«Әрбір істің соңында қайыры бар» деген…
Телеарналар жақын күндерден бері қаздай тізіліп, қатар түзеген жаңа үйлердің қарасын көрсетіп, сүйінші хабарлар таратып жатыр. Ақжолтай жаңалық жалпақ жұрттың қуанышын еселей түскендей. Мұндайда елдік істен мін іздемей, «бәрекелді, ілгері бас», – дегеніміз жөн шығар.
Иә, су тасқыны талай елдімекендерді, қалалардың іргесінен бой көтерген ықшам аудандарды алып кетті. Қарғын су қаптады. Қызыл су жайылды. Өзендер өкіріп, бұлақтар бүлік бастады. Талай дүние бүлінді. Жылаулы елдің тірнектеп жиған дүниесі, мүкәмал-мүлкі, малы суға кетті. Бірақ…
Бірақ қазақ халқы тез ес жиып, тіршіліктің қамына қайта кірісуде. Сапасыз материалдар мен саманнан соғылған, ретсіз орналасқан үйлердің орнына қазір сап түзеген, салтанат құрған сәнді, стандартты үйлер тізіліп салына бастады. Егер деймін-ау, су тасқыны болмаса, қазекем іргесінен тобық шаяр су жүгіріп өтетін құжыраларында тұра берер ме еді, қайтер еді?..
Құдай көлденең кесапаттар мен табиғи апаттардан сақтасын. Алайда осы жолғы су тасқыны елдің бірлігін еселеп, ұйымшылдығын ұштай түскендей. Сосын, даламызды анау-мынау кір-қоқыстан тазалап та кеткен сияқты…
Тегінде жекеменшікке үй салып беруді Үкімет ешқашан мойнына жүктеп, әлеуметтік бағдарламалардың біріне кіргізген емес. Ал бұл жолы аспан астында жалаңаш қалған жұртты баспанамен қамтамасыз етуге атқарушы билік мәжбүр болды. Қаржысы мол, қалтасы терең алпауыттарымыз да алғаш рет елдің жағдайына мойын бұрып, көмек көрсетуде. Ең бастысы, қазақ елі өзінің қайсар халық екенін кезекті рет дәлелдеп, еңсесін түсірмеді.
P.S. Су тасқыны салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары бойынша Президентке есеп берген премьер-министр Олжас Бектеновтің деректеріне сүйенсек, қазіргі кезде 61 352 адам өз үйлеріне оралған. 26 мыңнан астам отбасына 100 АЕК мөлшерінде бір реттік төлем беру үшін 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Баспаналары қираған 239 отбасы жаңа үйлерге қоныстанса, Батыс Қазақстан облысында 357, Қостанай өңірінде 88, Ақтөбе аймағында 153, Атырау өлкесінде 70, Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарында 200 және 5 үй, жалпы жиыны еліміз бойынша 873 жаңа үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. 891 отбасыға үйлерін жөндеу және қайта қалпына келтіру үшін 1,9 млрд теңге көлемінде өтемақы төленген. Осылайша қарғын су астында қалып қамыққан жұрттың еңсесі көтеріліп, жүздеріне қуаныш ұялай бастағандай. Тұтас қауымды қалжыратып, сананы сансыратар талай оқиғаларды басынан өткерсе де, байыпты қалпынан айнымайтын халқымыздың «әрбір істің соңында қайыры бар» дегені осындайда айтылса керек.
Д.ҚАСЕНҰЛЫ