Қазақ әдебиеті және Қазақфильм
Руханият дүниесінің түбі бір, түп атасы – әдебиет. Бұл сөзге түсінік жазып, түкпірлеудің қажеті шамалы шығар, әйтсе де, киноның да, театрдың да, музыканың да сүйенері әдеби көркем шығармалар: проза мен поэзия екендігін ескерте салсақ, есті жұрттың «е-е» десері анық.
Қазақ әдебиеті мен қазақ киносының арасындағы шығармашылық байланыс пен бауырластық Мұхтар Әуезов («Абай әні»), Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Всеволод Иванов («Амангелді»), Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтанахмет Қожықов, Ораз Әбішевтерден басталды да, жарасымды жалғасын таба берді. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесін оқыған жұрт әлі күнге Абдолла Қарсақбаевтың экрандағы «Қожасына» қол соғумен келеді. Төлен Әбдіковтың «Ер Сейіт пен Қыз Бәтіші» талантты режиссер Серік Жармұхаметовтың «Өтелмеген парызы» болып таспаланды. Дулат Исабековтың «Гаухартасы» – режиссер Шәріп Бейсембаевтың да «Гаухартасы». Саусағымызды бүгіп санамалай берсек, қазақ режиссерлері мен қазақ қаламгерлері арасындағы «алтын көпірден» тарлан таланттарды көре түседі екенбіз. Міне, айдан асты, қазақ баспасөзі жазушы, кино-драматург Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» атты повесінің желісі бойынша түсірлген толық метражды драмалық «Талан» көркем фильмі туралы жарыса жазып, сүйіншілеп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, бұл – Жүсіпбек Қорғасбектің қаламынан туған шығарма негізінде түсірілген екінші фильм. Алғашқысы – әйгілі «Жансебіл» болатын. Режиссері – марқұм Аяған Жәшімбаев еді. Қасым Жәкібаев, Галина Макарова, Кеңес Нұрланов, Анна Таракановалар басты рольдерді сомдаған «Жансебіл» «Қазақфильмнің» алтын қорына енді. Сөзімізді осы арадан қайырып, біз бүгінгі шағын шолуымыздан мына бір мәселені ерекшелеп айтқымыз келеді: Болат Қалымбетов сияқты ағалар дәстүрін көріп қалған режиссерлер болмаса, қазіргі киногерлердің дені қазақ қаламгерлерімен қарым-қатынас жасау, шығармаларын оқып, шығармашылық одақ құру дегенді мүлде ұмытқан. Сондықтан да болса керек, олардың түсіріп жатқан фильмдерінде ұлттық реңк, ұлттық мазмұн, ұлттық құнар жоқ. Әйтсе де, Қазақ әдебиеті және Қазақфильмнің арасындағы бұрынғы байланысты қалпына келтіруге болады деп ойлаймыз. Сондықтан газетіміздің алдағы нөмірінде аталған мәселе төңірегінде кеңірек ой өрбітпекпіз.