Қазақтың Тынымбайы
07.12.2018
3570
0

Әдебиет бізге Тынымбайды берді. Әрқашан өзінің сергек ақыл, салқын сабырымен, сәл мысқыл аралас жымиысымен даңғой дақпырттың бәрінің үстінен аса қарап отыратын, ешбір ағым-бағыт, әдіс-тәсілдерге еліктеп-солықтай бермейтін, ішкі рухы мен ерік-жігері мықты, жасқанбай жазып, жалтақсыз сөйлейтін азуы алты қарыс Тынымбай Нұрмағамбетовті берді. Ал Тынымбай әдебиетке не берді? Тынымбай әдебиеттің 3 жоғын қайтарды: 1. Қазақы қазақты қайтарды.
2. Автордың құқығын қайтарды. 3. Кейіпкердің құқығын қайтарды.

Жазушы – көп, суреткер – аз.
Белинский

Біріншіден, біз әдебиеттегі ұлт қа­зақты, халық қазақты білеміз. Ал нағыз қазақылық сипаттың, нағыз қазақы қазақтың «физио­но­мия­сы» мен психологиясын Бейім­беттен кейін бізге жасап бе­ріп отырған Тынымбай. Белин­с­кий бір кезде «Орыста әлі әдебиет жоқ» деп қайғырыпты. Сонау Ломоносов пен Фонвизиннен бастап, Гоголь мен Достоевскийге дейінгі аралықты шолып емес, құмнан алтын сүзгендей сүзіп саралап отырып, осылай депті. Себебін тағы да өзі айтқан. «Нағыз орыс иісі аңқыған туынды өмірге келген кезде ғана, орыс әдебиеті басталады» – деген екен. Ал Ты­ным­­бай болса «нағыз қазақ иісі аңқы­ған» туындыларды беріп отыр. «Сонда қазақты Тынымбай ғана жазды ма?» деген заңды сұрақ туады. Қарапайым ғана бір тә­жі­рибе жасайық: көшеде кетіп бара жатқан кез келген оқушыны тоқ­татып «Қазақты қалай елестетесің, суретін сал» – деңізші. Ол сізге ду­лығалы батыр не тақта отырған хан, түйе, табақ-табақ қазы-қарта­ға төніп отырған кебеже қарындар­дың сұлабасын салып береді.
Сонда қазақтың ұрпақ сана­сын­­дағы бейнесі осы ғана ма? Осы уақытқа дейін біздің қазақ туралы берген ақиқатымыз осы ғана ма? Ал Тынымбай болса қазақ әдебие­тіндегі қазақ бейнесін осы мифо-логемалық, псевдоромантикалық сипаттан арылтты. Көптеген қа­лам­герлер қазақты тағдыры, та­рихы, тартысы мен күресі жағынан көрсетсе, біздің автор қазақты ұлттық кескін-келбет, қазақы мі­нез-құлық, қазақы құндылық пен қасиет, қазақы рух, ішкі психо­ло­гиялық дүрбелеңі, дүмпуі, арпа­лысы арқылы көрсетті. Бүкіл қо­ғам­ға, тіпті әлемге «кішкене» қа­зақ­тың көзімен қарап-ақ баға берді.
Екіншіден, автор құқығын қай­тарды дедік. Жасыратын не бар? Күні кешеге дейін авторды қоғам биледі. Автор өз ар-ожданы­ның бұйырғанын, өзінің авторлық менінің жан айқайын жаза алма­ды. Өзінің қаламгерлік табиғаты­ның топырағынан туындаған дүниені бере алмады. Көп қалам­герде әлі күнге дейін әлденеге, әлдекімге жалтақтау, жалпақше­шейлік бар. Тынымбай осы бет-пердені егемендіктен жиырма жыл бұрын жұлып тастаған.
Үшіншіден, кейіпкер құқығы. Біз ойлаймыз. Кейіпкерді дүниеге әкелетін – «әкесі» автор. Ендеше ол әкесі не бұйырса соны істеу ке­рек деп. Жоқ, кейіпкер автор қо­лын­дағы қуыршақ емес. Нағыз кейіп­кер өз мінез-құлқын, өз іс-әреке­тін, өз тағдырын өзі билеп, кейде «авторға бағынбай» кетеді. Толс­той Аннаны өлтіргісі кел­меген. Әуезов Ерболды, Базара­лыны жағымды кейіпкер жасай­мын деп ойламаған. Мустафиннің Шол­пан­ды Шәкенге өлтірту – үш ұйық­таса ойына кірмеген… Ты­нымбай кейіпкерге ерік береді. Ол кейіп­керді жетектемейді, кері­сінше, оған ереді де отырады. Ол әдебиет­тен кейіпкер-адамды ығысты­рып, адам-кейіпкерді әкелді. Тынымбай кейіпкерлері барлық жағынан қырнап-жо­нылған, елдің бәріне ұнауға тиісті кейіпкер емес. Өзінің бүкіл бол­мысымен, адами табиғатымен, сонау Әбіл мен Қа­был­дан келе жатқан пендешілі­гімен, осалды­ғымен, тіпті бейша­ра­лығымен де өмір үшін күресетін адам. Тағы да айтам: Тынымбай әдебиеттен әсіре гуманизмді, әсіре героизмді, әсіре патриотизмді тәрк етті. Оның кейіпкері ет-сүйек­­ті ажалды пенде, нағыз адам. Ал біздің әдебиеттен көріп келген «нағыз адамдарымыз» кім еді? Полевой­дың «нағыз адамы» еді. 40 метрлік шахтаға тірідей көмілген соң да «Интернационалды» шыр­қап жат­қан» жас гвардияшы­лар еді. «Қой шетінде Құрманбай, кон­церт беріп тұрғандай» (күні бойы қой баққан қойшы, түнімен ән шыр­қайды). Немесе «Айтты ол шырқап өрт ішінде, сүйген әні «Қарғам-ауын» (жанып жатып ән шырқау). Адам табиғаты, адами мүмкіндік деген қайда? Бұл жерде авторға – қоғам, кейіпкерге – автор зорлық етіп тұр. Тынымбай осыдан аман.
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жазылмай келе жатқан бір дерт – өзімізді өзгенің таразысымен өл­шеу, әлемге өзгенің көзімен қарау. Қарымды қаламгерлері­міздің өзін «Пәленшеге жетіп қалды, соған ұқсайды» деп бағалау. «Пәленше­ден» асып тұрған жері болса да, соны «көрмеу», көрсе де айта ал­мау. Бір ғана мысал Нобель сый­лы­ғын алған ағылшындық жапон Кадзуо Исигораның Нобель ала­тын­­дай кереметі неде? – деген сұ­раққа біздің сыншы былай дейді:
– Ол мәңгілік тақырып – адам­дық ар-ұят, абырой дегендерді жаңаша көзқараспен саралайды. Аға ұрпақтың қастерлеген құн­ды­лықтары жаңа ұрпақ үшін құнсыз боп қалды. Осыдан келіп бас кейіпкердің жан дүниесінде терең психологиялық күйзеліс туындай­ды. Қысқасы, ескі мен жаңаның, уақыт пен уақыттың арасындағы қақтығыс – мәңгілік майдан…
Ал біз үшін осы ешкім айтпаған керемет жаңалық па? Дәл осы тақырыпты біздің қаламгерлер баяғыда-ақ көтеріп қойған жоқ па. Шерханның «Мылтықсыз май­даны», Әбіштің «Қара кемпірі», Дулаттың «Әпкесі» мен «Дер­менесі», Төленнің «Қона­қтары», Тынымбайдың осыдан 40 жыл бұрын жазған «Тұнық суында» айтылып кеткен дүние ғой. Әттең, біздің қаламгерлердің әлемдік деңгейге шығу мүмкіндіктері аз. Әлдекімдердің өті жарылып кетсе де айтайын: атақты деген шетел қаламгерінің (Нобель алғаны да бар) туындылары көркемдік сипа­ты жағынан біздің қазақ қаламгер­ле­ріне жетпейді. Тек қана олардың жарнамасы жақсы, әлемдік арена­да көріну потенциалы мықты. Осыларды әсіре жарнамалап жат­қандар – орыс сыншылары. Әлемдік әдебиеттегі өздері білетін бар-жоқ ағым-бағыттарды, әдіс-тәсілдерді әлгі өзі жарнамалап отырған ав­торға жапсырады келіп. Бір ғана мысал – Орхан Памуктегі «евро­пеи­зация» деп дабырайтты келіп. Бірақ, шын зер салып оқы­ған адамға Орхан Памуктің қай туын­дысын оқымаңыз, «европа­лық Түрікті» жаза отырып, өз халқы­ның құндылығын аңсау бар. «Мо­дернист» деп айдар тағылса да, Па­мук шығармаларында мо­де­р­низм­нің иісі де жоқ, тек кейіп­керді адам деп қарау ғана бар. Бұл жағынан біздің автор Памуктен аспаса кем емес. Негізі әлем әде­биетіндегі әдіс-тәсіл кез келген әдебиетке сіңіп кете алмайды. Әр халықтың өз әдіс-тәсілі өз топыра­ғында туындайды. Тек әккі сын­шылар автордың шеберлігін айт­қан болып, өз «жиған-тергенін» көрсетіп қалу үшін, оқырманмен «интеллектуалдық ойын» ойнай­ды. Соңғы кезде шетелдік авторды жарнамалайтын орыс сыншыла­рының аузында «әлемді жалт қаратты» деген фраза пайда болды. Ал несімен, қай қасиетімен жалт қаратты – оны айтпайды, айта алмайды. Ал сол кітаптарды оқысаң, қарадай қарның ашады. Әлгі сыншы айтқан кереметтер қайда? Әттең, сол әлем Нұрмағам­бетов­тің «Мешкейін» оқыса, батысқа бұрып тұрған мойын­дарын шығысқа бұрып, жалт қарар еді-ау… Біздің қазақты нандыру үшін шетелдік біреумен салыстыру керек болды ғой бұл заманда. Онда мен Тынымбайдың «Мешкейін» Кафканың «әлемді жалт қаратты» деп мақталынған «Замогімен» қатар қояр едім. Бірақ, көркемдігі мен суреткерлігі жағынан біздің автор әлдеқайда жоғары тұр. Ылғи ғана диалогтан, төл сөз бен төлеу сөзден ғана тұратын, қарапайым тілмен айтсақ, төрт-бес кейіп­кердің жауаптасу-салғыласуынан тұра­тын бұл роман қалай әлемнің си­рек туындысы аталды екен? Қыс­қасы, землемер К. мырза ға­жап замокқа (сарайға) қалай жете алмаса, оқырман да кітап соңына солай жете алмайды. Ал оның астарындағы терең филосо­фияны, сатираны оқырман қайтсін. Оқыр­манға тартымды оқиға, тартысты сюжет, шұрайлы тіл керек. Не ке­рек, бағалар адам болса, біздің қазақ қаламгерлерінің суреткерлік шеберлігі көш жоғары екен-ау.
«Мешкей» – терең философия­лық-сатиралық әдіспен берген роман. (Осы жағынан Кафкаға ұхсас). Дәл қазіргі қазақ қоғамы­ның айықпас бір дерті – ашкөздік, жегіштік. Бұл – қазіргі қазақ қоға­мының қасіреті, трагедиясы. Тр­а­гедияны күлкімен көмкеріп, са­ти­ра­мен жымдастыра өріп, кейде удай ащы сарказммен көміп, сөйте тұра, бір ғана адам арқылы бір қоғамның бет-бейнесін жасап беру ғажап емес пе. Мақала-са­тира, әңгіме-сатира, новелла-сатира емес, бүтіндей біртұтас са­тираға құрылған роман көп пе қазақта? Сіз сатира оқып отырсыз, бірақ мәз боп күле алмайсыз… Себебі, бұл – қасіретке құрылған сатира. Бұл – біздің қоғамның қа­сіреті, қазақтың қасіреті, сіз бен біздің қасіретіміз. Кімді аярыңды білмейсің, желініп жатқан өзіңді ме, жеп жатқандарды ма әлде болашақ ұрпақты ма. Қасіретті күлкі! Мұндай шеберлікті сіз Шекс­пирден ғана немесе Кафка­дан ғана іздемеңіз. Тынымбайды оқыңыз. Мешкей-Алыпхан – бүгінгі қоғамдағы ашкөздіктің алып бейнесі. Байлыққа ұмтылу жолындағы тойымсыздық, ала берсем, баий берсем, тағы… тағы. Байлыққа, атақ-даңққа, бақ-беделге өлермендене ұмтылу. Сол жолда адамдық ар-ұят, намыс, қарапайым халықтың обалы мен еңбегін аттап өту, сол жолда небір намыссыздыққа барып, былыққа бату. Сол жолда өтірік айту, жа­ғымсу, екіжүзділік. Сол жолда адамдық бейнеден біртіндеп айырылып, санасы тұманданып, көзін шел, ақылын шаң басып, адами құндылықтардан біртіндеп ажырап, білім, мәдениет, сезім, мейірім, махаббат дегендерден жұрдай болып, ақкөз кещеге, ми­ғ­ұла мақлұқатқа айналу. Бұл топта жалғыз ғана мақсат – ішсем, жесем, алсам, жымқырсам, байы­сам… Одан басқа ой да, арман да жоқ. Сіз қазіргі қоғамдағы белгілі бір топты, жаңа байларды, ай­надан көріп отырсыз. Бірақ, қы­зықпайсыз, жиренесіз. Автор лейтмотиві де осы болатын. Енді автордың осы жерде бір шеберл­і­гіне тәнті боламыз. Ол негізгі мотивін тамаша көркемдік шешім­мен береді. Мешкей жарылып кетті. Философиялық түйінді де, авторлық үкімді де өзі айтпайды. Елеусіздеу ғана бір кейіпкердің аузымен айтқызады. «Мешкейлік ата-бабасында жоқ екен. Өз ба­сында ғана екен. Сондықтан, көтере алмады. Жарылып кетті», – дейді дәрігер. Қоғамды айыптаса да, ұлтын арашалап тұрған автор көрегендігіне тағы бір риза бола­мыз. Мешкей ең соңғы сәтінде өлім мен өмірдің арасында жанта­ласып жатып, аспанға сұқ саусағын кезеп, өзі де сол аспанға телмірген күйі бақырайды да қалды. Ең соң­ғы сәтінде Алла бары, Тәңір соты есіне түсті. Ұрымтал деталь!
Қоғамдағы күллі ашкөздерге – Алыпхандарға «Құдайыңды ұмытпа» дегені де… Егер осыны автор аузымен айтса, бос мылжың­дық, әсерсіз уағыз болар еді. Ал аспанға кезелген жалғыз саусақ қан­дай сұсты әрі қандай жұмбақ. Көп­ке дейін көз алдыңнан кетпейді.
Автордың «Ауғандық құстар», «Мылжыңдар», «Күрес партиясы», «Ұлттың дерті», «Жауап», «Ма­ньяк», «Тотықұс» әңгіме-хи­каят­тары да дәл осы әдіспен жа­зылған. Дәл қазіргі қазақ қоға­мын­дағы мансапқорлық, пара­қорлық, рушылдық, партия­шылдық, «зия­лы» деп аталатын қауымның өзін­дегі мылжыңдық, көпсөзділік, білімсіздік, шен­құ­мар­лық, қазақы мақтан… Қазіргі қоғамның бет-бейнесін айнытпай түсірген. Ең шебер суретші де дәл осылай сала алмас еді. Автор туын­дыларын оқып отырып автордың біліміне, қаламгерлік қабілетіне, суреткер­лік талантына, талғамына және ба­тылдығына таңғаласыз. (Сен­бесеңіз «Тоты­құсты» оқыңыз. Егер сонау бір жылдар болса, автордың басын жұтатын туындылар бар).
«Періштелердің өлімі» – қа­зіргі қазақ қоғамы қасіретінің куль­ми­нациясы. Ол шетелдік­тер­дің босағадан жыландай жылжып кіріп, бай қожайынға айналып, аңқау қазақты торына түсіріп, қармақ ұшындағы жемге айнал­дыруы. Күнкөріс үшін ғана ауыл­дан қалаға ағылған қазақтың бей­күнә, қулық-сұмдықтан ада, аң­ғал, ақкөкірек жастарының шетелдік қожайынның құрбаны болуы. Нұрмағамбетовтің сурет­теуіндегі «қай ұлт екені де белгісіз, түксиген қалың қабақты, ала көзді» қожайын адам емес, қазаққа болашақта төніп келе жатқан үлкен бір сұмдықтың, кесапаттың жанды бейнесі тәрізді. Бұл – қа­зіргі шындық. Бұл – сіз бен біз қысқа күнде қырық рет сезініп, содан шошынып отырған шын­дық. Егеменді ел болдық деген кездің удай ащы шындығы. Соларға әй дер ажа, қой дер қожа бар ма? Бұл тақырыпты автор ашына жазады. Атқа тіл бітіре ме, құсты сөйлете ме – әйтеу қазіргі қоғамдық би­ліктің, тіпті сонау «үлкен» адам­дардың каррика­ту­расын Тыным­байдай жасап берген автор жоқ шығар.
«Сәмбі талдың мұңы», «Бойтұ­мар», «Тұнық су», «Шал, мая, жел» әңгімелерінің ерекшелігі – Май­танов сөзімен айтсақ, «мекен­шағында». Бұл туындыларында автордың көтеріп отырған про­б­лемасы – мекені жағынан қазақ­тың емес, ғаламдық, ал шағы (уақыты) жағынан ғасырлық емес, мәңгілік. Өйткені, бұл шығарма­лар­дың кейіпкерлері «өз заманы­ның кейіпкері», яғни, кейіпкер-адам емес, адам-кейіпкер. Адам мәң­гі­лік екені рас болса, бұл шы­ғар­малар да, олар көтеріп отырған мәселелер де мәңгілік. Қай ғасыр­да қай ұрпақ көзімен қарасаң да жатсынбайтын, ескірмейтін, тоз­байтын тақырып. Автор қазіргі адамдар тағдырын өзек етіп ала отырып, мәңгіліктің бітіспес ала­пат соғысын жыр етеді. Бірақ, бұл соғыс ашық алаңда емес, кейіп­кердің ішкі жан дүниесінде, ақыл-санасында, мінезінде, психоло­гиясында жүріп жатады. Өз за­манының ардақтысы болған кейіпкер жаңа ұрпақ үшін қадірсіз болды. Ол табынған құндылықтар аяққа басылды. Ол бағалаған адалдық, ерлік, махаббат, тұрақ­тылық – жаңа ұрпақ үшін ақы­мақтық, ездік, топастық, ын­жық­тық боп саналды. Өзінен өскен өскіннің қатыгездігі, кесіп алса қан шықпас қанпезерлігі, ар-ұят, әдептен жұрдай, тілге-шолақ, іске-олақ, «қазақпын» деуге ар­лануы… Өз ұрпағының әр айуан­дық әрекеті сайын ол өз заманы­ның бір артықшылығын есіне түсіреді. Аярлықтан ада, таза, адал, момын, қарапайым, әдет-салтты сақтаған, Ұлтын, Отанын сүйген өз замандастарын үздіге, зарыға сағынады. Кейіпкер ішкі даусымен, ішкі «менімен» ышқына айғайлайды. Әлдекімді жанұшыра шақырады. Әлдекімді аяусыз айып­тап, әшкерелейді. Жапан далаға безе қашқысы келеді. Өзінен, өзінің ішкі даусынан қашады. Бірақ, шын мәнінде осы толассыз арпалыс оның ішкі жан дүниесінде болып жатыр. Жан дүниесінде де емес, ғасыр мен ғасырдың, ұрпақ пен ұрпақтың, уақыт пен уақыттың, көзқарастар мен ұстанымдардың, талғам мен этикеттердің арасында болып жатыр. Үркердің тууындай, айдың тоғысуындай өліара кезең, қира-кезік шақ… Мәңгіліктің ұлы майданы. Кім жеңді? – дейсіз бе. Әрине, үнемі жағымды кейіп­кердің қолында жеңіс туы жел­бірейтініне не болмаса жағымсыз­дарды жағымдылардың мораль оқып, тәрбиелеп түзеп тастайты­нына көзі үйренген оқырман осы жолы авторға риза болмай қалады. Алдияр ақсақал, Тоқашбай қарт, Нағашыбай, Мехмет, Шал – неге бәрінің тағдыры суицидпен аяқталды? Неге өз немерелеріне, өз бала-шағасына өкпелеп не қоғамдағы әділетсіздік үшін өмірден баз кешу керек? Басқа жол жоқ па? – демей ме. Түсі­ніңіз, оқушым, бұл тек қана бір отбасын­дағы, бір ғана ата мен не­мере арасындағы, тіпті бір мем­лекеттегі қақтығыс емес, бұл бүкіл­адам­заттық рухани конфликт. Ол анау Зина, Женялардың кейпінде бүкіл ұлтқа төніп келе жатқан мәңгүр­тизм, жаһандану, космополитизм. Ол – ғаламдық проблема. Оны жеңуге қоғам, қоғамдық орта дайын емес. Яғни, типтік орта жоқ. «Типтік орта болмай, типтік кейіпкер де бол­майды» деген осы (Карл Маркс). «Қоғамдық фи­зиономия қалып­таспай, кейіпкер физиономиясы да болмайды» деген де осы (Белинский). Автор осы заңды­лықты білген, сондық­тан буынсыз жерге пышақ ұр­майды. Тыным­байға тән тағы бір ерекшелік – аға ұрпақ бала ұр­паққа сын көзімен қарап, көңілі толмау ғана емес, керісінше, бала ұрпақтың аға, ата ұрпаққа, үл­кендерге сын көзімен қарауы да ерекше сипат. «Тұнық су», «Ай­қай», «Кездесу», «Анасын сағын­ған бала» әңгімелеріндегі Сұлтан, Бидірахман, Елжан – бәрі бала кейіпкерлер. Автор бір мезгіл мынау әлемге періште – бала көзімен қарайды. Олар үлкендер арасындағы екіжүзділік, сатқын­дық, опасыздық, арамдық, қор­қақтық сияқты мінез-құлықтарды түсіне алмай, түсінсе де кешіре алмай, өздері «асқар тау» санап жүрген үлкендер әлемінен безе қашқылары келеді. Бір кезде Ғабиттің Қайрошы ауылдан қалаға қарай зытып келе жатты. Біз сонда қашқын Қайрошпен қоса зытып едік, ол үшін қуанып едік. Қайрош ауылдағы надан­дықтан, кедей­ліктен, сауатсыздық пен мәдениет­сіздіктен қашып келеді деп қуан­дық. Ал арада жылдар салып, Тынымбайдың Елжаны қаладан ауылға зытып қашып келеді. Біз не істейміз, оқырман? Қуанамыз ба, ренжиміз бе? Бақсақ, бала адами надан­дықтан, рухани кедейліктен, пендеуи арсыздық пен екіжүз­діліктен, бейшара мәңгүрттіктен – өзін-өзі алып қашып келеді. Ең алыс бір түкпірдегі ең кедей, ең сауатсыз, бірақ ең момын, ең адал, ең мейірімді, аңқау, бейғам ауылға – Мұңсызбайға қашып келеді. «Дүниедегі ең тұнық су Мұңсыз­байда», – дейді қашып келе жат­қан Елжан. Он жасар баланың аузына автор осыдан ары қандай сөз сал­уы мүмкін? Осы бір ауыз сөздегі терең, астарлы мағына қандай? Маған 10 жасар Елжан емес, күллі қазақ түбінде «жаһан­данудан» жанұшыра өз Мұңсыз­байларына қашып келе жатқандай елестейді. Иә, қазақ түбінде барып-барып бір ес жиып, өз түпқазығына, өз тегіне бір оралады. Мен «Тұнық суды» 40 жыл бұрын оқыдым. Осыншама жыл «Елжан Мұңсызбайға жете ме екен» деген уайым үнемі мазалай­тын… Елжанның Елжан емес, инкультурацияға бет бұрған қазақ екенін енді түсіндім.
Нұрмағамбетовтің қаламгерлік қуатының шырқау биігі, оның ақыл-білім, талғам-талант, тілдік бояу-реңкінің және психологтік қабілетінің барынша ашылатын жері – «Айқай» роман-хикаяты. Аты сұсты, алыс та жақын Түркия. Оқиға түрік жерінде болған. Тосыр­қай таңдана көз саласың. Көп ұзамай-ақ роман оқиғасы иірімдей тартып, өзіңнің қазақ екеніңді де ұмытып, түрік кейіпкер Мехмет, Айше, Сұлтандармен бірге туғандай, бір күліп, бір жылап күй кешесің… небары екі-ақ кейіпкер. Түрік-Мехмет, грек-Дионис. Автор шеберлігін қара­ңыз, небары бір кейіпкердің мінез-құлқы мен іс-әрекеті ар­қылы бір халықтың тарихын, тұрмысын, ұлттық құндылық­тарын, әдет-салтын, мінез-құлық психологиясын ашып береді. Бір ғана Мехмет арқылы аса қызу қанды, кекшіл, намысшыл, өр мінезді түрік халқын, бір ғана Дионис арқылы ойшыл, дана, еңбексүйгіш және әлдеқандай құпия құдіретке ден қойған грек халқын танисың. Екі елдің де тарихын, табиғатын, тұрмысын, арман-мүддесін танисың, таң­дана­сың. Роман оқиғасы кейіп­кердің терең психологиялық толғанысы мен шиыршық атқан күйзелісіне құрылған. Бір ғана кейіпкер арқылы адамға тән ерлік, махаббат, мақтан, бақыт сезім­дерімен қатар өкініш, арман, мұң, қайғы-қасірет, қарғыс сезімдері де терең ашылып, нанымды сурет­теледі.
Нұрмағамбетовтің көркемдік көкжиегі өз алдына бір әлем. Біз оған ешбір ағым-бағыт, әдіс-тәсілді зорлап таңудан аулақпыз. Әдіс те, тәсіл де жазу барысында қаламгердің дағды-машығынан, ішкі суреткерлік қуатынан, эстетикалық түйсігінен (авторское чутье), талғам табиғатынан өзі-ақ туындайды. Сондықтан да мықты қаламгердің өз стилі, өз даралығы болады. Тынымбай суреткерлігінің өз даралығы бар. Ол абсурд пен хаосқа үйір емес. Әдеби тілді молынан меңгергенмен, поэти­ка­лық фигураларға, поэтикалық сти­листикаға, риторикалық иірім­дерге әуес емес. Сөздерді эмоцио­нал­дық-экспрессивтік бояу-реңкіне қарап, таңдап ала біледі. Кейіпкерді бірде көсем, бірде шешен ететін фрагменттік дис­курс­тарға, күрделі шым-шытырық оқиғаға, арзан көркемдік шешім­дерге әуес емес. Авторлық машығы – астарлы ажуа, шебер мысқылды қолдана отырып, терең филосо­фия­­лық түйін жасау. Автор шеберханасында деталь, сим­во­лизм мен психо-аналитикалық тәсіл ерекше мол. Автор жетісті­гінің сыры да осында. Әсіресе, сиқырлы құпияға толы символи­калары жаныңды түршіктіріп, әлдебір ұлы күштің алдында бас идіреді. Суға қарай иілген әр бұтағының сорғалаған суы мың тал шашын жайып жылап отырған әйел-ананы елестетер Сәмбі тал, тау-тастың айғайы, боздаған аруананың үнін салған жел…
Ал психо-анализ арқылы кейіп­кер жан дүниесін ашуда тіпті керемет. Еріксіз салыстыруға тура келеді. Тынымбайдың Мехметі мен Орханның Джем Челигі ұхсас, екеуі де түрік. Орханның Челигі де отыз жыл ар азабын арқалайды. Бірақ Джемнің сол азабын, күй­зелісін, ар алдында өзін-өзі жек­ көруін Орхан психологиялық тұрғыдан шебер аша алмаған. Әсері, бояуы әлсіз, оқиғасы ұзақ әрі нанымсыз. Көркемдігі солғын. Тағы бір сипат – көркем шығар­мада диалектіні қолдану үнемі сәтті шыға бермейді. Егер диалект автор тілінде көп болса, ол олақ­тық. Егер кейіпкер тілінде көп болса, керісінше, оның табиғатын, мінезін аша түседі. Сырқынды автор мұны да жақсы біледі. Сю­жет желісін құрудың екі тамаша әдісін қолданады автор. Екі оқиғаны қамшы өріміндей қатар жымдастыра өру, яғни парал­­ле­ль­дік тәсіл және айнымалы тәсіл. Тынымбайдың кез келген кейіп­кері – тип. Оның кейіпкерлері жасалмаған, сомдалмаған, өмірден ойып алынған. Сондықтан да олардан қазақы иіс аңқып тұр. Жалпы типтендіруде Тынымбай бағы жанған қаламгер. Сондықтан да оны «Қазақтың Бейімбеті» дейміз кейде.
Ал осы Тынымбайды мен мына әңгімелерге қимас едім. Олар «Маскүнемнің малқорасы», «Ба­тыр­лар жайлы», «Бір ауылдың серісі». Сонан соң біздің қалам­гер­лерде бір әдет кітап атауына мән бере бермейді. Мысалы, «Пе­ріш­телердің өлімі» «Періштелердің ажалы» деп сұранып тұр ғой. Өлім ол күллі пенденің басына қаласа да, қаламаса да келетін парыз. Оның өкініші аз. Ал ажал сол өлімді қолдан жасау. Байшұбар мен Шертайдікі жай өлім емес, ажал. Сол секілді «Сәмбі талдың мұңы». Неге «Сәмбі талдың көз-жа­сы» емес? Ежелдегі көне әде­биеттердің өзінде бұл тал жылап отырған қыздың символы болып саналады. Сора-сора жас сорғалап тұрған талды жай ғана мұңайып тұр деуге бола ма?
Сонан соң бірнеше аға қалам­герлер тәрізді сіз де Толстоймен «ауырғансыз». Сіз Толстойдың үйірлі эпитеттерді қайталап қолдана беру әдісін шеберлік санайсыз. Ол көркемдік емес, керісінше, оқырманды мезі етеді. Мы­салы, «Өлген жездесімен әзілдескен шал» деген әңгімеңізде «басы имек, сәнді таяғына сүйе­ніп» деген тіркес сегіз жерде қайталанып тұр. Қандай көркемдік бар осында?
Тынымбай – қазақтың Тыным­байы. Ол жазушы емес, суреткер. Суреткерлігі жағынан Нобель алғандармен таласқа түсер еді. Әттең…

Әмина Құрманғалиқызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір