Хусто Хорхе қазақ ақындары хақында
21.12.2018
2423
0

Испан ақыны Хусто Хорхе Падронды қазақ әдебиетінің үлкен досы десек болатын шығар. Ол бір өзі табандап отырып «Қазіргі заман қазақ поэзиясының антологиясын» жасап, қазақ ақындарын испан тілінде сөйлетті. Аталған антологияға Абайдан бастап, осы күнгі жас ақындардың өлеңдері де енген. XIX, XX және XXI ғасырға дейінгі уақыт аралығын тұтас қамтыған аудармашы қазақ ақындарын тәржімалап қана қоймай, қазақ ақындарының шығармашылық табиғаты турасында ой-түйіндерін қосып, антологияға көлемді алғысөз де жазыпты. Антологияға жазылған алғысөз мақаланы біз Қазақстандағы Испания елшілігінің қызметкері Ләйлә Қалауованың аудармасы арқылы жариялай бастадық. Көз сала жүріңіз, бұл мақалада бәлкім, сіздің де есім-сойыңыз аталып қалуы мүмкін…

2015 жылы сәуір айында Қа­зақ­с­танның елордасы Астана қаласын­да «Фолиант» баспасынан «Тозақ шеңберлері» атты кітабым­ның ис­пан және қазақ тілдерінде шығуына орай мені Қазақстандағы Испания­ның Елшілігі және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлт­тық универ­си­теті тұсаукесер рәсі­міне шақыр­ды. Аталған шара ЕҰУ-дің Бас аудиториясында өтті. Бұл жағдай маған аудармашым, қазақтың ақын қызы Ілиясова Танагөз Толқын­қызымен қайта көрісуге, сондай-ақ, осы елдің ірі мә­дениет өкілде­рімен және бірқатар атақты ақын­дарымен танысуға мүмкіндік берді. Сол жылы жүздесу мен қарқынды достық күндері жақын болашақта бірігіп жұмыс жасауға негіз болды. Сол кезде тарихымызда тұңғыш рет қазақ лирикасының испан тіліндегі бірінші антоло­гиясын даярлауды жоспарлай бастадым десем, қателеспеспін.
Қазақ әдебиетінің испан тілді ортада мүлдем таныс еместігін ескере отырып, еліме оралғасын Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаевпен сөйлестім. Бұл жоба ынталанды­рып қана қоймай, алғашқы сәт­тен-ақ осы идеяның нақты іске ұласуы үшін ол қолынан келгені­нің бәрін жасады. Екі тілді бірдей меңгерген ешбір ақынды таны­май­тын болғандықтан мен Елші мырзаға қазақ шайырларын испан тіліне аудару үшін өзімнің зор тә­жіри­бемді ұсындым. Көпке созбай маған берілген алғашқы матер­иалды жөндей бастадым: қазақ ті­лінен испан тіліне сөзбе-сөз, қара сөзбен аударылған өлеңдерді жұтындырып, нақты поэзия тіліне аудардым. Мәтіндерді испан дәс­тү­рінің атақты он буынды жүйесі арқылы, Франсиско де Кеведо и Вильегас тіліндегі жақсы өлең талап ететін интонация, құрылым және поэтикалық ырғақ бере отырып аудардым.
Аудармашы ретінде елу жылға жуық тәжірибем бар, соған қара­мас­тан бұл жұмыс бар жұмысым­ның арасындағы ең қиыны болды десем, артық айтпаспын, деген­мен, өз-өзіме ұсынған бұл тап­сырма оң шешімін тапты дей ала­­мын, себебі: қазақ тілінің се­зім­­талдығы мен жүрек қағысы испан тіліне аударылған осы өлеңдерде де сезіледі. Елші Дүй­сен­баевтың талабы мен өзім ұзақ сөйлескен көптеген атақты қазіргі заман қазақ ақындарының көз­қа­ра­сына сүйене отырып, ақындар­дың үлкен тізімін жасау туралы ұсыныстарын қабыл алдым, сөй­тіп олардың әрқайсысының бір-бір өлеңін аудардым, сөйтіп бір­не­ше ақынның бірнеше туындысын ғана таңдағанша, үндердің сан алуандығы олардың лирикасының қиындығы мен байлығын көрсет­сін деп шештік.
Қазіргі заман қазақ поэзия­сы­ның талдауын, әрине, оның басты өкілі (фигурасы) Абай – Ибраһим Құнанбайұлынан бастау керек.
Дегендей-ақ біздің антоло­гия­мыз Абай – Ибраһим Құнан­бай­ұлының шығармашылығынан басталады.
Абайдың поэтикалық туынды­лары көп және сан-алуан болды. Оның ең маңызды шығармасы – «Қара сөздер» атты туындысы. Бұл шығарма 45 бөлімнен тұрады. Он­ың тағы бір аты – Сөздер кіта­бы. Онда мораль, билік пен әділет, білім мен білімсіздік, адами қа­рым-қатынастар т.б. мәселелерге қатысты өсиет әңгімелер мен зерт­теулер жинақталған. Абайдың «Масғұд», «Ескендір» және «Әзім әңгімесі» атты классикалық Шығыс әдебиетінен шабыт алып жазған поэмалары да маңызды. «Ғақлия» – пәлсапалық трактат. «Ақын», «Жаз», «Күз», «Қыс» атты тағы басқа өлеңдері бар.
Абайдың барлық шығармалары халқына деген сүйіспеншілікке және күйінішке толы. Елші Бақыт Дүйсенбаев тауып айтқандай, бұл «мәдениетті, еркін және сыйлы халық болу үшін қараңғылық пен сауатсыздықтан шығуға шақыру. Қазақ тілінде «ақын» сөзі Батыс мәдениетіндегі «трубадурға» сәй­кес келеді. Қазақ халқы оның ар­ман­дары мен үміттеріне поэти­калық нысан бере білген өзінің ең жақсы ақынын әрдайым жадында сақтайды».
Абайдың туындылары келер ұрпақтарға маңызды классикалық лирикалық, романтикалық, пәл­са­палық, сиқырлы және шыншыл (реалистік) қазына қалдырды. Ол қазақ сөздерін қолданудың жаңа тәсілдеріне үйретті және де ақын­дардың жаңа буынының түзілуіне және шабыттануына септігін тигізді. Оның стилі Шәкәрім Құ­дайбердіұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Өтежан Нұрғалиев, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлей­менов, Серік Ақсұңқарұлы, Сабыр Адай, Жәркен Бөдеш т.б. шығар­ма­шылығына әсер етті.
XX ғасырдың басындағы қазақ жазушыларының бүтін бір буыны халықтың ұлттық және про-түр­кі­лік сезімдеріне тым жақын болған­дары үшін 30-шы жылдардағы сталиндік репрессияға ұшырап, өлім жазасына кесілді. Олардың арасында Шәкәрім Құдайбер­діұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин т.б. бар.
Мұхтар Әуезов – сталинистер кешірген бірнеше көрнекті қазақ жазушыларының бірі, Абайдың туындыларын дәріптеу мақса­тын­да және қазақтың салт-дәстүр­лерінің кең панорамасын көрсету үшін көптеген шығармалар жазды. Сталин қайтыс болған соң, Әуезов «Абай жолы» атты төрт томды ро­маны үшін, XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында қазақтардың өмір салтына энциклопедиялық көзқарас ұсынғаны мойындалып, ұлттық сана-сезімге зор үлес қос­қан­дығы үшін Ленин орденін ал­ды. Қорытындылай келе, Абай Құ­нанбайұлы өз елінде жазушы­лар­­дың жазушысы, қазіргі заман қазақ әдебиетінің жолын ашқан, оның жазба әде­бие­тінің негізін қалаған өкілі бол­ды.
Біз таңдаған ақындардың іш­ін­де Абайдан кейін Міржақып Дулатов тұр (1885-1904). Ол бұ­рың­ғы Торғай облысында дүниеге келген. Аты аңызға айналған, бұл ақын ірі саясаткер болған, қазақ үкіметінің құрылуына өз басын бәйгеге тігіп қатысқан, ұлт еркін­дігі жайлы идеяларды насихатта­ған. «Алаш» партиясын құру­шы­лар­дың бірі болған. Абайдың шы­ғармашылығын өте жақсы көрген және де оның шығарма­ла­рын терең зерттеп, оны «халықтың жаны» деп атаған. Оның «Оян, қазақ» (1909) атты тұңғыш өлең кітабын халық өте ыстық ықы­ласпен қабылдады.
Міржақып Дулатов маңызды прозалық шығармалар да жазды. Оның «Бақытсыз Жамал» атты бірінші әңгімесі 1910 жылы жарық көріп, 1914 жылы қайта басылып шығарылды, ол бұрын-соңды бол­маған танымалдыққа ие болып, бірден қазақ әдебиетінің ұлы шығармаларының біріне айналды. Оның поэзиясы да, прозасы да қарқынды, жарқын тілмен, мәнер­лілік күшімен, мықтылығымен, кейде сарказммен сипатталады. Оның туындыларының арасынан ақынның турашыл стилін көрсе­те­тін «Қайда болдыңдар?» атты өлеңін таңдадық. Міржақып Ду­ла­тов 30-шы жылдары Совет өкі­ме­тінің қатал саясатының көпте­ген құрбандарының біріне ай­­налды, оны 1935 жылы ату жаза­сына кесті.
Мағжан Жұмабаев (1893-1938). Жиырмасыншы ғасырдың соңғы буынының көрнекті ақындарының бірі. Ол ауқатты отбасында дүниеге келген. Оның әкесі Бекен атты бай болған. Тілдерді үйренуге деген қабілеті зор Мағжан 4 жасынан бастап Шығыс елдері тілдерін (араб, парсы, түрік) үйрене баста­ған және үлкен жетістіктерге жет­кен. Мағжан татар әдебиетінің классигі Ғалымжан Ибрагимовтің ақылын тыңдап, қосымша білім алудың басқа жолдарын іздейді. Сол кезеңде Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынұлының бас­шылы­ғымен орыс тілін үйреніп, кейбір көрнекті орыс және Еуропа әдебиет өкілдерінің шығарма­шылы­ғымен таныса бастайды. Оның шығармашылығының шарықтау шегі «Батыр Баян» атты дастаны болды.
Мағжан Жұмабаев 1929 жылы Совет Өкіметінің қуғын-сүргініне ұшырап, 10 жылға бас бостандығы­нан айырылады. 1935 жылы Мак­сим Горькийдің өтінішімен уақытынан бұрын босатылады, бірақ 1937 жылы бір арам ойлы ақынның жала жабуына байланыс­ты қайтадан түрмеге отырғызы­лып, «халық жауы» ретінде ату жазасына кесіледі. 1988 жылы ғана толықтай ақталады.
Сәкен Сейфуллин (1894-1939) – күрделі әрі қарама-қайшылық­тарға толы тұлға, қазақ әдебиетінің негізін қалағандардың бірі, интел­лек­туалды жағынан Абай Құнан­баевтың жолын қуушы буынның өкілі.
1918 жылы «Бақыт жолында» ат­ты туындысының тұсауы кесіл­ген соң, Ақ Гвардия оны абақтыға қамап, ажалға айдайды. Ақын абақтыда 47 күн болып босайды. Біраз жылдардан соң оны Ішкі істер жөніндегі халық комис­са­риаты агенттері тұтқындап, 1939 жылы Алматыда «ұлтшыл», «халық жауы», «қоғам үшін зиянды» деген жала­мен атып өлтіреді. Дегенмен, оның ең маңызды қазақ ой­шылдарының бірі ретіндегі атағы мен поэзиясы мәңгі сақталып қал­ды.
XIX ғасырдың соңғы он жыл­ды­ғында Алматы облысы Ақсу ауданында атақты ақын, шынайы сөз шебері Ілияс Жансүгіров (1894-1938) дүниеге келді. Ол Қа­ра­ғаш ауылының орта мектебінде оқыды. Ташкенттегі мұғалімдер курсын тәмамдаған соң, мұғалім болып еңбек етті. 1925 жылы Мәс­кеу­дегі Коммунистік журналис­тика институтына түседі, үш жыл бойы Еуропа классиктерінің шығармаларын тереңдетіп оқиды. 1934-1935 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болды, кейін 1937 жылға дейін Одақтың көркем әдебиет баспа­сын­да поэзия бөлімін басқарды. Сол кезде-ақ оның шығарма­шы­лығы қазақ халқының санасы үшін қауіпті саналып, 1938 жылы ақпанның 26-ында жазықсыз жазаға ұшырайды.
Ілияс Жансүгіров поэзиясында әлдеқашан басталған бойсұну­шы­лық, қашып құтыла алмайтын әл­сіздік, өмірден қатты түңілу сезі­леді. Жас болған кезде мінсіз өзгерістер мен махаббатқа құш­тар­лыққа сену оңай, ал қартай­ғанда экстаз әлсірей бастайды, ынтызарлық басылады. Ақиқатты мойындау мен одан қашу арасын­дағы кернеу Жансүгіров маэстро­ның көптеген өлеңдерінде көрініс тапқан. Оның «Боранда» атты өлеңі табиғат көрінісін бейнелейді. Ол адамның табиғатпен күресін және табиғаттың алдындағы әлсіз­дігін нышанмен (символмен) көр­сетеді, адамның дауысы қарғаның қарқылынан да бәсең еді дейді ақын.
Өз буынының тағдыры маң­дайы­на жазылған ол да жазықсыз атылды. Жалғыз кінәсі – Отанын шексіз сүйген сол қадірлі кі­сілер­дің өмірлері не деген қысқа бол­ған!
Әбділдә Тәжібаев (1909-1998) (биография аударылған жоқ) Он­ың осы антологияға «Құм» атты өлеңі енді. Ақын оқиғаларды аз сөзбен суреттейді, оның көзіне шалынбайтын ешнәрсе жоқ: ол өткен мен қазіргіні, түйсік пен даналықты, сезімдерді, мысқыл мен жан ауруын біріктіреді. «Құм» деген жалғыз сөз ақынның тол­ғауында уақыттың өткіншілігін, өмірдің маңызды еместігін білді­реді. Ақырында құмды жел алысқа әкетіп, ғайып болады.
Осы жинаққа енген қазақ өл­ең­дерінің арасында көзге түсетін, нақтырақ айтқанда, менің талға­мыма сай келген туындылар­дың бірі – көрнекті ақын Қасым Аман­жолов­тың (1911-1955) «Испанка­ны сүйемін» атты өлеңі. Аман­жо­ловтың жаңашылдығы сол кездегі поэзия қағидаларын жеңу болды. Оның шығармалары (өлеңдері) бізге бұған дейін қазақ поэзия­сында белгісіз болып келген сезім­тал пернелі күшті жеткізе білді, бұл оның толық әртістік дер­бес­тігін көрсетеді. Ұзақ жаттығу­лар­дың нәтижесінде ғана алынатын тәжірибе мен білімді көрсетеді, шеберлігі артады (техникасы тазарады), ал өлеңнің мақсаты жан толғандырады. Оның шынайы мазмұны мен лингвистикалық құрылымы арасында тығыз байла­ныс бар. Кез-келген ұлы поэзия­ның ерекшелігі – көп мағыналы құндылығы. Төмен ағудың ор­нына, жоғарыға ұмтыл­ған сарқы­ра­ма сияқты.
Бұл өлең – әйелді, испаниялық әйелді құмарта дәріптеу туралы оқиға, ақын оны өмірді һәм өзінің тағдыры сияқты сүйеді, көзсіз құ­мар­лықты жырлайды. Бұл сирек кездесетін және тамаша көрініс – өзінің жанын ашып көрсету, мөлдір құштарлықтың ауырлығы, еркіндік: әлемге қарсы шығу да, өзінің өлетінін мойындау да бар, бұл жөнінде Хуан Рамон Хименес былай деген: «Уақыты көп болу мәң­гілікке қол жеткізу дегенді білдір­мейді» немесе Октавио Пас­тың сөзіне қайта оралсақ: «Махаб­бат бұл сексуалдық пен құштарлық бостандығы емес, физиологиялық функцияны орындауға деген құ­қық та емес, ол еркін таңдау…».
Қасым Аманжоловтың поэти­калық гаммасы алуан-түрлі, оның өлеңдерінен ізгі кісі байқалады, ол өзгелердің бостандығын сүйген, ал оның бірегей поэзиясын есепсіз көп оқырмандар сүйген. Ол өзінің оқырмандарымен мына жолдар арқылы қоштасқан:
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Хамит Ерғалиевтің поэтика­лық қасиетіне ешкім күмәндана алмайды. Ол сөз шебері болған, сондықтан, Құдайға шүкір, ол керемет ақын және кемеңгер аудар­машы бола алды. Оның тілі құстардың қанатындай, олардың қалықтағанындай жеңіл болды. Ол қазақ тіліне Ульям Шекспирдің сонеттерін аударғанда, Ұлыбри­тания Ұлы Мәртебелі Елизавета Ханшайымы шыдай алмай, оған жылы лебізді хат жазды, Ульям Шекспирдің шығармаларын қазақ тіліне тамаша, мінсіз аудар­ғаны­мен құттықтады. Менің ойымша, поэзияның күші монархты әсер­шіл, эмоциялық адам баласына айналдырды. Содан бері мен поэти­калық аударманың кереме­тіне және де Ерғалиев іспеттес ақындарға сенемін. Дегенмен, бұл ақын қандай болды екен? Мен онымен ешқашан танысып көрмегенмін, тек оны өлеңдері арқылы ғана таныдым. Поэзия мен оның басқа тілдерге аударма­ла­рында керемет, тамаша бір нәр­се бар, ол – таңғаларлық ішкі түйсікті (интуицияны) дамытады. Сол сезімнің арқасында мен Ерға­лиевті көз алдыма елестетіп, оның өлеңдерін аударамын. Маған оның «Әлі есімде…» атты өлеңінің испан тіліне жолма-жол аудармасы келіп жетті, маған оны өз туған тіліме ау­дару керек болды. Оны жасамас бұрын қазақ әдебиетіне жаңа жанр – сонетті енгізген Ерғалиевтің еңбегі зор болғанын еске салған жөн. Оның «Сонеттер» деп ата­латын кітабы қазақ поэзиясының інжу-маржаны болып саналады.
Сонымен, біздің Хамит Ер­ғалиев қандай болды? Мен оның түрін Қазақстаннан келіп жеткен бір кітаптағы фотосуреттен көр­дім. Шағын, морт денелі, көздері кішіректеу, жымиысы ғажайып, дегенмен еңбек етуге зор қабілет­тілігі болған адам екені бірден аңғарылады. Ол орыс Парнасын (ақындар мен поэзия әлемі) көп­теп аударды (Пушкин, Лермонтов және көптеген басқа ақындарды), Сократқа дейінгі көптеген траге­диялық ақындарды (олардың ішінде Софоклды), түрік ақын­дарын (Назими Хикмет), мажар (Петофи), парыс, қырғыз, тіпті Чилидің алып ақыны Пабло Неру­даның өлеңдерін біздің тілден ау­дар­ды. 81 жасында қайтыс болға­нына қарамастан, ол поэзияға шынайы берілген еді, ол аударған кітаптар саны оның жасынан да асып кетті.
Ол отыз әдемі жыр жинағын жазды, олардың ішінде «Әке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Сенің өзенің», «Екі поэма», «Біз­дің ауылдың қызы», «Ғасыр дау­сы», «Күй дастан», т.б. поэмала­ры бар.
Оның «Әлі есімде» өлеңі бала­лық шақтан басталады, ол кезде әрдайым қар жауып тұратын. Қар музыкасы оны қанатының астына алып, өсірген, қардан мұз сарайлар жасалып, оның жүзіне қар жапа­лақ­тап жауатын, шөлін қандыра­тын. Ұлпа қар жер бетін әсемдеп, көк аспаннан жауып, оған оның қайта табысқан отбасы жайлы естеліктер сыйлайтын, ол тамаша әппақ қар болатын, ал қыстың соңында бұл әсемдік Эдемнің қасиетті суына айналатын.
Мұнда мұңды (элегиялық), терең сарын қатты сезіледі. Уа­қыттың әсемдікке салтанат құра­тыны анық. Қүңгірт өлім әуені жа­қын, өлім өмірдің өзінен де күрделі болып кетеді, себебі ол жақта ананың қамқорлығы жоқ. Мұң қайта оралады. Ақиқат, аяушылық пен әсемдік орынды араласады. Бұл өмірдің қысқа гүлдену кезеңі мен құлдырауын бейнелейді, бұл мұңдылық (мелан­холия) бір жұмбақты білдіреді: мұндағы жұмбақ – өмір (тіршілік), оны шешу мүмкін емес, мүмкін, сондықтан да біз оны одан да бетер сүйе бастаймыз. Ерғалиевтің өлең­дері үшін бокалымды көте­ремін! Мен оны сағындым!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір