«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа білім ордалары бой көтерді
Биыл өндірісті өңір – Қарағанды облысында 13 жаңа мектеп салынды. Оның ішінде он білім ошағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Жаңа оқу жылы қарсаңында Қарағандыда өткен «Жаңа халықтық Конституция нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты тамыз конференциясында атап өтілгендей, білім саласы инфрақұрылымын дамыту, жаңа оқу орындарын қатарға қосу оқушылар санының артуымен білім беру орындарына деген қажеттілікті өтеуге және жеткіншектеріміздің заман талабына сай сапалы білім алып, жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

1 қыркүйек – білім күні «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бірден төрт жаңа мектеп есігін айқара ашты. Жаңадан салынған бұл білім ошақтарының үшеуі Бұқар жырау ауданында, атап айтқанда, Үштөбе және Доскей ауылдарында, сондай-ақ Ғабиден Мұстафин кентінің Нұра станциясында пайдалануға берілді. Сонымен қатар кеншілер астанасының «Жаңа аудан» («Таугүл») шағынауданында 1200 орынға арналған №29 мектеп алғашқы оқушыларын қабылдады.
Жалпы, биылғы оқу жылында облыстағы 420 мектепте 176 мыңнан астам бала білім алады. Жаңа оқу жылында 15 691 бүлдіршін тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттап, алғашқы қоңырау даусын естіді. Ал осы оқу жылында соңғы сыныптарда білім алып жатқан 9 546 оқушы мектеп бітіріп, жалпы орта білім туралы аттестат алмақ.
Жаңа оқу жылының алғашқы күні облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Бұқар жырау ауданының Үштөбе ауылында ашылған жаңа мектепке барып, ұстаздар мен оқушылар қауымын Білім күнімен құттықтады.
– 1 қыркүйек – жаңа білімге, жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктерге жол ашатын ерекше күн. Жаңа оқу жылы мұғалімдерге кәсіби табыс, шығармашылық шабыт пен жаңа жеңістер әкелсін. Алғашқы қоңырау үнімен мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушылары үшін мектеп жолы қызықты да бақытты саяхатқа айналсын. Ал жоғары сынып оқушыларына алдына айқын мақсат қойып, оған жетуге нық қадам басуын тілеймін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ауыл тұрғындары, әсіресе бүлдіршіндер мен жеткіншектер үшін қуанышты оқиға болған жаңа мектеп заманауи талаптарға сай салынып, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. 300 оқушыға арналған сәулетті білім ордасында ауыл балалары үшін сапалы білім алу ғана емес, спортпен және шығармашылықпен айналысуға да барлық жағдай жасалған.

– «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген мектебімізде атына заты сай, физика, химия, информатика және басқа да пәндерге арналған жаңа, заманауи үлгідегі кабинеттер жабдықталды. Сондай-ақ балалар робототехникамен айналысып, зерттеу жобаларын жүзеге асыра алатын STEM кабинеті бар. Қосымша спорт залы да ашылды. Бұдан бөлек, түрлі шығармашылық үйірмелер мен спорт секциялары жұмыс істейтін болады, – деді мектеп директорының міндетін атқарушы Еркебұлан Мақашев.
Ұстаздар, жеткіншектермен қатар жаңа мектептің ашылғанын асыға күткен ата-аналар да ерекше қуанышты.
– Жаңа мектептің ашылғанына өте қуаныштымыз. Асыға күткеніміздей, жаңадан салынған білім ордасы барлығымыздың көңілімізден шықты. Бастауыш және жоғары сынып оқушыларына бөлек кіреберіс жасалған. Іші өте әдемі, пәндік кабинеттер жасақталған, жабдықтары заманауи. Үш балам бар, жаңа оқу жылында кенже қызым бірінші сыныпқа барды, – дейді Үштөбе ауылының тұрғыны Бибігүл Зейнулина.
Жаңа оқу жылы қарсаңында өткен облыстық білім саласы қызметкерлерінің «Жаңа халықтық Конституция нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты тамыз конференциясында атап өтілгендей, 2026–2027 оқу жылына орай облыстағы барлық 420 мектеп жан-жақты дайындықтан өткізілді. Жаз айларында 217 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 19 білім беру ұйымы толық жаңғыртылып, жаңартылды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «сапалы білім – әлемдегі озық, өркениетті әрі бәсекеге қабілетті ел болудың кепілі». Осы тұрғыдан алғанда, жаңа оқу жылына мектептер қажетті оқу материалдарымен де толық қамтамасыз етілді. Биыл үшінші сынып оқушыларына арналған орыс және қазақ тілдері, әдебиеттік оқу, математика, дүниетану және музыка пәндері бойынша оқулықтар жаңартылды. Ал жетінші сынып оқушылары үшін дүниежүзі тарихынан жаңа оқулықтар дайындалды.
Облыстағы барлық білім беру ұйымдарында жеткіншектеріміздің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы орайда барлық мектепте бейнебақылау жүйелері, дабыл түймелері мен турникеттер орнатылып, арнайы күзет қамтамасыз етілді.
Жаңа Конституциямызда адами капиталды дамыту мемлекеттің басты басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Осы орайда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы негізінде жеткіншектеріміздің логикалық ойлауын, зейінін және талдау қабілетін, өз бетінше шешім қабылдай білу машығын жетілдіруге баса назар аударылады. Осы ретте елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы бүгінде Қарағанды облысының 130 мектебінде енгізілген. Ал жаңа оқу жылында оған тағы 42 мектеп қосылды. Солардың бірі – Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы №12 мектеп.
Алғашқы жүріс, шах және мат – Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы №12 мектептің бастауыш сынып оқушылары енді шахмат ойнайтын арнайы кабинетте білім алады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Жаңа кабинет шахмат тақталары мен тастары, оқу құралдары және жұмыс дәптерлерімен толық жабдықталған. Оқушылар мұнда шахматтың қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, логикалық ойлау, зейін және талдау қабілетін жетілдіріп, өз бетінше шешім қабылдауға үйренеді.
«Білім берудегі шахмат» бағдарламасы аясында мектепке жасалған ерекше тарту – Қазақстан чемпиондарының қолтаңбасы қойылған шахмат тақтасы. Оны мектепке Қазақстан шахмат федерациясы сыйға тартты, делінген хабарламада.
– «Шахмат негіздері» вариативті сағаттарының мақсаты – кәсіби спортшыларды даярлау емес. Ең бастысы – баланың ойлау қабілетін, логикасын, талдау дағдысын және өз бетінше шешім қабылдау машығын қалыптастыру. Қазір гаджеттер мен сандық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған заманда баланы өздігінен ойлануға үйретудің маңызы бұрынғыдан да арта түсті, – дейді Қазақстан шахмат федерациясының өкілі Динара Оспанова.
«Білім берудегі шахмат» бағдарламасы бойынша шахмат сабағы мектептің оқу жоспарына енгізіліп, аптасына бір рет өткізіледі. Оқушылар үшін сабақты арнайы даярлықтан өткен бастауыш сынып мұғалімдері жүргізеді.
Биылғы оқу жылы – Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы №12 мектеп үшін бағдарламаға қатысудың екінші жылы. Осы уақыт аралығында шахмат сынды жұмбақ әлемнің әліппесін меңгеріп, қыр-сырына қаныға бастаған оқушылар семинарлар мен конференцияларға, сондай-ақ шахмат турнирлеріне белсенді қатысып, бірнеше рет жүлделі орындардан көрінді.
Осылайша, болашақ ұрпақты сапалы білім, озық ой өріне жетелеген келешек мектептері өркениетті ертеңіміздің іргетасын мықтауда.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА