ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ШЫНАЙЫ ТАРЛАНДАРЫ: «кадр сыртындағылар…»
15.08.2022
2583
0

Еркіндіктің отыз жылында Қазақстан ғаламдық саясатта өзіндік орны, рөлі бар мемлекет болып қалыптасты. Әлемдік қауымдастықтың белді мүшесі есебінде адамзат пен планета тағдырына байл анысты жаһандық проблемаларды шешуге өз пікірімен, өз дауысымен қатыса алатын дәрежеге жетті.
Еліміздің Біріккен Ұлттар ұйымының толыққанды мүшесі ретінде қатысқан, тіпті ЭКСПО, ЕҚЫҰ төрағалары мәртебесіндегі рөлін әлем тегіс мойындады.

Алайда тәуелсіздік пен мемлекет тұрғысында бізде әлі күнге ортақ шешімін таба алмай келе жатқан, таяудағы болашақта ортақ шешімі табыла қоюы екіталай бір мәселе бар.
Әр мемлекет тәуелсіздігінің, еркін тынысты дербестігінің басты батыры, ұлттық мақтанышы, тәуелсіздіктің бас иесі деңгейіндегі жаппай мойындатылған тарихи тұлғасы болады.
Түрік Ататүрікті, француз Наполеон мен Шарль де Голльді, американдар Джордж Вашингтонды мемлекеттің символдық тұлғасы есебінде төбесіне көтереді, мемлекет астанасының атын береді.
Әлбетте, формацияларды өзгертудің басты тетігі – төңкеріс, әлеуметтік революция. Ленин айтпақшы, «революцияның қантөгіссіз жүзеге асуы мүмкін емес». Жаңа өзгерістер тек солай ғана мүмкін болып келді.
Алайда ғасырлар алмасардың қарсаңында Еуразия кеңістігінде ғайыптан, бәлкім әлемдік саяси процестердің әсерінен ұлы өзгерістер болып, адамзат тарихындағы ең соңғы империялардың бірі құлады, ыдырады. Империяның иесі Ресейді қоса есептегенде 15 ел ТӘУЕЛСІЗДІК АЛДЫ.


Көтерілгелі отырған мәселеде осы «алды» анықтамасы әжептәуір күмән мен дау тудырады. Осы 15 республика тәуелсіздігін алды ма? Әлде әлдебіреу бере салды ма? Себебі бұл жолғы формациялар өзгерісі ешқандай революциясыз, қантөгіссіз, ұлттық лидерсіз жүзеге асты. 15 республиканың ішінде Қазақстанның Тәуелсіздік декларациясын ең соңғы болып қабылдағанын еске алсақ, бұл сөздің алдымен біздің елге тікелей қатысы бар. Бір сөзбен айтқанда, ішінде Қазақстан да бар, 15 одақтас республика үшін бұл жолғы Тәуелсіздік мәртебесі ұлттық лидерсіз, көшбасшысыз, аспаннан түсе салған тосынсый сияқты еді…
Әлбетте, кез келген формациялық өзгерістердің көшбасшысы деңгейіндегі бас иесі, символдық тұлғасы болуы шарт. Ал ол бізде жоқ еді. Амалсыздықтан ба екен, әйтеуір жаңа құбылыстар мен құрылымдар атауының алдына құрани «Нұр» анықтамасын қоса бастадық. Оның ішінде партия, банк, университеттер, қойшы әйтеуір, сан алуан бірлестіктер бар.

«Өлдің, Мамай, қор болдың» демекші, соңғы кезеңнің саяси өзгерістерінің әсерімен «Нұрдың» сәулесі семіп, көмес­кілене бастағанын көріп-біліп отырмыз. Банктен басқаның көбінде қазір мұндай анықтама жоқ. «Процесс одан әрі жалғасады», – дейді кей білгіштер.
Оу, сонда Тәуелсіздігіміздің басты қаһарманы, лидері кім, қайда, деп желкесін қасып ойланып жүргендер де аз емес…


Республика тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай Үкімет мерейтойлық медаль шығарды. Ел тарихындағы алғашқы геральдикалық мәртебе мен атақ белгісі еді ол. Облыс әкімшіліктері сол медальмен адамдарды жаппай марапаттай бастаған. Марапат негізінен облыстық деңгейдегі шенеуніктерге, жергілікті әкімнің тілін тапқандарына берілгені де өтірік емес.
Ал халықтың көңіл қалауы ол кезде де, қазір де басқалар болатын. Соның әсері болар, сол жолы белгілі саясаткер Сәбетқазы Ақатай «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы ел президентіне ашық хат жолдап, тоталитаристік биліктен қаймықпай, басын бәйгеге тігіп, езгіге ашық қарсылық танытқан батырлардың атын көрсетіп, мерекелік медальдің кешегі үстем жүйенің сойылын соқса да қазір билікте отырғандарға емес, соларға берілуі керегін ашық көрсетті. Олардың ішінде 1979 жылы Мәскеу шешіп қойса да, Солтүстік өңірде құрылуы мүмкін «неміс автономиясына» жол бермеген Көкшетау мен Целиноградтағы ұлттық қарсылықтың басшылары, Желтоқсан батырлары, басқа да шынайы патриоттар бар болатын.
Дегенмен, С.Ақатайдың ел басшылығына тастаған бұл ұсынысы аяқсыз, өлгендері атаусыз қалды. Тірі батырлар ескерілмеді. Өкініштісі – сол тенденция әлі жалғасуда.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты СОКП Орталық Комитеті шығарған «қазақ ұлтшылдығы» туралы қаулы есімізде. Онда алдымен 1979 жылғы Қазақстанның солтүстігіндегі оқиғалар айтылады. Ол кеңестік жүйенің қауқарлы, не жасаса да өзі білетін заманы. Соған қарамастан, қазақ жастары ішінде атақты Бурабай да бар… ықтимал «неміс автономиясының» құрылуына жол бермеді.
Сол жолы Көкшетауда болған біз қарсылық акциясының қалай ұйымдастырылып, басталғанын жақсы білеміз. Ол кезде ұялы байланыс жоқ, әлдебір қазақ әйелі түні бойы қалалық телефоннан түспей, барлық қазақ азаматтарын автономияға қарсылық жиынына шығуға шақырып жатты. Әрі сөздері де ұлттық намысты оятардай әсерлі еді. Ара-тұра жылағаны да естілетін.Әйел сөйтіп жатқанда, ер-азамат қайтіп тыныш жатсын, ертесіне обкомның алдына көп адам жиналып, ықтимал автономияға қарсылығын танытып, айбат көрсетті. Арасында мүгедек, соғыс ардагерлері де бар еді. Темірғали деген мүгедек соғыс ардагерінің кеудесіндегі орденін шешіп алып, обкомға қарай лақтырғаны да болған оқиға.
Басын бәйгеге тігіп, қарсылық акциясының алдыңғы сапында әлгі батыр келіншек жүрді. Соңынан білдік, ол – қалалық перзентхананың гинеколог дәрігері Майра Тұрсынбаева екен.
Соңынан Майра Ахетқызы біраз қуғын да көрді. Бірақ елі мен халқы алдындағы перзенттік борышын адал орындады.
Жоғарыда айтылған Сәбетқазы Ақатайдың марапатқа лайықтылар тізімінде Майра Тұрсынбаеваның да аты бар. Бірақ сол ерлік ескерусіз қалды. Есесіне тәуелсіздіктің 10 жылдығы мерекелік медалі Майра Ахетқызына емес, сол кезде қарсылық акциясын басуға ат салысқан, соңынан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да лауазымды қызмет атқарғандарға берілді.
Ыңғайы келгенде айта кетуге тиістіміз, алда-жалда сол жолы Мәскеу алдын ала шешіп қойғанына қарамастан, ішінде «қазақ Швейцариясы» Бурабай да бар ықтимал «неміс автономиясына» қауқарлы қарсылық ұйымдастырылмаса оның арты не болар еді? Онда Қазақстан өз тәуелсіздігін елдің солтүстігінде ұлттық автономиясы бар дүдәмал мемлекет есебінде қарсы алар еді.
Автономия – ұлттық дербестіктің, ұлттық мемлекет болудың алғы шарты. Үй ішінен үйшік тіккен сеператизмнің көксегені де сол. Оның мысалын біз бүгінгі Донбасс пен Луганск «республикаларынан» да көріп отырмыз.
Косовоның автономия алғанын да білеміз. Олардың ендігі мақсаты – толықтай саяси дербестік алу, яғни өзі құрамында отырған мемлекеттен бөлініп шығу.
Дәл осы жерден ықтимал саяси әрекеттердің жасырын формуласы қалыптасатынға ұқсайды біздің түсінікте. Ол алдымен – автономия, сосын – тәуелсіз, дербес мемлекет құру дегенді білдіреді.
Міне, Қазақстанда қарсылық акциясының әсерімен, Алла сақтап, құрылмай қалған мифтік автономияның қатері осындай болатын.
Тағы да бір қисын мынау: сол жолы «неміс автономиясы» құрылса, тәуелсіздіктің дүдәмалдау, сенімсіздеу кезеңінде одан не күтуге болар еді? «Кіші Германия­ны» ма? Әлде Ресейге қосылу әрекетін бе? Одан кейін Шонжыда – ұйғыр, Қордайда – дүнген автономиясы құрылмасына кім кепіл?
Ондай қатерді жоққа шығаруды қателік дер едік. Әсіресе аймақтағы қазіргі саяси жағдайда…
Автономияға қатысты айтар болсақ, формациялар өзгерісі кезіндегі барлық қақтығыс, қантөгіс осы сеператистік құрылымдардан шықты. Әзербайжандағы Таулы Қарабах автономиясы Арменияның ықпалында кетті. Мәселе әлі күнге күрделі. Соның әсерінен Әзербайжан мен Армения әлі де соғыс жағдайында.
Тәжікстанның Бадахшан автономиялық облысынан басталған қақтығыстың соңы төрт жылға созылған азамат соғысына ұласты.
Міне, ықтимал автономияның қатері осындай, ағайын! Ал сонда қазіргі өз еркіміз өзімізде, тәуелсіздігімізге, елдің тұтастығына кімнің көбірек еңбегі сіңді? Майра Тұрсынбаева сияқтылардың ба, әлде қазір облыс, мекеме басқарып отырғандардың ба? Ішкені – алдында, ішпегені – артында, қолдан жасалған байшыкештердің бе?
Патриоттар «кадр сыртында…» қалып, таным мен мәртебе айдынына еңбегі сіңбегендер шықты! Оны ел де, жұрт та біліп отыр. Сөз ретіне қарай, тағы да бір еңбегі еленбей жүрген саяси қайраткер туралы айтпай кетуге болмайды. Ол – Сәбетқазы Ақатай.
Қос ғасырдың өліарасында әлемдік қауымдастық демократия талабына сай Қазақстаннан көппартиялы жүйе талап еткені белгілі. Қашқалы тұрған қоянға «тәйт!» деген соң не жорық, партия, ымыраласқан топ құруда қазақтың алдына шығар ел екібастан не бар, не жоқ. Әйда, партия құру басталсын!
Ел қаптаған партиялардың атынан жаңылысатын жағдайға жеткен. Тіпті төрағасынан басқа мүшесі бары не жоғы күмәнділері де болған сияқты ма-ау…
Алайда біздің түсінікте ішінде билік партиясы «Нұр Отан» да бар, тәуелсіз Қазақстан тарихында Ақатаев құрған, басқарған «Азат» партиясынан өткен харизматикалық партия болған емес! Ол да халық білетін ақиқат.
Дүдәмал, өтпелі сәтте «Азатты» бүкіл қазақ халқы қолдады. Партия басшылығы ешкімді партияға өт деп қыстаған жоқ. Миллиондаған мүшесі «Азатқа» өз еркімен, жүрек қалауымен енді.
Себебі ол кездегі елдегі саяси жағдай сондай болатын. Солтүстікте, Оралда казактар бас көтере бастады. Көбінде қару-жарақ болатын. Оған қоса, қазақтарды Ресейдегі, өз ішіміздегі шовинистік пиғылдар қолдады. Сол кезде қазақ этносы «Азаттың» төңірегіне ұйысты, бірікті.
Орал қаласының орталығымен 400 сақалды казактың Андреев туын көтеріп, салтанатты саппен ұрандатып өткені есіңізде ме? Бұл енді Орал – Қазақстанның емес, Ресейдің қаласы, деген доқ, айбар болатын. Ресей қаласының, айталық, қазағы көп Омбының орталығымен 400 қазақ жасыл байрақ көтеріп, саппен өтсе не болмақ? Әлбетте, орыстардың оған қалай қарайтыны айтпаса да белгілі…
Сол жолы Оралға Алматыдан Сәбетқазы бастаған біраз адам барып, Оралдың өзінен 15 мыңдай адам жиналып, сеператистердің бетін қайтарды. Оған тікелей «Азат» партиясы басшылық жасады, өзге саяси топтар көмектесті.
Піскен асқа – тік қасық, осы «Азат» әбден күшіне енген кезде «партияны мен құрып едім…» демесе де, оның басшылығына ұмтылғандар болған. Ел оны да біледі.
«Азаттың» құрылуына байланысты ел білмейтін бір жайтты айтпай кетуге болмас. Ақатаев ұлтшыл партиот болғанымен, Мәскеуде оқыған, қазақша жақсы білгенімен, еңбектерін көбіне орыс тілінде жазып, бізге қазақшалататын. Мәселен, оның «Тышқан жылғы қырғын» деген тарихи еңбегін осы жолдардың авторы қазақшалаған.
Мұны айту себебіміз мынада: Сәбет­қазы Ақатай «Азатты» құрарда оның орысша жазылған Жарғысын маған қазақшалатты. Сонда айтқан сөзі мынау: «Осындай партия құрылады. Әзірге оның құрылатынын білетін сен – үшінші адамсың. Әзірге құпия болсын».
Әлбетте, менен басқа екі адамның бірі Ақатайдың өзі еді. Ал екіншісі – қазір ойлап отырсам, не Мақаш Тәтім, не Болатхан Тайжан болуға тиісті. Себебі, осы азаматтардың бәрі де Мәскеуде «Жас тұлпар» ұйымын құрған ұлт патриоттары болатын. Ол кезде ұлттық патриотизмнің басында осы үш тұлға жүрді.
Сәбетқазының саясаткер есебіндегі еңбегі елге белгілі. Сондай-ақ оның саяси утопияға берілген кезін де білеміз. Сол қиын-қыстау кезде Молдағали Матжанов екеуі тәуелсіздікті қорғап қалу мақсатымен Түркиядағыдай «Янычарлар мектебін» құруды мақсат етті. Себебі, ол кезде Қазақстанда 18 мың жетім бала бар болатын. Қорғансыз қалған сол жетімдерден янычарлар мектебін құрып, ел қорғанына айналдыру идеясы болды оларда.
Әрине, утопия – утопия түрінде қалды. Бірақ ниеттің астары белгілі. Мақсат – елдің тәуелсіздігін нығайту еді.
Міне, бүгінде ұмытылған, біреу білсе, біреу білмейтін тәуелсіздіктің нағыз тарландарының елге сіңірген еңбектері осындай. Бір өкініштісі, әзірге оны ескеріп жатқан адам байқалмайды. Сол жағы ғана өкінішті…

P.S: Ел тарихында тәуелсіздікке қол жеткізуімізге өлшеусіз еңбегі сіңген басқа да тарландардың болғаны сөзсіз. Өкінішке қарай, олардың көбін біз де білмейміз. Ендігі мәртебе билігі де солардікі болуға тиіс!

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір