Толағай шыққан топта сынағанда…
02.11.2018
2092
0

ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқып жүрген кезім. Бірде жазғы сессия уақытында менен бір курс жоғары оқитын ақын жерлесім Қайрат Әлімбеков Тоқтасын ағамен таныстырды. Тоқаң университетте сырттай оқиды екен. Елуді еңсеріп қалған тығыршықтай толық, орта бойлы жігіт ағасы бірден жанымды баурап ала жөнелгені. Ол жайлы Жұматай Жақыпбаевтың жазғанын естігенім бар. Аз-кем әңгімеден кейін Жұматайдың сол әзіл өлеңінің сырын сұрағаным есімде. Көңіліне дық ала ма деп ыңғайсызданып едім, ондай қалып байқатпайды.

– Ол өзі былай болған, – деп қызықты әңгімесін бастап жіберген. – Бір жолы облыс­тық «Октябрь туы» газетінде келісім шарт бой­ын­ша жұмыс жасайтын Жұматайды қағытып өлең шығардым. Мақала-очерктерін өлеңмен жазатын. Соны меңзеп:
Жұматай деген пәңгібас,
Қаламақың да мандымас.
Өлең-очерк жазам деп,
Болып алдың қаңғыбас… – деген сыңайда айтқан болдым. Оны жігіттердің Жұматайға жетізгенін білемін. Сөйтіп жүргенде көшеде бір топ жолдастарымен келе жатқан Жұматай­дың жолыға қалмасы бар ма?..
– Әй, Тоқтасын, тоқтай қал, – деді ол мені көрген бойда. – Сен маған арнап өлең шығар­ды дейді ғой, сол рас па?!
– Рас, рас – деймін мен ыржалақтап.
– Олай болса мен де саған арнау жаз­дым, тыңда, – деп бір шумақ өлеңді оқи жөлелген:
Қыз көрсе құнжыңдап бір қуанатын,
Жүнжүнге жас баладай жұбанатын,
Қиярдың бөшкесіндей жуан ақын.
Кеңсеміз кердаланың шөлі боп тұр,
Арағың бар ма бізді суаратын,
Кіндігін қытай кескен, суан ақын?!
Өзі жайлы жазылған осынау шымшыма өлеңді Тоқаңның өзі оқып бергенде ішек-сіле­міз қата бір күлгеніміз рас. «Япырау, – деймін ішімнен, – Бір шумақ өлеңге Тоқтасын ағаның түр-тұлғасын, мінез-құлқын, тіпті, арғы беттен келгенін сыйғызып жіберген не деген шебер­лік!»
Тоқаң өте ақжарқын, адамды жатсынбай­тын, көңілді ортаның көркі болып шықты. Аз-кем әңгімелесіп, танысқаннан кейін баяғы­дан араласып жүрген сыралғы достардай шүйіркелесіп кеткенбіз. Арамыздағы жас ал­шақ­тығы да сезілмейді. Енді бір уақытта менің оқыған өлеңдеріме риза болған Тоқтасын аға: «Ұзынағашта тұратын Қанипа ақынға алғысөз жаздырып, «Лениншіл жас» газетіне жарияла­тамын!» – деп Жамбыл ауданына жетекеп бара жат­ты. Бұл таныстықтан кейін бір-екі сағат өткенде болған оқиға.
Қанипа Бұғыбаева сапарлап кеткен болып шықты. Жұбайы Қанағат Қарашев та үйде жоқ екен. Тоқаң тағы бір жолдасының үйіне ертіп барып, Ұзынағашта бір-екі күн аялдап қалдық. Міне, сол кезден бастап екеуіміз туған аға-бауырдай сыйласып кеткенбіз.
Оқуды бітіріп, қолымызға диплом тиген­нен кейін жолдама бойынша қазіргі Алматы облысының аумағындағы Бөрлітөбе ауданын­дағы «Балқаш өңірі» газетіне орналастым. Жарым Дариға медицина институтын тәмәм­даған дәрігер болатын. Мамандығы бойынша аудан­дық ауруханаға жұмысқа тұрды. Орта­лық­тан шалғай, табиғаты қатал өңір болға­ны­мен мұнда да тіршіліктің қазаны қайнап жату­шы еді-ау. Жылдың төрт мезгілінде бір то­лас­тамайтын газеттің жұмысы босаңсуға мұр­ша бермейді. Облыстық теле-радио ком­паниясында еңбек ететін Тоқаң анда-санда іссапармен келіп тұрады. Оның келуі – біз үшін мереке. Айналасын думан-тойға бөлеп жүретін ол күнделікті күйбең өмірге өзгеріс әкелгендей болады. Қолына қалам ұстаған қауым басымыз бір қосылып, арқа-жарқа болып қалатынбыз. Тоқаң мұндайда өлең оқы­майды. Алайда Жомарт екеуіміздің жазған­да­ры­мызды тыңдап, баға беруде таптырмайтын төреші.
Кейіннен мен Қапал аудандық «Қапал еңбеккері», «Капальский труженик» газетіне бас редактор болып тағайындалдым. Осы тұста Тоқаңмен араласымыз қоюлана түскен. Жақын болғаннан кейін Талдықорғанға жиі келемін. Тоқтасын ағамен қатынаса жүріп Ордаш Кендірбаев, Жамау Бұқарбаев, Әбен Дәуренбеков сынды ақын ағаларыммен етене араласып кеттік. Ол кезде ақын, батыр, хан мен би болған бабаларымыздың мерейтойлары жиі өтуші еді-ау. Көбіне-көп осындай мере­келерде бас қосамыз. Той тарқағаннан кейін ағаларымыздың бірінің үйіне жиналып, жыр-мүшәйрасын жалғастырушы едік. Шығарма­шылығымыздың дамуына осы отырыстардың ықпалы болған жоқ деп кім айта алады?
Домбыра мен аккардеонды бір адамдай жетік меңгерген Ордаш ақын кең тынысты, тамаша әнші болатын. Домбыраның шанағына дейін саусақтарын апарып, құйқылжыта бір ойнатып алғаннан кейін «Бүркітбайды» әуе­лете шырқағанда құдды бір кәсіби әнші ме деп қаласың. Біз оқыған өлеңдер, немесе бір шу­мағы көңіліне жағып, ырза болған тұста: «Ай, айналайын-ау, осыдан артық енді кісі өлтірейін деп пе едің?!…» – деп ризашылығын бір сөзбен жеткізетін. Ал, Жамау ақынның арқасы қозған кезде жан адамға бой бермей кететін «тентек­тігіне» талай куә болғанымыз бар.
Біз кейде марқұм болған ағаларымыздың әруағын сыйлап, артында қалған ұрпақтары­ның көңіліне қарап, кейіпкерімізді періште етіп көрсетіп жатамыз. Ол дұрыс та шығар. Алайда, солай етеміз деп кешегі арамызда жүр­ген асыл жандардың болмыс-бітімін өзгертіп жіберетініміз бар. Мысалы, тәңірдің өзі берген талантының арқасында Тоқаңның елдің еркесі болғанын, жалғанды жалпағынан басып жүргенін жасырғанда ұтарымыз не?! Ол төрт аяғынан тайпалған жорға журналист болумен қатар, тамаша ақын да еді-ау. Өлеңді тез әрі қиналмай шығаратын. Айтар ойы да, сөз саптауы да салмақты шығып жататын. Бірақ өлеңнің соңына шырақ алып түскен емес. Бы­лайша айтқанда – поэзияны өмірлік мұратына айналдырмады. Әйтпесе біраз жерге жетіп жығылатын шамасы бар-тұғын. Сондықтан болар, Тоқаң былайғы жұрттың есінде ең алдымен ақын ретінде сақталып қалды.
Тоқаң өте елгезек жан еді. Үнемі әлдебір шаруалармен алашапқын болып жүргені. Біреулерді жұмысқа орналастырамын деп, студенттерге зачет қойдырып беремін деп, басы ауырып, балтыры сыздағандарды жетектеп алып шауып жүретін. Бір қызығы бар абыройын салып, әлдекімнің мәселесін шештім деп міндетсінгенін көрген емеспін. Арқадан қағып, дәмханада сый көрсеткеніне разы. «Жасаған жақсылығың адамнан қайтпаса да құдайдан қайтады» – деген тегінде рас-ау. Аңқылдаған ақ көңіл, адал пейіл ағаның қашанда айтқаны орындалып жатады. Өзгенің қайғысына өзінікінен артық қинала­тын, бір жанға шарапаты тисе, рахаттанатын, тірі пенденің көңілін қалдыруды білмейтін екі адамды таныдым. Оның біреуі – Тоқаң болса, екіншісі – Ақын Қайрат Әлімбеков болатын.
Тоқтасын ағаның адалығы мен адамгер­шілігі кей жағдайда аңғалдықпен, тіпті, қожанасырлықпен ұштасып жатушы еді-ау.
«Тоқтасын Сүгірбеков айтыпты» – деген әңгімелерді ел арасында әлі күнге дейін естуге болады. Соның өзім куәсі болған бір-екеуіне тоқталғанның сөкеттігі бола қоймас.
Бірде Тоқаң мен Бақытжан тәтені үйге қонаққа шақырғанымыз бар. Ас үстінде ол өзі­нің кімдерге қолғабыс жасағанын мақта­нышпен айта бастады. Сөз арасында бәрімізге таныс бір азаматты сотталып бара жатқан жерінен араша түсіп алып қалғанын қосып жіберген. Бақытжан тәте:
– Әй, сен оны қалай алып қаласың?! Ол бес жыл түрмеде отырып келді емес пе? – деді шыдай алмай. Сөйтсе Тоқаң әңгіме екпінін бәсеңдетпестен:
– Отырса жай отырған шығар, Ал оны түрмеден алып қалғаным анық! – деп сөзін әрі қарай сабақтай берген.
Тоқтасын Сүгірбеков ағамыз табысқой болатын. Іссапарға барған жерінен бір қойдың етін арқаламай қайтпайтынын талай көрдік. Сонысына сенеді ме, әйтеуір қонаққа, тойға барғанда өлеңдете тілегін айта келіп, той ие­сіне бір қой атайтын әдеті бар-тұғын. Бір қызығы, ол қойды Тоқаңнын өзі ешқашан апа­рып бермейді де, адамы қой қайда деп сұра­майды. Жақын-жамағайыны, дос-жарандары оның бұл дәстүріне мойынсұнып қалғандай. Бірде Әбен Дәуренбековтың әйелі – Сәкен Иманасовтың туған қарындасы Қайыпжамал тәтеміз босанып, жалғыз ұлы Айдын дүниеге келеді ғой. Құтты болсын айтуға бір топ жол­дастарын ертіп Жұматай Жақыпбаев келе жатса, алдынан Тоқаң шығады.
– Тоқа, қайдан келесің? – дейді Жұматай.
– Әбеннің үйінен, ұлының бауы берік болсын айтып…
– Сыйлығыңды да апарған шығарсың?
– Әрине, апарамын ғой.
– Бір қой атадың ба?
– Иә, бір қой атадым!
Сол кезде Жұматай мырс етіп бір күліп алып:
Бір жілігі аспанда,
Бір жілігі Басқанда.
Бір жілігі арқанда,
Бір жілігі Сарқанда.
Бір жілігі Жәркенде,
Бір жілігі Өркенде – деп қойдың он екі жілігін санап шығып:
Үйсін, найман тойынар,
Тоқаңның бір қойы бар.
Әркімге бермек ойы бар,
Шамаң келсе сойып ал… – деген көрінеді.
Сонау бір жылдары ақындар бір-біріне өлеңмен хат жазып, сәлемдесетін дәстүр болған. Бұл олардың шығармашылық байла­ны­сын бекітіп, шеберлігін шыңдап қана қой­май, белгілі бір мөлшерде сыйласымдылық қа­лыпастыратын да. Осындай бір сәлемінде Қаратал аудандық газетінде еңбек ететін Ор­даш ақын Тоқтасын ағаға былай деп жазған еді:
Талдықорғанда Тоқтасын аман ба,
Толағай шыққан топта сынағанда.
Тоқаң дегеніміз – Отан дегеніміз,
Олай демегендер оттасын одан да!
Осы бір шумақ өлеңдегі ақжарма көңілден шыққан інілік ізетке біз имандай сенеміз.
Жастықтың буымен, білместікпен айтып қалған кейбір сөздеріміз есімізге түссе қарадай отырып ұялатынымыз бар. Осындай бір жай Тоқаңа қатысты болған еді. «Жетісу» газетінің редакциясында отырғанымызда бір жас жігіттің мезгілсіз қазасы жайлы әңгіме болды. «Шіркін, жап-жас еді ғой», – деді Тоқаң. Сол тұста мен әзілге басып: «Тоқа, сол жігіт сіздің орныңызға кеткен жоқ па?!» – деп қалдым. Айтуын айтып алып, тілімді тістей қойғаным есімде. Артық айтылған сөз екенін кеш аңғар­дым. Отырғандар іш жиып, секем алып қал­ғандай. Тоқтасын ағайым болса қаперсіз: «Қазіргі жастардың өздеріне де обал жоқ. Өшіретке қарамайды, кимелеп алға түсіп тарта береді…» – деп қалыптасқан ыңғайсыздықты күлкімен шайып жіберген.
Мына жалған өмірдің келте екенін білсек те тіршілік бітпейтіндей ғұмыр кешетініміз бар-ау. Мен де Тоқаңды үнемі осылай айна­ласын думанға бөлеп жүре беретіндей көруші едім. Тіпті ол ауырып, емханаға түсіпті дегенді естігенде де сақайып, ортамызға қосыла­тынына сенімді болдым. Бақытжан тәте: «Сені Тоқтасын іздеп жатыр?!» – дегеннен кейін бір-екі рет халін сұрап шықтым. Өңі өзгер­меген, сөзі сергек. Баяғыша әзілге басып біраз отырдық. «Ана жаққа аттанатын адамға ұқса­майсыз. Сондықтан қоштаспаймыз. Әлі-ақ талай қызық-думанды бірге өткерерміз!» – деп әзілдеп, алаңсыз қайттым. Содан екі күн өт­кенде: «Тоқтасын қайтыс болыпты!» – деген суық хабар жеткенде төбемнен жай түскендей болды. Тумаса да туғанымдай болған, бар әзілімді көтеріп еркелеткен, қамқоршым бол­ған жаны жақсылықтан жаралған асыл аза­мат­тың бұл дүниеде енді жоқ екеніне сенгім келмеді. Сол бейне бір сәт сағыныш болып өлең жолдарына айналды.
Тіршілік заңы ійуді білмес қатал да,
Тоқтасын аға,
таңыңыз қайта атар ма?!
Сайран да құрған сағымды күнмен қош­тасып,
Аттанып кеттің мәңгілік дейтін сапарға.

Жақсыны жақтап,
жамандарменен белдестің,
Ел-жұртың барда аямап еді төрді ешкім.
Үңірейіп қалды өзіңмен толы ортамыз,
Әйтпесе мынау өмірде мәңгі өлмес кім?!

Қамсыздың көшін қамдайтын жанның бірі едің,
Әзілдің әркез ағытушы едің шүмегін.
Ағалап сенің артыңнан ерген біздерді,
Қалайша қиып тоқтады екен жүрегің?!

Құлағаныңша түспеді қолдан қаламың,
Бар еді бізге қоятын қатал талабың.
Жабыққан кезде жаныма шуақ құятын,
Жайдары сіздей ағаны қайдан табамын?!

Адал едіңіз жақынға және жолдасқа,
Қазаңыз мына жаныма жара салмас па…
Жұматай менен Сұраншыларды сағынып,
Асықтың ба әлде Жамауың менен Ордашқа?!

Жырменен қалап жан жылуыңның өтемін,
Бейнеңізді аға, жүрекке сақтап кетемін.
Ақындар менен серінің бәрін жинап ап,
Сауыққа толсын мәңгілік мынау мекенің!

Қуат Қайранбаев,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі
Алматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір