Қазақ әдебиеттануының қайраткері
23.11.2018
2083
0

Көрнекті ғалым Жанғара Дәдебаевтың тұғырлы тұлғасын тұтастырып тұрған Ғалым, Ұстаз, Қайраткер, Азамат сияқты ұстындар туралы таратып айтуға негіз бар, қисыны келіп тұр. Көрнекті ғалым бағалы сөз еститін кемел жасқа, ұрпағы еңбегімен мақтанатын мағыналы мөлшерге жетіп отыр.

Жанғара Дәдебайұлының еліміз­дің ғылыми кеңістігіндегі орнын ай­қындап тұратын сипаттар мына­лар: тұрақтылық, орнықтылық, байып­тылық, дәйектілік, әмбебап­тық, байсалдылық. Ғалым жарты ға­сырға жуық табан аудармай ұлттық сөз өнерінің көкейкесті, зәру, ділгір мәселелерін жүйелі зерттеп келеді. Оның дәлелі – жиырмаға жуық монография, отыздан астам оқу құ­ралы, жарты мыңнан асатын мәнді, мазмұнды мақалалар. Бозбала кезінде босағасын аттаған универ­си­тетінен бір елі ажыраған емес, кү­ні бүгінге дейін барын салып қыз­мет етуде. Қасиетті қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситеті де ұстаздығынан ай­ны­ған емес, талантты түлегін сту­дент­тен академикке дейін өсіріп бап­тады. Ұшқан ұясы мен түлегінің арасындағы осы бір адам қызығатын тұрақты байланыс ұзаққа созылсын деген тілек бар. Ғылыми ұстанымын­дағы тұрақтылығын тізбелеп айту­дың реті бар, көзі қарақты оқырманы ғалымның монографиялары мен оқу құралдарындағы сабақтастықты, ықпалдастықты, жалғастықты олардың атаулары мен тақырып­тарынан өзі де байқар, бірақ қай­та­лау­шылық пен шиырлауды кезік­тірмес. Ғалым зерттеулерінен оның өзіндік қолтаңбасын, анық ойлап, айқын жазатын байыпты мәнерін байқамау мүмкін еместей. Байсалды пікірлері санаға жұғымды, ұғымға сіңімді. Ол татымсыз таластардан, тәлейсіз талдаудан, дәрегейсіз дау­лар­дан биік тұруға тырысты. Ісі тұ­рақ­ты, ойы орнықты, пікірі байып­ты, мақсаты бекем, айтары дәйекті осындай ғалымдар зиялы ортада әманда қайраткер тұлға ретінде қо­шеметтелген. Бұл үрдіс – зайырлы ортаның, руханиятқа мән берген мемлекеттің айқын белгісі екені өскелең ұрпақтың есінде жүргені абзал. Ж.Дәдебаевтың ғалым ретін­дегі әмбебаптығын арнайы атап көрсеткен жөн. Әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдеби сын, елтану, аймақтану, әдеби компаративистика, аударматану, фольклортану, мәтін­тану, әдіснама, әдеби шығар­ма­шылық сияқты ғылыми салалары бойынша кешенді зерттеулері, қадау-қадау еңбектері ТМД елдерінде де, түркі тілдес ағайындар арасында да танымал зерттеулер қатарында. Ол – халқының рухани мұрасын, ұлттық коды сақталған асыл нұсқалары мен бедерлі бел­гіле­рін, қазақи бірегейліктің негіздерін талмай тауып, тұрақты талдап, ғылыми пайыммен парасатты жүйе­леп, орнықты бағалап, орнымен на­си­хаттап, қисынды жаңғыртып, кең қауымға талмай таратып, көп­шілікке терең таныстырып алғаусыз қыз­мет етіп жүрген қайраткер тұлғалардың бірі. Анахарсис, Білге Бұдын Тәңірқұт, Ақиқар, Тоныкөк, Алаша хан, Асан қайғы, Жиренше шешен, Төле би, Қаз дауысты Қазы­бек биден тартып қазақтың жырау­лары, шешендері, батырлары жа­йын­дағы сериялық мақалалары – бөлек басуға сұранып тұрған жәдігерлер. Ал Сократ хакім, Низами, Дулати, Науаи, Ғ.Тоқай, Ш.Айтматов және басқа да танымал өнер иелері туралы жазбалардың танымдық, ақпараттық әлеуеті өте жоғары. Абай институтының веб­сай­тында қазақтың көрнекті тұлға­лары хақындағы жүздеген мақалалар мазмұнының салмағымен, пікірінің тығыздығымен, баяндаудағы ла­кониз­мімен ерекшеленеді. Абай институтының сайтының құры­лы­мы, ықшамдылығы, жұмыс істеу белсенділігі де оның идеялық дем берушісінің өресіне, ықыласына, құлшынысына, ниетіне сай. Жан­ғара Дәдебайұлының өзі бас болып шығарған Абай институтының «Хабаршысы» да ұлттық ақпарат кеңіс­тігінен өз орнын алды, оқыр­ман­дары жаңа сандарын күтіп жүр. Қысқасы, Ж.Дәдебаев қайраткер ретінде өнер мен мәдениетіміздің, руханиятымыз бен әдебиетіміздің кәсіби деңгейде дамып, өрістеуіне мол үлес қосып жүр. Бекем пікірлі, бекзат бітімді, байыпты һәм бай­салды, көсем және шешен ретінде мойындалған осы бір жанның шы­ғар­машылығы, сыншылығы, ұстаз­дығы, ағартушылығы хақында оң пікір қалыптасқан, бірақ жариялы­лығы жетіспейтіндей. Осындайда жапон халқының «Терең өзендер үнсіз ағады» деген нақылы еске тү­седі. Бірін-бірі қайталамайтын қалың кітаптар шоғыры, жарты мыңнан астам мақала, елтану мен аймақтанудың тауқыметтері туралы көптеген кітаптар, жазбалар мен сұхбаттар, пікір алысулар, дөңгелек үстел материалдары, радио­кон­ференциялар, теледәрістер, деректі фильмдер де құнды ойға, қисынды пікірге, азаматтық ұстанымға толы. Демек, қайраткер тұлғаның терең ғылыми тағылымы мен үздік ұстаз­дық өнегесін, қайраткерлік қары­мын таратып талдаудың қисыны мол, қажеттілігі даусыз.
Ұлттық әдебиетте бой көрсеткен әрқилы кезеңдік ізденістерді зер са­лып қадағалап отыратын әдебиетші өзгеге еліктеудің көріністерін, бас­қаны байқамай еңсерудің үлгілерін ажырата білуді шәкірттеріне үйретіп отырады. Оларға әрбір көркем құ­былысты байыппен қабылдап, шы­найы бағалаудың жолдарын көр­сетуде. Мәдениетаралық ық­­пал­­дас­тық пен әрқилы әдеби ымыраның астарына мән беріп, орынсыз әрекеттерден сақтан­дыр­ған байқампаз ғалымның бұқа­ралық ақпарат құрал­дарын­дағы ақыл-кеңесі мен уәжіне назар аударылса ғой.
Әдеби кезең пен үдерісті зерттеудегі ғылыми ыждаһат­тылығы, жан-жақты дайынды­ғы, дерек пен дәйекке деген ерек­ше ықыласы мен құрметі, шы­ғар­­ма­шы­лық иесіне деген кісілік көзқарасы – Ж. Дәдебаев еңбектерін ерекшелеп тұратын негіздер мен белгілер. Ғалым әде­биет­­танудың ең ділгір заманауи мәселелерін қам­титын тақырыпты дәл таңдай біледі, зерттеудің мақ­саты мен міндеттерін айқын белгі­леуге ерекше мән береді. Қорытынды пікірлер мен айтылатын өнікті ой­лар­дың қисындылығы мен тұжы­рым­дылығын қадағалайды, ал тал­даудан туған тұжырымды толға­мы мен дәйекті байламының перс­пек­­тивалық мәні де құрметке лайық. Әріптесі мен оқырманына ой сала­тын, оларды даму мен кемел­денуге бағыттайтын Жакеңнің зерттеулері іргелі ғалым үшін де, ынталы жас үшін де таптырмас ақпарат көзі, тағылымды пікірлер мекені бола беретіні анық. Демек, қайраткердің көздегені – ұлттық өнер мен әде­биеттің, ғылым мен білімнің дамуы мен өркендеуі, жұртының рухани жаңғыру жолындағы өнімді бірлігі. Қайраткер тұлғаның тарихи қиян­дарға қол созуы, ғылыми қиындарға ұмтылуы, әлеуметтік, қоғамдық қалтарыстарға жиі үңілуі, жоғал­ған­ды түгендеуге тырысуы, елі мен же­рі­нің тұрмыстық тауқыметін кеңінен қамтуы да – назар ауда­рарлық тағылымды істер.
Өркениет жолындағы зайырлы қоғамның адамды қайраткер, азамат, тұлға ретінде бағалауы мынадай деңгейлерден құралады екен. Бірін­шісі – еңбегінің ресми мойын­далуы. Ж.Дәдебаев – Қазақстан Рес­пуб­лика­­сының Жоғары мектебі­нің ғылым академиясының академигі, Халықаралық Жоғары мектеп академиясының мүшесі, Қазақ білім академиясының, Халықаралық Айтматов академиясының толық мүшесі. ҚР Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бұл бағалар – жарты ғасырға жуық жанкешті еңбектің қоғам мойында­ған заңды нәтижесі.
Екіншісі – ғалымның кәсіби деңгейде, зерттеушілік ортада, әріп­тестер арасында, ғылыми аудитория алдында бағалануы. Жанғара Дә­де­байұлы – филология ғылым­да­ры­ның докторы, профессор. Жарты ға­сырға жуық ғылым мен білім саласында тұрақты, табысты және үзбей қызмет етіп келеді. Түркия, Қытай, Словения, Ресей, Қырғыз­-
с­тан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзір­байжан елдеріндегі халықаралық ғылыми конференцияларда баян­дама жасаған. Әлемнің оннан астам елдеріндегі ең беделді ғылыми басы­лымдарда мақалалары жарық көр­ген. Қазақ Ұлттық универ­ситетінде «әдеби шығармашылық», «көркем аударма» мамандықтары бойынша кәсіби кадрлар дайындайтын ка­федраны алғаш рет ұйымдас­тырып, жұмысын жолға қойды. Филология факультетінің деканы қызметін ұзақ жылдар абыроймен атқарып, фило­логиялық білім бе­рудің заманауи тұжырымдамасын дайындауға бас болды, өздері дайын­даған жаңа біліктілік стандарттарына сүйеніп, ұжымының өркендеуіне айтарлық­тай үлес қосқанын көп­ші­лік мойын­даған. Ғалымның кәсіби біліктілігін, ұйымдас­тыру­шылық қабілетін, кісілік келбетін таныған университет басшылығы оған оқу орнындағы ең күрделі саланың жұ­мы­сын үйлестіру мен басқаруды се­ніп тапсырды. Ж.Дәдебаев универ­­ситеттің иннова­ция­лық (кре­диттік) оқу жүйесіне өтуін қам­та­масыз ететін нормативтік құжаттар­ды дайындауға бас болды. Жоғары оқу орнының елдегі алғаш­қы­лардың бірі болып тәжірибе ретіндегі жаңа оқыту жүйесіне іркіліссіз өтуі ойда­ғыдай жүзеге асырылды. Осы жұ­мысты атқарған ұжымның еңбегінің нәтижесі ҚР Президен­тінің Сапа белгісіне ие болды. Ж.Дәдебайұлы – білім беру мен кәсіби маман дайындаудың теориясы мен мето­дологиясының зәру мәселе­лерін қамтыған жинақ­тардың, құжат­тардың, зерттеулердің авторы, яғни түйіп айтсақ, ол республикадағы білім беру жүйесінің білікті маманы, кәсіби сарапшысы.
Ғалым еңбегін бағалауда жиі қолданылатын әлемдік тәжірибедегі көрсеткіштің бірі – Хирш индексі екені белгілі. Яғни арнайы ғылыми зерттеулердегі жеке ғалымның еңбе­гіне берілген бағалар мен жасалған сілтемелердің саны және сапасына талдау жасау. Бұл көрсеткіш тұрғы­сынан да Ж.Дәдебаев алдыңғы қа­тарда тұр. Қырықтан астам отандық диссертациялардың авто­рефераттарында оның еңбектеріне тікелей сілтеме жасалып, орнықты баға берілген. Ғалым-педагог қаламынан туған «Абайдың антро­по­логизмі» монография­сы, «Ше­шендік өнер теориясының негіздері» кітабы, «Әдеби шығармашылық», «Абайтану» пәндері бойынша дәрістер жинағы жөнінде оң ғылыми пікір қалыптасқан, олар жоғары оқу орындарының бағдарламаларынан берік орын алып, оқытуда кеңінен қолданылуда. Ғылым еңбектері әдебиет теориясы, қазақ әдебиетінің тарихы, қазақ ауыз әдебиеті сияқты оқу пәндерінің тәжірибесінде де молынан пайдаланылуда. Ғылыми ойы құнарлы зерттеуші қазақ әдебиеті пәні бойынша орта мектеп оқулықтарын жазуға белсене араласып жүр. Он жылдам астам уа­қыт бойы еліміздің Жоғары Ат­тестациялық комиссиясының төрағасы мен сараптамашысы болған, ұзақ уақыт бойы ғылыми кеңестердің жұмысына жегілген Ж.Дәдебаевтың республика үшін жоғары білікті ғылыми кадрлар дайындауға қосқан үлесі айтар­лықтай. Оның ғылыми жетекшілі­гімен жиырмадан астам докторлық, кандидаттық диссертациялар сәтті қорғалған.
Алпыстың асуынан алқынбай өткен ғалымның жетпістің жотасына шыққандағы кейпіне көз салсақ, осы он жылда бітірген ісі көп екен. Абайтанудың 36 томы баспаға дайын­далыпты. Сонымен қоса, тақы­рыбы тың, нысаны жаңа «Әдеби компаративистика және көркем аударма» атты оқу құралы студенттердің игілігіне айналып үлгеріпті. Тақырып ауқымы кең, ғылыми ақпараты таң қалдыратын «Тақырып және идея» зерттеуі ойлы оқырманын тауыпты. Ал, «Абайдың антропологизмі» атты инновация­лық ұстанымдар мен перспек­тивалық пікірлерге толы, абайтануға қосылған қомақты үлес деп са­на­латын монографиясы жарық көріп, ғылыми айналымға еніпті. Зерттеуде адам келбеті, заман сипаты, жан мен тән, мән мен мағына, ақыл, махаббат сияқты категориялардың жаңа қырлары мен сырлары, сыны мен сипаты айқындалған. Төрт ұжымдық монографияны дайындауға қатыс­қан екен. Оның жетекшілігімен әдеби компаративистика және ау­дар­ма­танудың заманауи мәселелері бойынша үш дәрістер жинағы жарық көріп, оқу үдерісінде қолданылып жүр. Ж.Дәдебаевтың мұрындық болуымен үш халықаралық ма­қалалар жинағы басылып шыққаны мәлім. Осыған қоса ғалымның танымдық, тағылымдық, ақпарат­тық құндылығы жоғары екі жүзге жуық мақаласы республикалық, облыстық баспасөзде жарық көрген.
Тұжырып айтсақ, қайраткер ғалымның қоғам көңілінен шыққан үлгісі, ұрпағына берер тағылымы мен өнегесі айтарлықтай ауқымды, сан-салалы әрі мәнді екен. Ғылыми еңбектерінің терең мазмұны, ағар­тушылық қызметінің ғибраты, қай­раткерлік қарымы да мол осындай азаматтан елі мен жұрты әлі талай сүбелі еңбектер күтеді. Еңбегін елейтін, кісілік келбетін танитын қалың елі, жанашыр отбасы,тілектес ұжымы, құрметтейтін құрдастары, адал оқырманы мен шәкірттері аман болсын дейміз.

Темірғали Есембеков,
әл-Фараби атындағы
ҚҰУ-нің профессоры,
филология ғылымдарының докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір