ШЫНАЙЫ ӨМІРДЕН ТАМЫР ТАРТҚАН ТУЫНДЫЛАР

1980 жылдар. Қызылордада өткен қазақ әдебиетінің онкүндігі. Оң жақтан Тахауи Ахтанов, Кемел Тоқаев, Ақұштап Бақтыгереева
Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің тыныс-тіршілігі, өсуі, өркендеуі туралы әңгіме қозғағанда қаншама қазақтың қабырғалы қаламгерлері ойға оралады.
Ол бір тарихи шақ туған әдебиетіміздің қарқынды шарықтаған, көркем сөздің қадірі самғау биікке көтерілген, көркем шығарма жазған қазақ қаламгерлерінің де атақ, абыройы асқақтап тұрған тұс еді. Жазушының қоғамдағы орны да, қадір-қасиеті де өте биік болатын. Ұлттық тәрбиенің, ұлттық мектептің де алтын діңгегі қазақ қаламгерлерінің көркем туындылары еді…
Сол, 1950-1980 жылдар аралығында жазылған, жарық көрген көркем шығармаларға бір оралып өткенде, әдебиетіміздің барлық жанрлары қаулай көтеріліп, сандаған тақырыптар қамтылып, өнімді түрде өркендеген екен. Осынау өнімді түрде өркендеген жанрдың бірі – детектив, яғни шытырман оқиғаларды арқау ететін, солардың тосын, тартымды, оқырманын бірден баурап алатын көркемдік шешім ұсынатын туындылар еді. Оқырманы ең көп, сатылымы, өтімділігі ең жоғары баспа өнімдері де тап осы жанрдың еншісіне тиетін.
Туған әдебиетіміздің көркемдік көкжиегін кеңейткен, көркемдік бояуына жаңа тыныс берген, тақырыптық ауқымын жаңа өрістерге алып шыққан осы жанрдағы көркем шығармаларды әсіресе жас өркен, оқушы жастар қызығып оқитын.
Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалап, көшін бастаған, тума талант, аса дарынды қаламгер Кемел Тоқаев болды десек қателеспейміз.
Ұлы Отан соғысының ауыр күндерін, бар азабын басынан өткерген жас майдангер елге оралысымен қалам еңбегіне отырды. Қыршынынан қан майданның отты күндері мен оқты түндерін көзімен көріп, қаншама миллиондаған құрдастары мен замандастарының ажал құшқан сәттеріне куә болған, ел басына түскен қайғы мен қасіреттің барлығын жүрегінен өткізген жас қаламгердің осынау тақырыпта қалам тербеуі заңды еді.
Жазушы Кемел Тоқаевты өмірдің өзі сөз өнеріне, яғни жазушылыққа, қаламгерлікке, оның ішінде Ұлы Отан соғысы тақырыбына алып келді.
Жазушының күллі шығармаларына арқау болған қилы-қилы оқиғалар өмірдің өзінен алынды. Сондықтан да Кемел Тоқаевтың туындыларының ең басты тақырыбы – Ұлы Отан соғысы, сол соғысты басынан кешірген, қолына қару алып жау шебінде жүріп, жүрегін оққа төсеген қатардағы қазақ солдаты, қазақ жауынгері болды.
Барлық сюжет те, сол сюжеттің негізгі өзегі болған, күллі кейіпкерлердің бел ортасында жүретін, бастан кешетін оқиғалар тізбегі де жазушының жан жүйесіне әсер еткен, мәңгілікке есінде, жадында қалған қайталанбас суреттер қалам құдіретімен қайта тірілді.
Адамдар тағдырына терең бойлайтын қаламгер шынайы кейіпкерлер сомдады. Жасанды бояуы жоқ, қолдан жасалған әсірелеуден, асыра көтеруден алыс, тұнық судың ағысындай таза, терең суреттеулерге табан тіреген туындылар өз оқырманын бірден тапты.
Қарапайым, өмірдің өз бояуындай құнарлы тілмен жазылған осынау әңгімелердің, повестердің, романдардың қайсысына тоқталсақ та алдымен шынайы өмірдің суреті алдымыздан шығады.
Өмірдің суреті дегеннен шығады, Ұлы Отан соғысы, ұлы майдан шындығы негізінен 1941-1945 жылдары қолына қару алып, ел қорғаған майдангер қаламгерлердің жазған туындыларында көрінді. Тарихтың бір тұсында ұлы шовинистік ауруға ұшырап, тоталитарлық режим орнатып, Гитлерге табынып, күллі адамзатқа ажал әкеліп, апат төндірген фашистік Германияның бас қаласы Берлиннің, бас штабы Рейхстагтың төбесіне Жеңіс туын тіккен де осынау майдангерлер болатын.
Қазақ әдебиетіне де майдангер жазушылар аса құнды, мәңгілік мұра қалдырды. Рухтары шат болсын, бір қатарын атап өтейін. Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Жұмағали Саин, Сырбай Мәуленов, Әди Шәріпов, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов, Әбдіжәміл Нұрпейісов…
Осынау қасиетті, қастерлі есімдердің қатарында Кемел Тоқаев та соғыс тақырыбын өндіре жазып, өнімді еңбек етті.
Бауыржан Момышұлын, Қасым Қайсеновті ұстаз, аға тұтты, Жұбан Молдағалиевпен дос болды.
Халық батыры Қасым Қайсеновтің естеліктерін оқып отырсаңыз Кемел Тоқаевтың қаламгерлік еңбегіне, адалдығына, кішіпейілділігіне, адами, кісілік болмысына берген бағасы, ағалық ілтипаты мен ізеті кісі тебірентерлік. Өз кезегінде Кемел Тоқаев та Қасым Қайсеновтің әдеби шығармашылығын елге таныту, насихаттау, өз тұғырына қондыру мақсатында батыр ағасы туралы қазақ және орыс тілдерінде бірнеше кітап жазды. Шығармаларын жинастырды, танымдық тұрғыдан зерттеді. Осыдан-ақ өз тұсындағы майдангер қаламгерлер ортасында Кемел Тоқаевтың жазушылық еңбегі ғана емес, сонымен қатар оның кіршіксіз адамгершілік қасиеттері, абырой, беделі, тазалығы, қарапайымдылығы, қанағатшылдығы жиі-жиі атап көрсетілгенін анық байқаймыз.
Аты аңызға айналған майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов: «Кемел Тоқаев қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгердің бірі болды. Өзі таңдап алып, негізін қалаған детектив жанрында алдына жан салған жоқ», – деп жазыпты.
Тағы да бір майдангер қаламгер Мұзафар Әлімбаев: «Өмірде ұзақ жылдар ізденіп жүріп, әдебиеттен өзін жаңылыспай тапқан, тек өзіне ғана тән оңтайлы өнерлігімен талай құнды кітаптар тудырған Кемел Тоқаевты туған халқы терең махаббатпен еске алады», – деп толғаныпты.
Кемел Тоқаевтың тырнақалды кітабы «Жұлдызды жорық» атты туындысына алғашқы жазған көркем әңгімелері топтастырылды. 1954-ші жылы мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көрді. Отызға енді ғана толған жас қаламгердің тұңғыш жинағы қазақ оқырмандарын бірден елең еткізді. Жас майдангер жазушы туған әдебиетіміздің табалдырығын имене аттап, өз бағытын, өз соқпағын, өз тақырыбын таныта келді.
Алғашқы әңгімелерінің өзінен-ақ қалың оқырман ұзаққа шабатын, кең тынысты, өз тақырыбын ұңғыл-шұңғылына дейін терең меңгерген қаламгердің өзіндік қолтаңбасын бірден аңғарды.
Кейіпкерлері тың, оқиға желісі шымыр, ширақы желіде өрбіп отыратын жазу стилін шебер меңгеріп алған жазушы бір шығармадан бір шығармаға өсіп, толысып, тереңдеп, кейінгі туындыларында күрмеуі мол, күрделі тақырыпты әр қырынан ашып, сүбелі-сүбелі шығармаларымен көрінді. Солардың ішінен алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары жарық көрген «Жұлдызды жорық», «Қыс қарлығашы», «Тасқын», «Көмескі із», «Болашақ туралы ойлар», «Замандастар сыры», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын» атты кітаптарына енген әңгімелері мен повестерін, «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» атты жинақтарына кірген романдарын айрықша бөліп айтар едім.
«Таудағы жаңғырық», «Замандас сыры» атты повестері де кезінде әдеби сында жақсы бағаланған көркем дүниелер. Жазушы повестерінің тілі, композициялық құрылымы, кейіпкерлер портретін сомдаудағы жазушы ізденістері де назардан тыс қалған жоқ.
Бұл туындылардың да күретамыр тақырыбы – майдан шындығын суреттейтін оқиғаларды молынан қамтиды. Қаламгердің өз көзімен көрген, басынан кешкен шындықтан артық, шынайы, шыншыл қандай өмір болуы мүмкін? Осынау біз атап өткен әңгімелер, повестер мен романдардағы күллі оқиғалар мен кейіпкерлер әрекеті, тартыс, күрес, жеңіс пен жеңілістер, барлығы шынайы өмір көріністерінен, адамдар тағдырларынан тамыр алады.
Жазушыны өзі тағдыр кешкен замана шындығын кең қамтып, күнгейі мен көлеңкесін, кешегісі мен бүгінгісін бүркемелемей, боямасыз салыстыра жеткізуге өмір тәжірибесі итермеледі. Әсіресе қалың оқырманның үлкен сұранысына ие болған, қазақ әдебиетіндегі алғашқы детективті шығарма – «Соңғы соққы» романы орыс және бірнеше тілге аударылып, Одақ көлемінде танылды. Бұл романнан кейін ізін суытпай қаламгер келесі сүйекті, күрделі туындысы «Солдат соғысқа кетті» атты тарихи романын дүниеге әкелді.
Романдағы суреттелетін оқиғалар, көріністер, кейіпкерлер диалогтары, шығарманың композициялық құрылымы әбден төселген, көркемдік шеберлік әдіс-тәсілдерін мейлінше меңгерген жазушының қолтаңбасын анық аңғартты.
Әу дегеннен, алғашқы диалогтердің өзінен-ақ әскери училищені енді аяқтағалы отырған қазақтың қос жас жігітінің майдан шебіне аттанып бара жатқан сәттеріне куә боламыз. Бірінің есімі – Мұхаммед, екіншісі – Мейірманов. Қос кейіпкердің кейінгі өмір жолы майдан даласында, яғни Сталинградтан бастап Украина, Белоруссия, Польша жерлерін беліндегі бес қаруымен, сұр шинель, солдат етігімен жүріп өткен сан тағдырлы, азабы мен тозағы қатар түсіп жататын қалың оқиғалардың боямасыз көрінісі оқырманды бей-жай қалдырмайды.
Жалпы, қаламгердің сюжет құру, қалың оқиғалардың алтын арқауын босаңсытпай ширықтыра түсетіндігі, суреткерлік мақсатына дөп келетін көркемдік детальдарды ұтымды ұстап алатындығы, кітап мазмұнын оқырманды жалықтырып жіберетін бірсарындылықтан алыс ұстауы, детектив жанрының ең басты шарты – кейіпкерлерін сан алуан, шытырман оқиғалардың ортасында, үнемі шарпысу, тартыс, күрес үстінде көрсете білу таланты осынау туындылардың басты қасиеті дер едім.
Кейінірек, майдан, соғыс, әскери шайқас көріністерінен бірте-бірте алыстап, қаламгер таза чекистер, барлаушылар, тәртіп сақшылары, ішкі істер органдары жауынгерлерінің, қызметкерлерінің өмір, тағдырына құрылған шығармаларында да суреткерлік шеберлігін шыңдай түсті.
Енді жау тылына өткен, басын бәйгеге тігіп, барлаушылықта жүрген партизандардың, қатардағы жауынгерлердің жан кешті еңбегін, ел тыныштығын күзететін, әртүрлі қылмыстық істердің ізіне түсіп, адамдар тағдырына арашаға келетін кейіпкерлердің бір шоғыры алдыңғы қатарға шығады.
Терең зерттеулерге, қоғам өміріндегі әлеуметтік, моральдық өткір мәселелердің астарына көбірек үңілетін, сол арқылы өзінің алдымен адамгершілік, кісілік қасиеттерімен көрінетін әскери адамдардың образын, яғни қазақ әдебиетінің сан қырлы бай галереясына толымды, тосын, күрделі тағдырдың иелерін алып келді.
«Соңғы соққы» романының бас кейіпкері – белгілі Кеңес Одағының чекисі Қасымхан Чанышев. Оқырман бұл туындыда М.Фрунзе, Д.Фурманов, О.Жандосов, Б.Шагабутдинов сияқты мемлекет қайраткерлерінің бейнесімен де танысады. Қаламгер бұл беттерде де тарихи шындықтан ауытқымайды.
Кеңес чекистерінің жиырмасыншы жылдардағы ішкі және сыртқы жаулармен күрестегі ерлік істері де шытырман оқиғалар арнасында ашылады. Барлығы тарихи деректер негізінде жазылған. Осынау шытырман оқиғалардың ортасында із кесетін, аңдудың, бопсалаудың, қылмыскерді тығырыққа тіреудің санқилы әдіс-тәсілдерін шебер меңгерген кейіпкер болмысының боямасыз шындығын әсерлі жеткізу кез келген қаламгердің оң жамбасына келе бермейді. Ол үшін жазып отырған объектіңді жақсы білу қажет.
Осы тұрғыдан келгенде Кемел Тоқаев өз тақырыбына ұзақ жылдар бойында адал болды. Ара-арасында драмалық туындыларға да қалам тербегенімен өзінің сүйікті тақырыбынан көз жазған жоқ. Сондықтан да өндіріп жазды.
Көбінесе «психологиялық талдау» әдісіне жүгінетін суреткердің шығармаларынан бірде-бір бос белбеу, осал түсіп жататын кейіпкерлерді таппайсыз.
Қызыл империя, Кеңес Одағы, саяси идеологиядағы тап күресі, партиялық әдебиет талаптары үстемдік құрып тұрған заманда қазақ қаламгерлеріне алаңсыз, жалтақтамай, еркін, шығармаларының саяси бағытын, ұстанымын бірінші орынға шығармай кітап жазу, оны баспадан жариялау мүмкін емес еді. Мемлекеттік цензура оқырманға жол тартқан, әрбір жарық көрген туындыны, оның мазмұнын, әсіресе ішіндегі кейіпкерлерін қатаң қадағалайтын.
Осындай идеологиялық қағидалардың, партиялық бақылаудың қырағы көзінен керек болса кезінде саңлақ суреткерлеріміз Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы да, Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» атты әйгілі романы да құтыла алмаған.
Әдебиеттегі Ұлы Отан соғысы тақырыбы – нағыз идеологияның қаны жерге тамбай тұрған құралына айналды. Совет халқына патриоттық тәрбие беру саясатының ең пәрменді тетігі де осынау соғыс тақырыбындағы көркем әдебиет болатын. Осы қиын өткелді майдангер жазушы Кемел Тоқаев қалай орағытып өте алды? Ең басты шығармаларына, яғни сүйекті, сүбелі деген повестері мен романдарына бас кейіпкер етіп қазақ ұлтынан шыққан жауынгерлер мен әскери қолбасшылардың бейнесін ендіре алғаны ерлікке пара-пар еді.
Кемел Тоқаевтың ең тырнақалды әңгімелерінен бастап соңғы жылдары жазылған роман, повестеріндегі басты кейіпкерлердің барлығы қазақ ұлтынан шыққан ержүрек батырлар. Балаларға арнап жазған әңгімелері мен новеллаларындағы негізгі кейіпкерлер де ауылдан шыққан қарапайым қазақ балалары мен қыздары. «Қуаныш» атты әңгімесіндегі Жомарт пен Жаннат, «Жұлдызды жорықтағы» Болат пен Рая, «Нұрлы жолдағы» Сәуле, Бақыт, оның әкесі Серікбай, «Ауыл қызы» әңгімесіндегі Мәскеуден жоғары білім алып келген жас маман Жанар Ахметова, болмаса соғыс тақырыбындағы туындысы «Күнделік» әңгімесіндегі бас кейіпкер танкист, барлаушы Алмас Айдаровтың ерлігі, іс-әрекеттері оқырман жадында жатталып қалады.
Кеңес кезіндегі әдебиетіндегі орыс халқының өкілдерін басты әрі басшы кейіпкерлер етіп енгізбеген қаламгердің туындыларының тағдыры қандай болғанын әдебиет тарихынан жақсы білеміз. Осы орайда біз жазушы туындыларының шынайы, сыншыл реализміне әлеуметтік астарына, танымдық-философиялық құндылығына да баса мән беруіміз керек. Кемел Тоқаевтың шығармаларының ұлттық сипатын, әсіресе кейіпкер таңдау, пейзаж, авторлық баяндаулар ұлттық құндылықтарға аса мән беретіндігін көптеген зерттеушілер, әдебиет сыншылары айтып, жазып келеді. Енді кеңес заманы тұсындағы қоғамдық-әлеуметтік өмірдің терең қатпарларын, сол қоғамдағы адами, кісілік құндылықтарды сөз өнері арқылы, көркем шығарма арқылы көтере білген, бейнелей білген қаламгерлік ізденістеріне терең, танымдық зерттеулер жүргізетін мезгіл келді.
Себебі шынайы көркем шығарма еш уақытта заманға, уақытқа тәуелді емес. Қанша уақыт өтсе де Мұхтар Әуезовтің, Жүсіпбек Аймауытовтың, Бейімбет Майлиннің, Тәкен Әлімқұловтың прозалық туындылары бүгінгі оқырманның да қолынан түспей келеді. Қазіргі жас буын, жас ұрпақ та осынау қаламгерлердің қаламынан жүз жыл бұрын шыққан шығармаларды жатсынбайды.
Сонан соң шынайы көркем туынды тақырыпқа да тәуелді емес. Шығарманың көркемдік сапасы, яғни көркемдік құндылығы ең алдымен авторының талантына, дарын күшіне тікелей тәуелді. Дарынды қаламгер қандай тақырыпқа қалам тербесе де алдымен өзі бейнелеп, суреттеп отырған өмір шындығына, адамдар тағдырына терең бойлайды. Өмірлік шындықтың ең бір арналы ағысын, күретамырын дәл аңғара білген қаламгерге ғана суреткер бақыты бұйырады. Суреткер бақыты бұйырған санаулы қазақ қаламгерлерінің бірі – Кемел Тоқаев. Мұны өзімен бір заманда ғұмыр кешкен майдангер қаламгер ағалары да аңғарып, кітаптарында баса көрсеткен екен.
Алдымен бейнелеп отырған кейіпкерлерінің жан дүниесіне, адами, кісілік болмысына психологиялық тұрғыдан үңілетін қаламгердің үлкен көркемдік табыстарға қол жеткізгенін жоғарыда айттық. Ал енді сол өзі өмір кешкен қоғамның әлеуметтік құбылыстарына, әлеуметтік құндылықтарына көркем шындық арқылы көз жіберу, әрине парасат биігінен, ой ауқымы кеңдігімен бағалай білу, сол арқылы адамдар тағдырын қоғамның қалың оқиғаларымен қабыстыра суреттеу қабілетіне екінің бірінің қолы жете бермейді.
Осы биікке Кемел Тоқаевтың туындылары көтерілді. Әсіресе майдан шындығын суреттейтін туындыларында ол әлемдік, бүкіл адамзаттық деңгейде гуманистік, өркениеттік мәселелерді көтере білді. Адамзатты әлемдік апатқа әкелетін жалпы адамзаттық апокалипсистің, күллі тіршілік атаулының біржолата жер бетінен құрып кетуіне әкелетін кездейсоқ от ұшқыны мемлекеттер, адамдар арасындағы соғыс өртінен тұтанатынын авторлық ремаркаларда астарлап жеткізіп отырады. Жазушы шығармаларының алтын өзегінде жатқан поэтикалық қуаты да осы арадан көрінеді.
Осынау идеяны қарапайым көркемдік детальдарға, кейіпкерлер арасындағы тосын диалогтерге иінін тауып, жымын білдірмей кіргізеді. Соғыс тақырыбын суреттей отырып гуманистік, пассионарлық идеялар мен құндылықтарды қалың оқырманға нәзік жеткізе білуі жазушы қол жеткізген көркемдік табыстарының ең бастысы дер едім.
Адамзат тарихындағы ең бір соғыс алапатын көп көрген, арпалысты, қайшылықты жиырмасыншы ғасырдың тарихи шындығын шынайы білгісі келетін оқырманға жазушы туындыларының құндылығы өте жоғары.
Жазушы туындылары өткен ғасырдың 70-80 жылдарында Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақстан ішкі істер министрлігі ұйымдастырған детектив жанрына арналған әдеби байқауларда әлденеше рет топ жарып, бас бәйгені иеленді.
Кемел Тоқаевтың 2008-2010 жылдары жарық көрген бес томдық таңдамалы жинағына «Таудағы жаңғырық», «Замандас сыры» атты повестері де енді. Осынау таңдамалы бес томдықтың түйінді сөзі ретінде жарық көрген тағылымы бөлек, тәрбиелік өнегесі терең, толғаулы тебіреністен туған көркемдік болмысы дара туынды – «Әке туралы ой-толғау» эссесі.
Осынау эссе-толғау да қаламгер-әкенің жан дүниесіне терең үңілуге, жас кезінен тұрмыс тауқыметі мен тағдыр салмағын қайыспай, қайсарлықпен арқалап өткен қос бауыр Қасым мен Кемел атты қазақ перзенттерінің биік рухын терең түйсінуге, ойлана отырып түсінуге жол ашады.
Лирикалық астары нәзік, сирек өмір көріністері мен адам тағдырының қалтарыстарын тебіренте суреттейтін кітап беттерін оқығанда жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында орын алған жоқшылық, ашаршылық, халық басынан өткен нәубет, репрессия, бір сөзбен айтқанда қаралы қалың оқиғалар қайта көз алдыңа келеді.
Осынау ардақты әке туралы эссе-толғау көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың тұтас шығармашылық лабораториясынан да сыр шертеді. Сирек, бізге беймәлім, қымбат өмір деректері де құнарлы тілде қайта сөйлейді.
Қарымды, қабырғалы қаламгердің қанды майдан, алапат соғыс жалынына шарпылған, алмағайыпта ауыр жарақат алған тұғыры биік тұлғаның ғұмырбаяндық шежіресі деуге сиятын осынау еңбекті де туған әдебиетіміздің тарихын, жүріп өткен жолын шынайы бағалауға өз үлесін қосқан туынды ретінде бағалауға болады.
Өмірден ерте өткен, жанына, жүрегіне түскен сансыз жарадан жігері мұқалмаған, ең қимастары – әке, анадан, туған бауырынан, туған қарындастан мезгілсіз айырылса да арына, намысына шаң тигізбей, майдан даласынан оралысымен Қазақ ұлттық университетінде журналистік жоғары білім алып, өзінің дарынына, қалам қуатына сеніп, туған әдебиетімізге өлшеусіз үлес қосқан, олжа салған тұғыры биік тұлпардың туындыларын уақыт жеңе алған жоқ.
Биыл жүз жылдығын ұлттық деңгейде халық болып тойлап жатқан қазақтың қайталанбас қабырғалы қаламгері, суреткер жазушы Кемел Тоқаевтың қаламынан қалған мол мұра – бүгінгі жас буынға да аса қымбат, аса қажетті рухани құндылық деп есептеймін.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
филология ғылымының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
***
Кемел ағамыз жайында бірер сөз айтқым келеді. Ұмытпасам 1973 жыл болу керек… таудағы Алатау санаториясына демалуға барған кезім. Жұрт жиналып, алма ағашының түбіне барды. Күз кезі ғой, алманың бәрін теріп алған, тек бір ағаштың басыңда жалғыз қызыл алма қалыпты. Бұл мельтон дейтін өте шырынды, дәмді алма. Кім анау алманы қағып береді маған дедім. Содан соң, ұзын бойлы, аққуба жігіт сол алманы қағып түсірді. Өзім барып жердегі алманы алғанымда саусағыма тікен кіріп кетті. Жаңағы жігіт тікен кірген саусағымды қолымен қысып тұрып, тікенді тісімен тістеп алып тастады. Бір әдемі әйел, маған қарап тұрып, «Япырмай, Мәкеннің қолына кірген тікен ғұрлы болмадым ғой»– деді. Олардың арасында Отан соғысының ардагерлері де бар еді.
Бір кезде олар, сырттай бақылап тұрған Кемел Ағаны көріп, топталып қасына барды. Мен ыңғайсызданып тұрып қалдым. Кемел Аға мені шақырды да, оң жағына алып бірге суретке түстік…
Кемел Аға маған бөлмеме келіп кетші деді. Барғанымда есік ашып, қысылма, орындыққа отыр деді. Жазу үстелінде жатқан қаламды алып, өзінің “Түнде атылған оқ” кітабын ерекше жылы сөздермен жазып берді де, «Мен өзіннің Ағаңмын ғой»– деді жылы жымиып.
Кескін келбетті Кемел Ағаның сол қалпы әлі күнге дейін көз алдымда тұрады…
Бір ғасыр
(Кемел ағама арнау)
Кемеңгер, Кемел Аға, асыл Аға!
Өзіңнен қарындас сыр жасыра ма?
Жұрт тойлап жатқан кезде
Жүз жасыңды,
Гүл алып бара алмадым қасыңа да.
Ғажайып Алматының кешіндегі,
Көп жайды айта алмадым есімдегі.
Сыйлап ең, «Түнде атылған оқ»
кітабын.
Кешіңе бара алмадым, кешір мені.
Жаныңды тыншытпады
зерек сезім,
Жұртыңа аз болған жоқ
керек кезің.
Түйіндеп тың ойларды күні-түні,
Теңселген тебіреністен,
ерекше едің!
Атаның жалғасаңыз тектілігін,
Жұртыңның жүрегіне жетті бүгін.
Елім деп, еміреніп, тебіреніп,
Жастығың жалын құшып,
өтті жылың…
Жаңалық, Сіз көтерген
тың тақырып,
Үйіріп оқырманын, тұр шақырып.
Соншама мейірімді, мерейлі едің,
Тұр бүгін Бір ғасырдан
нұр шашылып!
Қалды артта, қатал күндер,
қалды бүгін.
Еңбегің айтып жатыр мәңгілігін…
Жаңа Қазақстанның –
Президенті,
Өзіңнен өнеге алған
жалғыз Ұлың!
Марфуға Айтхожа,
Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты
Алматы, 30.08.2023