«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ»

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы
«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ежелгі тарихымыз бен мәдениетіміздің қадір-қасиетін танытып, астарын ашып көрсеткен «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы баспасөз бетінде жарық көргелі бері мән-маңызы мен құндылығы үздіксіз талқылану үстінде. Алқалы басқосуымызда алдымен осы мақаланың ең басты бағыттарын бағамдап алуымыз қажет деген ойдамын» – деп бастады сөзін Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет мырза «Ұлы даланың жеті қыры және Қазақ әдебиеті» атты І Пленумындағы баяндамасын.
Пленум барысында Жазушылар одағының жаңа Жарғысы қабылданып, Үндеу жарияланды. Жаңа Жарғы көпшіліктің дауыс беруімен қабылданды. Жарғыда «Құрметті төраға» деген бап алынып тасталды. Пленумға Алматыдағы ақын-жазушылар мен облыстық қосындардың басшылары, аймақтардағы ҚЖО-ға мүше қаламгерлер қатысты.
Төменде ҚЖО басқарма Төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің Пленумдағы баяндамасын мейлінше толық нұсқада жариялап отырмыз. Өйткені, бұл баяндамада ел тарихы мен Жазушылар одағының жаңа форматта жұмыс жасай бастағаны айтылады.
ОҚУЛЫҒЫ ЖҰП-ЖҰҚА ҚАЛЫҢ ТАРИХ
Қадыр Мырза-Әлі ағамыздың: «Біздің тарих бұл-дағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» дейтін сөзінде үлкен шындық бар. Себебі, өз тарихымызды оқытпай, өзімізден жасырып, бірнеше ұрпақтың басқа ұлттардың, өзге мемлекеттердің тарихын өз тарихымыздан гөрі жетік біліп келгені жасырын емес.
Біз ХVI ғасырдан ХІХ ғасырға дейін жер бетінен Ұлы даланы қорғау кезеңінде, ұлт ретінде жойылып кетпес үшін жан-жақтан анталаған жаулармен қанды соғыс жүргізе жүріп, көп қалаларымыздан, мәдени мұраларымыздан, ежелгі жетістіктерімізден айырылдық, одан бергі уақытта бостандығымыз шектеліп, тарихи-өркениет жолындағы дамуымызды тоқтатып алдық.
Ал отаршыл үстем елдер өз ұлтымыздың тарихын өзімізден жасырып келді. Жерімізден «Алтын адам» табылып жатса, «ол скифтердікі, оның қазаққа қатысы жоқ» деді. Сонау Совет кезінде Шіліктіден бір емес, екі «Алтын адам» табылғаны белгілі. Бірақ оның атын да, затын да Қазақстанға бұйыртпады. Оның аң стиліндегі алтын әшекейлері Эрмитажда тұр. Қазақ жеріндегі бүкіл сақ обаларын І Петрдің заманынан бері 200-300 адамдық арнайы қарулы экспедициялар шығып, жоспарлы, жүйелі түрде тонап келген. Обалардан табылған алтындарды Батыс Сібір генерал-губернаторы Матвей Гагарин патшаға жөнелтіп отырған. Қанағатсыз қанқұйлы Петр патша қазақ даласынан алынған алтындардың бір бөлігін «менен жасырып, жымқырып, Тобылдың Кремліне тығып жүрсің» деген айып тағып, жан досы болған Гагаринді Сенат алаңында дарға асып өлтіреді. Және мәйітін алғызбайды. Үш айдан кейін арқаны шіріп, үзіліп, жерге құлап түскенде «үзілмейтін шынжырмен қайта асып қойыңдар!» деп бұйырып, қыс бойы өлігін еті әбден ағып түскенше салақтатып-салбыратып қойған екен. Не үшін? Пазырықтың, Шілікті мен Есіктің обаларынан табылған алтын бұйымдар үшін! Ол мұралардың біразы Эрмитажда тұрғанымен, қазаққа қатысы жоқ етіп көрсетіп келді. Отырарды Иран мәдениетіне апарып телитін. «Бізде Отырар кітапханасы болған» деп мақтансақ, «ол кітаптар сенің тіліңде болмаған» дегенге дейін барды. Ал енді айналып келгенде Мысырды билеген мәмлүктердің өзі біздің тілде сөйлеген. Оны біз емес, керек десеңіз, Израиль мен Америка, Араб ғалымдары жазып отыр. Қазақ тарихы өлең-жыр болып тасқа қашалғанымен, ол да өзгеге тиесілі деген түсінік таңылған. Айналып келгенде, мойындалмай келген дүниелерді осы мақала игеруге, меншіктенуге, үйренуге, келешек ұрпаққа тарихы қаншалықты терең ұлт екенімізді танытып, өзге елдерге дәлелдеп, негіздеп беруге жол ашып отыр. Бұл мақаланың еліміздің келешегі үшін, мемлекетіміздің өркениет жолымен ойдағыдай дамуы үшін стратегиялық маңызы зор. 30 елдің қатарына кіру үшін әлемдік өркениетке қосқан үлесің де мол болуы керек. Ал енді біз қандай үлес қостық? «Ұлы даланың жеті қыры» осыны түгендеуге жол ашты. Антикалық заманнан бергі гректердің «Кентавр» деп жүргендері сақтар болып шықты. Ал сол сақтардың Ұлы даладағы жалғасы, атпен біте қайнасқан халық – қазақтар! Солтүстік Қазақстандағы археологиялық қазба «Ботай мәдениеті» ретінде танылып, сол жерде ежелгі дәуірде ең алғаш рет жылқыны қолға үйреткен кім дегенде – біздің қазақтар болып шықты. Осы елдің азаматтары болғаннан кейін бәріміз де осы жердің тарихына, тарихи жәдігерлеріне, мәдени ескерткіштеріне мұрагер ретінде ие болуымыз керек. «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», – дейді мәртебелі автор өз мақаласында. Мысырға барсаң: «Біз – арабтармыз, египеттіктердің тілі басқа болған, біздің тіл емес, бірақ фараондар тарихына бас-көз болып қалған – бізбіз», – дейді.
Сол сияқты біз де өзімізді ежелгі мәдениет иелерінің заңды ұрпағы ретінде сезінуіміз керек. Металлургияның дүниежүзінде ежелгі үш-ақ ошағы бар екен. Сол ошақтың бірі – Қазақстан, яғни өзіміздің Алтай мен Жезқазған. Ал металл қорыту дегеніміз – өз заманындағы озық өркениет емей немене! Табылған Алтын адамдардың киімдерінің өзі – зергерлік өнердің шыңы. Бұл деген ұлы мәдениеттің белгісі. Қалалық мәдениеттің тарихымызда болғанын Тараздағы ежелгі құбырдың, Түркістандағы хамам моншаның өзі дәлелдей түседі. Оған Көкшетаудан табылған сүйек конькиді қосыңыз. Қазақ жерінен табылған ежелгі бассүйекке трепанация жасалғанын медициналық ота тарихы туралы кітаптардан кездестірдім. Моңғолдар Шыңғыс хан заманынан бері арбаны «қазақ арба» дейді. Бұл не деген сөз? Арбаны ойлап тапқан қазақ деген сөз. Біз өзіміздің жылқыға байланысты түрлі әбзелдерімізді алайық. Үзеңгіні ойлап табудың өзі – сол замандағы үздік прогресс санатында. Қазақ жеріндегі таңбалы тастарда да дөңгелекті арба бейнеленген. Шалбар киюді де Еуропаға апарған біздің Алтайдан шыққан бабаларымыз. Түріктер тоқыма жемпірді «қазақ» деп атайды. Сұрастырсам, тоқыма өнері қазақтардан келген дейді. Астанадағы бір ұстаның жеке коллекциясында самаурындар ішінен XV-XVI ғасырлардағы бірнеше құман-самаурындарды көріп таң қалдым. Кәдімгі үлкен құман, бірақ ішінде су қайнатуға арналған оттығы бар. Ал керек болса! Демек, самаурынның о бастағы аты мен заты кәдімгі құман болып шықты! Атақты Тулаңыз далада қалды! Біздің ата-бабаларымыз көшпенді де, отырықшы да бола білген. Қаланы да салған, даланы да мекендеген. Міне, сондықтан сол далалар мен қалаларда болған ежелгі мәдениеттердің бәрінің заңды мұрагері біздің еліміз екенін айтудан жасқанбауымыз керек. Құбыр да біздікі, шығыр да біздікі, дөңгелек те өзіміздікі, әңгелек те өзіміздікі.
Өз тарихымыздың тереңіне үңілуден ешқашан да ұтылмаймыз, ешбір ұлт бұдан ұтылған емес.
Сонымен қоса, «аң стилі» деген сөз дүниежүзінің өнертану ғылымында тұрақты термин болып қалыптасып кеткен. Бірақ, осы аң стилі қайдан пайда болды? Ол да өзіміздің туған даламызда, кең-байтақ жерімізде пайда болған. Мына жердегі Берелден, анау жердегі Шіліктіден, міне, Астана, осы Алматы маңайынан да түрлі-түрлі айғақтар табылып жатыр. Соның бәрі аң стилінің бізден бастау алғанын көрсетеді. Біздің Алтай тауы түркі әлемінің алтын бесігі деп аталады. Негізі, тек қана түркі әлемінің емес, адамзаттың бесігі деуге боларлық. Өйткені, жапондар да өздерінің тілін Алтай тобына жатқызатыны белгілі. Олар: «Түбінде біз Алтайдан шыққанбыз», – дейді. Эстондардың тіпті халық өлеңдерінің өзінде: «Біз Алтайдан шыққанбыз», – дейді. Алтайдан шықтық дейтіндер көп. Бірақ, айналып келгенде, түбі бір түркі әлемінің алтын қазығына, қасиетті қарашаңырағына бұл жерді мекендеп қалған біздің қазақтар ие болып отыр!
«Ұлы Жібек жолы». «Жібек жолы» бойындағы қыруар қалалардың әкімдерінің форумы биыл Астанада өтті. Соның аясында біз «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, мемлекеттердің Жазушылар одақтарының Төрағаларының да басын қосып, оннан астам елдің басшыларымен жолыққанбыз. Форумда Олжас Сүлейменов пен Мұрат Әуезов қаншама елден келген қонақтарға «Жібек жолындағы» қазақ елінің тарихи рөлі туралы әсерлі баяндамалар жасады. Ұйымдастырушылар бұл форумды келесі жылы қайтадан жалғастырып, дәстүрге айналдырмақ сияқты.
БАБЫР – МЕНІҢ БАБАМ!
«Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалада әр қазақтың жүрегіне жақын, Алаш ардақтайтын «Ұлы даланың ұлы есімдері» деген бөлім бар. Бұл есімдер – біздің әл-Фараби, Бейбарыс, Абай, Шоқан, Махамбет, тағы да басқа батырларымыз, хандарымыз. Біз өзімізді сақ мәдениетінің мұрагеріміз деп есептеп, аң стиліндегі бүкіл символдарға заңды иелік танытатын болсақ, сол сақ заманының ұлы тұлғаларына да дұрыс көзқарас қалыптастыруымыз керек. Әйтпесе, бабаңның зейнетақысын алып, өзін Қарттар үйіне өткізіп тастағандай безбүйрек қылық көрсеткен болып шығамыз. Ол үшін арғы Анахарсистен бастап, Томирис, Шырақ, Зарина, т.б. тарихи тұлғаларды бауырымызға тартып, өз тарихымызға енгізуіміз керек. Сонымен қоса, ғұмыры біздің тарихымызға қатысты болса да, әлі ескерусіз, назарымыздан тыс қалып келе жатқан ұлы тұлғалар бар. Мысалы, Көктүрік қағанатының көсемдері Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған, бәдізшісі Йолығтегін. Тарихқа бақсақ, олардың туған жері Қара Ертіс бойы. Қара Ертіс дегеніміз – бар болғаны 100 шақырымдай ғана жер, Ертістің Зайсанға құйғанша ағатын тұсы. Меніңше, қазақ жерінде сол үш-төрт қаһарман баһадүрге ескерткіштер орнатылып, көшелер берілуі керек.
Тағы бір ұлы есім – Бабыр. Кезінде Бабырдың кітабын аудардық. Бір заманда Байзақ Қожабекұлы деген ағамыз аударған, екі рет басылып шыққан. Бірақ, сонда осы Бабыр біздікі-ау деген ойға көп көңіл бөле бермедік. Бабырдың кітабын оқып отырсаңыз, қазақ даласынан шыққанын өзі көрсетеді. Ол өзбектермен соғысты, Шайбанимен шайқасты. Өзбектерден жеңіліп барып, Ауғанстанды басып алады. Ауғанстанды билеп отырады да, күш жинап қайта келіп, өзбектермен соғысып, тағы да жеңіліп қалады. Содан Үндістанды басып алады. Ол ұрпағымен Үндістанды үш жүз жыл билеген. Анау «Тәж-Махал» – Бабыр ұрпағы Жаһангер Әкбардың салған мавзолейі. Үш жүз жыл Үндістанды билеген сол бабамызды неге айтқымыз, иемденгіміз келмейді? Өзі Мұхамед Хайдар Дулатидың туған бөлесі екенін жазады. Ана жылы «Тәж-Махалда» болдым. «Мұны салған құрылысшы, сәулеткері кім?» деп сұрағанымда: «Түркістаннан алдырылған шебер», – деген жауап алдым. Аты да жазулы тұр екен. «Тәж-Махалды» салған түркістандық шебер айналып келгенде біздің бабамыз емес пе?! Міне, осындай тарихымызға қатысты құнды мәліметтерді жинақтай алмай жатырмыз.
Мысырдағы күллі мәмлүктердің араб тілінде емес, қыпшақ тілінде сөйлегенін әлем тарихшылары ашық айтып, жазып отыр. Александрия қаласында болсаңыз, сізді міндетті түрде Қайтбай қамалына апарады. Ал сол атақты Қайтбай кім? Сонау антикалық заманда құлап қалған Форос маягының кебежедей-кебежедей кірпіштерінен қалап, айбынды қамал салған, Мысырды отыз жыл билеген атақты мәмлүк Қайтбай сұлтан да қыпшақ болып шықты. Біз оны іздемей, иемденбей, Бейбарыстың тасасында қалдырып отырмыз. Оған кейінгі уақытта өзбектер мен черкестер көз қадай бастады. Тезірек иемденбесек айырылып қалуымыз мүмкін.
9 АЙДА НЕ ІСТЕДІК?
Ал енді мен Қазақстан Жазушылар одағы 9 айда атқарған жұмыстардың қорытындысына көшейін.
Біз қызметке келген кезде Жазушылар одағы терең дағдарыста болғанын жақсы білесіздер. Қарызға батқан қоржында көк тиынымыз болмаса да игілікті істерге телеуқор азаматтардың арқасында келе сала есігіміздің алдында дүркіретіп Наурыз мейрамын өткіздік. Ақсақалдардан бата алдық. Композитор Секен Тұрысбектің атасына рахмет, оның «Ақжауын» оркестрі жиналған қаламгерлерді мейрам біткенше ән мен күйге бөледі. Еңбегі сіңген Одақ қызметкерлеріне министр Арыстанбек Мұхамедиұлының алғысхаттары мен министрліктің Құрмет грамоталарын табыс еттік. Мұнда Наурыз соңғы рет қашан тойланғанын жұрт ұмытып та қалыпты…
Сол тұста бір топ жас қаламгерлерді бастап апарып, Кеңсайда «жатқан» қаламгерлердің қабіріне тағзым етіп, аруағына Құран бағыштадық. Артынша Абай оқуларын ұйымдастырдық. Біздің жұмысымыз солай басталды.
Біз қызметке кіріскен күннің ертеңіне жарты жыл ақша төлемедіңдер деп электр қуатының көзін қиып тастағаны, суды тоқтатпақ болғаны, бір жылдан бері салық төлемедіңдер деп үш рет есеп-шотымызды жапқаны, жыл бойы айлық алмаған қызметкерлердің, әсіресе әйел адамдардың еңірегенде етегі толып, ереуілге шыққаны, Одақтың 15-25 жылғы әбден ескірген бүкіл көліктері жүруге жарамай, жөндеуге келмей қирап жатқаны, бухгалтерияның бүкіл құжаттары былық болып шыққаны, аудит тұрмақ айлыққа қаржы таба алмай, қарыздарды жаба алмай қатты қиналғанымыз… мен бұлардың бәрін айтпай-ақ қояйын. Қысқасы, біз соның бәріне төтеп бердік. Айлықсыз, жаяу-жалпы жүрдік, өз көлігімізбен, таксимен жүрдік, әйтеуір ел руханиятының алтын ордасы – Одақты орнынан тұрғызамыз деп шапқылаумен болдық. Күндіз отырмадық, түнде ұйқы көрмедік. Әлі солай жүрміз. Жүрген аяққа жөргем ілігетіні рас екен. Біздің бағымызға – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қанат жая бастаған болатын. Сол ақжолтай бағдарлама бізді құтқарды. Біз көптеген жобалар жасап, жоғарыға ұсындық. Әдебиет үшін, Жазушылар одағы үшін беттің арын белге түйіп, табалдырықтарды тоздырдық. Кішірейдік. Жағдайымызды түсінген, әдебиет тағдырына араша түскісі келген арлы азаматтар жәрдем бере бастады. Біртіндеп жолымыз ашылып, айлықты да уақытында төлейтін хәлге жеттік, Құдай бұйыртса, қарыздарымыздан да біртіндеп құтылып келеміз. Осы орайда бізден қарызын сұрап, қыстамай аса зор шыдамдылық көрсеткен қаламгер баспагер – Ырым Кененбай ағамызға бір алғыс айтып қойғанымыз жөн шығар.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ІС-ШАРАЛАР. ОЛАР ҚАЛАЙ ӨТТІ?
Қазақстан Жазушылар одағына басшылыққа келгеннен бастап, Халықаралық деңгейдегі ірі-ірі екі іс-шара өткіздік. Оның алғашқысы 26-30 тамыз күндері Астананың 20 жылдық мерейтойына орай өткен «Ақ ордалы Астанам» атты Халықаралық поэзия кеші болды.
Бұл поэзиялық кешке Австралия мен Францияға дейінгі әлемнің түкпір-түкпірінен белгілі ақындар келді. Бес күнге созылған Халықаралық поэзия кешінде әр ақынға өз тілінде өлеңдерін оқытып, телеарналарға арнайы бейнероликтер жасалды. Барлық қатысушылар Астана қаласының көрікті жерлерін аралап, Баянауыл, Бурабай сынды аңызға толы, табиғаты көркем өңірлерге сапар шегіп, жұртпен кездесіп, қайталанбас әсерге бөленді. Іс-шара барысында Астананың салтанатты Орталық концерт залында шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» айдарымен «Әлем ақындары Қазақстанды жырлайды» атты шығармалар жинағы да жарыққа шықты. Бұл жобаны жасап, іске асыруда Жазушылар одағының сыртқы байланыстар секциясының жетекшісі, ақын Бақытжан Қанапияновтың ерекше еңбегін атап айта кету керек.
30 тамыз күні Қазақстан Орталық концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз сөйлеп, поэзиялық кешке қатысқан әр ақынға жеке-жеке арнайы тігілген ұлттық нақышты қысқа шапандар жауып, арнайы жасалған сертификаттар мен статуэткалар табыс еттік.
20-21 қыркүйекте «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форум өткіздік. Бұл форумға Еуразия құрылығының 30 мемлекетінен 40-қа жуық қаламгер қатысты. Сонымен қатар, Қазақстанның барлық аймағынан 100-ге жуық жазушыларымыз келіп, шетелдік әріптестерімен бірнеше күн бойы аудармашылар арқылы тілдесіп, тонның ішкі бауындай етене жақын араласты. Қысқасы, бұл форумға қатысушылардың басым көпшілігі, атап айтсақ, 70 пайызы прозаиктер болды.
Бірінші күні Тәуелсіздік сарайында өткен пленарлық отырыста 400-ден астам Елордадағы әдебиетсүйер қауым көрермен болды. Оған осы отырған біразыңыз куәсіздер. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарынан да көрген боларсыздар.
Форумның екінші күні 5 жұлдызды «Hilton Garden Inn Astana» қонақүйінде «Жаңа заман поэзиясы: негізгі тақырыптар мен мәселелер», «Жаңа заман прозасы: негізгі тақырыптар мен мәселелер», «Дра-матургияның өзекті мәселелері», «Қазіргі заманғы аударма ісінің хал-ахуалы» атты 4 тақырып бойынша секциялық отырыстар өтті.
Бұл басқосулар заманауи қазақ әдебиетінің жаһандық ауқымда мойындалуы мен насихатталуына келешекте кең жол ашуға тиіс деп ойлаймын.
ЖАСТАР КЕҢЕСІ ҚҰРЫЛДЫ
Ұлттық әдебиетімізді дамытып, жас дарындарды қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Жастар кеңесі құрылды. Жастар кеңесінің төрағасы Арыстанбек Мұхамедиұлының 2 мамырдағы бұйрығымен Жастар Кеңесі төрағасының орынбасары болып Ақберен Елгезек, Кеңестің хатшысы болып мәдениет министрінің кеңесшісі Бауыржан Қарағызұлы бекітілді.
Осындай жастар Кеңесі Ақмола облыстық әкімінің жанынан да құрылды. Көкшетау қаласында 7 бірдей ақынның тұңғыш кітаптарының тұсауы кесілді.
Мамыр айында Талдықорған қаласында Қазақстан Жазушылар одағы мен облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен жас әдебиетшілердің республикалық «Жетісу көктемі» форумы өтті.
Форум барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде өткізілген «Мәңгілік елдің мұраты» атты облыстық байқаудың жеңімпаздары марапатталып, «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі тапсырылды. Сондай-ақ, республикалық «Рух» байқауының қорытындысы бойынша жарыққа шыққан кітаптардың тұсауы кесілді.
Соңғы 5 айдың ішінде Қазақстан Жазушылар одағы «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасы аясында Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша жұмыс жүргізді. Әр облысқа Қазақстан Жазушылар одағынан 3 қаламгерден жіберіліп, сол облыстың рухани қазынасымен, киелі жерлерімен танысып, проза, поэзия және танымдық-зерттеу мақалалар жазылды. Бұл жоба алдағы жылы қалған облыстар мен қалаларда жалғасын табатын болады.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕЛІСІМДЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІК
Сондай-ақ, осы аз уақыттың ішінде Қазақстан Жазушылар одағы өзге елдердің әдеби ұйымдарымен халықаралық келісімдерге қол жеткізді. Түркия, Иран, Өзбекстан сынды іргелі елдердің жазушылар қауымдастықтарымен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойыстық. Осы меморандумдардың негізінде аталған елдерде қазақ қаламгерлерінің кітаптарын басып шығару, антологиялар құрастыру, қазақ қаламгерлерімен кездесулер өткізу сынды іргелі шаруалар қолға алынуда.
Қазақстан Жазушылар одағы Астанадағы Академиялық Ұлттық кітапханамен бірлесіп, Астана қаласында Балалар әдебиетіне қатысты халықаралық конференция, «Оқу конгресі» атты халықаралық конференция өткізді, Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Оңтүстік Корея, Германия сынды мемлекеттердің кітапханаларында Қазақстанның әдеби-мәдени орталықтарын ашып, форумдар өткіздік. Біз олармен алдағы уақытта да бірлесе отырып, біршама әлемдік деңгейдегі іс-шаралар өткізуге келісіп отырмыз.
«Нұр Отан» партиясымен жасасқан меморандум негізінде қазірдің өзінде 4 ірі жобаны қолға алдық. 40 жасқа дейінгі қаламгерлер арасында «Ұлы дала» әдеби байқауын жариялап, келер Жастар жылында жастарды қолдауға мұрындық болып отырмыз. Байқаудың жүлделер қоры да жастарды қолдауға кәдімгідей көмек. 1-орынға –
1 500 000 теңге, екі 2-орынға – 750 000, үш 3-орынға – 500 000 теңге үлестірілмек. Ынталандыру сыйлықтарын қосқанда ұзын саны 15 жүлде беріледі.
Сонымен қатар, Қытай Жазушылар одағы мен Белорусь Жазушылар одағы біздің Жазушылар одағымен әдеби байланыстарды дамыту үшін алдағы бір-екі айда өз елдеріне шақырып отыр. Олар ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қоюға ұсыныс жасады. Ал, Иран мемлекеті тамыздағы Форум кезінде жасалған меморандумға байланысты 70-ке жуық қазақ қаламгерлерінің шығармаларын аудару мәселесін күн тәртібіне қойып отыр.
Сондай-ақ, Түркияның әдеби, ғылыми шығармалар авторлары қоғамы (ИЛЕСАМ) мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы меморандумда екі елде кезегімен бірлескен әдеби фестиваль ұйымдастыру жөнінде келісіліп, екі елдің қаламгерлерінің туындыларын аудару мен кітаптарының шығарылуы жоспарға енгізілді.
Сондай-ақ, биыл «Жаңа заман Әзірбайжан поэзиясының антологиясы» атты кітап оқырманға жол тартты. Антологияға 40-тан астам бауырлас ақындардың өлеңдері енген. Айта кететін жәйт, былтыр «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» деген атпен қазақ ақындарының өлеңдері әзірбайжан тілінде шығып, аталмыш жинақтың тұсауы Бакуде кесілген болатын.
2018 жыл ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешімімен «Мағжан Жұмабаев жылы» және «Шыңғыс Айтматов жылы» болып жарияланғанын білесіздер. Қазақстан Жазушылар одағы Түрксоймен бірлесіп Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына орай «Адамзаттың Айтматовы» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы сынды бірталай республикалық, халықаралық іс-шаралар өткізді.
ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметі мен Жазушылар одағы бірлесіп, күзде Жаркентте шекарашылар мен әдебиетшілер кездесуін ұйымдастырдық. Шекарашылар бізге бұл жобаны жалғастыруды ұсынып отыр. Алдағы жылы Қазақстандағы барлық шекара әскерлерімен кездесулерді жандандырып, саптағы сарбаздар туралы, Отан туралы патриоттық рухтағы өлеңдер жинағы шығарылады. Бұл жинақтың тұсаукесер рәсімі Ақтау қаласында шекарашы әскери теңізшілермен бірлескен қорытынды Әдеби кеш кезінде өтетін болып келісілді.
БИЫЛҒЫ ЖЫЛ – МЕРЕЙТОЙЛАР ЖЫЛЫ БОЛДЫ
Ағымдағы іс-шаралар жөнінде айта кететін болсақ:
Биылғы жыл шын мәнінде мерейтойлар жылы болды. 9 айдың ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде 70-ке жуық салтанатты жиындар, мерейтойлар, еске алу кештері, шығармашылық кештері мен авторлық кештер, оқырмандармен кездесулер, тұсаукесерлер, конференциялар өткізілді. Барлық жоғары орындарға, әкімдерге, министрліктерге хат жазылды. Көптеген кештердің ұйымдастырылуына, қаржы бөлінуіне мұрындық болдық. Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Шортанбай Қанайұлының, Ақыт Үлімжіұлының, Сұлтанмахмұттың, Қасым Қайсеновтің, Тәкен Әлімқұловтың, Қапан Сатыбалдиннің, Сырбай Мәуленовтің, Қайнекей Жармағамбетовтың, Әбжаппар Жылқышиевтің, Қалтай Мұхамеджановтың, Ғафу Қайырбековтің, Қабдыкәрім Ыдырысовтың, Кемел Тоқаевтың, Әкім Таразидың, Мырзабек Дүйсеновтің, Әнес Сараевтың, Марал Ысқақбаевтың, Жамалдин Босақовтың, Асқар Сүлейменовтің, Зейнолла Серікқалиұлының, Өтежан Нұрғалиевтің, Сәкен Иманасовтың, Абдул-Хамид Мархабаевтың, Шайым Шаваевтың, Зейнолла Тілеужанұлының, Жанат Ахмадидың, Әбдрахман Асылбековтің, Рафаэль Ниязбековтің, Баққожа Мұқайдың, Жанғара Дәдебаевтың, Уәлихан Қалижановтың, Қойшығұл Жылқышиевтің, Мырзан Кенжебайдың, Ақылбек Шаяхметтің, Ғалым Жайлыбайдың, Қасымхан Бегмановтың, Бақытбек Бәмішұлының, Сағатбек Медеубекұлының, Амангелді Кеңшілікұлының, Ахмет Кендірбекұлының, Болат Бекжановтың, т.б. көптеген қаламгерлердің мерейтойлық және авторлық кештері 9 ай бойы толассыз өтіп жатты. Соның біразы Астана мен Алматының театрлары мен кітапханаларында, біразы облыс, аудан орталықтарында, 40-қа жуығы Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде өтті. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Сұраған Рахметұлы, Жарас Сәрсек сынды ақындардың да кештерін лайықты деңгейде атап өттік.
Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығына арналған прозалық шығармалар байқауы мәреге жетті, Астана қаласында «Алтын тобылғы» 18-35 жас арасындағы қаламгерлердің әдеби байқауы қорытындыланды.
ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҮЙІ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРІЛМЕЙДІ!
Өткенде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Алматы қалалық мемлекеттік мүлік департаментінен Қазақстан Жазушылар одағы мен Шығармашылық үйі ғимаратын ұзақ жылдар күрделі жөндеу жасалмағаны себепті 49 жылдық келісім-шартты бұзу және қаңтар айында босату жөнінде хат келіп түскен. Осы хаттың негізінде бірден қалалық әкімшілікке барып, күрделі жөндеу жасалғаны жөнінде құжаттарды тауып, шұғыл түрде Президент әкімшілігіне хат жолдаған болатынбыз. Нәтижесінде Президент әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев Қазақстан
Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне аталмыш екі ғимаратты жекешелендіру нысандарының тізіміне ешқашан кіргізбеу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының 1999 жылы жасаған келісімшартының осал тұстарын түзетіп, Қазақстан Жазушылар одағының мүддесін толық қорғайтын жаңа келісімшарт жасау жөнінде тапсырма берілді. Біз жақында, бұйыртса, жетілдірілген жаңа келісім-шартқа қол қоятын боламыз.
АЛДАҒЫ ЖЫЛЫ:
Азия жазушыларының конгресі өтеді
Қазақстан Жазушылар одағы Тұңғыш рет «АЗИЯ ЕЛДЕРІ ҚАЛАМГЕРЛЕРІНІҢ І ФОРУМЫ» атты халықаралық конференция ұйымдастырғалы отыр. Біздің осы бір аса ірі жобамыз жоғарғы жақтан қолдау тауып, 2019 жылдың бюджетіне енгізілгені жөнінде вице-министр Ақтоты Райымқұловадан қуанышты хат алдық. Бұл шын мәнінде1973 жылы Алматыда өткен Азия-Африка жазушыларының 5-конференциясынан кейінгі орасан басқосу болмақ.
Форум арқылы жаңа заманғы қазақстандық мәдениеттің әлем халықтарына кеңінен насихатталуына, рухани кеңістігіміз бен бай әдебиетіміздің жан-жақты таныстырылуына жағдай жасай отырып, бүкіл Азия әдебиетінің болашағына қатысты күрделі мәселелерді бірлесіп шешу жөнінде алғаш болып бастама көтерген мемлекет ретінде Қазақстанның халықаралық имиджінің өсуіне ықпал етуіміз керек.
Әдеби оқулықтарға сараптама жасалады
2019 жылы Қазақстан Жазушылар одағының жанынан сараптамалық жұмыс тобын құрып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне барлық оқушыларға арналған әдеби оқулықтарға сараптама жасап, оқулықтарды Жазушылар одағының мақұлдауынан кейін ғана бекіту туралы ұсыныс дайындап отырмыз.
«Көркемдік кеңес құрылады»
Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы жанынан ән мәтіндерін қадағалайтын «Көркемдік кеңес» құрылады. «Көркемдік кеңес» әннің естісін елеп, ессізін електен өткізіп, қазақ руханиятының тамырына қан жүгіртіп, ұлттық идеологиямыздың жаңаша жаңғыруындағы ұстынымызды ұстап қалуды көздейді.
Біз айналасы 9 айдың ішінде Үкімет, жергілікті ұйымдар мен жалпы халықтың Қазақстан Жазушылар одағына деген көзқарасы мен пікірін өзгерте алдық деп ойлаймыз. Алдағы уақытта да атқарылар шаруалар шаш етектен. Соның ішінде ең маңыздысы – Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы. Осыған орай, биыл Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың қабылдауында болып, 2019 жылы Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және осы Әдебиетшілер үйінің заманауи үлгіде жабдықталуына байланысты келісімін алып қайттық. Ол кісі тиісті орындарға тапсырма берді. Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы қаламгерлермен қатар барша халықтың жаппай тойлайтын торқалы тойы деп білемін. Сонымен қатар, «Қазақ әдебиеті» газетінің де мерейтойы. Бұл ортақ мерейтойға және рухани өмірімізге тың серпін берер қаншама іргелі шаруаларға осы отырған барлығыңыз да біркісідей атсалысасыздар деген сенімдемін.
Қабдеш Жұмаділов
Президенттің бұл мақаласы сол секілді шала ойлаған дүмшелерге, төл тарихымызды жоққа шығарушыларға тосқауыл қояды деп сенемін. Осы мақаланы қолдау ретінде мен алдыңғы айда «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала жарияладым. Президенттің мақаласындағы жылқы туралы айтылған тұстары біздің халқымыздың тарихына деген құрмет секілді. Ежелден «Қазақ – жылқы, жылқы – Қазақ» деген ұғым айтылып келеді.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ
Біз өз тарихымзыға өзіміз қайтып оралуымыз керек. Ал біздің тарихшыларымыз болса үнсіз. Мына тұрған Сібір де біздің жеріміз екені талассыз ақиқат. Оны айту керек. Тіліміздің қолданыс аясын барынша кеңейтіп, тарихымызды қалпына келтіруіміз қажет! Қазір қазақтың жартысы бір-бірімен орысша сөйлеседі.
Қажығали Мұқаметқали
Қандай халық болмасын «бұрын қандай едік, қазір қандаймыз, болашақта қандай боламыз?» деген мәселе жөнінде сөз жоқ ойлануы керек. Бүкіл халықтың алдында тұрған бұл сауал біздің де алдымызда тұр. Президентіміздің мақаласы қаламгерлерге тарихи тақырыпқа баруға, тарихи романдар жазатын жазушыларға үлкен қанат бітіреді деп ойлаймын. Әрине, Елбасымыздың бұл мақаласы қазір үлкен резонанс туғызып жатыр. Қаламгерлер қауымы да бұл дүниені қолдаймыз, қуаттаймыз.
ПІКІРЛЕР1