Қазақ тарихында қазақ мақтанатын нәрсе көп
14.12.2018
2199
0

«Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» – Елбасымыздың осы пікірі қанатты сөзге айналып кетті. Президенттің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы енді бізге «Қазақ тарихында қазақ мақтанатын нәрсе көп» деп айтуға мүмкіндік беріп отыр. Елбасының жаңа еңбегі бізді тарихқа жаңаша қарауға шақырады. Президент сол жақсылықтарды жарқыратып көрсетіп отыр. Ұлы Даланың жеті қырының әрқайсысы жеке-жеке ғылыми конференцияға арқау етілерліктей еңселі. Соның біреуін ғана жақында баспасөзде әңгіме еткен болатынбыз.


Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты

Бүгінгі таңда елдікті көтеретін қадамдар жүйелі түрде жасалып жатқаны барша жұртты қуантып отыр. «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының заңды әрі жарасымды жалғасы ретінде жарық көрген Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласы Президентіміздің қандай шаруаны да терең қазып, жан-жақты ойлас­тырып барып қолға алатынын кезекті рет келісті етіп көр­сетіп берді. Елбасымыздың бұл елеулі еңбегі бізді болашаққа терең таныммен қарауға үндейді. Ұзақ жылдар бойында сан ға­сыр­лық бодан­дықты, отаршылдықты, езгіні, мың өліп мың тірілгенімізді айта-айта, жаза-жаза тарихи шындықты ақтарып келеміз. Бірақ сол за­мандағы ондай кеп әлемдегі көп халықтың басына түскенін де ұмыт­пауға тиіспіз. Дүниеде еш ­уақытта ешкімнің боданында бо­лып көрмеген ел некен-саяқ. Қор­лығын жасап, зорлығын жа­сап, жат жерді басып алып, билеп төстей берген зұлым күштер адам­затқа ортақ мехнат болатын. Сәт сағаттар соққанда әрбір ел өзі­нің жаңа тарихын бастап, Тә­уелсіздік жолына түсті. Сондықтан Елбасы­мыздың бұл мақаласы тарихы­мызға белгілі бір дәрежеде биік тұрғыдан қарауға, ондаған жылдар бойы санамызға сіңіп қалған кейбір комплекс­терден ары­луға үндейді. Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы даланың жеті қырын айшықтап көрсету арқылы біздің жерімізде әлемдік өрке­ниетке нақты үлес болып қосылған жаңалықтарды айтады. Мәселен, ежелгі қазақ жеріндегі атқа міну мәдениетін айтсақ болады. Қазіргі СҚО, Бопай қонысында алғаш рет жыл­қылар қолға үйретілген. Қа­зір­гі таңда бұл жайт ғылыми тұрғыдан дә­лелденіп отыр. Сондай-ақ ежел­гі металлургия бойынша да біздің ауыз толтырып айтарлық еңбегіміз бар. Осындай әлемдік жаңалық­тардың қазақ жерінде пайда бол­ғаны бізді мақтаныш сезімге бө­лейді. Президентіміздің мақаласы бізді бұдан ары жаңа мүмкін­дік­терге бастайтынына сенімім мол.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір