Тау тұлға
21.12.2018
1209
0

Қазақ ақын-жазушыларының көшінен көп көрінбесе де, сол ортаның төл тұлғасы, ақын Сатыбалды Даумов хақында басқа емес, біз, кейінгі ұрпақ айтса, сол – асыл. Ақынның өлеңі көсеуін күткен қоламтаның қызыл шоғындай сөйлеп жатыр.

Өзі бір өлеңінде:
Қолға қалам алмадым,
Шарқ ұрса да ой тынбай.
Кенже қалдым алманың,
Кеш пісетін сортындай, – деп әдебиетке кеш келгенін, сөйте тұрып, талантының салмағын жанымен сезініп, халқына берері барын жасырмаған.
«Әкелі-балалы Бабажановтар», «Байтоқа емес, Байтоқ», «Зұлмат құрбаны», «Қазақстан» газеті» секілді зерттемелері уақыт бедерінде бәсін әлсіретпей келеді. Міне, сол қаламгердің туған жерінде, Оралда «Тау тұлға» атты әдеби-сазды еске алу кеші өтті. Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен шараға ақынды білетін аға буын өкілдері мен Алматыдан арнайы келген жары Асылғаным Ғаббасова, үш ұлы: Нұрлан, Өркен, Алмас және немере-жиендері, өлең-сүйер қауым жиналды.
Ақын туралы деректі фильмнің өзі көп нәрсені қамтыған. Көзін көргендер түрлі естеліктер айтты, «Сатыбалды Даумовтың поэтикасы» атты ғылыми монографияның тұсаукесері жасалды. Студенттер ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Ақын, журналист, аудармашы, бір сөзбен айтқанда, үлкен жүректі суреткердің шығармалары ұлтының кәдесіне жарайтын, өшпейтін, елмен бірге жасай беретін қазына.
Жерұйығым, талай көздің сұғы өткен,
Аман-есен шығып едің мың өрттен.
Кімдер мынау,
Саудаға сап өзіңді,
Атпақ болып жүрген сені жүректен?! – деген жолдар өзектілігін ешқашан жоймайтын, ел мен жердің тағды­ры сынға түскен қай кезеңде де жанартаудай атқылап, алдыңнан шыға келер азатшыл рухты ақынның, ар-иманды жүректің үні, Даумовтың дауысы! Осы үн, осы дауыс 2009 жылдан бері ақын атымен аталған Орал қаласындағы көшеде, жастар жүрегінде, ел жадында жаңғырып, естіліп тұр.

Мұнайдар Балмолда

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір