«Мұқағали» қалай жарық көрді?
Кеше
Кіріспе сөзді өзімнен бастағанды жөн көрдім. Біз мектеп қабырғасында жүріп-ақ Мұқағали өлеңдерімен сусындадық. Біз деп отырғаным, бала шақтан әдебиетке құмар болған құрдастарым – Серік Бөкенбаев, Жәлел Қалдыбаев (Айдарханұлы) және Рыскелді Байдәулетов. Ақын жырларын құмарта оқитынбыз. Кезек-кезек жатқа айтатын едік. Ағаның жаңа өлеңдерін газет-журналдардан асыға күтеміз.
Әрине, ол өлеңдердің көркемдік деңгейін талдауға шамамыз жетпейтін. Бірақ әсерін сезіндік. Кеудемізді мөлдір сезімнің ыстық жалыны шарпиды. Ғажайып сөз тіркестері еріксіз еліктіреді. Басқа жақта қалай болғанын кім білсін, ал мынау шалғайдағы, заңғар таулардың етегінде жатқан шағын ғана Қошқар ауылындағы төрт бала Мұқағали ағасымен осылай дамылсыз сырласатын.
Үшінші сыныпта жүргенде ауылымызға ақын Мұқатай Жылқайдаров келді. Бізге сабақ берді. Алматының жаңалықтарын сол кісіден естідік. Мұқағали туралы сүйініп әңгімелейтін. Осылардың бәрі ой қиялымызға ерте бастан әсер етті.
Қошқарда ақынның туған бажасы Ахметжан Билібаев тұрды. Бірде Мұқаңның сол үйге қонақ болғанын, ертесінде Талас жайлауына қарай кетіп бара жатқанын сырттай бақылап, ақындық бітімге таңдана қарап, соны қанағат тұтатынбыз.
Біз оқыған Ш.Уәлиханов атындағы сегіз жылдық мектептің директоры ақынның құрдасы Әбдіке Асанов еді. Кейінгі жылдары бір кездескенде Әбдіке ағамызға іште сақталған базынамызды өкіне отырып айтқанымыз бар.
– Кезінде көп нәрсеге мән бермедіңіздер. Компартияның аузына қараумен күн кештіңіздер. Ресми билікте не жұмыстарыңыз бар? Мұқағали аға Қошқар ауылына келгенде жұртшылықты ол кісімен кездестірсеңіз қандай жақсы болар еді?! «Біз Мұқаң-мен дидарласқанда» деген жанды естеліктер айтылатын еді. Сәтін түсіре алмадыңыздар, – дейміз.
– Сындарың өте орынды. Сол үшін кейде өзім де өкінемін, – деуші еді Әбдіке аға ерекше толқып.
1972 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім. Мұқағали шығармашылығына ауылдан қанығып өскен мен ол кісі туралы айтқанда курстастарым қызығып тыңдайтын. Бұдан кейін олар да ақын жырларына назар сала бастады. «Бізге Мұқағалиды ақын ретінде алғаш таныстырған Батық болатын» деген пікірді ақын Ұлықбек Есдәулеттің қазір де бүкпесіз айтатыны сондықтан.
1975 жылдың күз айында қазақ радиосында диктор болып істейтін жолдасым Бақытжан Атагелдиев «бүгін бір күн сабағыңды қиып маған кел, тәуір қаламақы алғалы отырмын, мейрамханаға барамыз», – деді телефоннан. «Қария-студент» атанып жүрген кез. Бір-екі күн лекцияға қатыспай қалу түк емес. Ұсынысқа қуана келістім. Екеуміз қазіргі Абылай хан даңғылымен төмен түсіп келеміз. Қай жерге барып «ат шалдыратынымыз» белгісіз.
– Маған бір ой келіп тұр. Опера театрының қасындағы жаздық кафеге кірейік. Өзі оңаша. Шәй-пәй ішкен әртістер болса, оларды тікелей көрудің өзі бір ғанибет! Асықпай әңгіме шертіп, кешке қарай үйімізге қайтамыз, – деді Бақытжан. Біз осыған тоқтадық.
Отырғанымызға көп болған жоқ.
– Мұқағали аға келе жатыр, – деді Бақытжан қозғалақтап. Маңдайы кере қарыс жарқыраған, кеуделі ақын тау қозғалғандай ырғақпен бізге жақындап қалған екен. Мен бұған әрі қуандым, әрі қысылдым. Қуанғаным – белгілі. Қысылғаным – өзім пір тұтқан ақынның мысы еңсемді басып барады. Бір кең жерде, зиялы ортада қауышармыз-ау деп сол күнді іштей күтіп жүруші едім… Дегенмен, асыл ағамен жақын дидарласудың сәті туды.
– Бақытжан, Мұқаң сенің әкеңмен құрдас. Сен ол кісінің отбасымен ежелден араласып келесің. Ал мені қалай қабылдайтынын білмеймін. Жұрт ақын туралы неше алуан сыбыстар айтады. Сондықтан осы жолы көп жолдасыңның бірі ретінде қасыңда белгісіз болып отыра берейін. Ең бастысы, ақынды тыңдайық, – дедім.
Ағаның жүзінен көз алмаймын. Ешкімге ұқсамайтын ерекше жаратылыс. Күлімдей қалса – жаздай жадырайды. Енді бір сәт биіктеп кетіп, тау шоқыларындай сұстанады. Ақын сол күні ерекше көңілді болды. Жаркент жақтан өзін іздеп келген сазгер жолдасына қабағынан шуақ шашып қарайды. Өлең оқыды. Шығыс мақамымен әндетіп оқыды. Баяғыда әкем «Батырлар жырын» маған оқып бергенде осылай әндететін. Ұмытыла бастаған сол қазақы мақамдар құлағыма қайтадан естілді. Қандай жарасымды үн?! Бұл ырғақта мұң да бар, қуаныш та бар. Рахат самалы жаныңды желпіп тұрғандай. Ақындардың тентек мінезі туралы тіркестер Мұқаңа арнап айтылмаған сияқты. Алдымызда өзімнің ең жақын бауырым, Нарынқолдың сабырлы, парасатты, кеңпейілді қазағы отырды.
– Сендерді көріп бір жасап қалдым, – деді Мұқаң Бақытжанға қарап, – ал, мына інішекті жыға танымай отырмын.
– Ол да Нарынқолдікі, – деген Бақытжан мен туралы толық ақпар беріп үлгерді.
– Сонда қалай? Өзің төртінші курста оқисың. Алматыда жүргеніңе төртінші жыл. Жазушылар одағы мен журфак бір-біріне тиіп тұр. Ағаңа амандасуға атың жетпей жүр ме?! – деді.
– Ғафу етіңіз, аға, – дедім мен, – Сізді жиі көретінім рас. Ешқашан алдыңыздан қия өткенім жоқ. Сәлемдесуден де танбадым. Өзіңізге арналған құрметім өзгеше. Осындай інілік парызды үнсіз орындап жүрген жайым бар. Алайда, «кімсің» деп сұраған жоқсыз. Сұрамаған соң үлкен кісінің алдын орап, өзім жайлы айта алмағаным рас. Танысудың сәті бүгін түссе, ол да кеш емес, аға.
– Жарайды, оған да келістік. Қане, шын інім болсаң менің үш өлеңімді жатқа оқышы, – деді.
Үш өлең емес, үш кітабын жатқа оқы десе де мен оған дайын болатынмын. Ақын өлеңін оқығанда жүрегім қоса сөйлейтін. Жыр табиғатын ұға алғанымды, оны қаныма және жаныма дарытқанымды Мұқаң қапысыз байқады. Сондықтан шығар, баладай мәз болып ерекше қуанды.
– Көрдің бе, – деді қасындағы жолдасына, – менің інілерім өлеңдерімді жатқа біледі. Егер мың қазақ мені осылай оқыса, онда арманым жоқ! Рахмет! Енді саған тағы бір қолқа салайын. Өзіңнің бір өлеңіңді оқышы, – демесі бар ма.
Сол кезеңдердегі республиканың санаулы қазақ басылымдарына әдеби шығармаңды шығару өте қиын. Конкурсқа түскендей қатаң сараптамадан өтіп қана ондай мүмкіндікке қолың жетеді. Орайы келгенде өлеңдерім «Лениншіл жасқа», «Жалынға», басқа да облыстық, аудандық мерзімдік басылымдарға жарияланатын. Соның бәрін Мұқағали аға сыртымыздан аңғарып, үміт күтіп жүрген секілді. Не айтар екен деп тосып отырғаны сондықтан.
Қызық болғанда, ой санамнан ағаның өлеңдері ғана берік орын алыпты да, өз жазғандарым есіме түсер емес. Абыржыған сайын керекті сөздер одан сайын алыстайды. Әрең дегенде төменгі сыныптарда жазған екі шумақ ойыма оралды. Бірақ оралғанын қайтейін, одан өзім де, тыңдап отырған Мұқаң да қанағаттанарлық әсер алмадық. Ол кісі менен жаңа шығарманы, бұрынғыдан да биік шығарманы күтіп отырған еді.
– Өстіп те өлең жаза ма екен, – деді көңілі толмағандай.
– Олай болса мен кетейін, аға, – деп орнымнан тұрып есікке қарай беттедім. Алып ақын артымнан келіп қаусыра құшақтайды деп кім ойлаған.
– Өзіме тартқан тентегім, – деді еркелете сөйлеп, – жүр, мен сені үйге апарамын. Отбасымды көрсетемін. Мен одан сайын шегіндім. Алайда, ағаның айтқаны болды. Біз ақын шаңырағынан дәм таттық. Сол күні дастарханының берекесі тасып тұрды. Лашын жеңгем де көңілді. Отағасына құрметпен қарайды. «Мына балаларды қайдан ертіп келдің?» – деген сұрақ қойылған жоқ. Кәдімгі қазақы көңілмен, кең пейілімен қайныларын қарсы алды.
– «Әйтеуір кінә тауып бір жерімнен, Кемсітуге құмар ғой кім көрінген» деп өзі айтқандай, ақынның тұрмыс-тіршілігінен кінә тапқыштар аз болған жоқ. Оны ауызшалап айтулары аздай, естелікке балап көсіле жазғандары да бар. Кімнің аузына қақпақ боласың? Ол – әркімнің өз шаруасы. Ал менің санамда Мұқағалидың отбасы туралы жағымды суреттер күні бүгінге дейін сол қалпында сақтаулы тұр.
– Мен саған сиясы әлі кеппеген жаңа дастанымды көрсетейін. Ол дастан «Райымбек! Райымбек!» деп аталады. Әй, Бақытжан, сен дикторсың ғой, оқы, біз дұрыстап тыңдайық, – деді.
Дастан оқылып жатыр. Әсері ерекше. Қазақ жерін жаудан қорғаған батыр бабамыздың қаһарман тұлғасы көзімізге анық елестейді. Әкелеріміздің құлаққа құйып өсірген әңгімелері қайтадан жаңғырады. Терең ойлар сұлу сөздермен кестеленгенде не болатыны белгілі ғой, біз сондай күйді бастан кешіріп отырмыз.
– Дастаныңыз ғажап екен, аға! Енді оны баспасөзге шығару сіз үшін қиынға соқпайтын болар. Ел-жұрт оқыса қандай жақсы! – дедік шын қуанып.
– Бұл – мен өлген соң шығатын поэма. Артына құнды өлең қалдырмаған ақын – ақын ба?! Ертең жолдастарым келіп жазу үстелімнің тартпасын ашып қарайды. Сонда менің болашаққа табысталатын мұраларым жатуы керек, – деді Мұқаң.
Біртүрлі тіксінгенмен, біз бұл сөздердің байыбына онша бара алмадық. Біріншіден, ақынның айықпас ауруға ұшырағанын білгеміз жоқ. Екіншіден, жаңағы айтылған сөзді сезімтал ақынның бір сәттік күрсінісі шығар деп ойладық. Жамандыққа жорымадық.
Алып ақын батасын берді. Маңдайымыздан сипады. «Келіп тұрыңдар», – деді шығарып салғанда. Әрине, келіп тұрамыз. Ағаның үйі – ақжайлау. Әлі талай сырласатынымызға, сыйласатынымызға күмәніміз болған жоқ. Қырықтың бесеуіне жаңа ғана иек артқан жас азамат туралы басқаша ойлау мүмкін емес еді.
…Арада төрт ай өтті алып ақынның дүниеден озғаны жайлы қаралы хабар қазақ жерін шарлады да кетті. Анық білгеніміз, Мұқағалиды күллі алаш жұрты сүйіп оқиды екен. Сол 1976 жылдың күзінде төртінші курста өтетін өндірістік практикаға өту үшін ауылға бардым. Ұжымшардың орталығындағы мәдениет үйінде «Есіңе мені алғайсың…» атты әдеби сазды кеш өткіздік. Жұрт көп жиналды. Көрші елдімекендерден қонақтар келді. Бұл туралы ақпаратты алдымен аудандық «Советтік шекара» газеті, содан кейін «Лениншіл жас» жариялады. Ең бастысы, бұл кеш – Мұқағали еліндегі ақын мұрасын насихаттауға арналған бірінші кеш еді.
Бүгін
2000 жылдың сәуір айы. Республикалық «Ақиқат» журналының (бұрынғы «Қазақстан коммунисі») бөлім меңгерушісімін. «Егемен Қазақстан» газетімен көршіміз. Бас газеттен түскен бір тапсырыс мені аяғымнан тік тұрғызды. Ондағы әріптестер өзім ешқашан жоспарламаған, ойламаған мақаланы жазып берсең деп сұрады. Тақырыбы – Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы туралы.
«Егеменде» алаш ардақтыларына арналған айдар ашылыпты. Оның бірінші санында Шәкен Аймановтың тұлғасы сомдалған. Ендігі кезекте – Мұқағали! «Ниеттеріңізге рахмет! Тапсырыстарыңызды орындай алмайтын шығармын. Ұлы ақынды сөз ететін үлкен тақырыпты игеруге шамам келмейді», – дедім.
«Біз бәрін де есептедік, – дейді олар, – Бұл мақаланы ғалымдарға немесе сыншыларға беруге болатын еді. Алайда, сен секілді ақын жырларын сүйіп оқитын қарапайым адамның ой-пікірлері қызықты шығар деп топшыладық. Оның үстіне туыстық жақындығың мен ақындық жақындығың және бар. Ең бастысы, сен ауызекі әңгімелегенде Мұқағали өлеңдерінің қыры мен сырын айшықтап, ашып айтасың. Осы білгеніңді жинақтап қағаз бетіне түсірсең жетіп жатыр». Қарсы айтатын уәж қалмады. Тәуекелге бел буып келістім.
Жазу машығы қалыптасқан журналистке кез келген мақаланың қиын соқпайтыны белгілі. Солай деуге болатын еді, бірақ мәселе басқада екен. Ақын өлеңдерін кәнігі сартап болған сарынмен тәптіштеп баяндаудың қиындығы жоқ. Алайда, одан кім не ұтады? Ешкім ештеңе ұтпайды. Яғни қағаз бетін толтырғанның бәрі көңілден шығатын көркемсөз емес. Әсіресе, ол Мұқағали туралы болса.
«Алайда, өзімменен бірге кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер?!» Міне, ақын жұмбағының негізгі гәбі осында. Мұқағалитанудың қиын болатыны сондықтан. Ішінде қазынасы бар есіктің ең болмаса бір құлпысын ашуға жарасаң, көпшілік үмітін ақтағаның. Ендеше, алдымен мақаланың түр-сипатын анықтап алу керек. Ол сынақтан сүрінбей өтсең, ар жағында орындап шығу жұмысы тұр. Ойдағыдай болуы үшін шеберлік керек. Сол шеберлік менен табылар ма екен деп толқимын.
Кезекті еңбек демалысын алған болатынмын. Ой қуалаумен он күн өтті. Аспаннан дым тамбайды. Аптап қуаңшылыққа кезіккен сияқтымын. Тек он бірінші күні ғана, таң бозында біреу түрткендей ояндым. Мына ғажапты қараңыз! Мен іздеген мақаланың нобайы табылды. Ақын рухымен әңгімелес дейді түйсігім. «Егеменнің» бір бетіне мөлшерленген материал өзара сабақтаса отырып ақыры сәтті орындалып шықты. Қара машинканы үздіксіз шықылдатамын. Жазуы бар, өңдеуі бар – бір мақаланы жазуға бір айлық демалысым түгел кетті.
– Бүгін нүктесін қойдым. Енді сендер оны тыңдап көріңдер. Сендер – қарапайым оқырмансыңдар. Мақала сарыны құлақтарыңа қалай естіледі? Соны білгім келеді, – дедім балаларыма.
Мақаланы түгел тыңдап болған соң балаларым: – Жылағымыз келді, – деді. Онда бірдеңе бар екен дедім ішімнен. Бір аптадан соң материал «Монолог» деген атпен бас газетке жарияланды.
Сағат оннан кете қызметке келдім. Бас редакторымыз, жазушы Ахат Жақсыбаев ағам сүйінген кейіппен қарсы алды. «Мақалаңды үй ішімізбен оқыдық. Әдемі әсерге бөлендік. Оқырманды әсерге бөлеу – қаламгердің жеңісі», – деді. «Сен жай адам болып ұйықтап, ұлы адам болып түрегелдің» дейтін әзілін әңгімесіне қыстырғанды ұмытқан жоқ.
Мақтау сөзге үйренбеген басым қара терге түстім. Осылай отырғанда хатшы қыз «Сізді манадан бері Мұқағалидың жұбайы Лашын апай іздеді. Телефон шалсын деп мына нөмірді берді», – дейді. Енді одан сайын қорқа бастадым. Мақаланың бір жерінен кемшілік жіберіп алдым ба деп қобалжыдым. «Қорықпа, сен алдымен сөйлессеңші. Лашынның да риза болатыны анық», – дейді Ахат ағам қолтығымнан демеп.
– Саламатсыз ба, Лашын жеңгей! Хабарлас деген екенсіз. Мен мақаланың авторы.., – дедім кібіртіктей сөйлеп.
– Айналайын! – деді Лашын жеңгем, – «Монологты» біз неше мәрте оқыдық. Саған ризамыз! Сен ағаңды өмір бойы зерттеген екенсің, – деді мейірленіп. Жанарымнан парлаған жасты сол сәтте мен тоқтата алмадым.
Осы мақала «Егеменге» қызметке әкелді. Бұдан кейін Мұқағали туралы көлемді мақала жазған емеспін. Алайда, мұқағалитанудың басталуын шын жүректен тіледім. Біз – Жанболат Аупбаев, Рысбек Сәрсенбайұлы, Жақыпжан Нұрғожаев бәріміз «Мұқағали» атты журнал шықса деп армандадық.
2005 жылы ел қорғаған батыр бабамыз Райымбек Түкеұлының 300 жылдығы өтетін болды. Райымбек батыр – Мұқағалидың атасы. Ақын сол кісінің төл ұрпағы. Осы орайға ырым ғып журнал шығару идеясын қайтадан көтердік. «Олай болса басылымның құрылтайшысы сіз боласыз, – дедік Жақыпжан Нұрғожаевқа. – Шығармашылығына біз жауап береміз. Су жол берген батыр бабаның тойында аталған игі істі тәуекелмен бастайық».
Басылым жеке адамның атымен аталған соң оған Мұқағали мұрагерлерінің заңдық негізде расталған рұқсаты керек екен. Лашын жеңгеміз ұсынысты қуана құптады. Сонымен, Талдықорған қаласында «Жетісу» газеті редакциясында жасалып, «Дәуір» баспасында басылған журналдың алғашқы нөмірі оқырманға жол тартты.
– Бас редактор сен боласың, – деді жігіттер, – біріншіден, Мұқағали шығармашылығымен бұрыннан таныссың. Екіншіден, журнал мен газет қызметінен тәжірибең жеткілікті. Қабілетіңе де шек келтіріп отырғанымыз жоқ.
– Дұрысы дұрыс қой. Бірақ менің де «Егеменде» істеп жүрген өз жұмысым бар емес пе.
– Оны ескердік. Журналды қосымша атқар. Шамаң жетеді деп ойлаймыз.
Алайда, «Мұқағалиды» қосымша атқаруға болмайтыны алғашқы сәттен-ақ аңғарылды. Сондықтан 2006 жылдың наурыз айында журналды шығару ісіне біржолата бет бұрдым. Қызметтен босату туралы өтінішімді оқып болып «Егеменнің» вице-президенті Ержұман Смайылдың «Байқа, журнал шығару оңай емес. Алды-артыңды жеткілікті барлап іске кіріскенің жөн», – деп ескерткен болатын.
Ақын атындағы басылымның алғашқы сандары М.Мәметова мен А.Пушкин көшелерінің қиылысындағы республикалық «Фармация» компаниясының ғимаратында жарық көріп жатты. Компания президенті Кеңес Үшбаев «Мұқағали» журналы десе ішкен асын жерге қояды. Редакцияны қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Қызметкер алыңдар деп біз үшін компаниядан арнайы штат ашты. Телефон, бөлме дегендеріңіздің бәрі тегін. Сол сияқты, «Алматықұрылыс» холдинг компаниясының президенті атымтай Амангелді Ермегияев та айрықша қолдау көрсетті. «Бірлік» компаниясының президенті Стахан Белғожаев ағамыз да екі бауырынан қалысқан жоқ. Осындай демеушілеріміз журнал үшін баспаханаға қаржы аударды. Көлік мәселесін шешіп берді. Қызметкерлерге айлық ұйымдастырды. Мұндай қолдаудан соң біздің жаман жұмыс істеуге хақымыз да жоқ еді.
2007 жылдан бастап өз күнімізді өзіміз көре алатын мүмкіндікке жеттік. Журналдың таралымы тоғыз мыңға жетті. Тілектестер мен ниеттестер жер-жерден хабарласады. Ақтөбе мен Атыраудан, Ақмола мен Көкшетаудан, Қызылорда мен Шымкенттен келіп құттықтағандар, жөн сұрағандар аз емес. Солардың бәрі жүрген жерлерінде айналасындағы адамдарды ақын атындағы басылымға жазылыңдар деп үгіттегенін біз жақсы білеміз.
Журналдың негізі қаланды. Солай десек те, инвесторлар бәрібір керек. Инвесторлар дегеніміз – оқырмандар. Олар бір жылға жазылу арқылы журнал қорына ақша құяды. Есесіне, қолына тиген журналды өз игілігіне пайдаланады. Бұл екі жаққа да тиімді. Әрі соншалықты қиын да емес. Кейде отырып есеп шығарамыз. Сонда байқағанымыз, егер Мұқағалимен ет жақын аталас ағайындардың өзі ғана бір кісідей жазылатын болса, таралым он мыңнан емін-еркін асады екен. Ал ақын атамекенін құрайтын аймақтың тұрғындары осылай етсе, оқырман саны жүз мыңнан асады. Міне, ағайындардың журналға көмегі осылай болуы керек еді…
Алғашқы жылдардың бір күні әдемі киінген көрікті әйел есікті ашып күлімдей қарады. Жүзінен нұр төгілгендей парасатты кісі екен. Кім деп ойлағанша сахнадағы әртістерге ұқсап басын иіп сәлем салды. Орнымыздан ұшып тұрдық. Шыны керек, мынандай әрекеттің астарын түсінбедік.
– Журнал құтты болсын! Жақсы жаңалықты ести салып құрақ ұшып жеткенім осы. Үлкен жұмыс бастапсыңдар, сендерге ақжол тілеймін! Басқаша ойлап қалмаңдар, мен «Мұқағали» журналына, Мұқағали қайнымның рухына сәлем бердім, – деді.
Үлкен жүректі бұл адам Дариға Тілендікеліні, ұлы композитор Нұрғиса ағамыздың жұбайы екен. Ол кісі көргенділіктің, мәдениеттіліктің үлгісін осылай алға тартты. Дариға жеңгеміз «Мұқағали» журналының оқырманы ғана емес, белсенді авторына айналды. Ақын жайлы тың естеліктерді көпшілікке ұсынды. Редакцияға мұндай құрметпен келген азаматтар аз болған жоқ. Біз ақынның 80 жылдығына елге танымал басылымдардың қатарында қадам бастық. Журнал ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс Хатымен марапатталды. Қазақстан Журналистер одағының дипломын алды. Тәжірибемізді өздеріне үлгі ететін әріптестер пайда болды. Журнал аяғын еркін басып, адымдап жүре бастады.
2010 жылдың қарашасында Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі телефон шалды. Райымбек ауданы, Қайнар ауылына баруымды сұрады. Ол жердегі мектеп үйін қайтадан жаңартыпты. Соған арналып ашылу салтанаты жасалмақ екен. Бұл мектеп – мемлекет қайраткері болған Алтынбек інімнің оқыған мектебі. Аталған шараға Алтынбектің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы да қатысатын болып шықты. Алматыдан шақырылған қонақ екеуміз ғана екенбіз. Қайнар ауылындағы дидарласу ойдағыдай өтті. Мектеп мұражайының бір бұрышы Алтынбек Сәрсенбайұлына арналыпты. Облыс әкімі Серік Үмбетовтің біліктілігіне тәнті болдық.
Секең, Серік Үмбетов халқын сүйетін қайраткерлердің бірі. Оны іс жүзінде сан рет көрсетті. Батыр бабалардың тұлғаларын сомдап Жамбыл облысы мен Жетісу жеріне ескерткіштер орнатты. «Мұқағали» журналы редакциясын Алматыдағы облыс әкімі өкілдігінің үйіне әкеліп орналастырды. Өнерді қадірлейді, сөз таниды. Секеңмен әңгімелескеннің өзі бір ғанибет.
– Қайнардан шыққан соң Сарыжазға барамыз. Ондағы жұмыстарды бітіре салып Қабанды сайына бұрыламыз. Сендерге арналған қонақасы бар. Аздап аяқ суытып, біраз әңгімелесейік, – деді Секең. Ұсынысты қуана құптадық. Өйткені, біздің де әкімге айтатын біраз сөзіміз бар еді.
– Бүгін көп нәрсенің орайы келетін сияқты. Мұқағали ағамыздың 80 жылдық мерейтойын өткізу жайлы ұсыныс-пікірлерді кең отырып жеткізетін болдық, – деді Рысбек.
– Дұрыс болғанда қандай! Мұндай сәтті іздесең таппайсың. Мәселен, әкімнің қабылдауына барсаң 20-30 минуттың ішінде нені айтып үлгересің. Газетке мақала жазсаң, әсері қалай болады, ол да өзінше бір жұмбақ. Ал мына отырыста бар мүмкіндік табылғалы тұр, – дедім.
– Олай болса, енді бір жайды пысықтап алайық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні керек. Яғни біз құлпыны қалай да ашуға тиістіміз. Оның кілті табылса жолымыздың оңғарылғаны. Сондықтан әңгімені сен бастайсың, – деді маған Рысбек.
– Болмайды Реке, көпті көрген адамсың. Әкімдермен қалай сөйлесудің әдісін сенен артық кім білмек? Әңгімені өзіңнің бастағаның қолайлы, – дедім.
– Мен жауапкершіліктен қашып отырғаным жоқ. Бірақ әңгіме Мұқағали туралы ғой. Ендеше бұл жөнінде «Мұқағали» журналы редакторының алдына түсе алмайтын шығармын, – деді күліп. Сонымен, байлам жасалды.
Дастархан басында бес адам отырмыз. Серік Үмбетов, облыстың құрылыс жөніндегі маманы, Райымбек ауданының әкімі Аян Айтжанов және Рысбек екеуміз. Секең көңілді, шенді шекпенін үйдің сыртына тастап кеткендей. Кәдімгі қатар құрбы, бауырлар сияқтанып емен-жарқын сөйлесуге көштік. Уақыт кең. Бізді асықтырып отырған ешкім жоқ.
– Секе, – дедім мен, – келесі жылы ұлы Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойы. Шындығына келсек, мерейтойдың Мұқағалиға керегі жоқ. Ол – ұрпаққа, ұлтқа керек. Мерейтойы өткізілімесе де Мұқағали биігі аласармайды. Ол – адамның мойындауынан асып, уақыт мойындаған тұлға.
Содан кейінгі айтарымыз, мынандай бір ұқсастыққа қайран қаламыз. Осыдан 100 жылдай бұрын Сүйінбай бабамыз қырғыздың Қатаған деген ақынымен айтысқан екен. Сол айтыста Сүйінбай баба үш жүздің баласын жаңылмай түгендеп шыққан. Бар қазақты бір қазақ етіп суреттейді. Тарихты жырмен толғап, шежірені жырмен шертеді. Сөйтіп от ауызды, орақ тілді Қатаған ақынды жеңген екен.
Бір ғасырдан соң осы ерекшелікті Мұқағали қайталады. Жаңаша қайталады. «Алатау, Алтай, Атырау» деп күллі қазақ жерін қапсыра құшақтады. Үлкен поэма жазды. Сайын дала, сандал тау қазақтікі екенін толғады. Енді айтыңызшы, ірілікті үлгі еткен мұндай дастандар кімде бар?! Әзірге осы екі ақында ғана бар. Осы ерекшеліктердің ішкі тінінде бір сабақтастықтың жатқаны анық.
Тағы бір мысалды есіңізге салайын. 1976 жылы Жамбылдың 130 жылдығына орай ұлы ақынның хатшылары – Әбділда Тәжібаев, Ғали Орманов, Қасым Тоғызақовпен ҚазМУ-дің мәжіліс залында кездесу өтеді. Бәрі сөздерінің арасында Жамбыл тәтесіне жақын екендіктерін жарыса айтады. Бір кезде мінбеге Мұқағали көтеріліп: «Сіздердікі жөн де шығар. Бірақ Жамбылдың нағыз жалғасы мен боламын…» деген екен.
Енді аяңдап бері келейік. «Талдықорған» деген мәтінге Шәмші Қалдаяқовтың ән жазғаны болмаса, сазгерлеріміз кезінде Мұқағали өлеңдеріне көңіл бөлмеді. Осы қалыпты бұзған кім?! Ол – Нұрғиса Тілендиев! Екеуі отыз күнде отыз ән жазып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Нұрғиса ағамыз ақын інісінің ән әлеміне жолын ашты.
«Райымбек! Райымбек!» дастаны Мұқаң дүниеден озған соң алты жыл сарғайып тартпада жатты. Компартияның қаһарынан сескенгендер оны жариялауға батпады. Жүректері дауаламады. Осындай кезде қасқайып шығып, ерлік көрсеткен Сейдахмет Бердіқұлов «Лениншіл жастың» үш нөміріне дастанды жариялады. Бас кететін қатерлі шаруаға қорықпай барды.
Енді өзіңізге қарай ойысалық. Мерейтойдың тұсында облысқа сіздің әкім болғаныңыз өзінше бір жарасымды құбылыс. Жақсы ырым. Яғни бұл – үшінші кезек енді сіздікі дегенді білдіреді, – дедім.
Сөз жүйесін, ой иесін тапқан секілді. Секең бойын тік көтеріп жарқырап тұрып жымиды.
2010 жылғы облыстық мәслихаттың желтоқсандағы сессиясында мерейтойға қатысты шара қаралып, оған жұмсалатын қаражаттың көлемі белгіленді. Нәтижесінде 2011 жылы Қарасаз ауылы абаттанып, ақын тойы республикалық деңгейде өтті. Бұл жайды сөз еткен себебіміз, осынау үлкен шараға «Мұқағали» журналының қалай ықпал жасағанын айту еді.
Сонымен, журналдың кездейсоқ қолға алынбағанын білдіңіздер. Бұл жоба бір қауым азаматтардың маңдай тері мен ерен еңбегінің жемісі. Ең бастысы, ақын атындағы басылым Мұқағалиды зерттеушілер легін қалыптастырды. Енді оның үзілмейтіні анық. Ұлағатты ұрпақ аман болса, журналдың көші тоқтамайды деп сенеміз. Сөзімізді ақын Жүрсін Ерманның журналға арнап айтқан теңеуімен түйіндегім келеді. «Мұқағали» журналы – Мұқағалиға қойылған ең ғажайып ескерткіш», – деді ол. Бұл тіркеске барлығы сыйып тұр.
Батық МӘЖИТҰЛЫ,
Бас редактор,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.