Ғұмыр кешкен шынайы шайырларша
02.11.2018
1291
0

Оқырман қауым үшін есім-сойы ерекше ақын-жазушыларды іздейтінімізді, олардың шығармаларын, олар туралы естеліктерді молынан жариялайтынымызды әу баста ескерткен едік. Әрине, бұның бәрі қазақ әдебиетінің алтын ордасында өмір сүрген жақсылардың атын жаңғыртумен бірге аса мәртебелі, бек қадірлі оқырманды әдемі, әсерлі әңгімелермен, жаухар жырлармен қайта табыстырудың орайына жатады. Газетіміздің өткен нөмірінде Бауыржан Үсеновтің өлеңдері жарияланып еді, ендігі кезек Әділбек Абайділданов әлеміне саяхатқа тиіпті. Осылайша жыр жампоздары мен «қара сөзге дес бермеген» саңлақтардың «ауылына» әредік оралып тұратын боламыз. Қабыл көріңіз, «Қазақ әдебиетінен» қол үзбеген, ағайын!

Қазақтың айтулы ақындары Тұманбай Молдағалиев пен Сәкен Иманасов 2002 жы­лы Әділбек Абайділдановтың соңына қал­дырған өлмес мұрасын құрметтеудің үлгісін көрсетті. Туған жеріне арнайы келіп, туға­нына жетпіс жыл толып отырған ақын ме­рей­тойының басталуына ұйытқы болды. Ақын есімін мәңгі есте қалдыруға туған жерінде игі қадам жасалды. Қарабөгеттегі бір көше ақын есімімен аталды. Өкінішке орай, елді-ме­кен­дердегі бір мектепке Ә.Абай­ділданов есімі бе­рілсе, облыс ор­та­лы­ғында ақын аты ұлық­талса деген көпшілік өтініші әзірше жоғарғы орындар тарапынан қолдау таппай келеді.
Ол бар болғаны 52 жыл ғұмыр кешіпті. Алматы облысы Сарқан ауданында Бақалы мен Қарабөгетке ортақ Бастаушы елді ме­кенінде 1932 жылы 18 наурызда дүние есігін ашқан ол Лепсі педучилищесін бітіріп, еңбек жолын Ақсу ауданындағы Октябрь жетіжылдық мектебінен бастайды. Білімін тереңдетуді көксеген, әдеби ортаны аңсаған жас бір жылдан соң Алматыға аттанып, 1956 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдайды. Университет қабырғасында жүргенде-ақ республикалық басылымдарда өлеңдері жиі жарияланатын жас ақынды газет ре­дак­ция­ла­ры жатсынбай қабылдайды. Көзі тірісінде «Ақ қайың», «Салтанат», «Қыран», «Алыс көк­жиек», «Сокол», «Маржан», «Жүрегімнің шұғыласы» атты өлеңдер мен поэмаларының жинақтары жарық көреді. Кейіннен 2003 жылы «Ана тілі» баспасынан «Прометейдің аспанға қарап айтқаны» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы оқырманға жол тартты.
Аударма саласында да Абайділдановтың айшықты ізі бар. Лермонтов, Блок, Иван Франко шығармаларын, Чилидің әйгілі тұлғалары Габриэла Мистраль мен Павло Неруданың өлеңдерін қазақ оқырмандары­мен қауыштырды. 1971 жылы «Өнегелі адам­дар өмірі» сериясымен жарық көрген «Николай Островский» атты аудармасы өрісі кең таланттың бір қыры ғана.
Көркем дүниенің көңілге қонымды бола­тыны, көңілге қонымды шығарманың өмірлі болатыны бесенеден белгілі. Наси­хаты кемшіндеу соғып жатқанымен де Әділ­бек ақынның жазғандарын жандарына жа­қын тұтатын оқырмандар аз емес. Себебі ол өміршең өлең жаза білді, кезінде дүркіреп шығып, Сәбит Мұқанов сынды қазақ әде­биеті алыбының назарына ілінді. «Қыран» поэмасын тыңдағанда Сәбеңнің баладай қуанып, «Ілиястың шалымы бар» деп, ақын­дық қуатқа қызыққанына профессор Тұр­сын­бек Кәкішев ақынның «Жүрегімнің шұ­ғыласы» кітабына жазған алғысөзінде кеңінен тоқталады.
Жоңғар Алатауы. Қожыр-қожыр тарғыл қара тастар. Жұмбақ үңгірлер. Доланалы жақ­парлар. Аспан теңкиген бұлттарын түйе­тауға теңдеп қойған. Таң атқанда, ару күн кірпігін ашқанда қия-құздар қызыл нұр­ға бөленеді. Тау іші құлпырады. Жапы­рақ­тар шып-шып терлейді. Алтын сәулемен ажар­ла­нып тау масайрайды. Тарғыл таудың басын­да бір түп кепкен қарағай тіршілікке жағалай көз салып тұр. Шыңға ол қалай шыққан? Туған жер­ден алыстаған соң семіп қалған мұңлық па? Жоқ, таудан әрі асырып жауын қуған бабам осы биікте мәңгі тыныс­таған болар? Бұл қарағай бабамның қара тасты жарып шық­қан сүйегі емес пе? Ақын «Шыңға шық­қан қарағай туралы баллада­сын­да» осылай сендіреді. Тың теңеу. Илана­сың, тебіренесің, толқисың.
…Тарғыл таудың ең ұшында –
бір түп кепкен қарағай,
Сол биіктен тіршілікке көз салады жағалай.
Кеудесінде жаны барға болмайды әсте
мұны ұқпай,
Туған жерден алыстап ол семіп
қалған мұңлықтай.
Батыр бабам жау қуғанда таудан әрі асырып,
Сол биікте қалған болар бетін
таспен жасырып.
Сол бір тұрған қарағайға Күн де басын иеді,
Бабамның ол қара тасты жарып
шыққан сүйегі.
Оқырманын иландыра, тебіренте, тол­қыта білген қаламгер құдіретті. Онда талант тегеуріні бар, қалам қуаты бар. Әділбек ақынның осындай қасиетке ие болғаны анық. Оған біз кез-келген өлеңін саралаған­да көз жеткіземіз.
– «Әдебиет пен өнер сарайына ену де қи­ын, кірген соң орын тауып, ірге тебу де қиын. Ең қияметтің қиыны, әрине, ешкім шегеше суырып алып, сыртқа шығарып тастай алмастай бекініп, берік қалуың…»,-дей­ді көрнекті ақын, эссеист Мұзафар Әлім­баев. Шын мәнінде осы тұрғыдан ал­ғанда Әділбек Абайділданов сөзге сұлулық сіңіре білген, ақиқатты әсемдікпен әрлей білген, әдемі қалыптасқан, әдебиет әлеміне ірге тепкен ақын.
Әділбек ақын ірі суреткер. Оның сөзбен салған суретінде жан бар, әрекет бар, тірші­лік бар. «Теңіздің дәмі – тамшыдан» деген­дей оның «Дихан» өлеңін сараласаңыз кейіп­­кер тұлғасы ақын салған суретпен қаны­ғып, сол адамды бұрыннан танитындай күй кешетінің ақиқат.
«Дихан – жұмыр жерге жан береді, ол келгенде таң құлпырады. Ол жермен бірге ыстықта түтеп, жермен бірге жаңбырмен жуынады. Оның қолындағы күрегі – ожау, сол ожаумен жер көмейі бүлкілдеп су ішеді. Көк егіннен ұшқан көгілдір бу дихан құшағының жылуы».
– Көк егінмен жаны оның бір, тегі,
Оған төнген дауылды да іркеді.
Егінінің шашынан күн сипалап,
Саусағының сары алтынын сүртеді.
Бұл өнерде одан ешкім асқан ба,
Гүл өсіріп шығарады ол тастан да.
Қарайды да туған жерге құмартып,
Көзіменен көтереді аспанға.
Құдіретімен қуаң жерде су ақты,
Күннен жерге бұрған да сол шуақты.
Егін-жайда мөлтілдеген таңғы шық,
Моншақтаған соның тері сияқты.
Ақын жырының жан-дүниесінде қара­па­йым еңбек адамына деген шынайы сүйіс­пен­шілік бар. Тіршілікке іңкәрліктен, адал еңбекті аялаудан осындай төрт аяғынан тең түсетін туындылар жазылады.
…Жүрегін бір қуаныш кернеді ме,
Нұрланып сала берді жер де, міне.
Дөңгелек үстелдей боп жатқан жердің,
Туа сап Ай асылды ернеуіне.
Осынау сәулетке енді қара да тұр,
Шомылып аппақ нұрға дала жатыр.
Биікке жаңа туған Ай-баланы,
Жер өзі тік көтеріп бара жатыр.
Себелеп ақ сәулесін құятұғын,
Түнекті жым-жылас қып қуатұғын.
Жалғанда көзіңді ашар жарқыратып,
Айды да Жер екен ғой туатұғын.
«Жер-Ана» өлеңінде ақын осындай оқыс ой түйеді. Бұдан бұрын, мұнан кейін дәл осындай шендестіруді кездестірдіңіз бе? Ақындық қиял жаныңызды нұрландырып, айналаңызға аялай, бағалай, бағамдай, байыптай қарауға үйрететіндей.
Ақын – сыршыл. Ә.Абайділдановтың ғашықтық ғазалдарында тамылжыған сурет тұнып тұрады. Еркіңнен тыс елес есіңді алады. Сол бір бал сезімді сағындырады да тұнықтық пен тазалыққа табындырады. Өмір бойы жалғыз жанға ынтықтырып қоя­тын ұлпа сезімді өзіндік мәнерімен жаныңа ұялататын махаббат жырлары ақынның тұ­рақты оқырмандарының жадында жат­талып келе жатқаны сондықтан.
Ақынның көкейінде қатар көктеген көктеректей қос қимасы бар. Бірі – жары, бірі – жыры. Екеуі үшін бәйек болады, дег­бірі қалмайды. Бірде сеніміне селкеу түседі, жат боп кеткен жар атын енді ата­мау­ға серт береді. Жалғыз жұбанышы – жыры. Тек соған ғана сүйенеді, сүйінеді:
Ұштағанмын,
Ұстағам мың,
Өткірлегем, қырлағам…
Бір сен үшін жан түбімді түк
қалдырмай қырнағам.
Перизатым,
Оу, перзентім, адал бол сен,
Адал бол сен, адал бол сен жыр маған!
Ақынның «Монологын» оқығанда жүре­гіне кір жасырмайтын тазалығына таң қа­лып, өлеңімен өмірбаянын жазған шынайы­л­ы­ғына ден қоясың.
Құштарлық құпиясын ақтаруға ақын Шығыс шайырларының махаббат дертін арқау еткен шығармаларын дұрыс деп та­уып, «Үш тармақ ғазел» жазып көрген екен. Бірінші тармақ «Сенсіз таңның саза­рып атпағанын, Уақыт тоқтап, Күннің де бат­па­ғанын», – деп басталып, осы ұйқаспен ұласқан сезім «Шыныменен, мен десең, ұмыта көрме, Өмір бойы есіңде сақта, жа­ным», – деп аяқталса, екінші, үшінші тар­мақт­арда бір ұйқаспен үндесіп, жүрек лүпілі жаныңа ләззат сыйлайды. Бұл да ақын шеберлігінің бір дәлелі.
Әділбек ақын өзі де ғашық бола білген, өзіне сұлуларды ғашық қыла білген сері­лер­дің сапында. Замандастарының естелігінен танып-білген осы жайт оның лирикалық жыр­ларынан әрдайым көрініс тауып жата­ды. Сүйгеніне деген адалдықты, арды биік ұстаған шайыр қаламынан сондықтан да ойлы, нәрлі жыр туады.
Шын бақытты болу үшін өз басым,
Саған деген жүрегім еш тозбасын.
Тікен кірсе табаныңа әлдебір,
Менің жаным шығып кете жаздасын.
Бұлай деп махаббатты өмір мәніне балаған ер жігіттің ғана айта алары хақ.
Әділбек ақын – эпик. Кең тынысты ақын поэмалары кезінде әдеби қауымнан да, оқырмандардан да өз бағасын алған. Әңгімеміздің бастауында ойымызға дәнекер болған «Қыран» поэмасы лейтмотивіне туған жердің тартылыс күшін арқау етеді. Алтайға нағашылап барып, ел аузына ілін­ген Қарабураны көзін байлап, ұрлап әкеткен Қоқай атақ үшін сол қыранның алғырлығын айналасына тамашалатуға асығады. Сол күн туғанда Қарабура жемтікке де көз салмай ту­ған жер деп шарқ ұрады. Бетпақтың да­ласын кесіп өтіп, Балқашты баса көктеп Алтайға жетіп құлауды серт етеді. Қыранмен бірге оқырман бір қуанып, бір қуарады.
Өртеніп, өршеленіп тау қыраны,
Аязды қызуымен жандырады.
Бұлдырап қарлы бас шың көрінгенде,
Жасаурап көзі, шіркін, жаудырады.
Осылай Қарабура қыран туған жерге жеңіспен оралған жауынгердей таудың қара тасын мәңгілікке жастанады. Ақын «Ер – туған жеріне» деген мақалдың өміршеңдігін осы поэмасы арқылы негіздей түседі.
Ақиық ақынның ізі өшпей, ойлы дүн­ие­лерін қалың елі еншілеп, ертеңге апара берсе игі… Айтулы ақын есімін ұлықтау жалғасын тапса, Әділбектануға өріс ашылса деген ізгі ниетті арқалап, көкейде көптен жүрген ой-пікірлеріміз қағазға түсті.

Жомарт ИГІМАН,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір