Жауқазындай жас ғұмыр еді
10.02.2023
1441
0

Ол қазақтың азаматы қандай болуы керектігін жасындай жарқ еткен жауқазын ғұмырында әйгілеп үлгерген оғылан еді. Жандарбек Бегімбетов… Халқын „илигайлап“ сүйген ақын ортамызда жүрсе, биыл алпыс деген жастың асуынан асады екен. Оны елі, жұрты ұмытқан жоқ. Сондықтан да ол туралы естеліктер легі үзілмей, ескірмей айтыла береді. Айтыла да бермек. Ендеше, мархаббат. Аяулы азамат туралы сағынышты лебіздерді оқи отырыңыз, құрметті оқырман.

Редакциядан

Тірі болса досым Жандарбек те алпысқа келер еді-ау. Иә, ол тірі болса, шұбатылып, сүйретіліп, көптің бірі боп, топырлаған нөпірдің ішінде, түйдектеген шаңның астында алпысқа келе салмас еді ғой. Сонау тоқсаныншы жылы қыршынынан қиылмағанда, желегінен үзілмегенде, пешенесіне жазылмай қалған, тағдырына түзілмей қалған қайранда-қайран отыз үш жылда талай жетістікке жетіп, талай жеңістерді иеленіп, өнерден де, өмірден де өз орнын ойып тұрып алары даусыз еді. Алпыс жасына лайық өмірбаяны, еңбек жолы, сол еңбегіне лайықты атағы да, абыройы да, даңқы да болар еді.
Досым жетісулық Жандарбек Бегімбетовпен — Жандармен ең алғаш 1987 жылы Қызылордада өткен комсомол ақындардың республикалық айтысында танысып едік. Талдықорған облысының ақыны Айтақын Бұлғақовты сол жылы радио-журналист Ағзамхан Егенбаев ұйымдастырған радио-айтыс арқылы сырт­тай танитынмын. Онымен жұп жазбай бірге жүрген Жандарбек Бегімбетов жыршы-термешілердің құрамында өнер көрсет­ті. Ол кезде мен өзге қатарластарыма қарағанда едәуір танымал ақындардың санатында болатынмын. Әзімбек Жаңқұлиев екеуіміздің айтысымыз сол жолғы аламанның маңдайалдысы деп бағаланып, жеңімпаз атандық. Әзімбектің алғашқы үлкен сахнаға шығуы болғанымен, Аяз Бетпаевтың қасында көп жүріп, қара жарысқа төселіп алған. Өлеңді төпелей беретін. Әзімбекпен бұрыннан таныспын. Екеуміз ҚазМУ-дың журналистика факуль­тетінің сырт­тай бөліміне бірге түсіп, сессия сайын бір-бірімізбен айтысып жүргенбіз. Жұлдызы жанған жүлдегердің әрқайсына тән құбылыс қой, жапырлап қошемет­теген көпке қолтаңба беру бақытын бастан біз де кешіргенбіз. Сондай өлеңдетіп тұрып қолтаңба жазып берген замандасымның бірі – Жандарбек еді.
Мен айтыстан кейінгі бір әлет­те қонақ үйдегі бөлмемде оңаша едім, есік қағылды. Келген сұңғақ бойлы, жылы шырайлы жігіт екен. Тани кет­тім. Біраз бұрындау сахнаның сыртында әнін тыңдағам. Иә, сол әнді ең алғаш Жандарбектің орындауында естіп, Кенен Әзірбаевтың әні екенін білдім. «Бас та өлең, құлақ та өлең, мұрын да өлең, Бір ақын өлсе талай қырылды өлең…» деп басталады. Маған қат­ты ұнаған.
Күтпеген қонағым бірден сөз бастап, «Жандарбек» деп қолын созды. «Өзіңмен жақынырақ танысып қолтаңба алғалы келдім», – деп жымиып қойды. Ықыласын қабылдап, төрге шақырдым. Әрқайсымыз өзіміз жайлы айт­тық. Менен бір жас үлкендігі бар екен. Жамбылда оқыпты. Әзімбекті, Серік Қалиевты таниды екен. Дәнеш Рақышевтың қасында еріп жүріп ән үйреніпті. Оның ағынан жарыла сөйлеген әңгімесінің өзінен ішкі тазалығы, табиғи риясыз көңілі бірден көрініп тұрды. Ол кез екеуміздің жиырма үш пен жиырма төрт­тегі, Абай хакім айтқандай: «… Көкірегің толық, басың бос. Қайғысыз, ойсыз мас күнің, Кімді көрсең бәрі дос» дегендей шағымыз еді ғой. Менің айтысқаным оған қат­ты ұнапты. Өзі де талаптанып өлең жазады екен. «Сендерге қарағанда қайда-а, көп төменбіз ғой» деп, өзін кішік ұстап сөйлейді. Осы жолғы айтыста көрермен бола жүріп қат­ты әсер алдым деді. Сөйтіп отырып, екі бет­тен тұратын айтыстың бағдарламасы ғой деймін, есімде қалмапты, қат­тылау қағазға қолтаңба жазуымды өтінді. Айтары жоқ, ол кез жалындап, қанат­танып жүрген жаспері күндерім еді.

Өлең-тілегімді өріп түсірсем керек. Артынан сол шумақтарды Жандар маған жатқа айтып бергенде, «Сөйдедім бе?!» деп таңғалған болатынмын. Сол қолтаңбаның мазмұны: «Жандарбек, сенің дүлдүл ақын атанып, бәйгелі болғаныңды көрейік» дегендей ой айтыппын. Ол да аз-маз шүйіркелескеннен кейін қалыптасқан ой болар. Немесе кімнің кім екенін сезе қоятындай сәуегей емеспін ғой. Реті келіп тұрғасын мен домбырамды ұсынып, манағы естіген әнді айтып беруін өтіндім. Ол домбыраның құлақкүйін келтіріп алды да, сырлы әуенді желкілдетіп шерте жөнелді. Оның қолында домбырам еркелеп кеткендей көрінді. Сол ойнақши шерткен саусақтардың арасынан мөлдір бұлақтың суындай сыңғырлай төгілген әсем әуенге жезтаңдай, күміс көмейден төгілген ән ілескенде, бөлмеме иран­бақ орнағандай болған. Дауысында бір ерекше, әркімде кездеспейтін әдемі дыбыстық бояу, сырлы әуез бар еді.
«Су шығар ойлы-сайлы шүйлі жерден,
Сөз шығар естімеген, үлгілі елден.
Бай болғын, батыр болғын,
патша болғын,
Құтылған еш адам жоқ қара жерден».
Әлі көз алдымда, әлі құлағымның түбінде тұрғандай. Тұла бойыңдағы тамырыңа түгел жайылып, буын-буы­нымды түгел жайлап алғандай күй кешкенмін сонда.
Кенен атамыздың осы әнін дәл Жандардай орындаған әншіні әлі кездестірген жоқпын. Менің бөлмемде шырқалған ән қонақ үйдегі өзге қонақтарды да бей-жай қалдырмапты. Есік қағылып, біздің ақындар да топ-тобымен келе қалды. Ерік Асқаров, Ермек Омаровқа ілескен Қарағанды, Жезқазғанның ақын-әншілері еді олар. Жандар әнін аяқтағаннан кейін бәрі қошемет білдірді. Мен оны Жандарбек деген Талдықорғанның әншісі деп таныстырғанда, ақындар мана сахнада көргендерін айтып, ду ете түсті. Сөйтсем, мен айтысқа шығамын деп жанымды жеп жүргенде, Жандар сахнада керемет өнер көрсетіп, халық дүркірей қол соғып, сахнаға оны қайта-қайта шақырып алған екен. Сол сапарда Жандарбек Бегімбетов Қызылорда қаласының тұрғындары мен жан-жақтан жиналған өнерпаздарға Жетісу мектебінен шыққан тамаша әнші-термеші болып танылып қайтқан еді.
Өткен ғасырдағы сексенінші жылдың соңы – кеңестік тоталитарлық жүйенің тоңы жарылып, торғауыты сөгіліп, кетеуі кете бастаған, жариялылық толқынымен қазақтың ұлт­тық рухының жанартауы қозғалған тектік түлеу кезеңі болды. Сол рухтың бұлқынып, жағаны ұрып, жарды бұзған қуат-күші, жарқылдаған алдаспаны – айтыс өнері еді. Оған дейін Манап Көкенов, Көкен Шәкеев, Қалихан Алтынбаев, Көпбай Омаров, Тәушен Әбуовалар «асылымыз жоғалып кетпесінші» деп көздің қарашығындай қастерлеп, кәтептеп әкеле жатқан аманат өнер, «датыңды айт, дауысыңды естірт!» деген мұрсат тигенде, тоғандағы судай ақтарылды. Облыстар мен аудандарда ай сайын айтыстар өткізіліп, халықтың көкейіндегі ойы, көмейіндегі сөзі ақындардың таңдайынан тақылдап, пулемет­тің оғындай жауды. Айтыс сахнасына топ-тобымен, лек-легімен жас ақындар шықты. Айналасы бірер жылдың аясында айтыс аса бір көз ілеспес жылдамдықпен жасанып, жасарып, мәдени-саяси тұрпатқа ауыса бастаған. Ол заманда совхоздар мен колхоздар әлі қуат­ты болатын. Әрқайсысы өз алдына, кеше кешке ойласа, бүгін таңертең бір-бір республикалық айтысты дүркіретіп өткізіп жібере алатын жағдайлары бар-тын. Міне, солар «әу» деген ақынның бәрін қамқорлыққа алып, ұлт­тық шапан, бөріктерін тіктіріп, үкілеп топқа қосты. Жол шығындарын көтеріп жат­ты. Тіпті кейбір ақындардың соңында қолпаштап, елдің қонағасысын өңгеріп келетін Атымтай-жомарт­тар да аз болмайтын. Айтыстың алтын алқабына жаңадан қосылған әрбір ақынның әрқайсысы өзінше жаңалық, өзінше құбылыс, мақамы да, шапаны да бір-біріне ұқсамайтын өзінше дараланып, ерекшелігімен елеңдетіп, көз тартатын. Әсіресе сол жылдардағы айтыстар сондай керемет еді.
Сексен тоғызыншы жылғы Алматы қаласында өткен айтулы аламан айтыс – көптеген ақындардың ең алғашқы тұсаукесер айтысы болды. Қатимолла Бердіғалиев, Абаш Кәкенов, Серік Құсан­баев, Қуаныш Мақсұтов секілді ақындар осы жолы топ жарып, көзге түсті. Осы жолы ең алғаш рет жүлдегер сегіз ақынға 400 теңгеден ақшалай сыйлық та берілген еді. Сол айтыста Талдықорған облысының атынан қатысқан Жаркент­тің қос жүйрігі Айтақын мен Жандарбек барлық ақындық болмысымен дараланып, көрермендердің көзайымына айналып таңдай қақтырды. Қызылордадағы айтыста жай бір қоңыр мақаммен шығып, бабы шаппай кеткен Айтақын, бұл айтысқа іштей қат­ты ширығып, аса бір дайындықпен келді. Келді де дүбірді салды. Салғанда сахнаны дүрсілдетіп отырып, «хайлайлымымен» елдің көзін шарасынан шыққандай қылды. Бұл – кеңес тарихында, «күн көсем» Лениннің сарайында, қазақтың етігінің өкшесімен тұңғыш рет тепсініп тұрып теңдік сұрағандай құбылыс еді. Оған дейін сахна режиссерлері дайындық сайын «аяқтарыңды бірінің үстіне бірін салып, домбыраның сағағын жоғары ұстап, иықтарыңды тіктеп, түзу отырыңдар» деп қадағалап, әуреге түсіретін. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген өнертанушы, айтыстанушылардың өзіне Айтақынның әдет­тен тыс бұл оқыстау қимыл-әрекеті оғаш, тіпті ерсі көрініп, дағдарып қалысты. Артынан сын да айтылғаны бар. Бірақ маған да, халыққа да ұнады. Мен сол сәт­те барып, Айтақынды құт­тықтап тұрып, «Осыңнан өзгерме, олар от­тай береді, өлеңге еркіндік керек. Бұл сенің шабыт шақырарың», – деп қолдау білдіргем. Дәл сондай төрт мың адамдық сарайдағы барлық көрерменді баурап алған өнер додасы Жандарбек Бегімбетовтің «Илигай, халқым» әнімен шығуы болды. Залдағы халық әр шумақ сайын соңындағы әдемі қайырымға қосыла қол соғып, дуылдап, арқаланып отырды.
Әдет­те айтысқа екі-үш күндей бұрын жиналатынбыз. Сонда Жандар келіп құшақ айқастыра амандасқаннан кейін, «Құдаш, сенің дуалы аузыңнан берген батаң қабыл болып, осы жолы айтысқа ақын ретінде қатысқалы келдім» деген еді. Әрине, сол сәт­те мен оның ол сөзін қалыпты қалжың ретінде ғана қабылдадым. Шыны керек өлеңмен тілеген тілегім де қаперімде қалмапты. Кейінгі кездесулерде ғой жатқа айтып, есіме түсіріп жүргені. Тегінде болмаса мен айтқанға ақын бола қалды дегенге кім сенеді. Арамыздағы сыйластық үшін айтылып жүретін сөз болғасын есіме түсіп отыр. Біз сол сапарлардағы кездесулерден кейін бір-бірімізге үйірсектеп, жақын дос болып кет­тік. Осы аралықта Павлодардағы Серік Құсанбаевпен де танысып, араласып, ұзын жолда серт­тесіп дос боп кеткенбіз. Мұндағы айтпағым менің былайша қарағанда кісіге жұғымым да жоқ секілді көрінеді. Алайда осы қазақтың айтыс ақындарының ішінде Жандарбек, Рамазан Сәт­тібаев, Серік Құсанбаевтармен қат­ты жақын дос болыппын. Әрине, Айтақын мен Серік Қалиев «сөйдеді» деп маған өкпелеп, салқын тартып кетпес. Дәл сол жасымда осы аталған үшеуімен ерекше еркін, жақын қарым-қатынаста едім.
Тағы бір есімде қалып, көз алдымнан кетпейтіні – сол жылдарда Алматыда өткен үлкен айтыстардың бірінде ең әуелі түркістандық аға буын ақын ағамыз Қаныбек Сарыбаевтың қонақ үйдегі бөлмесіне барып екеуіміз өлеңдерімізді оқыдық. Қанекең үлкен ақын еді. Оңтүстік Қазақстанның көптеген ақындары оны ұстаз тұтып, тәрбиесін көрген. Соның бірі – Бекарыс Шойбеков. Қаныбек аға қалтама салып жүрген дәптер толы өлеңімді, жалықпай отырып ынтасымен тыңдады. Әр өлеңіме талдап, бағасын берді. Түннің бір уағында Жандар екеуміз ағамен қоштасып, «Қазақстан» қонақ үйінен тысқа шығып, Алматының көшесін аралап көп жүрдік, көп сырластық. Өмірімізді айт­тық, ғашық болған қыздарымызды айт­тық. Қаншама сыр шертілді десеңізші. Өзіміз жүрген өлкедегі қызықты әңгімелерді айтамыз. Тұра қалып қарқылдап күлеміз. Қален деген жетісулық ақын шал болды. Жандардың бір кейіпкері – сол болатын. «Тамара, әткрөй. Патом қарашө будет» дейді әлгі кісінің дауысына салып. Көшенің ортасында тұра қап, ал кеп күлеміз. Сондай сәт­теріміз ғажап еді. Уақыт­тың қалай зымырағаны сезілмейді. Қонақ үйге қайтып келген соң Жандар: «Бүгінгі Қанабек ағамен кездесуден кейін мен қат­ты ойланып қалдым. Маған көп іздену керек екен. Егер мүмкін болса, өлең дәптеріңді маған бере тұрасың ба? Көшіріп алып жат­тап, тойларда оқып жүрейін. Бір-бірімізді сыртымыздан жүрген жерімізде насихат­тап жүрсек достығымыз сол емес пе?» – деді. Ол кез­дерде қазіргідей интернет­тің дамыған заманы емес. Жазу машинкасының өзі газет-журналдардың редакциялары мен бастықтардың қабылдау бөлмесінде ғана тұратын. Өлеңдерімнің түпнұсқасы үйімде бар еді. Мен қойын қалтамдағы дәптерді алдым да сыртқы бетінің ішіне «Досым Жандарбекке достығымыздың белгісі үшін сыйлаймын» деп жазып, қолына ұстат­тым. Бірер жыл өткеннен кейін Алматыдағы бір бас қосуда бізден оншақты жастай үлкендігі, әжептәуір лауазымы бар жаркент­тік бір азамат дастарқан басында сол дәптерде жазылған бір өлеңімді тост айтып тұрып жатқа оқығанына елең еткенім бар. Мүмкін өзгелер де әлде бір отырыста естіген болар. Бір шумағы былай болатын:
Кетсеңде тегіс бастық боп,
Соға кет достар бізге де.
Үйімде көрпе-жастық көп,
Хрусталь бірақ іздеме.
Әрине, бүгін хрусталь ешкімге таң емес қой. Ол кезде ақшаңның өзі бола тұра, танысыңның арқасында қол жеткізетін қат дүние еді. Ол кісіге бұл кімдікі деп сұрағанда, авторын білмейтінін жасырмады. Сол жерде мен Жандарды есіме алып, болған жағдайды, екеуміздің достығымызды әңгімелеп беріп едім.
Біз айтыс сахнасына көтерілген кезден айтысты, ақындарды желеп-жебеп, қолдап жүретін жанашыр жандар болды. Көзіміз көрген Рахманқұл Бердібаев, Нығмет Ғабдуллин, Мырзабек Дүйсенов, Тұрсынхан Әбдірахманова секілді ұлы толқынның өкілдері, жарықтықтар, айтысқа тек қана қазылар алқасының мүшесі болып қоймай, айтыстың шынайы қорғаушысы, қамқоршысы, биік қорғаны секілді қызметінде жүрді. Оларға ешкім бүгінгідей ақы да төлеген жоқ. Міне, сол кісілер айтыстың әрбір жетістігі мен жаңалығына шын қуанатын ғанибет жандар еді. Айтыстың ғайып-ерен, қырық шілтені сияқты Шәрібек Алдашев, Мардан Байділдаевтарды қайтып ұмытайық. Ешбір ұйымдастыру міндеті жүктелмей-ақ олар Алматыға келген ақындарды қарсы алып, қонақ үйге орналастырып, үлкен бастарымен жүгіріп жүретін. Тіпті ең алғаш Жадыра Құтжанова мінген ақбозат­ты, «Дегерес» ат зауытына өзі барып алып келген, күні бойы нан беріп, су беріп асырап, шылбырын ешкімге ұстатпай, шыж-быж болып, дөкей ат­тың басымен алысып, сахнаға өзі жетелеп алып шыққан Мардан ағамыздың ұлт­шыл белсенділігін қалай ұмытарсың? Алматыға барған сайын кәдімгі туыстарымыздай соларды іздеп тұратынбыз. Сосын, бүгінде жоғалып кеткен тағы бір үрдіс – газет тілшілерінің өлермен белсенділігі еді. Таңертең, кейде түс ауа басталып, түнгі он екіге дейін созылған айтыстың ақпарат­тық мақаласы былай тұрсын, жақсы шыққан айтыстар келесі күні таңертең «Алматы ақшамында» жарық көріп, ақындардың қолына тиетін. «Алматы ақшамының» Қайрат Әлімбеков деген тілшісі сол жылдарда біраз айтыскердің танымал болуына, жанкешті еңбегімен көп еңбек сіңіргені есімде.
Сондай айтыскер, термешілердің қадірін аса бағалап, өнерді өрге сүйрегендердің бірі – Шәрібек Алдашев еді. Өзі – шешен, жыршы, фольклоршы, Базар жыраудың мұрагері, Базар жырау­танушы тамаша адам еді. Кекіл шашын маңдайынан жоғары қарай саусақтарымен салалай серпіп жіберіп, екі иығын қомдап, арқалана сөйлеп кеткенде, таңды таңға жалғаса, білгені сарқылмайтын дария еді. Базар жырау­дың ұрпағымын, жиенімін дейтін және соған лайық «тусаң — ту!» дегізгендей-ақ тектілігі танылып тұратын. 90-жылдың жазында Шәрібек аға Өзбекстан мәдениет министрлігімен байланыса отырып, Базар жырау Оңдасынұлының 150 жылдық тойын өткізуге келісіп, Қазақстаннан делегация құрамына өзі жақын көретін айтыс ақындарын шақырды. Жазушылар одағынан Қадыр Мырза Әлі, Бексұлтан Нұржеке, Мереке Құлкенов, айтыс ақындарынан Қонысбай Әбілев, Қуаныш Мақсұтов, Гүлнар Қалқаева, Ханша Раиысова, Жандарбек Бегімбетовтермен бірге Өзбекстан республикасына бардық. Жандарбек бұл сапарға жас жары Майраны бірге ала шығыпты. Ұлдары Олжасты ата-анасымен қалдырған екен. Майра Ханшамен бірге жүрді. Бізге Тәшкент­те Мекенбай, Бөрібай, Сүният бастаған Өзбекстанның ақындары қосылды. Әлі кеңес одағы тарқамаған өліара мезгіл. Ел арасында шектеу, шекара жоқ, ағайын-туысқан беймарал араласып жатқан уақыт еді. Тәшкент­тің үлкен мәдениет сарайында өткен айтысқа көрермен лық толды. Көрерменнің жартысы жетісайлықтар мен сарыағаштықтар екенін іс-шара барысында білдім. Бұл айтыстың бірінші кезеңі болып, келесі екі күнде екінші және үшінші кезеңдері Керемық пен Тамдыда өт­ті. Үш күнде үш рет­тен айтысқа шықтық. Сол айтыстардың бәрінде Жандардың жұлдызы оңынан туып, көптің қошеметіне бөленді. Оның «Иллигай, халқым!» деген әуезді үні туысқан елдің кеңістігін шарлап, шарықтап кет­ті. Әт­тең қолымызда бүгінгідей бір-бір смартфон болсашы. Қайталанбайтын, қайтара алмайтын сәт­тер ғой. Мүмкін сұрап іздеу салса, телеқорларда сақталған фрагмент­тер табылып та қалар.
Өзбектер меймандарына барынша қонақжайлық көрсетіп, жаңа «Икарус» автобуспен Самарқант арқылы Науаи облысына дейін кеңінен шарлат­ты. Жол ұзақ, суырып салмасы, жазбасы бар ақындар қайым айтысамыз. Сапарға шыққанда Қадыр аға – таптырмайтын, жанындағыларды жалықтырмайтын жолдас екен. Қайым айтысқа да қатысып, күлкіге кенелтеді. Қызды-қыздымен ұйқассыз өлең құрап айтысайық дедік. Ондай ұйқассыз айтысымыз тіпті қызық болып еді. Қонысбай ағамыз, Ханыша, Жандар, Қадыр ағаларымның сол сапардағы көңілді, жарқын бейнелерін көз алдыма келтіріп, осы естелікті жазу үстінде қос жанарымнан жас парлап отырғанын жасырмаймын. Жасықтықтан емес, бұл дүниенің жалғандығына толқып отырмын. Жандар қайтқаннан кейін өткен Жаркент­тегі еске алу кешінде:
Заманда заман, заман-ай,
Жандарды қайдан табам-ай.
Інісі өліп, ағасы
Жоқтаған қандай жаман-ай, –
деп елді егілткен Қоныс ағамыздан да кеше ғана көз жаздық. Жарықтықтардың бірі де жоқ. Қуаныш екеуміз бармыз бүгін соны көрген.
Тамды ауданының Жалпақтау деген жеріндегі Базар жыраудың бейітіне зиярат ету парызымызды өтеп, кешкілік айтыс ақындары тобымызды жазбастан Шәрібек аға мен Ханым жеңгемізге ілесе барып, жырау бабаның ұрпақтарының үйіне түстік. Күн ыстық. Ескен желмен елеуіштің көзінен ұшқандай бұрқақтаған құмды сол жолы көргем. Жуынғанда танауымыздан кесектелген құм түседі. Жандар жуынып жатып, «Құдаш-ау, мына жақтан бетонтанау болып қайтпасақ не қылсын?» – дейді. «Мына жақта жейтін шөп жоқ, адамдар қалай өмір сүреді екен?» –десем, Жандар «Осы сөзді мана бір ақсақалға айтып, жауабына шалқамнан түсе жаздадым. «Құдайға шүкір, биыл жеріміз от. Алла көктен иіп, жерден беріп тұр деді» дегенде мен де күліп жібердім. Сол күні-түні ыстық болды. Масахана дегенді сонда көргем. Мен сондай даладағы биік сәкінің үстіндегі масахананың біріне кіріп жастыққа қисайғам, біраз уақыт­тан соң Жандар кеп менің қасыма жат­ты.
– Қуаныш қайда?
– Өй, ол Қонысбайдың қасына барып, «тұщы етімді масаның ащы тұмсығы тесіп өтіп ашыт­ты» дей ме, бірдеңе деп мұңын шағып отыр. Қоныс ағаң сені «Құдаш «масханада» демалып жатыр» деп күлдіріп отыр, – деді.
Сөйтіп, Жандар екеуміз атақты Тамдының түңгі аспанындағы жұлдыздарға қарап әңгімелесіп жатып масахана деп аталатын шілтер-шатырдың астында түнеп шығып едік. Таңертең Ханыша:
– Құдаш, осы Жандар екеуіңдікі не? Сен, жарайды, енді. Ана досыңды айтам. Ауылдан алып келген айдай сұлу келіншегін айдалада қалдырып, қашып сенің қасыңа барып жат­ты ғой, – дейді.
Мен де өзімше «Күмәндансаң ортамызға келіп жатпадың ба?» деп қағытамын. Шіркін сол сәт­тердің қысқа ғана уақыт екенін, соңғы кездесулер екенін сезгеміз де жоқ-ау.
Өзбекстанда бірнеше күн бірге жүріп өзара бауыр басып қалған біздер Алматыда бір-бірімізді қимай, қоштаса алмай әуелі Майра екеуін Жаркентке шығарып салу үшін Саяхатқа бардық. Жандар мені Жаркентке бірге жүр деп үгіт­теді. Мен жұмыста екенімді себеп етіп көнбедім. Ертесіне Көкшетауға ұшақпен ұшпақпын. Ақыры сол күні бірге барып, Марат Тоқашбаев деген белгілі қаламгер ағамыздың үйіне барып қондық. Ол кісімен Жандарбек жақын таныс көрінді. Есімде қалғаны, Мәкеңнің сонда оң жақ рөлді жапондық көлігі бар екен. Ондай көліктер Қазақстанға әлі қаптап келе қоймаған кез. Біз үшін таңсық еді. Мәкең «тайот­тасымен» Алматыны аралат­ты. Сонда Жандардың «Алаш арыстары өз мақсат­тарына жеткенде, біз бүгін «москвичпен» итеңдемей, осындай жүйрік «тайот­талармен» зымырар едік қой, ә, Құдаш?» деген сөзі әлі есімнен кетпейді. Келесі күні Алматының көшесінде бір-бірімізбен құшақтасып қоштасып, екі таксиге отырып, екі тараптағы мекенімізге тартқанбыз. Сол Жандар досыммен соңғы көрісуіміз екен.
Қапыда кісі қолынан қаза тапқан Жандар досым – жекпе-жек, бетпе-бет келсе, бір-екі жігітке дес бермейтін албырт, батыр тұлғалы жігіт еді. Бокспен шұғылданған спортшы болатын. Сол күні кешкілік телевизорда айтыс болатын еді. Жандар Майраны алып, екі дөңгелекті мотоциклімен туысқандарын аралайды. Қайтарда айтысқа үлгере алмай қаламыз деп жол инспекторы болып қызмет істейтін досының үйіне бұрылып тоқтайды. Айтыс көреді. Үйден шықса, есік алдында қалдырған көлігі жоқ. Досы екеуі бөлініп жан-жаққа жүгіреді. Жандар үйдің маңындағы шытырманның арасында тұрған мотоциклді табады. Бірақ моторы бөлек жатыр. Жанындағы шашылған кілт-саймандарды көреді. Қылмыскердің алысқа ұзап кетпегенін сезген ол қараңғыда қалың шытырманның ішіне кіреді. Анау антұрған қарақшы бір шоқ талдың түбінде бойтасалап отырған екен. Қолында пышағы болған. Үстіне келіп қалған ізкесушінің қолына түссе оңбайтынын сезген қаскүнем неме отырған орнынан қаруын сілтеп, шаптан сұғып-сұғып үлгереді. Жандар қапиядағы шабуылдан құлайды. Қылмыскер қараңғыны жамылып, қалың тоғайға сіңіп жоғалады. Шат­тағы күретамырдан шап­шыған қанды тоқтату мүмкін болмайды. Солайша біздің Жандар досымыз, жедел жәрдем көлігінің ішінде, Құдай кездестіріп, сүйіп қосылған асыл жары – Майраның алдында жатып, ауруханаға жетпей шахид кешкен еді. Майра сол сәт­тегі көзбен көргенін еске алып, «Жандар менің мына екі алақанымда кет­ті ғой. Еш қайранымыз жетпеді ғой. Мына саусақтарымның арасынан қан тоқтамай шапшып ағып жат­ты ғой» деп 2009 жылы Таразда кездескен кезде екі алақанын көрсетіп егілгенде, жиырма жылға жуықтап қалған оқиғаның ең жақын адамдар үшін ешқашан ескірмейтінін сездім.
Жандарбек Әкімбекұлы – айтыс өнерін аз ғана уақыт өрістеп, қозыкөште ғұмыры қиылып, жайлаудағы аламанға жете алмай үзілген жеткіншек дарын иесі еді. Ол сол тағдырына бұйырған аз ғана жаста өзін танытып, біздің жүрегімізде із тастап кет­ті.

Құдайберлі Мырзабек,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір