғана емес, ең әуелі ұлттық идеологияны қалыптастыратын орта. Сондықтан оның төрағалығына шығармашылық жұмыста үлкен тәжірибеден өткен, билікке сөзі жүретін, халықаралық деңгейде беделі бар тұлға керек. Менің ойымша, оған бір ғана орынбасар болса жеткілікті, ал «үш жүзден таңдап алған» «үйлестіруші» жеті-сегіз хатшы емес, істі жүргізетін менеджерлер керек. Өз бизнесін ғана күйттемейтін сондай іскер жігіттер мен қыздар беделді төрағаның жанына топтасса жетіп жатыр. Ал Қазақстан Жазушылар одағының жұмысы уақыт талабымен үндесіп, ілгері баса береді.
Дереккөзі:
ақын Байбота Қошым-Ноғайдың Facebook.com желісіндегі жеке парақшасы

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург

Уәделер қалай орындалады – мәселе осында

Міне, Қазақстан Жазушыларының кезекті құрылтайы ашылған күнге де жеттік. Қаламгерлердің біз сияқты аға буын өкілдеріне бұл Құрылтайдың орны ерекше. Өйткені жасымыз біраз жерге келген соң әріптестеріміздің осындай жаңа үлкен басқосуына аман-есен жеткенімізге қуанамыз. Әйтсе де ең бастысы, әдебиетіміздің қазіргі хал-ахуалы қалай, болашақтағы жағдайы қандай болады деген аса маңызды сұрақтарға осы жиында босқа сайраған қызыл сөзбен емес, шынайы жанашырлықпен айтылған нақты ашық жауап аламыз деп үміттенеміз.
Мұндай үміттенуге еліміздегі қазіргі қоғамдық жаңалықтар толық мүмкіндік береді. Яғни қазір Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен елімізде жаңа Қазақстан құру бағытында көптеген аса маңызды іс-шаралар қолға алынып жатыр. Үкіметтің басқару жүйесінде айтарлықтай үлкен өзгерістер жасалды. Сенат пен Мәжіліс депутаттарының сайлауында да жақсы жаңалықтар жүзеге асты. Түрлі заңдарға да бүгінгі заман талабына сай айтарлықтай өзгерістер енгізілді.
Жазушылардың кезекті жаңа Құрылтайы да еліміздегі осы тарихи жаңалықтарға сәйкес толығымен жаңаша өтеді деп үміттенеміз.
Бұл ретте, Жазушылар одағының өткен Құрылтайдан бергі бес жыл ішінде атқарған жұмыстарына баға беру жөніндегі мәселе өте маңызды. Жасыратыны жоқ, Құрылтай қарсаңында да, оның өту барысында да бұл жөнінде әртүрлі керағар пікірлердің айтылатыны ежелден белгілі. Яғни біреулер Одақтың жұмысында ешқандай кемшілік жоқ, бәрі керемет деп көкке көтеріп асыра мақтауы мүмкін. Ал енді оған қарсылар Одақ жұмысын жер жастандырып, сілейте жамандауы да ғажап емес. Тіпті кейбір ақын-жазушылардың Құрылтайдың құрметті мінбесіне шығып алып, айтуға да, тыңдауға да ыңғайсыз сөздерді қарша боратқанын да көргенбіз.
Жаңа Құрылтайда мұндай келеңсіз жағдайлар қайталанбас деп ойлаймыз. Яғни басқосуда Жазушылар одағының өткен бес жылдағы қол жеткізген жетістіктері де, жіберген кемшіліктері мен олқы тұстары да ешқандай асыра сілтеуге салынбай, ашық, анық, нақты айтылуы тиіс. Мұндай ашықтық пен нақтылық, әсіресе Одақтың жұмысы туралы жасалатын есепті баяндамада айқын көрініс береді деп сенеміз. Міне, осындай ашықтық пен әділдік негізінде Одақтың жаңадан сайланатын мүшелерінің құрамында әртүрлі көзқарастағы қаламгерлер көбірек болады және жаңа толқын – жастарға ерекше көңіл бөлінеді деп есептейміз.
Әрине, Құрылтай кезінде Одақтың жаңадан сайланатын басшылары неше түрлі керемет жоба-жоспарлар мен уәделерді үйіп-төгіп беретіні де даусыз. Бірақ сол уәделер мен жоба-жоспарлар кейін іс жүзінде қалай орындалады – ең маңызды мәселе осында. Бұл мәселе Жазушылар одағының барлық мүшелерінің ерекше назарында болуға тиіс. Яғни Құрылтай өткеннен кейін осы уәделер мен жоба-жоспарлардың қалай орындалып жатқанын үнемі назарда ұстап, қадағалап отыруымыз керек. Және Одақ басшыларының кемінде жылына бір рет осы мәселелердің орындалу барысы жөніндегі есебін тыңдап, тиісті бағасын беріп отырған дұрыс.
Сөзімізді түйіндей келе, Жаңа Қазақстандағы Жазушылар одағының жұмысы болашақта жаңа деңгейге көтеріледі деген үлкен үмітіміз бар екенін атап көрсетеміз. Ал бұл үмітіміздің қалай орындалатынын алдағы уақыт көрсетеді.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,
жазушы

Кітаптың «әкесі» – қолжазба

Қазақстан Жазушылар одағының ішіндегі Проза кеңесі бес жылда азды-көпті жұмыс атқарды. Жасы бар, жасамысы бар, қара сөзді құрмет тұтып, қалам ұстағандарға куә болдық. Жетістік – жастардың алға ұмтылуы, өз туындыларына пікір тілеп, еңбегінің бары мен жоғын білгісі кеп алабұртып тұруы. Жетімсіздігі – егделердің жастарға пікір айтуға келгенде себеп пен сылтауды көлденең тартуы, бұған уақыт та қолбайлау, қияс келген кесел де еңсені түсіріп жіберді.
Проза кеңесі ұсынған екі жазушының шығармасы Мемлекеттік сыйлықты иемденді. Олар – Тынымбай Нұрмағанбеттің «Періштелердің өлімі» және Тұрысбек Сәукетайдың «Желқайық» романдары. Ал жабық «өткелден» өте алмай сүрініп кеткен Серік Байхонов секілді таланттар өкпелі. «Көп қорқытады, терең батырады», қашан да көптің пікірі жеңіске жетеді.
Облыстарда және Қытай мен Моңғолия секілді шет мемлекеттерде тұратын прозашылардың кітаптары талқыланып, бір-екеуі «Алаш» сыйлығына қол жеткізді. Бұл да еңбектің бағасы.
Біраз іс-шаралар болашақтың еншісінде. Мәселен, «Әңгіме туралы әңгіме», «Қазіргі қазақ повестері және өмір шындығы», «Қазіргі көркем прозадағы көсемсөздік сарын немесе жазушы мен журналистің айырмасы» деген тақырыптағы дөңгелек үстелдер мәслихатын өткізу қалам ұстағандар үшін ұпай әкеледі деп ойлаймын.
Менің қуанатыным, тағы да айтам, жастардың құлшынысы. Олар үлкендерден жүрексінбей, шығармаларын жұрт талқысына салуға әзір. Олар сын естуден сескенбейді, шын сынның қаламды қатайтатындығын терең түсінеді. Ал Одаққа өту үшін проза кеңесінен кепілдеме сұрап келетіндер де бар. Оларға Одаққа өту үшін әуелі екі кітабың шығуы керек екенін, өзіміздің бес жылда әрең өткендігімізді айтып, шығарып саламыз. Қазір осындай кепілдеме сұраушылар көп-ақ. Олардың көбі – өмірбаянынан кітап құрастырған жергілікті журналистер. Қай жерде болмасын, бұларға батыл тыйым керек. Жазушылық – сахнаға шығып, ән айту емес, «ұялмаған әнші болады» деген мәтелді өзімізге де қаратып айтатын күн туды. Жазушылар одағына өту – ең қиын өткел. Кітаптың «әкесі» – қолжазба. Кітап шығаруды қолжазба талқылаудан бастайық.

Серік АҚСҰҢҚАР, ақын

БӘРІ ДЕ – ҰЛТ ӘДЕБИЕТІНІҢ ИГІЛІГІ ҮШІН…

СССР Жазушылар одағы – еркін ойлы шығармашылық адамдарды уысында ұстап, айтқанымен жүргізіп, айдағанымен өргізу үшін құрылған сталиндік ұйым! Талант десе талағы тарс айырылатын советтік-тоталитарлық ұйым! Совет өкіметі кезінде орташа ақын Демьян Бедный Ленинмен бірге Кремлде тұрса, Александр Блок аштан өлген, Анна Ахматова үйсіз-күйсіз қаңғырып, Марина Цветаева асылып өлді! Совет өкіметі кезінде таланттар халтурщиктерге жалтаңдаумен өтті, әлі де солай! Неге? Өйткені олар көп! «Көп қорқытады, терең батырады!». Айтқанына көнбейтіндерді осы дәлдүріштердің қолдауымен «халық жауы» деп атып-асып, айдап жіберді!
Ал енді ХХI ғасырда 37-нің елесін қай­та жаңғыртып, «ЖО төрт жылда түк бітірмей, ішіп-жеп қойды», «Жазу­шылар одағын тарату керек», «Зиялы қауым жоқ, бәрі – зиянды қауым!» деп, құрылтайдың алдында қаңқу-өсекті  өрбітіп отырғандар да – осылар!
«Жаңа Қазақстанға Жаңа Жазушы­лар Одағы керек деген!» – өте орынды ой! Кейінгі бес жылдағы Одақ басшылығы жүзеге асырып, қаламгер қауымды, әдебиетсүйер жұртшылықты қуантқан жұмыстар аз емес. Халықаралық форумдар өтіп, әдеби-мәдени байланыс күшейді. Аударма саласына жан кіргендей болды. Бәрі де – ұлт әдебиетінің игілігі үшін.
Әдебиетті орташа жазушылар жасамайды! Социологияда «орта шаруа» деген бар, әдебиетте орташа жазушы деген болмауы керек, таланттар ғана болуы керек! Бізге таланттарға қызмет ететін Төраға, тек солардың мүддесін қорғайтын, жаһандану заманынан қаламгер қауымды аман-есен алып шығатын, қазақ халқының ұлттық рухын қамшылайтын менеджер Жазушылар одағы қажет! Мәселе, міне, осында!

Әбубәкір ҚАЙРАН,
ақын

Жазушылардың жаңа туындылар жазған кезеңі осы болды

Қазақстан Жазушылар одағының соңғы бес жыл ішінде бітірген істері мен тындырған шаруалары ауыз толтырып айтарлықтай деп ойлаймын. Әсіресе, 2019 жылы Азия қаламгерлерінің форумы мен Еуразия қаламгерлерінің форумын Астана қаласында қатар-қатар өткізгені ел-жұрттың есінде ерекше сақталып қалды. Азия қаламгерлерінің форумына қырық сегіз елдің ақын-жазушылары қатысты.
Жазушылар одағы жариялап, жақсы аяқтап шыққан тағы бір шаруа – «Әдеби өлкетану» бағдарламасы. Ақын-жазушыларымыздың өзі қалаған облыстар мен қалаларға шығып, сол аймақты тану, таныту негізінде жаңа туындыларын қағазға түсірген кезеңі осы болды. Олардың жазғандары әрқайсына үш ақын-жазушыдан топтастырылған тоғыз кітап болып жарық көрді. Әрине, бұл бағдарлама қаламгерлердің бір рет болса да еркін көсіліп қалуына жағдай жасады деп білемін.
Ақын-жазушыларымызға материалдық қолдау көрсету бағытында атқарылып жатқан бастамалар қатарындағы атаулы сыйлықтарды айта кетпеске болмайды. Мәселен, Атырау облысы бойынша Ғ.Сланов, Ж.Нәжімеденов атындағы, Ақтөбе облысы бойынша Т.Ахтанов, Қ.Шаңғытбаев, Т.Жармағамбетов, Б.Тәжібаев, С.Жиенбаев, Т.Айбергенов, Ө.Нұрғалиев, Ү.Уайдин атындағы сыйлықтар беріле бастады. Жеті аталым бойынша беріле бастаған, ҚР Жазушылар одағы мен Қазақстан Ұлттық кітап палатасы бірлесе жүзеге асырған «Айбоз» ұлттық сыйлығы тағы бар. Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша кітаптар шығып жатыр. Қаламақысы қомақты бұл бағдарламаның орын алуына да Жазушылар одағы басшылығының ықпалы бар. Алматы қаласы әкімдігінің қаламгерлерге жыл сайын беріп келе жатқан бес жүз мың теңге қаражаты да бізді бір қуантып тастайтыны рас. Осы бастама Алматы, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында да жалғасын тауып жатыр деп естиміз. Жазушылар одағы ғимаратының іші-сырты бірдей жөндеуден өтіп, жарқырап тұрғаны да жанымызды қуантады. Қысқартып айтқанда, өткен бес жылда тындырылған істерге ризашылығымыз мол.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
ақын

Үміткерлер аспандағы айды әпермей-ақ қойсын, табанын
жерге тіресін

Жазушылар одағы дегенде жан түкпірінде сонау жас дәуреннен бергі жарқын естеліктер сәулесі  жалтылдап оянады. Он жеті жасымда Алматыға оқуға түсуге келгенде университетке құжатымды өткізбей тұрып әуелі Жазушылар одағының табалдырығынан аттағаным… Мұхтар Мағауин мен Жарасқан ақынның оқушы дәптеріндегі өлеңімді Одақ табалдырығынан алғаш аттағаным үшін ырымдап, ақ батасымен «Жалын» журналына жариялауы… Сондағы жүрегімнің лүпілі… Бәрі-бәрі есімде. Одан кейін 1975 жылдың желтоқсанында жас жазушылардың республикалық кеңесіне келуім, Мұқағали ақынды көруім, Одақтың залында өлеңін тыңдауым… 1979 жылы жас ақындардың «Жігер» фестиваліне қатысуым… Осының бәрі Жазушылар одағының өзгеше қасиетін сезіндіретін еді. Біздің буын Одаққа терең түйсіктен тебіндеген ерекше құрметпен қараушы еді десем, әсте жаңалық та ашпаспын.
1989 жылдың ақпанында тағы сол айкөл Мағауинның қамқорлығымен осы қасиетті табалдырықтан тағы да оң аяғыммен аттап, «Жұлдыз» журналына жұмысқа кірдім. Айтайын дегенім, бірер күннен кейін Кеңшілік ақын қайтыс болып, мәйіті Жазушылар одағынан шығарылып, туған жері Торғайға жол тартты. Ойпырмай, сондағы Зинура жеңгемнің дауыс салып еңірегені есімнен кетпейді. «Сары алтыным-ау! – деген зарлы  дауыс қаралы жиынды одан сайын күңірентіп жіберген, «Одаққа барам деуші едің! Одақтан келдім деу­ші едің! Одағым деуші едің! Енді, міне, мәңгілік сапарыңа да Одақтан шығып барасың!» Одақтың тылсым сырлы, салауатты киесін сол жолы түйсінгендей едім. Арғы-бергі қазақ қаламгерлерінің қағбасындай қастерлі Жазушылар одағымыз туралы атүсті, артық-кем сөздер айтылып жатқан кезде осы жағдай көз алдыма келді. Қасиетті ордамызға тіл тигізуге дәттері қалай баратынына таңым бар. Ешкімге жақсы ат бермес, су ішіп жүрген құдығына түкірер мұндай тексіздік, көргенсіздік, тәубесіздік қайдан шыққан? Осының бәрі айналып келгенде Жазушылар одағының болашағы үшін кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Олай болса, менің айтпағым, жеке тұлғалардан бұрын, ең алдымен, ондаған жылдар бойы он сан ұрпақ ардақтап келген Одағымыздың абыройын қорғайық, атына кір келтірмейік. Ардақты атын қаламгер қауымның туындай асқақтатып жоғары ұстайық. Таққа таласқанның жөні осы екен деп Одақтың ел ішіндегі, сыртындағы да беделін түсірмейік. Ал басқа мәселелер мен түйткілді жайлар осыған сабақтас, әділдік пен адалдық тұрғысынан, сауат­ты һәм мәдениетті түрде өрбісе керек.
Бірде құбылыс Қадағам – Қадыр Мырза-Әлі: «Осы күні жұрт түйені және Қадырды көрмейтін болыпты», – деп ащы әзілдеп, әдемі айтып күлдіргені бар еді. Иә, дәл осындай «көрмес – түйені де көрместің» кебі Жазушылар одағын да айналып өтпепті. Әсіресе соңғы төрт-бес жылда Одақ тарапынан болып жатқан игіліктерді, жақсылықтарды, талап-талпыныстарды, әлемдік айдынға ұмтылыстарды көрмедік-білмедік деп, жұқалап айтқанда, құрғақ шөппен ауыз сүрту – бекершілік. Атқарылған істерді жіпке тізсек, сөз ұзап кетер. Ал соны көргісі келмейтіндердің жегені желкесінен шықпай-ақ қойсын, бірақ ендігіде ойлансын.
Біздің пайымдауымызша, әңгіме Жазушылар одағының жұмысын мүлдем түкке алғысыз қылып тастау емес, керісінше, одан әрі жақсарту, жетілдіру тұрғысында қозғалуға тиіс. Әлеует-мүмкіндік толық іске асырыла алды ма, міне, назарды осыған аударған жөн. Жалған пафос, өтірік уәде, іске аспайтын популизм қажет емес. Жоқтан бар жасалғанын да қаперде ұстаған дұрыс. Байыпты болайық, пікірталас мәдениетін сақтайық. Басқарма төрағалығынан үміткерлер аспандағы айды әпермей-ақ қойсын. Табанын жерге тіресін. Ақиқаттан аттамасын, нақты міндеттерін адал һәм әділ атқарсын дейміз.
Бір нәрсені дұрыс ұғайық, Одақ пен жазушылар арасына екі бөлек дүниедей сына қақпайық. Одақ дегеніміз – Төраға мен орынбасарлары, аппараты, тіпті пленум мүшелері ғана емес, Одақ дегеніміз – Қазақстанның күллі қаламгерлер қауымы, барлық ақын-жазушылары. Демек, Одақ – қазақ руханиятының алғы шебі, арқа сүйер тірегі. Талап ету оңай, жұмыс істеу қиын. Жазушылар одағының осынау абыройлы да ардақты міндетке лайықты болуына оның мүшелері – әрқайсымыз атсалысайық.

Әлия ІҢКӘРБЕК, ақын

ҚАЗАҚ ЕШҚАШАН ҚАРА ШАҢЫРАҚҚА ҚИЯНАТ ЖАСАМАҒАН…

Әлеуметтік желілерде «Жазушылар одағы керек пе, керек емес пе?» деген екіұшты пікір жиі талқыланып жүр. Менің ойымша, мұндай сұрақ тіпті туындамауы да керек. Қалай болғанда да, ҚР Жазушылар одағы қазақ рухания­тының қара шаңырағы болып есептеледі, ал қара шаңыраққа қазақ ешқашан қиянат жасамаған. Жазушылар одағы қажет. Ол – біздің ​ өткеніміз, бүгініміз, болашағымыз, ұлы тұлғаларымыздың, атпал азаматтарымыздың табаны тиген қасиетті мекен. Ең алғаш он бес жасымда осы қастерлі қара шаңырақтың табалдырығын аттап, есігін ашқанымда бойымды ерекше бір күш билеген еді. Сол сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
ҚР Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдану әрбір талант үшін, шығармашылық адамы үшін қаншалықты мәртебе болса, дәл сондай деңгейде жауапкершілік жүктейді.
Біз Жазушылар одағы құлап бара жатса – демеп жіберуге, шарықтап бара жатса – қолдап жіберуге тиіспіз!  Бұл – менің ғана емес, өткен мен бүгінді, тарих пен руханиятты зерделейтін барша жастардың пікірі.

Хамит ЕСАМАН, ақын

Сынау да, «жоқ» деп айту да – оңай

Халықтан, оның ішінде қаламгерлерден жасырын ештеңе жоқ. Соңғы бес жылдағы жұмыс та, бастамалар да, оның нәтижесі де көптің көз алдында. Бәрі де әдебиет үшін жасалған дүниелер. Осы күнге дейін қазақ әдебиетінің әлемдік кеңістікке шығуы туралы мәселе жиі айтылып келді. Әрине, ұлтымыздың ұлы әдебиеті әлемдік деңгейде насихатталып жатса, бұл бәрімізге де абырой. Бұл ретте Жазушылар одағының тарапынан барлық қадамдар жасалды. 2018 жылы Астана қаласында «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразия қаламгерлерінің форумы өткені белгілі. Мұнда әлемнің әр түкпірінен осы заманғы әдебиеттің ең көрнекті өкілдері бас қосты. Тарихтан білетініміз, 1973 жылы Әнуар Әлімжанов Одақ төрағасы кезінде Алматыда Азия-Африка ақын-жазушыларының форумы өткен. Одан кейін, араға жарты ғасырға жуық уақыт салып өткен бұл форумның да маңызы ерекше дер едік. Сол сияқты, ақын-жазушылардың кітаптарын шығару, оларға рухани тұрғыдан болсын, материалдық тұрғыдан болсын қолдау көрсету сияқты жұмыстар да атқарылғанын білеміз. Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, Алматыда тұратын қаламгерлерге қала әкімінің стипендиясын алып беруі, үш жүзге жуық қаламгердің кітаптарын шығартып беруі де айтарлықтай жұмыстың бірі. Әрине, барлық атқарылған шаруаларды жіпке тізгендей қылып айтып шығудың қажеті бола қоймас. Бәрі де елдің есінде. Одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің өзі бас болып, жалпы, Жазушылар одағының құрамы әдебиетіміздің бүгіні мен болашағы үшін еңбек еткенін айтқан жөн деп есептеймін. Сынау да, «жоқ» деп айту да – оңай. Бірақ таразыға салып, ой көзімен қарасақ, Жазушылар одағының соңғы бес жылда біраз іске бастамашы болғанын көреміз. Сондықтан да бар дүниені бағалай білген жақсы.
Соңғы кезде әлеуметтік желілерде Жазушылар одағының «тағдырын талқыға салған» жазбалар көбейіп кетті. «Одақты тарату керек» деген құрғақ сөзден гөрі, Одақтың жұмысын бұдан да әрі қарай жандандыру үшін ортақ ойларымызды біріктіріп, содан нәтиже шығарсақ дегім келеді.
Соңғы кездері Жазушылар одағы­ның әңгімесі қалыс қалып, әлеуметтік желілерде ақын-жазушылар бір-бірімен салғыласып, бір-бірінің кемшілігін іздеумен болып кетті. Бұл да – шығармашылық ұйымның жұмысына көлеңке түсіретін жағдайдың бірі. Сондықтан да барды бағалап, басшылардың дұрыс жұмыс істеуіне мүмкіндік берген дұрыс.

Бауыржан ӘЛІҚОЖА, ақын

ӨТКЕН БЕС ЖЫЛДЫҢ БАҒАСЫН УАҚЫТ БЕРЕДІ

Қазақстан Жазушылар одағының кейінгі бес жылдық жұмысын ауыз толтырып айтуға болады. Оның екі жылы пандемиямен өтсе де, қалған жылдарында халықаралық форумдар сынды ауқымды іс-шаралар өтті. Қазақ қаламгерлері шет тілдеріне аударылып, антологиялар мен ұжымдық жинақтар жарық көрді. Ұлықбек Есдәулет ағамыздың абырой беделінің арқасында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен алматылық ақын-жазушыларға жыл сайын бір реттік стипендия беріліп тұрды. Әрі қаншама жастар мен айтулы қаламгерлердің кітаптары жарық көрді. Менің де «Abai» баспасынан өлеңдер жинағым оқырманға жол тартты. Төраға талантты жастардың жолын ашып, Одаққа мүшелікке қабылдады. Өзім мүшелік билетті қазақтың классик ақыны Ұлықбек Есдәулет ағамыздың қолынан алғанымды мақтаныш санаймын!
ҚЖО-ның осы кезеңіне біз емес, уақыт бағасын береді. Айтар алғыс көп.
Жалпы ҚЖО-ның келесі төрағасы кім болса да, жаңа леппен, жаңа мазмұнмен, өзгеше форматта жұмыс атқару керек деп ойлаймын.

Біржан АХМЕР, ақын

«АРДЫҢ ІСІНДЕ» СІРЕСКЕН ПОЗИЦИЯЛАР ОПА БЕРМЕЙДІ!

«Әдебиет – ардың ісі» дегенді жиі айтамыз. Бірақ оның байыбына барып, тереңіне үңіліп жатқан адам аз. Сіресіп, мұз боп қатқан позициялар мен субъек­тивті идеялар бізге опа бермейді. Ұлт әдебиетін жоғары деңгейге көтереміз десек, ұлттық деңгейде ойлай білуіміз керек.
Ұлықбек аға Есдәулет басқарған бес жылдың ішінде іргелі шаралар атқарылды. Жалғыз Азия әдеби форумының өзі әдебиетімізге тың серпін, жаңаша өрлеу әкелді. Қоғамдағы ақын-жазушылардың орнын тағы бір мәрте айшықтады. Ақын деген – табалдырықта сығалап тұратын кісікиік емес, төрде шалқып отыруға тиіс мысы биік Тұлға екенін танытты. Әйтпесе, қазіргі таңда, шыны керек, қалам ұстаған жандарға көзқарас дұрыс деуге келмейді.
Негізінде, қаламгерлер – ұлт интеллектісін алға бастыратын алып күш, экспрессияға толы элита. Біз соны үнемі қаперімізде ұстауымыз қажет. Астанада «Қаламгерлер» аллея­сы ашылып, көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. Ендігі кезекте елордалықтар ескі «танымнан», есті танымға, жаңа жаңғыруларға ұмтылады деген сенімдеміз. Әдебиетіміздің алтын діңгегіне айналған Алаш арыстарының мүсіні қойылуы да айбынымызды асқақтатты. Абырой дарытты.
Жазушылар одағының «жасы» біршама қартайып кетіп еді. Ұлы-аға келгелі жасарды. Қолына қалам ұстап, шығарма жазып жүргендер енді өзін жазушы ретінде сезініп, қоғамдағы өз орнын шегеледі. «Кімсің?» деп кісімсіп сөйлейтінге «жазушымын» деп жар сала алды. Өйткені қолында жазушылықтың төлқұжаты, жүрегінде сонау аға буыннан қалған аманат бар. Оны ешқашан да ұмытпақ емес.
Ендігі кезекте осы тірілу, процестің үзілмеуі маңызды. Аға буын, орта буын, жас буынның арасына алтын көпір болатын жобалардың көптеп жасалғаны жөн.
Әдеби гранттар, степендиялардың таратылу жүйесі дұрысталса екен дейміз. Бір рет грант берілген адамға жыл сайын таратылғаны көңілге қонымды болмайды. Жікке емес, шынайы еңбекке арналу керек.
Әдеби үрдісте ашықтық маңызды. Мүшәйра өтсе де, байқау өтсе де, бәрі де оқырман мен автордың көз алдында өтуі қажет. Бүгіп, жасырып, бүркеп, бұрып қалатын жағдайлар жоқ емес.
Алматы – поэтикалық аураның мұхиты. Тереңдігі де, толқындары да көзді ғана емес, көкіректі еріксіз баурайды. Мен үшін ол – соншалықты таза, арлы, сонымен қатар асқақ ұғым. Ал оның ішінде Жазушылар одағы біз үшін бір бөлек әлем, ақ кеме.
Әдебиет дейтін кемеміздің желкені жақсылыққа бұрылып, алдағы игі шараларға жол бастай берсін демекпіз.

Сүндет СЕЙІТОВ, ақын

Одақтың мүшелері 20-30 жасқа жасарды

Осыдан бес жыл бұрын жаңа төраға сайланды. Ол көпшіліктің қалап, шын жүректен дауыс беріп сайлаған қаламгері – қазақ поэзиясының классигі Ұлықбек Есдәулет болды. Одақ басшылығы толықтай жаңарып, орынбасар мен қызметкерге дейін әжептәуір жасарып қалды.
Одақтың қызметкерлерінен бөлек, мүшелері де 20-30 жасқа жасарды. Жиырма жастан былайғы қаламгерлер «Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі» атанды. Әрине, бұл – жас қаламгерлер үшін жетістік.
Жаңа басшылық қалыптаса салысымен, Астанада қаламгерлердің «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форумы өтті. Бұған алыс-жақыннан есім-сойы адамзатқа әйгілі шетелдік қаламгерлер де қатысты. Олар қатысып қана қоймай, қазақ әдебиетінің өкілдерімен танысып, жаңа заманғы қазақ әдебиетінің әлеуетін көре алды. Осы форум жаңа құрамның сол жылы басшылыққа кеп, арада көп уақыт өткізбей ұйымдастырған игі ісі болды.
Қазақ әдебиетінің әлемдік аренада салтанат құруы үшін әлі де біршама шаруалар атқарылу қажет. Әйтпесе, «Абайды әлем мойындаған», «Қазақ әдебиеті – әлемнің үздік әдебиеті» деген кеудемсоқ ұрандар әдебиеттің алға емес, кері кетуіне әкеледі. Ал жақын күндері кезекті құрылтай өтеді. Дәл осы жиында Жазушылар одағының жаңа басшысы сайланады.
Әдебиетіміздің болашағы һәм оның жағдайы тек басшылықтың емес, бүкіл қазақ қаламгерлерінің «бас ауруына» айналуы керек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір