ӘЙЕЛГЕ ТҮСКЕН САЛМАҚ ҚОҒАМНЫҢ КЕЛБЕТІНЕН КӨРІНЕДІ
16.04.2024
45
0

Гендерлік теңсіздік жыныс пен жас талғамайды

Әлия БӨПЕЖАНОВА,
Қазақ­стан Жазушылар одағы
Басқармасының хатшысы:
Көркем әдебиет – белгілі бір деңгейде өмірдің көркем де шынайы проекциясы. Ал күрделі процестер өтіп жатқан бүгініміздің өзекті мәселелеріне немқұрайды қарай алмайтын жазушылар қауымын алаңдататын жайттар аз емес. Солардың бірі және қазіргі таңда аса өзектісі – әйелдер мен балаларға жасалып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бұл мәселе Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасында да сөз болып, талқылау­ды шығармаларының негізгі арқауы әйел тағдыры, ұрпақ тағдыры болып келетін жазушы қыздармен жалғастыруды жөн көргенбіз. Сондықтан да сергектік танытып бас қосуға келген сіздерге және пікір жолдаған қаламгерлерге ырзашылық білдіреміз.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа (физикалық, экономикалық, психологиялық, әлеуметтік, жыныстық, және тағы басқа) көп ұшырайтын – әйелдер, келесі кезекте балалар екен. Статистикада, әлемдегі әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайтын көрінеді. Қазіргі таңда Қазақстан гендерлік теңдік бойынша 81, ал зорлық-зомбылық көрсеткіші бойынша 142 елдің ішінде 48-орында. Еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жойылуы үшін «заң мен тәртіп» қағи­даты орнығуы тиіс екенін атап көрсеткен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бұған қатысты жазаны қатайтуды қолдайтынын білдірді және заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажетін, сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керегіне үнемі назар аударып келеді. Қоғамымыздағы бұл келеңсіздіктермен жазушы қауымы, оның ішінде «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін» әйел қаламгерлер де шығармашылығымен күресіп келеді дей аламыз.
Қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен рөлінің қалай өзгергені классикалық және замануи әдебиетіміздегі бейнелерінен танылады. Классикалық шығармаларда әйелдің хрестоматиялық бейнесі – негізінен сүйікті жар, ақылшы, дос, от анасы, сиректеу болса да ел анасы дәрежесіне дейін көрінсе, ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінде әйелдің әлеуметтік теңдігі, бүгінгі тілмен айтқанда, гендерлік теңсіздік мәселесі алға шықты. Бұған М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалынан» бастап С.Көбеев, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, т.б. шығармаларын атауға болады. М.Әуезовтің «Ел боламын десең – әйелдің жағдайын түзе, бесігіңді түзе!» деген ұраны қоғамның озық ойлы бөлігіне тән болды.
Әйелдің субъектіден жеке объектіге айналуы – яғни дәстүрлі аядан шығып, уақыттың небір қайшылықтарына қарамастан дамыған социализмдегі қазақ қоғамындағы «көзге көрінбестей» қысым, теңсіздікке қарсылық көрсетіп, қоғамның толыққанды тұлғасы екенін дәлелдеу ХХ ғасырдың екінші жартысындағы әдеби үдерістерде, 60-жылғылар әдебиетінен, айталық, прозада Шәрбану Құмарова, поэзияда Фариза Оңғарсынова шығармашылығында молырақ байқалды. Одан бергі жарты ғасырда бұл тақырып күрделене түсті. Тағы да аға буыннан айтар болсақ, шығармашылығында да, өмір қарекетінде де адам құқын, әйел құқығын қорғаумен келе жатқан Бибігүл Иманғазина, «ұлтты сақтаймын десек, ананы құрметтейік» деп келе жатқан Зейнеп Ахметова, замандас әйел бейнесін сомдағаны өз алдына, шарт­ты түрде айтқанда, Айымдар галереясын жасаған Шәрбану Бейсеновалардан кейінгі буын-буын жазушы қыздар қаламынан да тұтас бір қоғамдық-әлеуметтік зерттеулерге арқау боларлықтай қаншама көркем шығарма туды. Әлемнің гендерлік картинасы туралы әдебиеттануда тұтас бір сала дамыған, бүгінгі бірен-саран зерттеулер бізде де үлкен салаға ұласатын шығар деген үміт бар.
Жазушының негізгі жұмысы – өзінің шығармасы, шығармашылығы ғой. Пікір алысуды қазіргі прозада, оның ішінде өз шығармашылығыңызда бүгінгі әйелдің хал-жайы, әлеуметтік теңдігі, еркіндігі қалай көрініс тауып отырғанынан бастасақ.
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,
жазушы-драматург:
Бұл арада әуелі әдебиеттегі апаларымызды атап өткім келеді. Сара Мыңжасарова, Әзиза Нұрмаханова, Күлиман Жүнісова, Ләтипа Құрманаева, Шәрбану Құмарова сынды жазушыларымыздың прозасында үлгі алатын дүние жетерлік. Өкінішке қарай, қазір оларды көбі білмейді, оқи бермейді. Сара Мыңжасарова – Орталық Азияда ең алғаш рет роман жазған қаламгер. Ал Әзиза, Күлиман, Ләтипа апайлар Ұлы Отан соғысындағы, қоғамдағы қазақ қызының бейнесін керемет бедерлеген.
Гендерлік саясат ұғымы енді-енді ауызға ілініп жүр ғой. Менің шығармашылығымда бұл тақырып ертеректе қамтылып кеткен сыңайлы. Қыз баланың, әйелдің еркіндігі, әйел табиғатына тән бүкіл құбылыс пен түрлі сезім туындыларымда жан-жақты ашылып, талай әңгіме, повесть, романыма арқау болыпты. Осы арада айта кетейін, жас кезімде небір мықты деген қаламгерлердің шығармасындағы қыз-келіншектердің келбетіне көңілім еш толған емес. Ошақ қасы, төсек төңірегі, отбасының күйбеңін күйттеп, ішкі түйсіну, сезінуден жұрдай тоналған, сүйіп-күюіне шейін біртүрлі дөрекі, натурализмге тұнған әйел образдарын қабылдай алмайтынмын.
Жазушы атаулының кейіпкерлерінен психологиялық тереңдіктен мүлдем ада, қыз-қырқынға жылтырақ әшекейге әншейін қызыққандай жадағайлықты жиі байқайтын едім. Қазақ қызының ішкі азаттығы, сезім байлығы, парасаты, жан дүниесінің мөлдірлігі, бауыр, бала, ұрпақ үшін жанкешті тірлігі менің кейіпкерлерім: Сырға, Ұлдай, Сана, Еленай, Айғаным, Жанғаным, Нәзік, Айя, тағы басқаларының бойында тұнып тұр. Драмаларымдағы Сүзге, Мәншүк Мәметова, Иманжүсіп, Бауыржан Момышұлының әйелдері, Роза Әшірбекова бейнелері ­­– өз алдына бір төбе, бұларды көркемдік тұрғыдан зерттеп, лайықты бағалаған ғалым Гүлжаһан Ордаға алғысым шексіз!
Жар, ана болуды аңсаған, ұл-қызын тәрбиелеп, ата-енесін сыйлаған, күйеуінің бабын тауып, төңірегіне шуақ шашқан кейіпкерім көп менің. Сондай-ақ тоңмойын, топас, сатқын, жауыз еркектің ыңғайына жығылмаған, езгісіне көнбеген, ар-намысын, бостандығын сақтап, жападан-жалғыз азап шексе де өз биігінде қалған небір сұлу да ақылды қыздар, аналар, әжелер құрайды бүкіл шығармаларымның мән-мазмұнын. Бірен-саран сыншылар мұны талдап жазды да.
Мынадай да қызық жағдай: «Жападан-жалғыз» деген триптихте Нәзікке деген үш жігіттің бір-біріне ұқсамайтын ынта, ықыласы, ой, пікірі, тілегі, мақсаты, қарым-қатынасы тым сезімтал арудың үшеуімен өткерген сәті суреттелген. «Жаңалық бар мұнда», – деп әңгімені ұнатқан Оралхан Бөкеев «Жұлдыз» журналына жариялауды ұйғарып, бірден баспаханаға жіберген ғой. Демалыстан оралған бас редактор Бекежан Тілегенов журнал версткасын оқып отырып, алдыртып тастаған. «Білесің бе, не айтқанын, «не деген лас әңгіме» деді ғой, бірақ сен бұған мойыма, әйтеуір бір шығады кейін», – деп жұбатқаны есімде Оралханның. Мінезі жұмсақ, сүйкімді көрінетін Бекежан ағамызға титтей де ренжімедім, ештеңе болмағандай, ашық-жарқын амандасып жүре бердік. Кейін «Жападан-жалғыз» деген кітабым жарық көрді. Еркектің де әйелінен, айналасынан зәбір көріп безіп кеткен жағдайын көрсеткен Ожар, Дүйсен, Көпжасар сынды кейіпкерлерім бар. Бұл гендерлік теңдік дегенің жыныс, жас талғамайтын тәрізді, ерге, әйелге, жас, кәріге – бәріне ортақ.
Мен көркем шығармаларды, роман, повесть, әңгімелерді қырық жасқа дейін жазып, кейін тылсым әлем, түс-саяхаттар, адамның өзін-өзі танып зерттеуіне ойысыппын. Өмірдегі болмысым да, мысалы, бейнелі түрде айтқанда, бір жігітке қатты ғашық болсам, ол маған құлап сүрінген сәттен сезімім су сепкендей өшіп қалады. Сол секілді, шығармашылықта да роман, повесті қағазға түсіріп болған соң көңілім бұзылып, меңгергендей көрінген жанрдың түк қызығы қалмай құлазып, мүлдем тосын жаңалық іздеймін шарқ ұра. Бұл қайбір дұрыс дейсіз…
Кезінде Дулат Исабековтің кей туындыларымды оқып: «Сен осы әке-шешеңнен ұялмайсың ба, қалай бұндай дүниелерді жаздың?» – деп әзілдей сұрағаны бар еді. Шығармаларымда өте еркінмін. Кейіпкерлерім де небір қиындыққа ұшырап, көбі күні бүгінге шейін ешкімге, өзіне де титтей қажетсіз еркекке бергісіз мықтылығына сүйене сүйретіліп әлі келе жатыр. Кейіпкерлерім де, өзім де содан көбірек «таяқ жеген» сияқтымыз.
Ділдәр МАМЫРБАЕВА, жазушы:
Менің пікіріммен көп адам келіспеуі мүмкін. Жалпы, зорлық-зомбылық қазақтың табиғатында, қанында бұрыннан бар нәрсе ме деп ойлап қаламын кейде. Мұхтар Әуезов «Абай жолына» жүз жылдық қазақ ғұмырын, салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін сыйдырып жіберді ғой. Сонда Құнанбай образы қалай ашылады? Ол – оқиғаға байланбайтын еркін кейіпкер. Сол Құнанбай Қамқа мен Қодарды дарға асты. Бұны зорлық-зомбылық емес дей алмаймыз. Егер қазіргідей интернеттің, әлеуметтік желілердің дәурендеген заманы болса, көп болып Құнанбайды ағаш атқа отырғызар еді. Ал ол тұста жұртшылық: «Әдет-ғұрыпқа қайшы келіп, азғындыққа барған адамдарға дұрыс жасады», – деп ақтап алды. Құнанбайдың тағы бір әрекеті, Бөжеймен араздасқанда өзінен туған Кәмшат есімді кішкентай қызын аманат ретінде Бөжейдің ауылына алып барып берді. Бұл да қазіргі кезде зорлық-зомбылық болып есептелер еді. Қытайдан келген Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай» романын «Абай жолынан» кейінгі біздің күллі ұлттық салт-дәстүріміз, сана-сезіміміз, артықшылығымыз бен кемшілігіміз қамтылған үздік туынды деп санаймын. Сонда Шәмшия есімді әйелді күйеуіне опасыздық жасағаны үшін екі қолын, екі аяғын төрт жаққа тартып қада қағып байлап қояды да, үстінен бір отар қойды айдап өтеді. Қарап тұрған әйелдер: «Бұдан кейін мұндай масқаралық қайталанбауы қажет. Осыны көрген әр адам опасыздық атаулыдан аулақ жүру үшін осындай жаза қолданды», – дейді бірауыздан. Бүгінгі заманда да түрлі кемшін әдеттерді көріп жүрміз. Қазіргі жастарды түсіне бермеймін. «Мен күйеуімнің шұлығын жумауым керек», «еркектің айтқанына көне бермеу керек, мен – дара тұлғамын. Өзімді дамытуым керек» деген сынды керітартпа түсініктегілердің қатары көбейіп барады. Шетелдің түсінігіне еліктеп, шетелдің тағамын жеп, ұлттық негізден арылып кетті өскелең ұрпақ. Бәлкім, осындайда баламалы түрде айтқанда, Құнанбай сияқты бір күш керек болар.

Менің «Әке мен бала» атты шығармамда әкесі тастап кеткен баланың буллингке ұшырауы, анасын кінәлауы суреттеледі. Күндердің күнінде әкесі ұлын іздеп келеді. Алайда екеуінің арасындағы бұрынғы сезім жоғалған. Әкесі қаталдықпен ықтырып алуға ұмтылса, ұлы: «Аяқ астынан келген әке маған не үшін керек», – деп қарсылық танытады. Өмірде болған оқиға. Жетісайға сапарлап бара жатып, жолда сәл дамылдап алуға өзен жағасына тоқтайды. Онда екеуінің арасындағы қайшылық тіпті ушығып, бала толқындармен алысып жағаға шығады да, соңынан уайымдап жүгірген әкесі толқынның жойқын күшін жеңе алмай, суға батып кетеді. «Балам, тоқташы, тоқташы», – деп жанұшыра айқайлаған сәтінде ғана бала өзінің әкесіне қаншалықты керек екенін сезінеді. Алайда бәрі кеш еді. «Жатсырау» атты әңгімемде де отбасындағы күрделі ситуация бедерленген. Өзге шығармаларымда көбіне дерлік ғылымдағы жаңалықтар, робототехниканың жетістіктері жайлы жазып жүрмін. Бұл да болса, балалардың ғылым-білімге дендеп енуіне ықпал етсе деймін.
Жанар ӘБДІШЕВА, жазушы:
Менің негізгі кейіпкерлерім – әйелдер. Қалам тартатын жанрым – негізінде әңгіме, эссе және новелла. Кейіпкерлерімнің бейнесін заманауи оқиғаларды баяндай отырып, әртүрлі ситуацияларда сомдаймын. Олардың әрқайсысының өмірдегі көтеретін жүгі, атқаратын қызметі, тартатын азабы, жететін жеңісі оңайшылықпен орындала салмайды, көбі – қиын тағдырлы адамдар. Бірақ менің жазу стилімде оларға ортақ бір қасиет бар. Ол – ірілік, күрескерлік, жолындағы кездескен қиындықтарға мойымау, жеңу және сол жақсы қасиеттерімен оқырманның жүрегіне жылулық, көңіліне сенім ұялатып, жақсылыққа ұмтылдыру.

«Найзағай» деген әңгімемде надандықтың, қызғаныштың кесірінен таяқ жеп қайтыс болған Малика деген көктемдей сұлу, баладай таза арудың ауыр тағдыры суреттеледі. Ауыздан шыққан лебіздің, сөздің үлкен энергия екені ғылымда дәлелденген. Жөнсіз қарғанып: «Мен ұрмадым», – деп ақталған Болатқа жай түсіп, мүгедек болып қалады. «Мамақұл» деген әңгімемде де Мәкен деген кейіпкерім зорлықтың, қол көтерудің, ожарлықтың құрбаны болады. «Өмір сүргім келеді» деген әңгімем – өте күрделі. Ол әңгімеме қаланың айналасындағы елді мекендердің біріне көшіп келген бір отбасының трагедиялық өмірі арқау етілген.
Мәдина ОМАРОВА, жазушы-драматург:
Әйел тағдыры бейнеленген, зорлық-зомбылық тақырыбы қозғалған шығармаларыңыз туралы баяндап отырсыздар ғой. Қай-қайсысы да өмірден алынған, жеке тәжірибеден, айналадағы оқиғалардан туған шығармалар. Себебі қазіргі қоғамның келбеті осындай болып тұр. Желілерді дуылдатып жатқан Бишімбаев оқиғасының өзі неге тұрады. Сот процесін тікелей эфирден тарату арқылы билік үлкен сауапты іс жасап жатыр. Баршамыздың заңдық тұрғыдан көзіміз ашылып, айуандық актісінен жүрегіміз шошынды. Қыздарымыз бен қарындастарымыздың тағдырына алаңдап қалдық. Қоғамда әйелдерге деген жанашырлық, төзімділік пайда болғандай. Салтанат – осы өзгерістер үшін құрбандыққа шалынған Прометейдей.

Дегенмен отбасында тек әйелдер ғана зорлық-зомбылыққа ұшырайды деп біржақты айтуға болмайды, әйелдерден зорлық көріп отырған ерлер де бар. Ер адамға қарата айтылатын абьюзер термині қолданысқа енді ғой, күйеуін сөзбен де, іспен де қорлайтын абьюзер әйелдер де кездесетінін естен шығармауымыз керек. Адам болған соң, мінездегі кемшіліктерді әйел, еркек деп бөлген дұрыс емес. Алайда әйел деген баланы өмірге әкеледі, ұрпақ жалғастырады, олардың тәрбиесімен айналысады, яғни әйелге түскен салмақ бүкіл отбасынан, қоғамның кескін-келбетінен көрініс табады. Сондықтан әр әйелдің жайлы, стрессіз өмір сүруіне ұлт деңгейінде мүдделі болуымыз керек.
Тақырыбымызға орай айтсақ, әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық өте күшейіп тұр. Әсіресе заман қысылған сайын, экономикалық жағынан да, саяси жағынан да болашағымыз бұлыңғыр болған сайын психика кетіп барады. Күні ертең не болатынын білмейміз. Айналамыз толған соғыс, табиғи катаклизмдер, қаржылық тұрғыдан жетіспеушілік – мұның бәрі адамның жүйке жүйесіне әсер етеді. Отбасыларда депрессиялық көңіл-күйдің орнауына ықпал етеді. Өйткені баламызға қараймыз да, болашағы қалай болар екен деген жүрегімізді ауыртар сұраққа жауап таба алмай дағдарамыз. Мәселен, пандемия кезінде де отбасылық жанжалдар, ажырасулар, дене түршіктірер оқиғалар еселеп көбейгенін білеміз. Бұрын тосын жайдың бәрін кейде ғана естуші едік. Шетелдіктерде ғана сондай болатын сияқты әсер ететін.
Әйелдерге, балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылық, балалардың балаларға көрсететін буллингі, әлімжеттік, агрессия – бәрі де психикалық жай-күйдің бұзылуынан қалыптасады. Оған енді жүгенсіз кеткен интернеттегі түрлі контенттерді қосыңыз. Үйдегі кішкентай баламыздың нені біліп, нені білмейтінін бағдарлаудан қалдық. Бірдеңе айтсаң, ол оны сенен жақсы білетін болып шығады, интернеттен көріп алған. Бірақ интернеттен тағы не көріп жатқаны, ол да – беймәлім. Жұлым-жұлым, негізсіз, рухани бағдарсыз заман келді, былайша айтқанда. Осындай жағдайлардың біздің, сіздің шығармашылығыңыздан көрініс табуы – заңды. Жазушы ретінде, қоғамның индикаторы ретінде кез келген келеңсіздікке бей-жай қарай алмайтынымыз анық. Менің де «Менің қаһарман шөберем», «Мама» деген шығармаларым қазақ әйелінің төзімпаздығына, мойынсұнғыштығына, айналып келгенде, өз өмірін күйеуі, балалары үшін құрбандыққа шалуға бейім келетініне арналған. Алла аманаты – жалғыз шырақ өмірімізді осылай, өзгелер үшін сүріп ысырап еткен қаншалықты дұрыс? Мәселе осында.
Жадыра ШАМҰРАТОВА, жазушы-журналист:
Міржақыптың «Бақытсыз Жамал», Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлу», Мағжанның «Шолпанның күнәсі» шығармалары, Әкім Таразидің «Қорқау жұлдызындағы» айналасынан қысым, зәбір көріп, ақыры өзін құрбандыққа шалған Лиманың тағдыры… Қазіргі уақыт болса бұл жазушылар феминистік көзқарастағы жазушы аталар еді. Десе де, гендерлік теңсіздік тақырыбы бізге енді келіп жатқандай көрінетіні бар. Бұл тіпті де әйелдердің басшылық қызметке бару-бармауы, сайлауда көп дауыс алуына қатысты емес, негізінен әйелдің тұрмыста қысым көруі қоғамның өткір мәселесі күйінде қалып отыр. Соңғы кездері бұл тақырыпты сөз ете бастауымызды қоғамның гуманизмге бет бұрғаны деп үміттенуге болатын шығар. Бір жағынан әлеуметтік желілер де келеңсіз оқиғалардың айналамызда көп екеніне көзімізді жеткізе бастады.

Көркем шығармаларға келсек, Стивен Кингтің «Роза Маренасын» көбі оқыды, жалпы бұл кісіні оқыған сайын бірнәрсе ойлайсың, оқырманды жылату қиын емес, бірақ қорқыта алу қиын. Қорқыту да, адамның жанын түршіктіру де Стивен Кингтің қолынан келеді. Стивен Кинг – зорлықтан кейінгі адам жанында қалатын жан жарақаты, оның адам санасына әсері, жалпы психологиялық қысым, зорлық тақырыбын көтеретін бірден бір жазушы. Әйелі Розаны жылдар бойы кез келген ұсақ-түйек үшін, отырса – опақ, тұрса – сопақ қылып, қит етсе сабай беретін Норман полиция сияқты адамдар біздің ауылда да болды, жалпы әйел сабауды қалыпты көретін еркектер әлі бар. Олар сөзсіз ауру адамдар, өйткені, Роза кетіп қалғаннан кейін де Норман оның орнына сондай құрбандықты іздейді ғой. Шарлотта Бронте де өзінің «Джейн Эйрінде» осы қысым жайлы айтса, жапон жазушысы Соно Аяконың «Синева Небес» деген романында да әйелдердің зорлықтың қандайын көрсе де, қоғам тарапынан қолдау таппайтыны айтылады, әрине, бұл өткен ғасырда, 1927 жылы жазылған шығарма, десе де одан бері өзгеріп кетпегеніміз анық.
Ал енді өз шығармаңызда гендерлік теңсіздік тақырыбы бар ма дегенге келсек, тап осылай дей алмасам да, әйелдердің психологиялық жарақатын ашуға әрекет қылған нәрселерім бар. Өгей шешесінің қатысуымен зорлыққа ұшыраған, мүгедек болып қалған, кейін кек алам деп қылмыс жасап, ақыры жындыханада қайтыс болған әйел туралы «Мылқаудың сыбыры» деген повесім былтыр «Жетісу көктемінде» екінші орын алды. Бұл шығарманы жазуға жеті ай уақытым кетті, бұл арада жындыхананы көруім керек болды, тергеушілердің көмегіне жүгіндім, психотерапевт дәрігер іздедік. Бала кезіндегі психологиялық жарақаттарынан кейін әйел біткенге өшігіп кеткен жігіттің төрт әйелді өлтіргені жайлы (бұны соттың қылмыстық материалдары бойынша жаздық) «Жоғалған қолшатырлар» деген новеллам бар. Бұндай нәрселерді жазған кезде бұл тіпті өзіңе ауыр болса да кейбір детальдарды анық беруің керек болады, өйткені бұл жерде әйелдердің сенгіштігі, көбіне өзіне жасалған қысымды елемеуге немесе соңына дейін көнуге тәуекел қылатыны, оның соңы қайғылы аяқталатыны жайында айтқың келеді. Әйелдердің қоғамда қалыптасқан кейбір ереже-қағидаларға қатысты қарсы пікір-көзқарастарын жақында жазып аяқтаған бір повесімде де беруге тырыстым.
Сағадат ОРДАШЕВА, жазушы:
Мен жақында «Кітапты кімге жазасыз?» атты камералық пьеса жаздым. Меніңше, гендерлік теңсіздікті түсінбеу – әйелдердің өз ішінде де бар. Мысалы, қазіргі әйелдің теңдігі, еркінідігі туралы айтылған жерде әйелдер қарсы шабуыл жасап, «әйел бір саты төмен», «салт-дәстүрімізде жоқ нәрсе» деп таңбалай салады, яғни теңсіздік тақырыбын сөз еткенде, әйелдердің де бір-біріне көрсететін қысымын, буллингтік шабуылын айтуға болады. Соңғы жазылған пьесам – кешегі қысымға көнген ене мен бүгінгі еркіндікке қол жеткізген келіннің ортасындағы өзара дауға арналған. Теңсіздік тақырыбы, меніңше, өткен ғасырдан бері көтеріліп келеді, сонау Ақбілек, Қамар сұлу, Бақытсыз Жамалдар аңсаған теңдікке біз енді қол жеткізуге шын кірістік. Бірақ қазір біздің елімізде – күшті толқын жүріп жатқандай, әйелдер қауымы енді зорлық-зомбылыққа, қысымға, қорлыққа көнбейміз деп бірте-бірте бас көтеріп келеді. Сол бас көтерудің алғашқы сатысы – үйіндегі енесімен күрес, күйеуімен күрес. Оларды жеңген адам енді қоғамдық ортамен, айналасымен күрес бастайды. Менің 2016-жылдары жазылған «Жұмадағы раушан» романым да сол уақыттағы қыз-келіншектердің ішкі күйзелісінен, әділетсіздік көріп жұбаныш іздеген сұрақтарынан туындаған еді. Заманның ауыртпалығы әйелге түскен уақытта әйелді ғана кінәлау үрдісі қатты белең алды. Еркектің жұмыссыздығы, салғырттығы, түрлі ойынға құмарлығына да әйел жауапты болып, ағартушы болып келген психологтар «әйелдердің өзінде кінә бар» деп оқыта бастады. Әрине, бұның пайдасы да болды. Менің шығармашылығымда осындай психологтар да, елді алға бастайтын ағартушы басшы әйелдер де баршылық.

Әлеуметтік орта сергектігі аса маңызды

Әлия БӨПЕЖАНОВА: Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі қоғамда қатты талқыланып жатыр. Биыл Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге баса назар аударып отыр. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өткен жыл қорытындысына арналған жиында – сарапшылардың қатысуымен Әлеуметтік кодекс әзірленіп, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» және Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілгенін, әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленгенін айтты. Ал әйелдер мен балалар құқықтарын қорғау нәтижелі болуы үшін заңдық негіздерден өзге нендей шараларға көңіл аударылуы қажет деп ойлайсыздар?
Ділдәр МАМЫРБАЕВА: Өмір сүруді қолдан қиындатып жіберген секілдіміз. Расында, зорлық-зомбылықты тек әйелдер қауымы ғана көріп жатқандай жағдай қалыптастырып отырмыз. Қазір чайлдфри деген ұстаныммен өмір сүретін келіншектер көбейді. Өмірге ұрпақ әкелгісі келмейді. Бұл – ұлтқа жасалып отырған қастандық дер едім. Қыздар арасында дүние-мүлкі нашар жігіттерге жоламауды білдіретін redфлаг деген ұғым бар. Солардың өздерінің де шекесі шылқып тұрған жоқ. Абъюзерлер бар, бірақ келсін-келмесін осы терминді жігіттерді тұқырту үшін құрал ретінде пайдаланатын болды. Қалыпты іс-әрекетті манипуляция деп қабылдап, қараптан-қарап білімсіз психологтарға жем болып жүргендер туралы да айта кету керек шығар. Зорлық-зомбылықты қалай жоямыз деген сұрақ бәріміздің көкейімізде жүр. Балабақшадағы балаларға, мектеп оқушыларына арнап мейірімділікке толы шығармалар жазуымыз қажет. Әдеби туындылар, роликтер, кинолар, адам назарын аударатын дүниелер мейірімділікке шақыратын тетікке айналуға тиіс. Жүрекке ізгілік қонған кезде, қатыгездіктің ауылы алыстайтын шығар деп ойлаймын.
Мәдина ОМАРОВА: Бұдан шығатын жол қандай? Әлде осы батпақтың ішінде қала береміз бе дегенде менің ойыма келетін жалғыз нәрсе – мектеп қабырғасынан психологиялық білімді жетілдіру. Біраз бұрын мектеп бағдарламасында Өзін өзі тану пәні жүрді ғой. Шаш ал десе, бас алатын науқан нәтижесінде жоқ болып кетті. Енді қазір дәл сондай болмаса да, бірінші сыныптан бастап оқушы санасын түрлі жайларға қарсы тұруға баулитын, өзін-өзі виртуалды, реалды буллингтерден, нешетүрлі азғындардан қорғауға машықтандыратын, заңдық, психологиялық біліммен қаруландыратын пән енгізілгені дұрыс. Адамға тән сан қилы психологиялық дерттер бар. Нарцисизм, психопатия, макиавеллизм деп кете береді. Олардың өзіне тән белгісі, сигналдары болады. Міне, осындай психологиялық күй ауандары мен әрқайсының сипатын жүйелі түрде оқытатын мектеп қабырғасына лайықталған білімді игеріп өскен бала теріс жолға түспес еді, тосын жайттардың құрбаны болмас еді. Тіпті өзінің бойынан ауытқулар байқалып жатса, оны да тез түсініп, өз диагнозын өзі тауып, емдеуге бағытталған шаралар жасап үйренер еді деп ойлаймын. Ғаламтордан, смартфоннан бас тарту мүмкін емес. Рухани кемтарлыққа душар ететін мылтықсыз майдан жүріп жатыр. Оның бәріне білімді жетілдірумен ғана қарсы тұра аламыз. Көркем әдебиетті қазір балалар оқымайды. Әдебиет нақты білімді, ғылымды алмастыруға қауқарсыз болып қалды. Осыны мойындауымыз керек.
Білмеймін, бұл сіздерге ұнай қоймас, бірақ айта кетейін. Сот процесіндегі Салтанат Нүкенованың өмірлік ұстанымдарын, оның Қуандық Бишімбаевқа шексіз адалдығын, жақсы жар болуға ұмтылысын көріп, танып отырып, біздің қазақ қоғамындағы «әйел адам ибалы болу керек», «қызға қырық үйден тыйым», «әйел анандай болу керек, әйел мынандай болу керек» деген жалған идеализацияның, романтизацияның құрбаны әлі қанша» әйел болады екен деген ой келді. Неге қазақтың еркегі қандай болу керек екені туралы барометр жоқ? Рас, еркектен әйел аспайды. Егер ол еркек болса…
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА: Әйел мен баланың ғана емес, ешкімнің де ешқашан зорлық-зомбылыққа ұшырамауы үшін, әсемдікті сезініп, әнді, күйді, жырды бойларына сіңіріп, талғамын қалыптастыру үшін менің роман, повесть, әңгімелерімді, тылсымға тұнған сырларымды, түс-саяхаттарымды, адамның өзін-өзі тануға қатысты талдап-зерттеулерімді халықтың іздеп тауып оқуы тиіс. Менің ғана емес, осы отырған әріптестерімнің де – бәріміздің туындымызды көпшілік жаппай оқуға міндетті. Міне, нағыз көңіл аударатын қажетті мәселе.
Жанар ӘБДІШЕВА: Қазіргі таңда гендерлік теңдік бойынша зорлық‑зомбылық көрсеткіші шарықтап тұр. Елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық‑зомбылық күрестің нәтижелі болуы үшін заңдылық негіздерден өзге отбасылық қарым‑қатынаста әркім өз орнын білетін құндылықтарды дамыту керек деп ойлаймын. Ол үшін мемлекетіміздің ең құнды капиталы – адамға жағдай жасалып, қорғалуы керек. Кітап оқу бірінші орынға қойылуы қажет. Киер киім мен ішер тамағын табуға ғана шамасы жететін бейшара адамнан қандай рухани бай, мәдениетті, білімді тұлға қалыптассын? Бала тәрбиесі ақсап тұр. Әйелдер ақша табудың жолында үй бетін көрмейтін болды. Қараусыз қалған балалар интернеттен көргені бар, көшенің ықпалы бар… қатігез, өзімшіл болып өсуде. Осылардың арасынан зорлық‑зомбылық жасауға бейім адамдар шығып жатыр. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлінуі керек. Ер балаларды да, қыздарды да кішкентай кезінен жауапкершілікке, отбасылық құндылықтарды қадірлей білетін адам болуға лайықтап тәрбиелеуге көңіл бөлгеніміз жөн.
Жадыра ШАМҰРАТОВА: Астанаға келгелі көршіңді көрмесең де, еститін кереметке тап болдық. Қанша пәтерге көштік, шамамен оннан сәл асатын шығар, соның бәрінде, әйтеуір, не әңгімесін, не әнін, не айқайын естігеніміз рас. Бұған қатысты «Картон қабырғалы үйлер» деген шағын әңгіме жазғанбыз. Бірде жоғарыдағы көршіміздің үйі­нен шыққан жанжал толастамағасын бардым, өйткені ер адамның бірдеңені лақтырып кеп қалып қабырғаны дүңкілдеткенін, еденге тарс еткізгенін қойшы, орысша-қазақша «селдеткен» балағат сөздері отырғызбады. Әйел мен баланың жарыса шығып жылаған дауыстары миды теседі, бала шар еткенде аядай пәтердің қай қуысына тығылып, құлағымды немен бітесем екен дейсің. «Ана байғұс әйелді өлтіретін болды, баласы да әбден жүрегі ұшқан шығар» десең де, бірден учаскелік полиция шақыруға көршің болғасын тағы ыңғайсыз ба дейсің. Есікті ұзақ қақтық, бір кезде ар жағынан көзінің асты көгерген, шаршаған, қажыған әйел көрінді, ол бер жаққа шықты да, есікті қайтадан тезірек жаба қойды. «Мен сіздің көршіңізбін, бір қабат төмендегі…» – деп басталған әңгімеміз «Маған еш көмек керек емес, ешкімге хабарламаңызшы», – деп аяқталды. Учаскелік полиция да бірнеше рет келді, бірақ еш қайран болмады.
Оралда Тасқала деген аудан бар, күйеуі жайсыз болғасын әйелі ажыраспақ болып, соған ерегескен күйеуі әйелін екі қызымен қосып өртеп жіберді. Әйел соның алдында араша іздеп әкесінің үйіне барған кезде де күйеуі айылын жимапты, қайынатасының үйіне барып та, қорқытып-үркітіп… тирандарды ештеңе тоқтата алмайтын сияқты. Сол Оралда Зашаған кентінде тұратын әйел күйеуінің соққысынан қайтыс болып, үш бала жетім қалды. Бірнеше жыл бұрын Астанада күйеуінен ажырасам дегені үшін мұғалім әйел­ді күйеуі мектептің қасында бензин шашып өртеп жібергенін білеміз. Бұндай мысалдарды тізе берсек, «мал құлағы – саңырау», саусағың жетпес. Ол үйдегі осының бәрін көрген балалардың жанына түскен жарақат туралы айтуға дәтіміз де шыдамайды, батылымыз да жетпейді және бізде «құрбандықтың өзі кінәлі» деген уәж бар. Бұндай уәж бар кезде ештеңе өзгермейді. Одан бөлек, үнсіз, сыртқа жымын білдірмей жасалатын қысым деген бар, бұған тап болып, шыдап келе жатқан әйелдердің санын еш уақытта біле алмаймыз…
Бір шетін жағдай болғанда ғана осыған қатысты заң қайда деп даурығамыз. Әңгіме басылғанда бәрі қалады, даурығу нәтижесіз, жәбір көрген, жапа шеккен әйел де өз қиындығымен өзі қалады. Біз дәстүрлі отбасы моделін қолдаймыз, олай болса, мектеп бағдарламасындағы қажетсіз сабақты қысқартып, «Отбасы» сабағын енгізіп, алдымен қыздардың осыған қатысты сауатын көтеріп, ер балаларға отбасы жауапкершілігін жастай түсіндіру керек. Біз тіпті жастай осындайды көріп жүрегі ұшып қалған балаларға психологиялық көмек көрсете алмай жатырмыз. Қазір интернеттен бірдеңе іздесең, алдыңнан порнографиялық кескіндер шығады, соңғы кезде жыныстық зорлықтың көбейгенінің бір себебі – осы, бұған ешқандай тосқауыл жасай алмайтынымыз қиын болып тұр.
Сағадат ОРДАШЕВА: Отбасылық болсын, қоғамдық болсын, зорлық-зомбылық көбейген сайын мемлекет сол зорлықтың салдарымен күресетін ұйымдар, бірлестіктер, орталықтар ашып та тастады. Ондай тегін көмек бере алатын «Отбасы орталықтары» себеппен түбегейлі айналыспайды, яғни зардап шегушімен аз ғана уақыт тілдесіп, жараны қайта жауып қоя салады. Ондай орталықта отырғандар заң аясында көмек көрсетіп, жәбірленушімен толыққанды жұмыс істей алмай отыр. Жалпы, мен әйелдердің заңды ахуалын жақсарту үшін – ең әуелі әйелдің өзін құлдық санадан құтқару керек деп ойлаймын. Әйел – бала тууы үшін, күйеуінің еркімен ғана жүру үшін, ене мен ағайынның көңілінен шығуы үшін ғана жаратылған жан емесін түсіну керек. Әрине, әйел – үйдің шырағы, бірақ сол шыраққа май құя білсең ғана ол лаулап жанатынын айналасы түсіне бермейді. Еркекпен тең жұмыс істеп, шаршап келген әйел үйде енді келіндігі бар, жұбайлығы бар, аналығы бар, екінші жұмысқа қосылады. Міне, осы жерден теңсіздік орын алады.
Бірінішіден, қоғам отбасылық құндылықты алға шығаратын, бірінші орынға қоятын тәртіп орнатса – онда әйелге жұмыс орнында жеңілдік беруге тиіс, яғни әйел адам еркекке қарағанда отбасын көбірек ойлауға көңіл бөлу керек. «Қырық жаны бар» деп әйелді үйде де, түзде де тіршіліктің арбасына жеге берудің түбі теңсіздікке, зорлыққа әкеліп отыр. Екіншіден, қазір мектептерде психолог та, дәрігер де бар. Ауруханада отбасылық дәрігер де тағайындалған. Ендеше, неге отбасылық психолог жоқ бізде? Отбасылық психологтар легін шығару керек те, әрбір отбасының жағдайына орай рухани, түрлі зорлық-зомбылық фактілерін анықтап отыру керек. Үшіншіден, ұлттық санамыз енді жетілу үстінде, гүлдену үстінде тұрған ұлтпыз. Ұлттың санасын өсіретін әйел ой-санасы, әйелге құйылған инвестиция дер едім. Қыздардың, әйелдердің ой-санасын өсіру үшін, зорлық-зомбылықтан өзін алып шығу үшін дәстүрлі танымдағы психологтар легін шығарып, жаппай оқыту, тегін семинар-курстар ұйымдастыру керек. Өйткені қазір психологиялық көмекке зәру әйелдер өте көп, қиналыстағы әйелдердің сырын ашып айтар жері жоқ. Ал әлеуметтік ортасы әйелді көп жағдайда көнбістікке, зорлыққа көз жұма қарауға үйретеді. Ал жан тілі – психология кейде діннің де танып түсіне алмайтын тереңдеріне бойлай алады. Психология арқылы әркім өз дертіне тіке қарай алады, туындаған мәселені де шешуге көмек береді.
Әлия БӨПЕЖАНОВА: Жазушы, бір есептен, қоғамның барометрі ғой. Жан ауруына айналған қаншама мәселелерді қозғап, бірқатар орынды ұсыныстар айттыңыздар. Қамтылып үлгермеген мәселелер де баршылық. Дегенмен де пікірлерді жинақтай келгенде негізінен ағартушылық бағыттағы жұмыстар көп жүргізілуі қажеттігі байқалады. Бұған жазушылар қауымы да белсене үлес қоссақ игі.

Дөңгелек үстел басындағы пікірлерді
жазып алған –
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір