Екі миллион құжаттың құпия белгісі алынып тасталды
05.02.2024
115
0

Тарихи тақырыпты қаузап жүрген қаламгерлер үшін қуанышты жаңалық! Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының қорытындысы нәтижесінде еліміздің Бас прокуратурасы, ІІМ, ҰҚК қорларындағы 2 миллион құжаттан құпия белгісі алынып тасталды. Бұл туралы Алматыдағы Президент архивінде баспасөз өкілдерімен кездескен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мәлімдеді.

Қазіргі таңда құпиясыздандырылған құжаттарды арнайы аппарат­тардың көмегімен залалсыздандырып, реставрациялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Архив директоры Әлия ­Мұстафинаның айтуынша, мамандар алдағы уақытта құжаттарды базаға енгізіп, цифрландыру жұмыстарын жүргізеді.
– Комиссия жұмысының қорытындысы аясында сая­си репрессия құрбандары атылған, жерленген жүзге жуық орындар, тарихқа беймәлім болған көтерілістер, бұрын белгісіз болған лагерьлер анықталды. ­Әлихан Бөкейханның Семейдегі орталыққа жіберген хаты, Қарағанды ОГПУ-ы іс қағаздарының арасынан Жүсіпбек Аймауытовтың бұрын жарияланбаған өлеңі табылды. Дегенмен біз төте жазумен жазылған өлеңді жариялауға асыққан жоқпыз. Өйткені кейбір жерлері өшіп қалған. Оны қалпына келтірдік. Жүсіпбектанушы ғалымдарды шақырып, оларға көрсеттік. Басқа құжаттарды қарау барысында бес адамның куәлік еткені белгілі болды. Бұл өлең адамдардың ауызша таратуына байланысты ұйқаспауы мүмкін деген тұжырымға келдік. Өйткені түрмеде жазуға арнайы жағдай болған жоқ. Сонда да ­Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдарынан құралған жұмыс тобын құрдық. Былтыр тамыз, қыркүйек айларында осы ғалымдар лингвистикалық тұрғыдан талдау жасап, аталған шығарманың Жүсіпбек Аймауытовтың абақтыда жазған соңғы шығармасы деген тоқтамға келді. Бес-алты парақтан тұратын бұл шығарманы анықтаудың өзіне тоғыз ай жұмсалды, – деді мемлекеттік кеңесші.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір