Адамның бақытқа жетуі өмірінің соңында көрінеді…
Түгелбай ҚАСЫМҰЛЫ:
Түгелбай Қасымұлы. Әлемнің көптеген елдерін аралаған саяхатшының жүзінен тәкаппарлық байқалады. Жиһангездік арқылы танымыңның көкжиегін кеңейтіп, білім жинаудың ғылымдағы аты – перипатетик. Бұл тұрғыдан бізге Сағдидің «Гүлстаны» жақсы мәлім. Түгелбай Қасымұлы жиһангездікте таным аясын кеңейтуді ғана емес, «денсаулық миллионері» болуды мақсұт тұтады. «Қазақта «Жамбылдың жасын берсін» дейді. Одан ары тілемейді. Шынында адам денсаулығын күтсе, жүз елу жасауға болады», – дейді ол. Сөз арасында Абай, Шәкәрім, Махамбет жырларын жатқа айтады. «Атың барда жер таны», «Жаным барда » кітаптарының авторы. Өзгеше ойлайтын, көпті көріп, келелі ойлар түйген спортшыдан сұхбат алудың бүгін сәті түсіп отыр.
– «Мақсатым – денсаулық министрі болу» дейсіз бір кітабыңызда. Ұзақ жасауды мақсат тұтасыз. Ол жасқа жетіп не жасағыңыз келеді?
– Бәрін Құдай біледі. «Адам жоспарлайды, Жаратқан ие пешенеңе жазғанын жасайды» дейді. Тумай жатып тағдырымыз жазылған. Мен Құдайдың аманатқа берген денсаулығын сақтап, бейбітшілікті насихаттап жүрген жанмын.
– Бұл – бойдағы булыққан тылсым күшті шығару жолы ма, әлде хобби ме?
– Бұл – мақсат. Менде ешқандай күш жоқ. Рухани күшке ұмтыламын.
– Жапонияда ақын Ұлықбек Есдәулеттің өлеңіне жазылған «Заман-ай» әнін тыңдағаныңыз жайлы оқыдым. Қандай әсерде болдыңыз?
– Хиросимада, кішкентай ғана орнатылған ескерткіштің алдына мектеп оқушылары, басқа адамдар келіп ән шырқайды екен. Сондағы ән біздің Ұлықбек Есдәулеттің «Заман-айы» екен. Мұны естіп таң қалдым. Содан фотоға түсуге рұқсат сұрадым. Ақыры балармен суретке түсіп, кеудемді ерекше мақтаныш кернеді.
– «Атың барда жер таны» кітабыңызда Абай еліне, Жамбыл жеріне саяхаттарыңыз және сом тұлғаларға арнау өлеңдеріңіз жазылған. Поэзияға құштарсыз. Өзіңізді ақынмын деп есептейсіз бе?
– Жоқ, менің мамандығым – физика-математика пәнінің мұғалімі. Алматыда оқыдым. Сырттай журналистиканы оқып бітірдім. Әдебиетке бала кезден құштар едім. Ертегі оқып, жыр жаттап батырларды танып өстім. Қозы көрпеш Баян сұлу, Ер Тарғын, Алпамыс, Қобыланды жырларын оқып, солардай болғым келетін. Қажымұқан атамыздың ерлігі мен намысынан үлгі алдым.
– Әдеби шығармаларды жиі оқисыз ба?
– Әрине, бірталайын оқыдым. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсеновтерді түгелге жуық оқыдым. Әсіресе, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырза Әлиді жақсы көремін. Олжас Сүлейменовтың шығармаларын құныға оқимын. Ал, саяхатшы болу жайлы арманым Шоқан Уәлиханов еңбектерін және ол жайлы шығармаларды оқудан басталды. Шет ел әдебиетін де көп оқыдым. Хэмингуэй, Джек Лондон, Лев Толстой, Пушкин, Лермонтов, Ги де Мопассан секілді жазушылардың тұрақты оқырманымын.
– Бішкек, Баку, Ресей, Монғолияға велосипедпен бардыңыз. Қазақтағы қонақжайлылық оларда бар ма?
– Моңғолияның Баян Өлгей аймағына барғанда жігіттер ерекше ықыласпен қарсы алды. Жалпы, Үндістан, Германия, Франция, Ресей елдерінен де жақсы ықыласты сезіндім.
– Жол үстіндегі тосын, қызықты уақиғаларды әңгімелеп берсеңіз?
– Румыняға барған сапарымда жол үстінде жаңбыр мен қоса найзағай ұрып әбігерге салды. Бір төбенің басына барып шатырымды тігіп, ыңғайланып жатыр едім, денем жыбырлай бастады. Байқасам, құмырсқаның илеуіне жатып қалыппын.
Екінші бір бастан кешкенімді айтайын: Өзбекстанның бір облысында әлдебір асханаға кіргенде, бейтаныс жігіттердің бірі келіп, күш көрсетті. Мойнымнан қылғындырды. Маған сонда спортпен айналысқанымның тағы бір пайдасы тиді. Он алты килограммдық гір тасын күніне жүз елу рет көтеретін едім. Мойын бұлшық еттерімнің мықтылығынан дес бермедім. Өзімнің саяхатшы екенімді айтып, дереу ол жерден шығып, велосипедіммен жолға түсіп жүре бердім. Ал, өзге елдерде адамдар түгіл жануарлардан, аңдардан ешқандай қауіп төнген жоқ.
– Үнемі парақтап отыратын жазушы, ақыныңыз кім?
– Абай, Шәкәрім бар. Ал, Қажымұқанның өмірі жайлы шығармаларды үнемі оқып, күш атасына сиынып жүремін.
– Көптеген елге бардыңыз. Қай ел ерекше әсер қалдырды?
– Үндістанды айтсам болады. Франция мен Германия да әсерлі болды. Франциядан Испанияның астанасы Мадридке шығып кетпек болдым. Жол бойы Жанна Д Арк жаулап алатын қалаға келдім. Жолда велик айдаған француз жігіті кездесті. Оған Қазақстаннан екенімді айттым. Екеуміз жылы әңгімелестік. Бір ғажабы, мұнда жолда тамақ ішетін жер кезікпейді. Әлдебір орман ішіндегі кафеге келіп, тамақ ішіп, түнде сол жердегі бір ағаштың түбіне қондым. Осы сәттер мен мәдениеті жоғары елді ешқашан ұмытпаймын.
– Күнделік жазасыз ба?
– Екі кітабым да жолжазбадан құралған. Негізі, саяхатқа шыққанда ғана жазамын.
– Кітабыңызда Олжас Сүлейменовпен ерекше сыйластық қарым-қатынасыңыз байқалады. Қай кезден таныссыздар?
– Олжас Сүлейменов ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» қозғалысын құрып, Семей полигонын жабуға ұйытқы болды. 1991 жылы Елбасымыздың жарлығымен полигон біржола жабылды. Осыдан соң мен «Невада Семейді» жер шарына велосипедпен жүріп насихаттайтынымды айтып, Олжас ақынға келдім. Ол кісі қолдау білдіріп, әлемге саяхатымды бастадым. Ақынның «АзиЯ» және де басқа кітаптарын сүйіп оқимын. Ол кісі мені әлі күнге қолдап келеді. Тіпті, Германияға баратын саяхатыма да қолдау көрсетті.
– Кітаптарыңыздың жарық көруіне кім демеушілік етті?
– Мен әуелден бейбітшілік ұраншысымын. Мектеп директоры болып тұрған кезімде оқушыларыммен «Мен соғысқа қарсымын!» деп Горбачевқа хат жазып та жібергенмін. Алғашқы кітабыма атпал азаматымыз Мұхтар Құл-Мұхаммед, ал екінші кітабыма Асқар Жұмағалиев демеушілік жасады. Алда тағы үшінші кітабым жарық көрмек.
– Әдебиет пен Спорттың айырмасы не?
– Рухани күш – бірінші. Одан соң дене күші. Бойдағы намыс бәрін жеңеді. Адамды бір сөз өлтіреді, бір сөз өсіреді.
– «Өзіңді жеңу, өзгені жеңу, яғни бақытқа жету деген сөз» дейсіз. Сіз бақытқа жеттіңіз бе?
– Адамның бақытқа жетуі өмірінің соңында көрінеді. Бақыт деген адамның денесіндегі қан түйіршігі секілді. Ауырмағанда адам – сау. Ауырғанда адам өзін бақытсыз сезінеді. Мен бақытқа ұмтылушымын.
– Жетпістен ассаңыз да ширақсыз. Замандастарыңызға не кеңес бересіз?
– «Денсаулық – аманат» деген бар. Алладан берілген сыйды құрметтесе екен деймін. Мен денемнің әр мүшесімен сөйлесіп, диалогқа түсемін. Оларды жиі мақтап, мадақтап тұрамын. Ең бастысы, мен оларға зорлық жасамаймын.
– Алдағы жоспарыңыз?
– 15 қыркүйектен бастап дүниежүзілік веломарафонмен Астананың жиырма жылдығының құрметіне Ақтөбеден Мәскеу арқылы Санк Петербургке жетуім керек. Мақсатым – бейбітшілікті насихаттау!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Батырхан СӘРСЕНХАН