Орынай ЖҰБАЙ: Халықтың рухы тілінен көрінеді
27.07.2023
380
0

Газетіміздің өткен санында филология ғылымдарының докторы Гүлдархан Смағұловамен қазақ тілінің іргелі бір бөлігі – тұрақты тіркестер турасында сұхбаттасқан едік. Бұл тақырып көптің көңіліндегі түйткілдерге қозғау салған көрінеді. Біз оқырмандардың сұрауы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, ахметтанушы ғалым Орынай Жұбайға да төмендегі сұрақтарды қайыра қойған едік. 

1. Академик Әбдуали Қайдар 1991 жылы жарияланған «Тіл байлығы – рухани қазына» мақаласында 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» 24497 лексикаланған тұрақты тіркес, ал І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» (1976 ж.) 10 мыңдай фразеологизм қамтылғанын айтады. Уақыт өткен сайын кей сөздер мен тұрақты тіркестер көнерген сөздердің санын көбейте береді ғой. Заман ағымына, өмірге қажетті құралдардың жаңарып-жаңғыруына сәйкес жаңа тұрақты сөз тіркестерінің қатары толыға бере ме?
2. Академик сол мақаласында «Сөздің саны тіл байлығының кепілі бола ала ма?» деген сауалды ортаға тастайды. Сіз бұған қалай жауап берер едіңіз?
3. Болашақта қазақтың фразеологизмінің қолдану аясы тым тарылып кетуі мүмкін бе? Яғни, тұрақты сөз тіркестері қағаз бетінде ғана қалып қою ықтималдығы бар ма?
4. Қазіргі қазақ тілінің даму өрісін, ғылыми жүйеленуін қай деңгейде деп бағалайсыз?

1) Өзіңіз айтқандай, Әбдуали Қайдар 1991 жылы жарияланған «Тіл байлығы – рухани қазына» мақаласында 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» 24497 лексикаланған тұрақты тіркес, І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» (1976 ж.) 10 мыңдай фразеологизм қамтылғанын айтса, 2013 жылы шыққан бір томдық «Қазақ сөздігінде» 106 мың сөз, 48 мың сөз тіркесі қамтылған. Яғни бұрынғымен салыстырғанда, әлдеқайда көп екенін аңғарамыз. Алайда бұл кейінгі жылдары тұрақты сөздердің қатары күрт көбейгенін білдірмейді. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастыру барысында репрессияланған алаш арыстарының еңбектерін пайдалану мүмкін болмады, сол сияқты діни мазмұндағы еңбектерді, қисса-дастандарды толыққанды пайдалана алмады. Ал «Қазақ сөздігінде» бұрын тыйым салынған еңбектер пайдаланылды, сондай-ақ шығармалары кейінгі кезеңде жарық көрген ақын-жазушылардың тіліндегі тұрақты тіркестермен де толықты. Сондықтан «Қазақ сөздігінде» тұрақты сөздердің көп болуы кейінгі кезеңде фразеологиялық тіркестердің көбейгенінің белгісі бола алмайды. Тәуелсіздік алуымызға байланысты кейінгі сөздікті құрастырушылардың мүмкіндігі көп болды. Заман ағымына, өмірге қажет құралдардың жаңарып-жаңғыруына сәйкес жаңа тұрақты сөз тіркестерінің қатары толығуы керек. Алайда «Қазіргі кезде ондай тұрақты тіркестердің қатары толығып, көпшілікке қолданысқа ие болды» деп айта алмаймыз.
2) Әрине, сөздің саны тіл байлығының кепілі бола алады. Қазақ тілі өте бай, өте құнарлы. Орыс тіліндегі «свежий» деген бір сөздің қазақ тілінде бірнеше баламасы болуы – соның айғағы. Қазақ тілінде адамның сезімін, күйзелісін, тебіренісін білдіретін сөздер мен сөз тіркестері өте көп. Қимылдың қалай болғанын дәл бейнелейтін аналитикалық формалар да көп. Орыс тіліндегі «упал» деген сөзді қазақ тілінде «құлады», «құлап қалды», «құлап түсті», «құлай салды», «құлай қалды», «жығылды», «жығылып қалды», «түсті, «түсіп кетті», «түсіп қалды», т.с.с. бірнеше нұсқада беруге болады. «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәрін жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадарынша жарайды», – деп А.Байтұрсынұлы айтқандай, қазақ тілі өте бай тіл. Тек сол тілдің байлығын дұрыс пайдалана алатын адам аз.
3) Тұрақты тіркестер халықтың ой-өрісін көрсетеді. Академик Рабиға Сыздықтың сөзімен айтсақ, тұрақты тіркестер – «тілдің икемділігін, эстетикалық мүмкіндігін танытатын құндылықтар». Алайда қазіргі кезде тұрақты сөз тіркестерін қолданатын жастар өте аз. Олар кейде сол тіркестердің мағынасын да түсінбей жатады. Себебі жастар қазақ тіліндегі кітаптарды көп оқымайды. Қазақтың мықты классиктерінің шығармаларын тұшынып оқымайды. Әрине, кітап ұстап, оқып жүрген жастарды байқаймыз. Бірақ олар көбінесе шетел жазушыларының шығармаларын оқиды. Ұлттық колоритті танытатын, ұлттық дүниетанымның ошағы болатын қазақ тілді шығармаларды оқымағандықтан, қазіргі жастардың сөздік қоры шектеулі, тым жұтаң, тұрақты сөздерді де көп қолданбайды. Осыған байланысты теледидар, радиолар арқылы ұлттық құндылықтарды танытатын жақсы бағдарламаларды көптеп ұйымдастыру қажет, байқаулар өткізу керек. Ұмыт бола жаздаған айтыс өнерін жандандырған Жүрсін Ерман ағамыздың ерлігін қайталаушылар қатары көбеюі керек. Ұлттық өнерімізді насихаттап, жастардың қызығушылығын ояту керек. Әйтпесе, небір әдемі тіркестеріміз көпшіліктің қолданысынан шығып, қағаз бетінде ғана қалып қою ықтималдығы жоқ емес.
4) Қазіргі кездегі қазақ тілінің даму деңгейіне, қолданысына, ғы­лыми жүйеленуіне көңілім толмайды. Кеше ғана ұшаққа («Скат») отырғам. Сонда: «Біздің әуе кемеміз биікке көтерілу барысында», – деп хабарла­ды. Ал орысша, ағылшынша хабарла­маларында бірде-бір қате жоқ. Қазақ тіліндегі хабарламаның сапасына мән бермеген. Әйтпесе, қазақ тілінде олай сөйлемейді ғой тілдегі норманы білетін, түсінетін адам. «Барысында» деген сөз сөйлемнің соңында келе алмайды ғой. Астанада «BI Group» құрылыс холдингі салған үйдің кіре берісіндегі хабарламалар мүлде түсініксіз. Орыс тіліндегі «не рекомендуется» тіркесінің баламасы ретінде «ұсынылмайды» сөзі берілген. Соның салдарынан сөйлемдері түсініксіз болып шыққан: не рекомендуется курить, т.с.с. – темекі шегу ұсынылмайды, т.с.с. Тыйым салынған іс-әрекеттің қатары көп, бәрі де қате, қазақ тілінің нормасына сәйкес келмейді.
Тіл – халықтың рухы, халық рухы тіл арқылы көрінеді. Тілдің тағдыры мен ұлттың тағдыры тығыз байланысты. Нақты шара ретінде мемлекеттік тілге деген талапты күшейту керек, жұмысқа орналасатындар үшін мемлекеттік тілді міндеттеу керек, қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік тудыру керек, қазақ тілінің ғылым тілі, білім тілі ретіндегі қызметін арттыра түсу керек, барлық салада қазақ тілінің қоғамдық қызметін күшейту керек, бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл тазалығын сақтау керек, қазақша мәтіндердің сапасын үнемі қадағалап, тілдік нормалардың бұзылмауын талап ету керек, қазақ тілді бағдарламалардың санын арттыру керек, көрерменнің орыс тілді бағдарламаларды көріп жүріп, орыс тілін тез меңгеріп кететіні сияқты, қазақ тілді бағдарламаларды, қазақ тілді арналарды көбейтіп, сапасын арттыру керек, құжаттардың мем­лекеттік тілде болуын, ресми, іскери қа­тынаста қа­зақ тілі­нің қол­да­нылуын та­лап ету қа­жет, мемлекеттік органдардағы қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуін талап ету қажет, қазақ тілді оқулықтардың сапасын арттыру қажет, жарнама мәтіндерінде, көшедегі жазуларда қазақ тілінің нормалары қатаң сақталуын талап ету, мәтіндерден қазақ тілінің көркемдігі байқалып тұратындай, сөз оралымдарына сүйсініп, жаттап алатындай деңгейде, дұрыс әрі сауатты аударылуына мән беру қажет, қазақтың шешендік өнерін дәріптейтін сайыстар ұйымдастырып, бәйге жариялау, т.с.с. қажет. Бұл шараларды тек сөз жүзінде айтып қоймай, нақты шараларға көшу қажет.

Дайындаған:
Бахаргүл БЕРДІХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір