Шын сүю мен азап шегуді үйрену керек
Шыңғыс Айтматов:
«Әлем әдебиетінің жауһары» айдарында бүгін «Адамзаттың Айтматовы» атанған Қырғыз халқының ұлы жазушысы – Шыңғыс Айтматов. Прозаик әрі журналист Эльга Злотник 1976 жылы «Неделя» газетінің тапсырмасымен арнайы Айтматов үшін Бішкекке іссапарлатып барады. Сөйтіп, бірнеше күнге созылған сұхбат жасайды. Көп ұзамай сұхбат жарық көрді, бірақ, толық жарияланған жоқ. Ресейдің «Rаra Avis» порталы кейін толық жариялаған сол сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
Жұмыс және принцип
– Шыңғыс Төреқұлұлы, сіз көп жұмыс істейсіз, айтыңызшы, күш-қуатты қайдан аласыз?
– Мұны бір сөзбен айту қиын. Галактика қалай пайда болады? Қүш-қуат деген – галактика. Сондай бір тылсым дүние адамның бойына көп өзгеріс енгізеді…
– Сіз оңаша отырып жазасыз ба, әлде айналадағы у-шуда да жаза бересіз бе, мысалы, жақындарыңыздың ортасында?
– Жоқ, мен тыныштық болмаса жаза алмаймын. Тіпті, жанымда жалғыз адам болса да, жазу маған қиын. Әлі есімде, жоғарғы әдеби курста оқып жүргенімде әр бөлмеде екі адам тұратынбыз. Сонда қалай жұмыс істегеніме қазір таң қаламын. Ол кезде қаламмен жазатынбыз.
– Әдетте, жазушылар әртүрлі пікір білдіріп жатады: «Жазбауға мүмкіндігің қалмаған кезде жаз» немесе «Жазбай қалған күнің болмасын» дегендей. Сіз үшін қай жол тиімді?
– Өз басым бірінші пікірді ұстанамын. Менде күн сайын жазу мүмкіндігі жоқ. Ал, екіншісі – жазуды енді бастағанда іске асады. Міне сол кезде күн құрғатпай жазу қажет. Өз тәжірибемнен білетінім, егер басталғанды аяқтамасаң, онда көп дүниені жоғалттым дей бер…
Соғыс
– Соғыс аяқталғалы көп жыл өтті, ал сіз сол шаққа қайта-қайта орала бересіз. Неге?
– Соғыс тақырыбы мені ғана емес, менің замандастарымды және кейінгі ұрпақты жиі мазалайды деп ойлаймын. Бұл тақырыпты әркім әрқалай қаузайды. Әр дәуірдің өзінің соғыс жайлы кітабы болады. Мен майданда болғам жоқ, бірақ менің балалық шағым мен бозбала кезім сол кезеңмен тұспа-тұс келді. Қазір де соғыс өзекті тақырып. Мені толғандыратыны, сондағы мейірім мен адамзат мәселесі. Адамдарды қалай қорғаса болады, табиғат берген несібені қалай көбейтуге, көркейтуге болады? Ата-бабаларымызбен арамызды жалғап тұрған құндылықты қайтсек аман сақтап қала аламыз? Адамдық болмысымызды аяқтарға таптатып алмай, шексіз сұлу әлемімізді ұрпақтарымызға қалдыра аламыз ба?
Табиғат
– Шығармаларыңыздан байқағаным, табиғатты жандандырып суреттейтініңіз соншалық, тіпті, пұтқа табынушы адамдайсыз. Сіз үшін адамгершілік критерийі – адамдардың табиғатқа деген құрметінен біліне ме?
– Меніңше, осы тұрғыда руханияттың миссиясы өте маңызды. Шын сүю мен азап шегуді үйрену керек. Бұл табиғатқа да қатысты. Табиғатты шексіз сүю, бағалау, одан ләззәт алу… Осы жерден де өмір мәні мен ғажайыбын көре білуіміз керек.
– Сонда не істеу керек, табиғатқа бейімделу керек пе, әлде оны бағындыру керек пе? Сіздің мұныңыз табиғатты бағындыруға қарсылық емес пе?
– Негізінде, қарсымын. Алайда нан табу үшін түрлі әрекеттерге баруға тура келетінін түсінемін. Әйтсе де барлық іс табиғатқа залал келмейтін жолмен жасалса екен. Біз, адамдар, табиғатқа деген құрметімізді лайлап алмау үшін не істеуіміз керек? Мені толғандыратын сұрақ осы.
Әдебиет және факт
– Сіздіңше көркем шығармада фактының рөлі қаншалықты маңызды? Тіпті, құжаттар мен мемуарларынан алса да, жазушы әрқашан фактыны өзгертеді емес пе?
– Фактыны талап ететін тарихқа негізделген әдебиет бар… Өз басым, биография мен фактыны шығарманың сүйегі еткенді құп көремін. Ал жалпы алғанда, нағыз көркем шығарма – ойдан шығарылады. Әрине оның өз географиясы, мекен-жайы, көше атауы болмақ. Жүз жазушы бір метроны жаза алады. Десе де, метро – Нью-Йорк тұрғыны мен Лондон тұрғынына екі түрлі елестейді. Және әр жазушы өзінше суреттейді. Сонан соң барша оқырман үшін ортақ, ауқымды категориялар бар. Мәселен: «Күзде олар Парижде болды». Оқырман бірден көзіне Парижді елестетеді. Сөз ортақ ой тудырады. Осыған талпыну керек. Әйтпесе белгісіз мекендерді суреттеген мыңдаған кітап шығып жатыр… Мысалға, өте қызықты грузин халқының әдебиетін алайық, грузин үшін құнды, таныс мінездер, таңсық емес тағдырлар. Яки Жапонияны алайық, ол жақта кітаптар әлемі кең, таралымы көп, бір өкініштісі бізге жетпейді… Дегенмен өз басым жергілікті табиғатпен шектеліп қалған әдебиеттен бас тартар ем…
– Хош… Әдебиетті жалпыға өтімді ететін не? Алғышартын айта аласыз ба?
– Бұл сұраққа жауап беру қиын. Екі нәрсе бар: шығарманың тақырыбы мен шынайылығы. Бұл менің жеке көзқарасым. Буддалық, тибеттік діни әдебиеттер бар, мүмкін бұлар үлкен шеберлікпен жазылған болар. Сонда да қазіргі реалистік көзқарасты талап ететін ғасырда діни әдебиет аса маңызды емес. Қазір әдебиетте түрлі ағымдар мен тақырыптар бар, солардың ортақ түбірі шығарманың шынайылығы мен адамзаттың мәңгі мәселелері.
ӘДЕБИЕТТІҢ ІШКІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
– Қатыгездікке қарсы шыға отырып, оны жалпақ жұртқа жарнамалап аламыз деп ойламайсыз ба?
– Қатігездікті рухани-негативті адамзатқа деген шынайы жанашырлықпен жұрт алдына масқаралап шығару керек, оған қарсы тұруға қол жинау керек. Алайда физикалық зорлық-зомбылықты араластырмау керек. Егер біз шығармамызда оқырмандарды «бәрі жақсы, бәрі тамаша, бәрі ойдағыдай!» — деген мазмұнмен алдай берсек, олардың ұлы күреске күші де, зауқы да болмайды.
– Дәл осындай дилемма: педагогика саласында балаларға қатыгездік жайлы айту дұрыс па, бұрыс па?
– Иә, педагогика саласында жас балаларға айту-айтпау олардың қай жаста және қалай қабылдай алатынына байланысты. Балаларды ғана емес жалпы адамдарды қарапайым ғана мәселені айтып, көздерін ашып алып, әрмен қарай ақырындап сатылай берген абзал. Физикалық зорлық-зомбылықтан бастап, рухани зорлық-зомбылыққа дейін тәтпіштеп түсіндірсек те артықтық етпейді. Майданға дайындағандай дайындық керек. Себебі адам күреске әрқашан дайын болуы қажет-ақ.
Әдебиет әсері
– Әдебиеттің әсері әлемді суреттеп қана қоймай, оны қайта жаратады деген ұғым тым әсірелеу емес пе?
– Әрине, әдебиет әлемді өзгерте алмайды, бірақ ол әр оқырманның көзқарасын қалыптастырып, тәрбиелей алады. Міне, осыдан соң әр адам шығармалардағы жағымсыз әдеби кейіпкерлердің қателіктерін қайталамауға тырысады.
Сенуге болатын тәуелсіз әйелдер
– Сіздің хикаяттарыңыздың бас кейіпкерлері – әйелдер, сол әйелдердің арасында сіздің идеалыңызға қай әйел жақын? «Жәмиләңыздағы» Жәмилә ма?
– Идеал әйел болмайды, десек те сана сапасы, мәдениеті, сүйкімі, сырт келбеті жағынан өте сенімді әйел ұғымы үдесінен шыға алатын әйелдер бар. Жәмилә – романтикалық кейіпкер. Қазіргі Жәмилә аздап басқаша болар ма еді… Көп әйелдер бақытқа жету үшін өздерінің жеке өмірін өзгертуге, ана болу сезімін сезінуге құлшынады. Әрине, әйел өз тағдырын өзі шеше алады. Өмірлік мақсаты үшін бәрін құрбан етуге бел шешкен әйелді құрметтеуіміз керек. Ал, ол өз ісінің нағыз маманы атанады, бірақ отбасын құруға үлгермей қалды делік… Осындай әйелдерге жаным ашиды. Егер осындай әйелдердің саны арта берсе, біздің ертеңіміз не болмақ?
Орыс тілінен аударған
Нүркен Нұрғазы