БҮГІНГІ КҮННІҢ ДЕТЕКТИВІ: ПАРА БЕРГЕН БЕ, ПӘЛЕ ЖАПҚАН БА?
Заманымыз шым-шытырық оқиғалар мен шырғалаңға толы. Айласын асырып алдағандар мен айлаға қайла таба алмай алданғандар, зорлықшылар, қорғансыздар, заң, құқық саласында жүріп-ақ, заң бұзатындар, заңды білмей заңға қайшы жүретіндер, қызғаныштың қызыл иті ішінде ұлып харамми тірлікке бой ұрғандар – қойшы, әйтеуір толып жатыр. Осының бәрі бүгінгі күннің драмасы. Және ол бізде ғана емес, әлемнің барлық елінде болып жатқан жайттар. Сол жайттарды Батыс жұртының қаламгерлері қағазға түсіріп, киногерлері таспаға тарта қояды. Детектив жанры Эдгар Алан По, Конан Дойл, Марио Пьюзо, Агата Кристилердің заманынан озып, бүгінге жетті. Бүгін тіпті, күшейе түскендей… Тек қазақ қаламгерлері ғана үнсіз. Күлкілі оқиғаларға күнде куәміз, бірақ, қазақ жазушылары күлмейді. Детектив пен сатира бізде «саптан шығып» тұрған сияқты… Төмендегі мақаланы жазушылардың газетіне әдейі жариялап отырмыз. Өйткені, бұл – жазуға сұранып тұрған тақырып. Ендеше оны алдымен жақсылап оқып алайық.
Осыдан тура сегіз ай бұрын бұрынғы Астана қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Рауан Рамазанов пен аталмыш мемлекеттік органның басқарма бастығы Еркін Дәулетбаев «22 миллион пара алып жатқан жерінде ұсталды» деген ақпарат тараған еді. Осы ақпаратты жалпақ жұртқа алғаш таратқан КТК арнасы жақында осы «көріністі» жерден жеті қоян тапқандай қайталап көрсетті. Ондағы мақсаттары не? Жалпы осы ақпарат шындыққа жанаса ма? Шынымен олар пара алып жатқан жерлерінде ұсталды ма? Параны берген кім? Ол кімнің ақшасы? Өйткені «пара берді» деген жәбірленуші жақ «біз ешкімге ақша берген жоқпыз» деп ашық мәлімдеп отыр. Ендеше пара бермек болған кім? Жалған ақшаны тықпалап, арандату әрекеттерін жасаған кім?.. Неге? Не үшін?..
«Пара берді» деген «Астана Қалалық Жарық» мекемесінің басшылары Рамазановпен де, Дәулетбаевпен де жеке таныстықтары болмаған, тіпті өмірде көрмеген, кездеспеген, тілдеспеген бейтаныс жандар. Егер арандату болмаса, «Астана Жарық» мекемесінің басшылары мемлекеттік мекеме бола тұра, неге мәселелерін шешкізу үшін ақша ұсынбақшы болады? Олар ондай ақшаны қайдан алады және қалай береді? Қисын қайда? Яғни, білдірмей әдейі қақпан құрған. Олай дейтініміз, пара беруші ретінде қарастырылып отырған «Астана қалалық жарық» серіктестігі директорының кеңесшісі Аманжол Тәжіғалиев өз ойын қандай жолмен болсын жүзеге асыруды мақсат тұтқаны және Астана қалалық Әділет департаментінің қызметкерлерін арандатудың жолын ұзақ іздегені және қитұрқы іс-әрекеттерге барғаны анық аңғарылады. Әділет департамент қызметкерлері оның ұсыныс-тілегін қайта-қайта қайтарып тастаса да, ол өз ойын жүзеге асыру үшін қайта-қайта келе берген. Бірақ ол Рауан Рамазановқа да, Еркін Дәулетбаевқа да ешқандай ақша бермеген. Ендеше пара ретінде ұсынылған ақша кімдікі? Ол – Астана қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің жеке есебінен алынған ақша екен. Оның жүз мыңы (100 000) ғана шын ақша да, қалған жиырма бір миллион тоғыз жүз мыңы (21 900 000) жалған ақша. Міне, осы ақшаны Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қалалық департаментінің қызметкерлері «Астана қалалық жарық» серіктестігінің шофері Әнуар Рамазановқа (Рауан Рамазановпен тектес, бірақ ешқандай туыстық байланысы жоқ, мүлде бейтаныс адамдар) берген. Әнуар Рамазанов соның алдында ғана аталмыш мекемеге автобус жүргізушісі болып (жүргізуші куәлігінде ондай категория болмаса да) орналасып (яғни заңсыз), Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің тапсырмасын орындаған соң қайтадан жұмыстан шығып кеткен. Бұл жайт та күдік тудырмай қоймайды. Мұқият тексеруді талап етеді. Бұл істе бұндай күмәнді нәрселер мен түсініксіз жайттар, заң бұзушылықтар өте көп…
– Шынын айтқанда, осы бір жалпақ жұртқа жар салған ірі істі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері өздері арандатушылық әрекеттері арқылы жасаған, бірақ олары өте сәтсіз шыққан, – дейді Рауан Рамазановтың адвокаты Ерлан Айтқожинов, – Біз бұл іспен мұқият таныстық. Сондықтан айыпталушы Рауан Рамазановтың бұл іске ешқандай қатысы жоқ деп сенімді түрде айта аламын. Мысалға айтайықшы, пара талап етті деп арыз беруші («Астана қалалық жарық» мекемесі басшысының кеңесшісі) Аманжол Тәжіғалиев Рауан Рамазановты танымайды, көрген де адамы емес. Тіпті, көлік жүргізушісі Әнуар Рамазановқа пара беру туралы ешқандай тапсырма, тіпті, ақша да бермеген. Әнуар Рамазанов аталмыш серіктестікте бар-жоғы бір айдай ғана жұмыс істеген. Және оның Ұлттық Бюро жүргізген қатысы барлығы анықталып отыр. Мүмкін ол «Астана қалалық жарық» мекемесіне кездейсоқ жұмысқа тұрмаған болар?!. Қазір бұның бәрін адвокаттық қауымдастық зерттеп-зерделеп жатыр. Енді осы істегі тағы бір фигурант – Астана қалалық Әділет департаментінің жауапты қызметкері Гүлмира Манаповаға келсек, арызданушы сонымен көп байланысқа түскен. Ол өзі жауапкершіліктен құтылу үшін басшыларын ұстап беруге тырысқан. Бірақ істегі жазбаның бірінде агенттік қызметкерлеріне Манапова: «Рамазанов пен Дәулетбаевтың ақшаны алмайтынын» ашық мәлімдеген. Олай болса, қалайша пара туралы әңгіме қозғауға болады?!
Тағы бір таңғаларлығы – «параны» (жүз мың (100 000) теңге мен жиырма бір миллион тоғыз жүз мың (21 900 000) жалған ақшаны «Астана қалалық жарық» мекемесінің көлік жүргізушісі Әнуар Рамазановқа басшылары емес, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Астана қалалық департаментінің қызметкерлері берген. Ендеше бұны пара деп қалай айтуға болады? Бұл таза арандату емес пе?!. Заң бойынша, бұл пара болып саналмайды. Бұл заңға қайшы іс-әрекет. Бұл үшін агенттік қызметкерлері Заң алдында жауап беруі тиіс. Әнуар Рамазанов Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, осындай (20) жиырма іске арандату әрекеттерін жасаған. Бір емес, екі емес, жиырма адамның тағдырына балта шабысқан. Міне, өздеріңіз де байқап отырған шығарсыздар, бұл жерде пара беру, пара алу оқиғалары атымен жоқ, көпе-көрінеу арандату, қылмысқа итермелеу ғана бар…
Пара деген не? Біреу ақша берсе… екіншісі соны алса… міне, бұл пара болып есептеледі… Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкерлері соны да білмей ме?!. «Пара алып жатқан жерінде ұсталды» деп жарияға жар салғандары қалай?.. Халықтың мұң-мұқтажын жоқтауға тиіс журналистердің, яғни КТК арнасының жалған ақпаратты таратқаны несі?!. Ал шындығында жаңағы агенттіктің ақшасын Рауан Рамазанов пен Еркін Дәулетбаев алмаған да, тіпті ол ақшаны көрмеген де… Агенттіктің «параға» берген ақшасы (алпыс мың теңге, қалғаны жалған ақша) аталмыш қызметтің тапсырмасы бойынша әрекет еткен Г. Манапованың сумкасында болған, оның қырық мың теңгесі Манапованың өз ақшасы екен, сонда бар-жоғы жүз мың теңге, ол оны Рамазанов пен Дәулетбаевтың алмайтынын (өз сөзі) біліп, оларға ұсынбаған, яғни бермеген… Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері ақшаны Манаповаға өздері береді және Р.Рамазанов пен Е.Дәулетбаевтардың алмайтынын білген соң, қайтадан сол Манаповадан өздері алады. Осылай айлаларын асыру арқылы заңсыз ұстайды. Тіпті Р.Рамазанов пен Е.Дәулетбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің өздері тықпалаған ақшаны алған күннің өзінде ол шынымен пара болып есептеле ме?! Заң тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да бұл ешқашан пара болып саналмайды! Яғни шын мәніндегі пара алу фактісі тіркелмегені айдай ақиқат. Заң қызметкерлерінің осындай заңсыздықтарға барғаны қынжылтады. Сонда «пара алушылар» кімнен пара алған болып шығады өзі? Біздіңше, бұл пара емес, пәле-жала, таза арандату. Осыдан кейін Р.Рамазанов пен Е.Дәулетбаевты «Астана қалалық Жарық» серіктестігінен 22 миллион теңге пара алды» деп қалай айыптауға, қалай ақпарат таратуға болады?!.
Р.Рамазанов пен Е.Дәулетбаев алды деп айыптап отырған 22 миллион теңге қайда? Ол кімнің ақшасы? Ол өзі шынымен бар ақша ма, жоқ әлде, ойдан құрастырылған миф пе? Алдымен қарапайым осы сұраққа жауап іздейікші. 22 миллион деп ауыз толтырып айтқанмен, ол атымен жоқ ақша ғой. Жоқ ақшаны қалай параға беруге болады? Міне, түсінген адамға, «Астана қалалық жарық» мекемесі басшыларының пара бермек ойлары да болмаған, тек арандату әрекеттерін жасағаны осыдан-ақ беп-белгілі емес пе?! Ал, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз бухгалтериясынан суырып алып берген алпыс мың теңге мен агенттіктің тапсырмасын орындаған Г.Манапованың қырық мың теңгесі және 21 900 0000 жалған ақша параға жатпайтыны есі дұрыс адамға белгілі шығар. Осы жерде тағы бір заңды сұрақ туындайды. Ендеше пара берген кім немесе қай мекеме?.. «Астана қалалық жарық» серіктестігі ме? Кешіріңіз… олардың бір тиын бермегендерін және ондай қаржыны ешқашан тауып бере алмайтындарын өздері-ақ ашық айтып отыр. Бұндай жағдайда пара туралы сөз қозғаудың өзі артық емес пе?
Сондықтан бұл істің анық-қанығы толық ашылуы үшін ең алдымен Рауан Рамазанов пен Еркін Дәулетбаевқа қастандық істеген, арандату әрекеттерін жасаған адамдарды ұстап, осы іс бойынша қылмыстық іс қозғап, кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Себебі арандатудың өзі де үлкен қылмыс. Өкінішке қарай, Астана қалалық Прокуратурасы да біз тізбелеп отырған мәселелерге аса көңіл аудармай отырған сыңайлы. Тек қана қыркүйек айының өзінде Құқық қорғау органдарының басшыларына осы жай-жапсарларға байланысты отыздан аса арыз-шағым жазылған екен. Оның бірде біреуінен нақты жауап келмеген. Құқық қорғау органдарының адам тағдырына осыншалықты жауапсыз қарайтыны алаңдатады.
Сондықтан Бас Прокурордан, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Жоғарғы соттың төрағаларынан, біз сөз етіп отырған факторларға байланысты тергеу амалдарын қайта жүргізіп, Р.Рамазанов пен Е.Дәулетбаевты «жаптым жала, жақтым күйеден» аман алып қалуды сұраймыз. Сонымен бірге осы істің түпкі себебін толықтай ашуға күш салынуы керек. Әйтпесе, қазір елімізде қым-қиғаш көзқарастағы адамдардың бір-бірінен өш алу үшін арандату әрекеттерін жасайтын үрдіс белең алып бара жатыр. Ал бұның арты жақсылыққа апарып соқтырмайтыны тағы анық.
Мұрат МҰҚАШЕВ,
журналист
ПІКІРЛЕР1