Балшықпен сомдау өнерінде ерекше қолтаңбасын қалдырған, халқымыздың тұңғыш мүсіншісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хәкімжан Есмаханұлы Наурызбаевтың туғанына бүгіндері 90 жыл толар еді. Сол шебер қолдының Алматыдағы Абайға арналған ескерткішінің ашылу салтанатына Қазақ радиосының тілшісі ретінде қатысып, осы салтанатты жиыннан репортаж ұйымдастырғаным күні кеше ғана сияқты еді. Жиналған жұрт аумақты алаңға сыймады.
Ашылу рәсімін Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың өзі ашты. Ұлы ақын жайлы оның өшпес бейнесін сомдаған мүсіншінің атына жылы лебізін білдірді. Жұртшылық Мұхтар Әуезовтің сөзін де зор ықыласпен тыңдады. «Өсер елдің баласы тарихын таспен қалар» деген. Хакімжан інім данышпан Абайдың алып тұлғасын кемеліне келтіріп, бейнелеп, халқымызға тарту етті, көп рахмет, қарағым», – деп шынайы алғысын білдіргенін таспама жазып алған едім.
Осы тұста, әрине, мүсіншінің алғашқы қолтумасын халыққа ұсыну құрметіне бөленген күнін айта кету – бөлек әңгіменің өзегі екенін ескерткеніміз абзал. Талай түндерді ұйқысыз өткізіп, ойланып-толғануға тура келгенін ол кісінің жаратылысымен таныс кез келген адам біледі.
Жұрт көкейіндегі бас ақынның арнайы іссапармен барып, туып-өскен жерінде ұрпақтарымен кездесіп, әңгімелесті. Қолда сақталған суреттерін жинастырып, сан қилы тақырыптарға жазылған өлеңдерін оқып, ой елегінен өткізген күндері аз болған жоқ. Абай Құнанбайұлының дарынына бас иетін сүйікті жазушы Мұхтар Әуезовтің де көмегі көп болды. Қаламгермен талай рет кездесіп, ұлы тұлғаның тек өзіне ғана тән мінезі, терең ақылы, жан дүниесінің байлығы жайлы әңгімесін тыңдады.
Ескерткіштің алғашқы нұсқасына көңілі толмаған Мұхтар Әуезов ащы болса да ашығын айтты десек те, ол мүсіншінің жанын аса жылыта қоймағаны рас еді.
«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» демеп пе еді Абай. Сол ақын айтқан нағыз азаматтың жеке өзіне ғана дара сымбаты, сан қырлы дүниетанымы, қайсар рухы, ой толғанысы әлі де жетіңкіремей жатқан сияқты. «Ісім өнсін десең, ретін тап». Күн табиғатқа қандай әсер етсе, ақыл-ой адамға да сондай әсер етеді. Әлі де ізден, қажырлы, сабырлы адам ғана мұратына жетеді», – деп ақыл қосты.
Аталы сөзді тыңдамасқа бола ма? Мүсінді қайтадан бастап, сом тұлғаны ойынан шығармай, көз алдына елестетті, аруағына табынды.
Өмірде сан қилы жайлар бола береді екен. Бір күні шеберханасынан шаршап келіп, ұйықтап кеткен еді. Кенет есік ашылып, Абай атасының өзі ішке кіріп келе жатыр. Орнынан ұшып тұрып, қолын жайып, алға ұмтылды. Міне, ғажап, бейнесін келтіре алмай аңсап, армандап жүрген нағыз Абайдың өзі. Не істерін білмей, ақынға тамсанып қарай берді. Өкініштісі сол – ақын кенет көзден ғайып болды да кетті.
Жалма-жан жанындағы жан жарын оятып, «нағыз тірі Абайдың өзін көрдім», – деп, болған жайды айтты да шеберханасына жүгірді. Жеңін жедел түріп, іске кірісті. Ұлы ақынның ескерткішінің екінші нұсқасы кешікпей дүниеге келді.
Мәселен, Жамбыл ата бейнесін сомдауда «Жамбылды көр де қазақты таны, қазақты көр де Жамбылды таны» ұстанымы алға тартылғанын, бірақ қарт жырау арқылы ұлт бейнесін танытуға қатты қиналғанын сол атасынша «жырлайтын».
Одан бері де көптеген жылдар өтті. Қазір қала келбетін бұл ескерткішсіз көзге елестету қиын. Қолына кітап ұстаған ақынның ашық ажары, батыл кескіні туған халқының жарқын болашағынан зор үміт күтетінін аңғартады. Ескерткіштің сыртқы көрінісінің өзі өткен тарихтан сыр толғайды. Халық жүрегіндегі тұлғаны «тірілту» арқылы ұлттық өнерімізге қазақтан шыққан мүсінші Хәкімжан Есмаханұлы Наурызбаевтың есімі енді.
Хәкімжан Наурызбаев сомдаған мүсіндер кешегіден бүгінгіге тағылым шертеді. Бұл ерекшелікті Қазақтың Ұлттық Ғылым академиясының алдында бой түзеген Шоқан Уәлихановтың ескерткішінен де айқын аңғаруға болады.
Ағартушы ғалымның ұлт болмысы туралы айтқан кесек-кесек ойлары мен ұлт болашағы жайлы жан толғаныстарын қара тасқа «сөйлету» екінің бірінің пешенесіне бұйыра қоймаған бақыт.
Хәкімжан Наурызбаевтың басты ұстанымы – қазақ көкжиегіндегі ұлы тұлғалардың өз биігінен төмендемеуін сақтап қалуы. Халық құрметіне бөленген абзал азаматтарды ардақтап есте қалдыруға атсалысу. Әрине, ол үшін адамның жеке қадір-қасиетіне тән ерекшелігін қара тасқа дарыту.
«Әйгілі ақын Мариям Хакімжанованың мүсінін сондай тез жасадым», – дейді Хәкімжан аға. «Апа, сіз қалай ақын болдыңыз?», – деп едім, қарсы алдымда отырған апай аяқ астынан жеңілденіп, өзгеріп сала берді. Балғын жас шағы, алғашқы махаббаты, ғашық болған азаматы жайлы сан қилы сырға толы жайлар ақтарылды. Сол сәтте мен де үлкен әсерге бөлендім. Сөйтіп апайдың мүсінін бір сеанста жасадым. Өзім осы бір құдіретке күні бүгінге дейін таң қаламын.
Ал Ғабит Мүсірепов ағамыздың мүсінін сомдау маған қиынға соқты. Талай рет қоярда-қоймай үйіме шақырдым. Бірақ жылы қабақ танытып, ашыла қоймаған соң, іздегенімді таппай, қатты қиналдым…
Ақыры көптен бері араласып жүретін інім, белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаевты көмекке шақырдым. «Жарайды, қолдан келсе көрейін», – деп ұсынысымды қабыл алды. «Құнды сөз құнарлы ойдан шығады» деген рас екен. Манаш мендей емес, ағаның тамырын дәл басып, әр саладан әңгіме бастап кетті. Әңгіме арасында Ғабит аға Манашқа:
«Айта қойшы, нағыз қайраткер қандай болуы керек?» – деп сауал тастады. «Меніңше, қайраткер ел игілігі жолындағы істе сыналуы керек. Қайраткер адам ұлт мүддесін жоғары қояды. Бұған қоса қайраткер болар азаматқа ұлтжандылық, бауырмалдық, адалдық та ауадай қажет», – дей беріп еді, «Жарайсың, менің ойымнан шықтың», – деп, жазушы жадырап, ашылып, әңгімені әрі қарай өзі жалғастырды. Менің де күткенім осы еді. Тыңдап, көкейіне түйіп алып, үн-түнсіз жұмысыма кірісіп кеттім», – деп еді Хәкең.
Мүсіншінің шығармашылық ізденістері, қарапайым еңбек адамдарымен кездесулері олардың іс-әрекеттерін зерттеуі алған тақырыбын тереңдете түсуге де мол септігін тигізді. Еңбек Ерлері Кәмшат Дөненбаеваның, Анна Плотникованың, Нұрмолда Алдабергеновтың мүсіндері де Наурызбаевтың шығармаларындағы таңдаулы туындылар қатарына қосылды. Даңқты еңбек адамдарының бейнесінен мүсінші сұлулықты, шабытты батылдықты, ашық мінезді көре білген.
Мүсінші ең бастысы, адам жанына үңіле біледі. Мәншүк Мәметованың ескерткіші де сәтті қашалып, туған жер ұрпақтарының тағылымды тас мүсініне айналды.
Еңбек Ері, Қазақстанның халық әртісі Серәлі Қожамқұловтың бейне-бедерінен мүсіншінің шеберлігі айқын аңғарылады. Пішіннің ерекше келбетін сақтай отырып, терең адамгершілікке толы ішкі сыры мен оның актерлік жан әлемін тартымды бейнеленген.
Мүсіншінің еңбегі әріптес мамандардың тарапынан да лайықты бағаланып, Бүкілодақтық Лениндік сыйлыққа ұсынылды.
Хәкімжан аға сөз реті өзіне келгенде әдеттегідей қарапайымдылық танытып: «Жасаған дүниеміз халқымыздың көз қуанышына айналса, одан артық қандай сыйлық болмақ. Ал лауреаттық атақ ізденісіміздің бір өлшемі болар, сондықтан оны келер күндердің еншісіне қалдырайық», – деуден танбайтын.
Хәкімжанның бұл қылығына деген ренішін жасыра алмаған Мұхтар Әуезов: «Айналайын-ау, бұл саған ғана емес, еліңнің мәртебесі үшін де керек құрмет еді ғой», – дегенде, Хәкімжан аға: «Уақыттың өлшемі де керек, ал бәрі де кезеңінде «базарлы ғой», – дей салатын.
Заманның сырын нәзік түсініп, тың ойларын, асыл армандарын жүзеге асыру жолында бойындағы бар қабілетін аямай жұмсаған еді. Өзінің осындай кәсіпкерлік борышын болашақ суретшілерді тәрбиелеу жолында да аяған жоқ.
Республикалық Өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарды. Сондағы тәрбиелеген шәкірттерінің бірі – республикамыздың еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, белгілі мүсінші Алматыдағы өнер ордасы мұражайының иесі Тілеуберді Мелдешұлы сирек талант иесіне деген шынайы алғысын былайша білдіреді: «Шымкентте жүрген мені Алматыға шақырды. Қазақтың рухын бойына терең сіңірген, ұлттық салт-дәстүрді меңгерген сен сияқты мүсіншілер бізде сирек», – деп ұсыныс жасады. «Астанаға барғанда не істеймін, үйім де, күйім де жоқ деп тартқыншақтап едім», – «Қолынан келгенше өзінің көмектесетінін айтты. Бұл – 1986 жыл болатын. Бала-шағаммен бірге өз үйінен орын берді. Көзім жұмылғанша ағаның бұл жақсылығын ұмытпаймын», – дейді ол.
Иә, кімде-кім өскен ортасына, қолынан келгенше адал қызмет етіп, азаматтық борышын жан жүрегімен ұстана алса, сол адам халықтың құрметіне бөлене беретіні даусыз.