Көкжал ақын – көкшулан жырлар

(Эссе)
Серік Ақсұңқарұлын тұңғыш көруім өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында болу керек. Ол кезде мен Компартияның Орталық комитетінің Мәдениет бөлімінде істеймін. Әбіш Кекілбайұлы екеуіміз әдебиет секторындамыз: Әбіш – меңгеруші, мен – қатардағы нұсқаушымын. Бір жолы екеуіміз ақылдасып отырып, Ленин атындағы салтанатты сарайда (кәзіргі «Республика сарайында») поэзиялық бір әдемі кеш ұйымдастырып, сонан соң оны тиянақты түрде жыл сайын өтіп тұратын фестивальға айналдырайық деп келістік. Жобамызды нақтылай келе, оны жастардың «Жігер» фестивалі деп атасақ деп ұйғарғанбыз. Бөлім басшылары ұсынысымызды құлшына құптады. Барлық поэзия кештеріне жастар ғана емес, Алматының бетке ұстар зиялылары, үлкен қайраткер ағамыз – бөлім меңгерушісі М.Есенәлиевтің өзі келіп қатысып жүрді.
Сол тұстағы жастардың әдебиетке деген құштарлығы орасан еді. Сөз ұстаған адамның беделі – бүгінгі миллионер байшікештердікінен әлдеқайда артық заман. Жазушылар одағында өтетін әртүрлі шаралар кезінде залды лық толтырып солар отырар еді. Өздері шеттерінен кітапқұмар, қағаз «шимайлауға» әуес келетін. Әйтсе де, біз жұмысты олардан емес, алғашқы шарамыз көптің көңілінен шығатындай биік деңгейде өтсін деген ниетпен жұртшылыққа жақсы мәлім, сол тұста атақтары «жер жарып» тұрған, әйтсе де «жастар санатынан ұзай қоймаған» Қадыр Мырзалі, Тұманбай Молдағалиев, Сабырхан Асанов, Мұхтар Шаханов қатарлы танымал ақындардан бастайық деп шештік. Кеш жақсы өтті әрі мәдени үлкен оқиға ретінде өте жақсы баға алды.
Ол кезде бұл Сарайда тек ресми үлкен жиындар немесе шетелден гастрольге келген атышулы әртістердің концерті ғана өтетін. Алғашқы жақсы кешімізбен енді ол Сарайға жол ашып алғандай едік. Келесі жолы әжептеуір танылып үлгерген Жарасқан, Кеңшілік, Тынышбай, Шөмішбай қатарлы жиырма шақты жасты тарттық. Осылай төмендете келіп, жаңа талап жастарды жинауға кіріскенбіз. Әр жыл сайын ең кемі жиырма-отыздай жігіттер мен қыздар жиналып жүрді. Кейін солардың кейбіреуі шынымен-ақ «сәйгүліктерін Әдебиет қазығына» байлаған ақынға, жазушыға, әдебиетшіге айналды: мәселен, Аманхан Әлім, Шәмшия Жұбатова, Бақытжан Қанапиянов, Қатира Жәленова, марқұм Ғабиден Құлахметов т.т. Ал енді мерзімдік басылымдарда ептеп көрініп қалып жүретіндер, жариялана қоймаса да, қолжазбаларын «қолтықтап», редакцияларды жағалап жүретін «жас перілер» тіпті көп еді.
Келесі бір жолы марқұм Нұтфолла Шәкенов ағамыз екеуіміз Жазушылар одағының залына тағы бір жиырма-отыз «жас періні» жинап алып, өлең оқытып жатқанбыз. Әлі әзір өлең техникасын анық меңгеріп үлгірмеген талапкерлердің «шикілі-пісілі» тырнақалды өлеңдерін тыңдай-тыңдай, жалыға бастаған шағымызда, сахна төріне Серік Ақсұңқарұлы шығып, «Арғымақтар» деген өлеңін оқыған: «Сәуірбек аға! Ғафу ет сұрағаныма. Арғымақтардың да адамша жылағаны ма?!» деп бастады да, ырғағы бөлектеу, мазмұны тосындау ұзақ өлеңді жігерлі үнімен шұбырта төкті дейсің. Қалғуға көшкендей едік, ұйқымыз ашылып кетті. Тынып, тыңдап отырмыз. Көз алдымыздан көне тарих елестері де, жаңа заман белестері де сырғып өтіп жатқандай. Өлеңнің соңғы шумақтарында: «Айтыңызшы, ақын, тұлпарлар енді соғысқа қатыса ала ма?» деген сұрақ қойылып, оған: «Тек колбаса болып қатысар» деген жауап берілетіні бар-ды. Соған жеткенде манадан тынып отырған жастардың бірі күліп, бірі қол соғып, гуілдеп барып басылған. Бұл, әрине, ұзақ өлеңдегі еріксіз есте қалар ұтымды штрих еді. Қаншама жылдар өтсе де, мен де әлі ұмытқам жоқ. Серіктің ырғағы бөлек, нық та шымыр даусы да, Ақсұңқарұлы дейтін поэтикалық әдемі ныспысы да есімде біржола қалып қойды.
Дәл осы жерде тағы бір жәйтті айта кетпесем обал болатын сияқты. Фестивальға қатысар ақындарды іріктеуге арналған ұзақ отырысымыз аяқталуға таяған шақ еді. Ойда жоқта Фариза ақын келіп, қасыма отыра кетті де, сыбырлай сөйлеп: «Бір ақын бала ертіп келдім. Жақсы өлеңдері бар екен, тыңдап көрші», – деді. «Ой, қойшы, шаршап кеттік», – дедім мен, ол да мына көптің бірі шығар деген оймен. «Тәуір өлең таппай отырғандарыңды көріп тұрмын ғой. Ана баланың өлеңдері өте жақсы, біреуін оқысын, тыңдап көрсеңші», – дейді Фариза қадалып. Сөйтсем, ол манадан бері арт жақта отырып біраз тыңдаған екен. «Жарайды, оқысын, көрейік», – дедім амалсыз. Орта бойлы, жұмыр, ақсары жігіт сахнаға лып көтерілді де, сәл жөткірініп, бір қысқа өлеңін жатқа соға жөнелді. Тәуір екен, елең деп қалдық. «Тағы оқышы», – дедім. Қатарынан екі өлең оқыды. Жаңылыспасам, біреуінің аты «Адай» болса керек. Сөзі шымыр, теңеулері ширақ: көк шалғындағы көз жауын алар қызыл-жасыл дала гүліндей мінсіз сұлу шумақтар. Шын жүйріктің шабысы дейсің бе, тайпалған төкпе жорға дейсің бе, лыпып тұр… Манағы бұлшық еті бұлтылдап, тізгін үзіп тұрған Серіктің «Арғымағынан» басқалау. Бірақ жақсы! Бары осы ма, әлде ар жағында тағы бірдемесі бар ма екен деген қызығушылық оянған болса керек: «Қане, тағы оқышы», – деппін. Шиыршық атқан тағы бір өлең кетті. Үш сағат бойы жасық өлең тыңдаудан жалығып, шаршап отырғанымызды тарс ұмытып, сол арада әлгі жігітке бес-алты өлең оқыттық-ау деймін. Он бес шақты минут бір демдей өте шыққан! «Жә, жетер!» деп риза көңілмен қол соқтым. Залда отырған жастар қуаттай, дуылдата шапалақ ұрды. Әлгінде ғана сахнаға жасқана көтерілген жас жігіт сол сәтте сахнадан арқалы Ақынға айналып түсіп келе жатқандай еді! Әлі әзір тәуір өлең жазып үлгірмегенмен, сөз дәмін, жыр сиқырын түсініп қалған талапты жастар емес пе, шын таланттың қандай болатынын жаңа аңғарғандай бәрі орындарынан атып тұрып, оны жапырлай қоршап алып, дуылдасып жатысты. Араларында бүгінгі белгілі ақынның бірі Аманханның да тұрғаны әлі көз алдымда. Жігіттің есімі – Есенғали екен. Бүгінгі Есенғали Раушановтың өзі!
Болашағын сол күні-ақ анықтап алғандай көрінген Есенғали Алматыға қоныс тепті де, тез танылды. Қолдаушылары да мықты еді, әрине. Ал Серікті ұзақ жылдар жоғалтып алдық. «Ақсораң сынды кенжесі едім Алтайдың. Алматы деген бір Ару қызға қол жетпей, Қарағандыда… Қара шал болып қартайдым» деп өзі айтпақшы, бүкіл өмірін туған өлкесі Арқада өткізді. Бірақ Өлең Өлкесінен табан аудармағанын білетінмін. Мерзімдік басылымдарда оқта-текте жарық көретін өлеңдерін оқып қалып жүргем. Талантының қуатын маған анық танытып қойған ғой, ұмыта алмай, сұрастыра жүрер едім. Бір күні, шамасы, екі мыңыншы жылдардың басында ғой деймін, қолыма «Төбемнен жауһар жауып тұр» деген шымқай қара мұқабалы әдемі жинағы түсті. Кездейсоқ түскен жоқ, жөнімен, ресми жолмен түсті. Мен ол кезде Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссияның мүшесі едім, ал әлгі кітап сол жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған екен. Сағынып жүрген бауырымды жолықтырғандай-ақ, шұқшия төнбейін бе! Бас көтермей, сүйсіне оқыдым. Баяғы «Арғымақтарды» да осы жинақтан жолықтырғам. Бірақ Серіктің сыйлыққа қолы жетпеді. Сыйлықты кітәптің салмағына қарай емес, авторының мансабына яки сүйрелеушілерінің беделіне қарай беретін ауру меңдеген заман ғой. Ал сол жолғы сыйлықтың кімге тигені есімде жоқ. Білетінім, Серіктің дүниесінен артық емесі анық еді, әйтпесе есімде қалуға тиіс қой! Мейлі ғой, қолдаушылары мықтылау болған шығар, не көптеу болған шығар.
Ұмытпасам, осыдан екі-үш жыл бұрын бір газеттен Серіктің «Ұзан» деген жаңа жинағы шығыпты дегенді көрдім де, Жазушылар одағының басшыларының бірі Ғалым ініме «сол кітәпті алдыртып бер» деп қолқа салдым. Әбден ықыласым құлап қалған ғой. Талантты ақынның жаңа биігін көргім келген. Жақсы жыр жазғанына сенгем.
Арада біраз уақыт өткенде, әлгі кітәптің де Мемлекеттік сыйлыққа үсынылғанын білдік. Бірақ тағы да өтпеді. Өтпеді емес, өткізбеді. Себебін дауыс бермегендер ғана біледі. Бір өкініштісі, жақсы дүниенің жолы осылай кесіліп қалып жататын реттер көп-ақ.
Осындайда еріксіз мынадай ойға келем: дүние үнемі бүгінгідей шатқаяқтап тұра бермес-ау; елдің ес жияр кезі жетер; өткен-кеткенін түгендеп, қолдағы барын салмақтап, бір таразылар; сонда Серіктің адуын да текті жырларын оқыған болашақ ұрпақ онымен бәсекеге түсіп, бәйгені қағып әкеткен әріптестерінің шығармасымен салыстыра қарап, аталмыш комиссияның ішінде жүрген біздерге нәлет айтпас па екен…
Уақыттан әділ төреші жоқ. Мәселен, кешегі өткен кеңестік дәуірде ұлы Ахаңдардың (Ахмет Байтұрсынұлының) есімі түгіл «А.Б.» деп инициалы көрсетілгені үшін басылып қойған кітәптердің парақтары жыртылып, редакторы жазаланғанын көргенбіз. Сол Ахаңдар қайтадан ұлт көсемі ретінде танылар деп кім ойлаған?!. Міне, уақыты келіп еді, тарих өз орнына қойды. Ондай жәйт көп қой өмірде. Қайсы бірін айтарсың?! Соны ойлаймын да: түптің-түбінде желбуаз «таланттар» уақыт елегінен түсіп қап, шын дарындар ешқандай бәйгесіз-ақ Поэзия төріне шынтағының астына жастықты қабаттай тастап, хакім Абайша жамбастай жайғасар деп көңіл демеймін. Және оған сенімім кәміл. «Алматыдан үй таппаған Қасым да отыр бүгін Мәңгіліктің төрінде» деп Серік дұрыс айтады. «Сталиндер келеді де – кетеді, жалғаныңда Жамбыл ғана – Мәңгілік» дегені де осы орайда айтылған сөз…
Өз басым Серіктің өлеңдерін жақсы көрем. Кейде бір көңілім құлазып, үйге сыймай отырғанда, өлең оқитын әдетім бар. Көбіне Абайды оқимын, не Фариза мен Серікті қолға алам. Жақсы өлең оқу да жақсы ән тыңдауың секілді, қанша оқысаң да, жалықтырмайды. Оқтын-оқтын мен қайталап оқып қоятын осы үшеуінің қазақ мінезін, кісі құлқын танытатын адами толғаныстарында бір терең үндестік бар секілді. Егер ақын болсам, осыларша жазар ма едім деп ойлаймын. Іштегі шеріңді шығаруға өлеңнен артық не бар, шіркін?! Түрікмендердің өлеңді «шер» деп атайтыны тегін дейсің бе?! Қанша айтқанмен, заманымыз бір әрі ер азамат емеспіз бе, Серік інім менің көңілімнің қыл пернесін тіпті дөп басатын сықылды, бүкіл іштегі дертімді сол шертіп тұрғандай сезінем. Ойлап қарасам, менікі де Серіктікі секілді сонау көне заманнан қордаланып жеткен шер ме деймін: тарихты да ойлаймын, кешегім мен бүгінімді де ойлаймын. Ертеңге де көз жүгіртем. Сондағы қаузайтынымның бәрі Серікте тұр. Жүрегімді сыздатып отырып оқимын, сүйсінем, ойға батам…
Серіктің де маған деген ілтипаты өзгеше. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, сонау тарих қойнауына сіңіп жоғалған сексенінші жылдары «Арғымағының» сауырына қамшымен бір тартып, «әйт, шу!» деп ұзын жолға салып жіберген «еңбегіміз» есінде қалғасын шығар, біздің жазған-сызғанымызға да назар сала жүретін сияқты. Ұшыраса қалғанда, менің әңгіме, хикаяттарым жөнінде жақсы пікірін білдіріп қоятын. Анық есімде қалғаны – «Ұят туралы аңыз» жөнінде айтқаны.
Биылғы көктем күндерінің бірінде ол телефон шалып: «Аға, бір өлең жазып едім, электронды поштаңызды беріңізші, салып жіберейін. Оқып көрерсіз», – деді. Аты жоқ өлең екен. Бас жағына «Марал Ысқақбайға» деп арнау жазып қойған: «Көкем бүгін айтары да көп енді, сексенге кеп сеңгір көкке бөленді» деп менің бүгінгі жасым жеткен межені атап өтіпті. «Бұ дүниені қазақ қалай дөп айтқан, бір бес күндік жалған деп» деген жолдармен аққан судай тоқтаусыз сырғыған баянсыз жылдар білдірмей зымырап, мені де шау тартқызып тастағанын меңзейді. Ағасын кәрілікке қимағаны шығар. Маған қатыстысы осы ғана. Ары қарай ол өзін-өзі «мүжіп», «іштегі қатып қалған қалың шерін» қозғап кетеді. Өлеңді маған арнағаны – сол шерді тыңдай алатын, түсіне алатын құлақ пен жүрек сенде бар еді ғой дегені болар деп ойладым. Таусыла сөйлейді. Айтатыны – қазақтың тағдыры, бүгінгі тіршілігі, буалдыр келешегі. Іздейтіні – ұйтқысы бұзылмаған, қаймағы шайқалмаған баяғы қазақы діл, баяғы қазақы құлық. Баяғы асқақ рух. Сондықтан да: «Кімге айтып жүрміз, бірақ, бұл сөзді, кімді көздеп жазып жүрміз өлеңді?» дей келіп: «Қазақ өзін көреді ылғи түсінде. Көрінгеннің түрткі болмай көзіне, қалып қойды Эпосының ішінде» деп толғайды. Ол үшін кешегі қазақ пен бүгінгі қазақ бір емес! «Қазақ халқы қалды Эпостың ішінде: Қазақстан – соның бұлдыр елесі» дейтіні содан. Онымен де қоймай: «Қара Өлең мен қазақты қоса жұтардай, ғаламзаттың түсі суық бірақ та! Жер бетінен сенің ұлтың жоғалса, менің ұлтым жоғалса, қандай ұлыс қалар екен сонда онда?» деп күңірене түйеді ойын. Сұрақты маған тастап отыр ма, өзіне қойып отыр ма?!
Әйтсе де, ойлы да білімді ақын өлең идеясын ашудың кілтін дұрыс тапқан сияқты. Әдейі ойластырса да, қисыны өздігінен осылай келсе де, дөп басыпты. Көңіліндегі тікенше қадалған жегі ойды арнау өлең түрінде ортаға тастап, оның ұлттық, әлеуметтік мәні мен салмағын дәл белгілепті. Түрен тісін тереңге батырыпты. Қозғағаны – қара бастың мұңы емес, бүгінгі жаһандану дәуірінің жалпыға ортақ өткір проблемасы ғой. Мұңын маған шағып отыр ма? Жоқ, әлде бүгін осыны ойлайтын азамат қалды ма, қалмады ма дегені ме?..
Тағы бір өлеңінде ол: «Бір өзінен басқа жұрт білмейді оны, Латын тілі секілді бұл – Қазақ тілі» дейтіні бар. Беу, дүние-ай, бұның бәрі мені де күнде мүжитін кермек ой – «жегі құрт» емес пе?! Прозама сала алмай, Серік інімше жырға қосып күңірене алмай, мақалаларым мен сұхбаттарымда сыздықтата түртпектеп жүрген күпті ойларым ғой! Біз бір-бірімізді тегіннен жақсы көрмейді екенбіз. Уайымымыз бір екен, қаупіміз бір екен.
Бұл тақырыпты Серік бұрын да сан мәрте қозғаған. «Мен хәуіп қылған соң айтамын» дейтін бір өлең жолы бар еді (кімдікі еді өзі?), сол айтпақшы, хәуіп қылатын жөніміз бар-ақ. «Ана тілім, Алашымның көзі едің, өртенеді өзегім. Үндемейді бесік жырын айт десем, өгей шеше – өз елім» дейді ақын бір өлеңінде. Қатқылдау айтып тұр, бірақ шындығы сол. Екі қазақ кемпірінің көшеде орысша сөйлесіп бара жатқанын көргенде, осы өлең есіңе еріксіз түседі. Әжесі мен құйттай немересі орысша былдырласып бара жатқанын естігенде, тағы осы өлең түседі есіңе. Тәрбиенің көзі бітеліп қалғаны ғой! Мұның түбі қайда апарып соғарын ойлауға мәжбүрсің. Сол кезде «Латын тілі» деген басқа өлеңі тағы оралады ойыңа: «О, Латын тілі! Жарқылдағансың жаһанның жауындарында. Цицерон болып саңқылдағансың тарихтың дауылдарында… Вергилий сенде жырлап Ерлікті, Ездікті Цезарь тұл қылған». Ал осы ұлы тіл бүгінде жоқ, өлген. Жекелеген сөздері термин ретінде тек медицинада қолданылады: «Темір шарбақты алаң бар сонда, барам ба, қайтем – шақырса? Ақ халат киген адамдар сонда сөйлейді екен латынша». Тілдесетін, сырласатын басқа тірі көкірек таба алмай, құса болған, зарыққан адамша тағдырына налыған қайран Ұлы Тіл! Соны елестетіп, у жалағандай тітіркенетін ақын: «Уақыттың Дауылын сезінем мен де, мәңгілік деген бекер ғой. Ділдер түгілі, кезі келгенде, тілдер де өледі екен ғой!» дейді. Өзегіңді өртейтін өкініш дейміз бе бұны? Ана тілінің болашағына алаңдаған ойлы азаматтың жан түршігісі дейміз бе? «Түгім жоқ бұлдар – бәрін беремін, тимеші ана тіліме» дегізген сол емес пе? Жалынышқа барабар ақын тілегін оқығанда, перзенті үшін отқа түсуге даяр шарасыз кейуананы елестеткендейсің. «Есігіңді ашпа есіре күштерге, жалмауыз күштерге жат үні. Зәрем ұшады есіме түскенде, Латынның соңғы ақыны!» деп бітіреді ол өлеңін. Жүрегіңді сыздатып, жаныңды тілімдейтін сөздер. «Есігіңді ашпа есіре күштерге» деген сөздерді еститін құлақ, мәнісін ұғатын тірі көкірек болса, жетесіне жеткізе-ақ айтты. Ақын міндеті де, миссиясы да осы емес пе? Серік соны жасады. Қалғаны – сенде, менде…
Әсілі, ақын ағайындардың табиғаты, егер ол шынайы үлкен дарын болса, максимализмге бейімдеу келеді. Қоғам өміріндегі әртүрлі тіршілікке оның көңілі еш толмақ емес. Егер тояттап жүрген сарай ақыны болмаса, қоғам өмірінен ол тегі мін таппай тұрмайды. Сондықтан болу керек, Серікте таусыла сөйлеу басым. Ол үшін туған халқының – қазағының тағдырынан артық ештеңе жоқ, ертеңі түгіл бүгініне қатты алаңдайды, содан да бүкіл айналасынан – үлкенді-кішілі өз замандастарынан – елге тұтқа Тұлға іздейді, таппайды: «Аспаннан жұлдыз қарап тұр, Ай қарап түр. Жерде өңшең пенделер: бай, манап, құл» дейді сонан соң. Өйткені рухани тұрғыдан әлгі әлеуметтік тоғышар топтың бір-бірінен еш айырмасы жоқ. Қайсысынан не дәметесің?!
Егемен деген аты бар халқымыздың кіріптар құлқын, тоғышар тіршілігін көріп тұрып, баяғы бұла қазақтың, одан да әріректегі төрткіл дүниені тітірентіп өткен Түрік Бабалардың ерлікке толы өмірін, асқақ рухын аңсап шамырқанады ол. Шамырқанғанда табатыны – сол баяғы Көк Бөрінің бұла ұрпағы – Көк Түріктері! «Дүние неге бөлек ойға қалды, ол онда көк ғасырын тойлаған-ды. Ғаламзат – Көк Тәңірі, Көк Түркі бар, Көк Бөрі ғана бар деп ойлаған-ды… Түркіге түбі тексіз жүйе қас-ты, бетіме қай сұм келіп күйе басты?! Қалайша Көк Тәңірі Көк Түркіден көз жазып, Көк Бөріден кие қашты?!» Жауабы жоқ көп сауал. Сүйінбайдың: «Бөрілі менің байрағым! Бөрілі байрақ көтерсе – қозып кетер қайдағым!» дейтін шумағын шығармасына эпиграф етіп алатын себеп, міне, қайда жатыр! Көптеген жырларының басты «кейіпкері» Көк Бөрі болатын себеп те сонда. Тіпті «Қасқырдың монологы» деп шиыршық атқан жыр жазады: «Бізбенен иттің тегі бір дейді, рас па, қасқыр бабалар?! …Иттермен бірге туысқан болсақ, не болды – ата тегіміз?!» Бұл енді – сырттан Бөрінің «астамшылығын» яки «тәкаппар өзімшілдігін» бейнелейтін сауал емес, «жердегі өңшең пенделерге» жасалар поэтикалық параллельдің түрі. Серіктің іздейтіні де, көздейтіні де – рухы басқа жандар: «Тәкаппар – сенше, паң басып едім – аярға адым аштырмай. Армысың, асқақ қандасым менің! Бармысың, елім – қасқырдай! Сайран күндерім, ойран түндерім, Қап тауым, қайран – баспана. Қайратым менің – Вайнахым менің! Бодан болмайсың басқаға!» Бұл – сонау тоқсаныншы жылдары өзіміздің Рафаэльдің жырларына өзек болған, өз көзімізбен көріп, өз тәнімізбен түйсінгендей қиналып, жанымызды жаралаған, бізбен тағдыры ортақ, шағын ғана өзгеше өр халықтың басынан өткерген аласапыраны ғой, соны меңзеп, есімізге Қап тауының жанкешті көкжал ұлы Шәмілді салып тұр. Рухы басылмайтын бөрі тектес халықтың батыр ұлы ол! Баяғы Имам Шәмілдің ізбасар ұрпағы! Ал осы Имам Шәмілдің өзі де: «Сергелдеңде өтіп кетті сайран жас, оны маған енді ешкім қайыра алмас. Өзіңе кеп иіліп тұр, көр, міне, өзге ешкімге иілмеген қайран бас» дейтіні бар-ды қажылықпен Алланың алдына келіп тұрып. Мұсылмандығын да, қайсарлығын да қатар танытып тұрған Көкжалдың сөзі! Серіктің ұғымынша, Қазақ та осылар секілді Көк Бөрінің тұқымы емес пе еді?.. Қазақта да небір қайсар көкжалдар өтпеп пе еді! «Қазақ әдебиеті» дейтін Ұлттық Банкте қазынасы қалған» Қазтуған, Ақтамберді, Доспамбеттер бар еді ғой! Бертінгі жалынды ақын Махамбет кімнен кем!? «Басымды берем Баймағамбетке! Жүректі бере қоймаспын!» дейтін ол. Айтқаны – айтқан! Басын бергені рас…
Батырлар басын бергенмен, басын беруге болмайтын тұлғалар болады! Кенесарының басы көп батырдың бірінің басы емес, ханның басы еді – мемлекеттің символы еді. Тәуелсіздіктің символы еді! Оның «түкті жүрегін» халық өз жүрегіне жерлейтіні содан. Лирикалық кейіпкердің: «Кеудемде түкті жүрегім лүпілдеп, басымды іздеп жүрмін мен» дейтіні содан. «Алаштың тау мен тасына талыстай таңба басылып, ит пен құс шықты басыңа, басыңның жоғын басынып» дейтінінің мәнісі де сонда жатыр. Бодандықпен өткен 160 жылдың қара таңбасы – бұл…
Әйтсе де, Серіктің іздейтіні – тек саяси тәуелсіздік қана емес, қазақтың баяғы бұла болмысына тән өр Намысы! Бүгінде «ертегіге» айналғандай көрінгенмен, Қазтуған мен Ақтамберді жырларынан ұрандап тұрған Өр Рух! Рухани азат үн! Серіктің жырларындағы өрліктің төркіні, міне, сол жақта. Нәрі сол жақтан келген. «Түркі жұрты бұл дүниеге не батыр боп келеді, келеді не ақын боп» деп тегін айтпайды ол. «Абылнама» дейтін жаңа дастанында: «Батыр бола алмаса – ақын емес, ақын бола алмаса – батыр емес» деп нақтылайды ол әлгі ойын тағы да. Демек, бұла жырдың көзі – ақынның өзінің өр табиғатында жатқаны. Шынында да, нағыз ақын батыр болу керек деп білем. Шындықты қай заманда да шырқыратып азулы ақын ғана айтқан! Не қас батыр ғана айтқан! «Ертеңгі күн елес әлі, бұлдырап тұр шашып от. Қазақ деген – Кенесары, денесі бар, басы жоқ» деп айту үшін Жүрек қана емес, Мұрат керек. Халықтық үлкен мұрат!..
Серіктің кез-келген лирикалық өлеңінен үнемі осы өр үн естіледі. Барша азаматтық лирикасынан кіл асқақ Рухтар үн қатып тұр. Ол – Көк Бөрілердің, Күлтегіннің заманынан жеткен үн! Одан да бұрынғы Еділ патша мен кейінгі Шыңғыс заманынан жеткен үн! Бертінгі Қарғабойлы Қазтуғанның үні! «Көк Тәңірі Көктен Жерге сауып Нұр, Еділ Патша елге келді шауып бір! Қайда жөнеп барасыңдар ауып бұл?! …Қазақты қайырып Түркіге, Төбемнен жауһар жауып тұр», – дейді ақын «Адасқан ұлдың ата жұртына қайтып оралуы» деп аталатын өлеңінде. Осы өлеңімен ақын өз жырларының қазақ поэзиясындағы орнын белгілегендей. Қазтуған мен Доспамбеттің қасына барып жайғасуды қалайтын тәрізді. «Бекболаттың қобызы», «Едіге жыры», «Ей, Байбөрі! Байбөрі!» тәрізді эмоциялық қуаты тасып төгіліп жатқан жігерлі туындылары да соны тағы мойындата түсетіндей. Көк Түріктің ұрпағы екеніміз еріксіз еске түсіп, қалғуға айналған намысымыз оқыс оянып, шетімізден Көкжал бөріге айналып жүре беретіндей сезімге бөленетін сияқтымыз. Ақынның өр үні бізді соған шақырады, соған сендіреді. Өзгені қайдам, мені сендірді. «Түркіге қайтарды»…
Мен Серік шығармаларының бір-ақ қырын – азаматтық лирикасындағы лейтмотивтік сыпаты басым ұстын қырын ғана атап өттім. Оның ойшыл ақын ретінде толғайтын сыршыл да мол көңіл күй лирикасы өзінше бөлек сөз етуге лайық. Ол тұстан да айтары жоқ нашар өлең таппайсың! Мұң мен сағыныштан құралған «Қайран шешем» және «Қарқаралы – қара орманым» деп аталатын, сюжетсіз поэмаға бергісіз тізбекті жырлары қандай! Нәзіктік керек пе, өрлік керек пе, тереңдік керек пе – бәрі бар, бәрі сонда. «Түн жыры» өлеңі ертегілік сюжеттен заман проблемасына жалғасатын тамаша баллада деуге лайық. Ал енді «Қызыларай ауылы. 40 әйел, 4 еркек» деп аталатын шағын өлең қас шебердің қолынан шыққан новеллаға бергісіз туынды дер едім. Төрт жылға созылған неміс-орыс соғысы кезіндегі қазаққа төнген сойқан тірлікті осынша өткір штрихтармен беру… қазақ прозасында да, поэзиясында да сирек кездесер шеберлік.
Серік – арқалы ақын ғана емес, үлкен интеллектуал. Өлеңдерінен білімділік есіп тұрады. Тіпті көптеген өлеңдерінің мәнісін білім деңгейі төмен оқырман ұқпауы мүмкін. Жиырма бірінші ғасыр ақынының қаламынан туған жыр тұғыры осылай биік болғаны жөн-ақ! Әлбетте, поэзия – тоғышар тобырдың ермегі емес, бекзат талғамның еншісі.
Мен бұл жазбамда сыншылар үлгісімен Серіктің өлеңдерін тізіп талдауды мақсат тұтқам жоқ. Әсілі, өлең туралы толғана жазып, берекелі сөз айту – қиынның қиыны. Ең дұрысы – өлеңнің өзін оқу. Бар дәулеті – эстетикасы да, танымы да, ләззәті де оның өзінде.
Серік – қуатты, үлкен дарын ғана емес, қыры мол күрделі ақын. Оны тек оқу керек! Берері көп. Аларың да аз болмас…
Марал Ысқақбай