Еске алу кеші өтті
Өткен аптада Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы мен Қ.Қожамияров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театрының ұйымдастыруымен белгілі жазушы, актер, драматург, режиссер, аудармашы Шайым Шаваевтың туғанына 80 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті.
Кешке қазақ және ұйғыр ақын-жазушылары, зиялы қауым өкілдері мен мектеп оқушылары қатысты.
Мерейтойлық еске алу кешінде алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, ақын Бауыржан Жақып жазушының шығармашылықтағы жетістіктері мен қаламгерлік қайраткерлігіне тоқтала келе, қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесін де атап өтті.
Мұнан кейін сөз алған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Йолдаш Азаматов Шайым Шаваевтың ұйғыр әдебиетіндегі орнына тоқталды. Жазушының жерлесі, Ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрайымы, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Патигүл Махсатова Шайым Шаваевқа арнаған өлеңін оқыса, Ұйғыр театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Халық әртісі Мұрат Ахмадиев «Бірінші махаббат» әнінің қалай жазылғанын тебіреніспен айта келе, сөзін әнге ұластырғанда кезде залда отырғандар да қосыла шырқады.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын-драматург Иран-Ғайып, жазушы Жанат Ахмади, драматург-жазушы Ахметжан Ашири, ақын Дәулетбек Байтұрсынов, жазушының жақын досы Аян Нысаналин, режиссер Мұхит Изимов, «Уйғур авази» газетінің бас редакторы Ершат Асметов, «Атамұра» баспасы ұйғыр редакциясының редакторы Малик Махамдинов, Ұйғыр ауданы «Шонжы» ауылының әкімі Адылжан Қурбанниязов, жазушының туған жері – «Тиірмен» ауылының әкімі Миршат Насиров, «Төле би» қорының президенті Оралжан Масатбаев, «Сұлтанқорған» ауылының ақсақалы Ғайрат Мәмәталиевтер қөп қырлы қалам иегерінің адамгершілік қасиеттерін еске алды.
Кеш барысында Ұйғыр театрының «Нава», «Рухсара» ансамбльдері өнер көрсетіп, әншілер Нуралим Варисов, Пархат Давутов Шайым Шаваевтың сөзіне жазылған әндерді орындады. Театр актерлері Шайым Шаваевтың «Билал Назим» және Иран Ғайыппен бірге жазған «Қашқария» спектакльдерінен үзінділер көрсетті.
Көзі тірісінде «ұйғырдың Шукшині» атанған Шайым Шаваевтың 80 жылдық еске алу кешінің көрермен көңілінен шыққаны анық.
ПІКІРЛЕР1