Тәуелсіздік: жырақтағы қазақтардың ой-пікірінде
14.12.2018
1724
0

Бодандықтың ащы дәмін татқан, өмір бойы туған отанын көре алмай қор болған, көзі ашық, көкірегі ояу, ұлттық санасы мен намысы жоғары шетел қазақтары қызыл империяның құрсауында қалған Қазақстанда не болып жатқанына үнемі құлақтарын түріп, көңілдері алаңдап, сағынышпен күн кешкен. Сондықтан, қызыл империя құлап, оның отары болған ұлт республикалалары 1991 жылы бірінен соң бірі бостандық алып, салтанат құрып жатқанда, «Қазақстан қашан тәуелсіздігін жариялайды екен» – деп, күн санап, ай санап, тағатсыздана күттік,– дейді Түркия, Моңғолия және Қытай қазақтары. Оның алдында КСРО-ны сақтау жөнінде референдумда Қазақстан халқының 80 пайызы «КСРО сақталсын» деп дауыс беріпті деген лақап тарады, сонда «Қытай қазақтарының көңіліне қобалжу ұялап, қажып кеткендей болдық, – дейді Оспан батыр Исламұлының (1889-1951) «Бала батыр» атанған атақты мергені, көзі тірі Құнанбай батыр.


Ахмет Тоқтабай,
тарих ғылымдарынның докторы, профессор

Қазақстанның еркіндік алатынына бірден-бір сенген – Түркия қазақтары. 1991 жылы 25 қыр­күй­екте Анкараның Есенбұға алаңында 200-ден астам қазақ ұлттық киім киіп шығып: «Қа­зақ­с­тан Жұмһурбашканы Нұрсұлтан Назарбаевқа жалынды сәлем! Жер бетіндегі қазақтың жалғыз көсемі «Көсегең көгерсін!» деген сөздер жазылған плакаттар ұстап қарсы алды дейді осы оқиғаны көзімен көрген делегация мүшесі Оқап Қыдырханов (О.Қыдыр­ханов «Өз елім – өзегім». Алматы 2012, 60-бет). Түркиялық қазақ ағайындар Назарбаевты – «Жұм­һур­башкан» яғни, президент деп қарсы алуы Қазақстан егемен ел дегенінің белгісі еді. Делегация мү­шелері – Жазушылар одағы­ның басшысы Қ.Найманбаев. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы Т.Әбдікпен, Құранды қазақ ті­ліне тұңғыш аударған О.Қы­дыр­ха­новпен әңгімесінде 80-нен ас­қан Ұядан Ақай қария былай деген: – Бауырлар, егемендіктің ерекше бір белгісі жетпей тұрға­нын айтсам, айып етпеңіздер. Қа­­зақстан президен­тіне көрсет­кен жаңағы құрмет менің өмірім­дегі ең зор қуанышым. Бұған жет­кізген тәңірге мың шүкір­ші­лік. Әттең, жаңағы жерде «Истихлал Маршнан» (Түрік гимн­і­нен) соң қазақтың өз мемлекеттік гимні ойналса, біздің бойымызда­ғы қан кернеуі екі есе ұлғаяр еді-ау (Бұл да сонда, 60-бет).
Шетелдердегі қазақтармен қоян-қолтық араласып өмір тұр­мыс­тарын көріп әңгіме-дүкен құрғанда, ешкімнің қас-қабағына қарамай, жалтақтамай, өз елінде­гі­дей емін-еркін жүріп жатқан Түркия қазақтары ғана. Өкінішке қарай, мұндай жағдай, тіршілік басқа бірде-бір алыс-жақын ше­телдердегі қазақтарда жоқ. Біраз жылдар қазақ диаспорасын зерттегенде ойыма түйгенім осы.
Қазақстанның тәуелсіздік алғанын естіген Пекиндегі жүз­де­ген қазақ студенттері жиналып бұрынғы гимннен «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деген сөздермен бірін-бірі құттықтап, Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін шырқайды…
Қазақстан тәуелсіздік алып, өзінің бостандығын жариялап, Назарбаевтың сөзін радиодан естігенде Шыңжаң қазағында қуанбаған адам жоқ» – дейді жазушы Көбен Асқарұлы. Үйдің ішінде бір адам қуанса менің әк­ем қуанды, 90-нан асып көзі көрмей қалған болатын. «Көзім көрмесе де, көңілім сенді. Мен бақытты екем, қазір өліп кетсем де арманым жоқ», – деді әкем. Ол кісі екі жылдан соң қайтыс болды. Назарбаевтың сөзін естіген соң «Алтай аясында» журналы­ның мекемесіне бардым. Жур­нал­дың бас редакторы менің аталас бауырым Қабыл деген жігіт еді: – Аға, Қадыс Уәли Алтай аймағының губернаторы бізде жиын ашсам деп жатыр, бірталай зиялылар мен кадрлар түгел қатысады, сіз Ғалағаңды заман­дасыңыз ғой шақырып келіңізші,біздің шақырға­нымыз­ға келмейді, – деді. Ғалымбек деген кәрі төңкерісші түрмеден келген, үйінде жатып алады, қызметіне көп келмейді, зейнет­керлікке шығуға таяу жүрген. «Мақұл» дедім де үйіне барып есігін қағып едім, әйелі қызметіне шығып кеткен кез, есікті Ғалым­бектің өзі ашты. Үйі арақ сасиды, үстел­дің үстінде жарым бөтелке арақ тұр.
– Ай, Ғалымбек, – дедім, Се­нің әкең Әует арақтан өлген жоқ, найзағай түсіп өлмеп пе еді, мы­на­уың не, таң атпай істегенің, үйің арақ сасиды.
Ғалымбек: – Дәл айттың, жай түсіп өлген әкем тірілді, міне сол үшін ішіп отырмын. Сен отыр, мен әңгіме айтып берейін. Жиырма жыл түрмеде отырып кел­дім, келгеннен кейін үкімет «сенде қылмыс жоқ екен, сен ақ адам екенсің» деп мені қызметке орналастырды. «Алтай аясының» редакциясына келіп, директор болдым, әйел алдым, бала сүйдім, жаңағы 20 жылғы бейнет ұмы­ты­лып кетті, бірақ көңілімде бір мұз қатып қалып еді, сол мұз бүгінге дейін ерімей келіп еді, бүгін түні еріді. Ақдалада айдауда соңғы жылдары жүргенде аздап еркін­дікке шығарып, жаздың бір күні мені егін суаруға жіберді. – Түскі тамақ ішіп келейін, – деп суды тоспалау жерге байладым да, асхананың тамақ беретін тесігінің ау­зына келсем, қалың кезек. Суым орып кетеді-ау деп біреудің ке­зегін алайын десем, ешкім ке­зе­гін бере қоятын емес, кезек­тің ар­тына тұрсам, суым қа­шып ке­те­тін түрі бар. Тұрған­дар­ды жа­ғалап келсем 6- қатарда өзім­мен қалжыңдасып жүретін бір мұңғыл бар еді, қолында ыдысы бар әлгі жай­барақат тұр екен. Ту сыртынан келіп итеріп жіберіп едім, сенделіп кетіп қолындағы ыдысы ұшып түсті.
– Жаман қалмақ, бұл сен тұ­ра­­­тын жер емес, мен тұратын жер. Мұңғұл жерге түскен ыдысын алып, ішіндегі топырағын сүртіп тұрып:
– Ай, Ғалымбек сен қазақтың оқыған зиялысысың, оңшыл, теріс төңкерісшіл болып келген­сің. Мен үкіметтің бір қойын ұрлап жеп қойған Балғанжап атты қойшымын, өзім ұры, өзім надан. Сен «жаман Балғанжап» десең, оның дұрыс, мен мойындаймын, енді «жаман қалмақ» де­геніңе келіспеймін. «Жаман қал­мақ» дегенше, «500 жыл тө­бе­ме шай қайнатқан қалмақ» де. Әкең­нің аузы, қазақ сенің нең бар, менің жаман да болса мем­леке­тім бар.
– Әлгі сөзді естігенде, көзім­нен жас шығып кетті. Тез жүріп артыма да, тамаққа да қарамай кетіп қалдым. Осы сөз көңілімде мұз болып қалып, ойымнан кетпей қойды. Бүгінгі күні дербестік алғанда сол мұз еріді, содан ішіп отырмын.
– Енді оттамай арақты құй екіге бөліп!
Мен де Ғалағаңның сөзіне ірі­леніп кетіп бөтелкені екіге бө­ліп құйып ішіп алдық. Көшеге шықтық, бір топ адам шулап жүр: «Қазағым жасасын!», «Қазақстан жасасын!», «Қазақстан дербес мемлекет болды!» деген ұран сөздер естіледі, әлгілерге қосы­лып, Қабылдың өзін қосып алып, түнде жиналысқа бардық. Жиналыстан рухтанып шығып, үш күн тойладық. Әбден қас қарайғанда үйге қарай келе жатсам, бұрыш­тағы үлкен қақпаның алдында біреу сұңқылдап жылап отыр, масаңдау екен, жақындасам өзім­мен бір сыныпта оқыған сабақ­тасым Әбілкерім деген ұйғыр мұғалім.
– Ай, саған не болды ботадай боздап? – деймін.
– Мына ШарРуссияның (ұй­ғыр­лар Ресейді «ШарРуссия» деп атайды) Азияға жеткен аяғы біз­дің Қашқарияға неге жетпей қалған?
– ШарРуссия кезінде Ал­ты­шәр­ға дейін аяғымды көсілем деп, Шоқан Уәлихановты жібер­ген. Біздің Шоқан Уәлиха­нов барды емес пе сенің Қаш­қарияңа. Шоқанды қуалап жі­берген пат­шаң­нан, өздеріңнен көр, тұр, кет үйіңе, – дедім… (3)
«Қазақстан қашан тәуелсіздік алады?» – деп күн санап күтіп жүрд­ік дейді. Моңғолияның вице-премьері Зардыхан Қи­наят­ұлы. Моңғолиялық қызметтес әріптестер: Сендер қазақтар орыс­­тың құшағынан шықпай қойдыңдар ғой, сірә? Қазақтар орыс болып кеткен бе, Қазақстан Ресейдің қоластында мәңгі-бақи қалды емес пе? т.с.с әзіл-қалжы­ңы аралас сөздермен күнде қа­жайды. Бір күні Министрлер кабинетінің мәжілісінде отыр едік, қызметші қыз есіктен кірді де аяғын тез басып премьер- ми­нистрдің жанына келіп алдына бір қағазды қойып кетті, премьер қағазды қарады да менің алдыма ысыра салды, қарасам «Қазақстан Тәуелсіздік алды» деген телеграм­ма екен. Көзімнен жас шығып кетті.
Моңғолия қазақтарында Қа­зақс­танның тәуелсіздік алғаны соғым басына шақыру дәстүрімен сәйкес келеді. Дастарқанға жи­нал­ған халықтың қыстың ұзақ сары таңында бірден-бір әңгі­мелері Қазақстанның жеке мемлекет болғаны туралы болады, ән айтылып, күй шертіліп, сыбызғы тартылады. Кейбір отбасылар арнайы ақсарбас сойып, Қазақ­станның тәуелсіздік тойы деп атап өтеді. Жастардың арасында Қазақстан жеке мемлекет болды, біз өз елімізге кетеміз деген сияқ­ты сөздер айтылып, моңғол­дың ақ­шасын жыртып, лақтырған келеңсіз жағдайлар да болыпты.
Қазақ дәстүрінде атақты ұлы оқиғаларды «Көкқасқа» деп жыл­қыны құрбандыққа шалып атап өткен. Моңғолия мен Ресейдің жылқы ұрлаушылары сонау ақпатшаның заманынан бастап, қазіргі күнге дейін бір-бірімен байланысып, Моңғолия жағы өздері ұрлаған жылқыны Ресейге, ресейліктер Моңғолияға өткізіп бір-бірімен айырбас жасап, сөй­тіп бірінің ұрлығын бірі жапқан­дықтан, жылқы сіңеді екен. Бұл ежелден барымтаның «өткерме» деп атаған түрі. Екі жақтан да жыл­қы ұрлығын жасайтын қазақ­тар, Моңғолиядан керейлер, Ресейден наймандар. Ресей жағы­нан жылқы алып келе жатқанда екі елдің шекарашылары бірігіп рейд жасап, барымташылардың жолы бөгеліп қалады. Қыстың күні аяз, барымташылар түнде ғана от жағып жылынып, ас іше­ді, күндіз түтін шығарса көзге түсіп қаламыз деп сақтанады. Жылқыларды қалың орманның ішіне тығып тастаған, бір аптадай уақыт өтіп кетеді, сол кезде өзде­рінің радиоқабылдағыштары арқылы Қазақстанның тәуелсіз­дік алғанын естіп, атап өтпекші болады. Моңғолиядан да уәде­лес­кен жылқышылар келіп же­теді. Өңкей өрімдей жас жігіт­тер (16 мен 23-тің арасында) мұн­дай оқиғаға көкқасқа шала­йық деп бір тайды таңдап, жығып бауыздар сәтте ішіндегі біреуі: «Мал бата­сын берме, жан батасын бер­ме, бостан­дық батасын бер», – деп дауыстайды. Сонда жыл­қы­шылардың үлкенірегі былай бата беріпті:
«Көкқасқа
тайға бата,
Қазақстанның
тәуелсіздігіне бата,
Үш елдің достығына бата,
Қазақстанның
тәуелсіздігі баянды болсын,
Бүкіл әлем таныған
мемлекет болсын,
Көкқасқаның қанымен,
Көгерейік, көктейік!
Алла риза болсын!
Аллах акбар!
Сөйтіп екі жақтың жылқы­шылары Қосағаштан ( Ресей Федерациясы) арақ алдырып көкқасқаның еті біткенше Тәуел­сіздік тойын тойлап, өздерінше атап өтіпті. Екі күн өткен соң құрбандық шалғанын күткендей шекара ашылып, жылқыларын аман-есен айдап өткен екен.
Қазақстанның туына, туының түсіне, көк байраққа өздерінің ойларын айтып пікірлерін біл­дір­ген моңғолиялық қазақ, қалқа, тува дөрбет халықтары «Тудың түсі өте дұрыс таңдалған», «Ежел­гі көк түріктен келе жатқан көк байрақ қой» деген сөзді қазақ­тардан, «Көк аспанмен, кең аспанмен түстес екен, Көктәңі­рінің қасиетті көк түсі емес пе?» деген сияқты сөздерді моңғолдар мен тувалықтардың аузынан естідім.
Алтай өткеліне барып жүрген­де ұлты алтай Семен Кишкин қариямен әңгімелесудің сәті түс­ті. Біздің қазақ достарымыз бен таныстарымыз Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері діншіл болып барады. Мешіттерін салып жатыр, балаларын шетелге оқуға жіберіп жатыр, өз дініміз, өз құ­дайымыз, өз президентіміз бар деп кеуделерін қағады.
– Барлық қазақтың діні ислам, құдайымыз Алла! Сіздің айтып отырғаныңыз мүлде қате,– дедім мен.
– Ай, тұра тұр, қазақтың жеке Құдайы бар екен ғой, аты сенің есеміңдей – Ахмет, осындағы қазақтар арнайы автобус шыға­рып Түркістан деген қалаға барып жатады, Арабияға бармай-ақ сол жерге барып қажы боп келдік – дейді. Сонда ғана менің есіме Қожа Ахмет Йассауи сап ете қалды. Сексеннің сеңгіріне келген Семен ақсақалға Қожа Ахмет Иассауидің ешқандай құдай емес, ХІІ ғасырда өмір сүрген дін қайраткері, исламның суфизм бағытының уағызшысы, Түр­кістанда жерленгенін, Түркіс­танның қазақтың көне астанасы болғанын біраз тәптіштеп түсін­дірдім. Жасында Барнауыл уни­верситетінің тіл-әдебиет факуль­тетін бітірген саналы Семен ақ­сақал бірден түсінгеніне риза болдым.
Ташкент қаласына барып жүргенде өзбекстандық әріптес­теріміз мынандай бір әңгіме айтып еді. Өзбектің бір бай жігіті Синьцзянның Қашқар жағының бір ұйғыр қызына үйленетін болып, Ташкентте бес жүздей адам шақырып той жасайды. Қыз жолдас болып еріп келген сол жақ­тың қазағының қызы екен. Той үстінде қыз жолдасына сөз берілгенде, ол құйқылжыта қазақ әнін салады. Дауысы ерекше ашық, әннің қайырмасын созға­ны сонша, профессионал әнші ме деп қалдық. Бүкіл тойға келген қауым риза болып қол соқты. Сонда өзбектің елағасы жасын­дағы Тұрсын ака деген бір азаматы, асабаның қолынан микрофонды жұлып алып: – Қазағым жасасын! Қазақстан жасасын! Мен де қазақ­пын! – деп айқай салды.
Асаба: – Тұрсын ака, сізге не болды? Өмір бойы өзбек болып келіп, енді қазақ болғаныңыз?
Тұрсын ака: – Менің түбім де қазақ, қаным да қазақ, жаным да қазақ, жетпіс жыл өзбек болға­ным жетеді, – дегені бар-ды.
Тұрсын аканы Тұрсын аға қылған қазақ әнінің әуезі, өнердің құдіреті, сол өнерді шет жерліктерге мойындатқан қыз дауысы демекпіз.
Қай заманда, қай халықтың өнер тарихына көз салсақ та үздік өнер шығармалары белгілі бір тарихи толғағы жеткен оқиғалар шегіне жетіп, талантты өнер­паздар оны бірден байқап, мәң­гілік қайталанбас өнер туындыларын өмірге келтірген. Мысалы Бетховеннің 9-симфониясын алайық. Бетховен алдына мынадай мақсат қойған: Наполеон бүкіл Еуропаны әскери таланты­ның арқасында жаулап алса, ағылшындар бүкіл әлемнің теңіз­дері мен мұхиттарын бағындырса, мен музыкамен бүкіл әлемді жаулап алам деген екен. Бетховен мақсатына жетті, ал Бетховенді қамшылаған, сөйтіп мәңгі өлмес шығарма жасатқан Наполеонның әскери таланты, ағылшындардың соғыс теңіз флоты. Шостакович­тің «Ленинградтық» деп аталатын 7-ші симфониясы Ленинград блокадасының қай­ғы-қасіре­тіне миллиондаған аштан қырыл­ғандардың аруағына мәңгілік ескерткіш есебінде жазылған. Егерде Ленинград қоршауы болмаса , ХХ ғасырдың ұлы сазгері бұл шығарманы жазбас еді.
Қазақтың бостандық алған, егеменді ел болған сәтін музыкамен көркемдеген, бүкіл халықтың сүйіп айтатын әніне, керек десе­ңіз гимніне айналған «Көк ту­дың желбірегені». Авторлары – Шың­жаң өлкесі Тарбағатай айма­ғының тумасы, ақын Алмас Ахметбекұлы, Іле аймағы Күнес ауданының тумасы, сазгер Ермұ­рат Зейіпхан. Бұл азаматтардың жүре­гінде бодан­дықтың қамы­ты­нан құтылып, бостандыққа деген арманы, отаны Қазақстанға деген сағыныш, ата-бабаларының еркін­дік үшін төккен қан мен тері, егемендік алған елінің қуа­нышы түйісе келе, адамға ерекше күш пен асқақ рух беретін өнерді өмірге келтірген. Мұндай туынды жасау шын мәнінде бостан­дық­тың дәмін татып, қадір-қасиетін сезінген соны ойы мен санасына тоқып өскен шын таланттардан ғана шығады.
Ұлы Француз революциясы ақын Ежен Потье мен композитор Пьер Дегейтерге «Марсельезаны» тудыруға қалай әсер етсе, Қазақстанның егеменді ел болуы Алмас Ахметбек пен Ермұрат Зейіпханға сондайлық зерде мен күш жігер берген еді.
Көк Тудың желбірегені –
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат,
қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.
Көк тудың желбірегені –
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес,
Маған керегі –
Көк
Тудың желбірегені.
Көк Тудың желбірегені–
Елдіктің асқақ өлеңі,
Әр жаққа тартпай , Қазағым,
Бір жерге жинал дегені.
Көк тудың желбірегені –
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған Қазақтың
Көзінің мөлдірегені.

Шетелдік қандастарымыз Қазақстанның тәуелсіздігін жан-тәнімен түсіне білді, себебі олар жатжұртта қаншалықты тамақ­тары тоқ, киімдері көк болға­ны­мен «бостандық», «егемендік» деген сөздердің парқын біліп өсті. Сондықтан шетжерлік қазақтардың бұл оқиғаны елемей қалғаны жоқ, бөркін аспанға атып қуанды, кейбір жерлерде атап өтуге мүмкіндік болмаған жағдайда, іштерінен шаттанып, көңілдегі ойларын қағазға тү­сіріп, бізге жіберіп жатты. Бір­талай шетелдік азаматтар тәуелсіз Қазақстанға келгенде, бірнәрсе алам деп емес, тәуелсіз еліме не берсем екен, нендей үлес қоссам екен деген сезімде болды. Тәуел­сіздік қашанда тәтті ұғым, барлы­ғынан жоғары тұрады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір