ХАМЗА ЕСЕНЖАНОВТЫҢ ЕСКЕРТКІШІ БОЙ КӨТЕРДІ
Қазақтың көрнекті жазушысы, «Ақ Жайық» трилогиясының авторы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Хамза Ықсанұлы Есенжановтың 110 жылдық мерейтойы аясындағы іс-шаралар жалғасын табуда. Бұл жолы Орал қаласындағы «Жеңіс» саябағында жазушыға ескерткіш орнатылды.
Ескерткіш белгінің ашылуына Алматы қаласынан академик, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, Хамза Есенжановтың немере інісі Айтқожа Биғалиев, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, жазушының келіні Дина Есенжан, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі, «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, әдебиетші-зерттеуші Сайлау Сүлейменов, тарихшылар, өлкетанушылар, кітапханашылар, ұстаздар, студенттер және мектеп оқушылары қатысты.
Бұдан соң Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Хамза Есенжанов – адамзаттың асылы» атты мәдени жиын өтіп, жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Тұғыры биік талант» атты естелік кітаптың тұсауы кесілді. Мәдени жиын аясында театр фойесінде «Қайсар талант арқалаған нар сенім, ұмытпайтын ұрпақтарың бар сенің» деген тақырыппен кітап көрмесі, фото-экспозиция және мұрағаттық жәдігерлер көрермен назарына ұсынылды.