ӘЛЕМДІ МӘТІНДЕР БИЛЕП ТҰР
02.10.2018
1308
0

 

 

Айдос САРЫМ,
ҚР Қоғамдық даму министрінің штаттан тыс кеңесшісі:


Жалпы, адам табиғаты аса өзгере қоймайды. Әрбір адамзат ұрпағы бәз баяғы сұрақтарға қайта-қайта жауап іздеп әуре. 1958 жылғы Ташкент форумынан кейін небір заман өтті (Азия-Африка жазушыларының алғашқы бас қосуын айтады.-ред.). Адам жақын ғарышты игеріп, алысқа көз тіге бастады. Әлемді өз бақылауында ұстауға тырысқан алпауыт мемлекеттердің арасында өзара қақтығыстар орын алды. Әлем ядролық апат шегіне жетті. Алайда бар күшін салған Мейірімділік жеңіп шықты. Одан кейін көпғасырлық империя құлап, дүниежүзілік карта көптеген жаңа мемлекеттермен толықты. Көпғасырлық қараңғылық серпіліп, ғылыми-техникалық прогресс пен ғылымның дамуы бұған дейін ешкімнің ойына да кірмеген жарқын болашаққа деген сенімнің негізін қалады. Тіпті, әлдекім «тарихтың соңы», «соңғы адам» туралы айтып қалды…

Әйтсе де, бүгін, арада жарты ғасырдан сәл ғана асатын уақыт өткенде, ядролық майдан қаупімен қайтадан бетпе-бет келіп тұрмыз. Біз ғасырлық надандықпен, діни һәм саяси қараңғылықпен, геноцидпен, фанатизммен, ксенофобиямен және шовинизммен қайта күресудеміз. Әлем неоимпериализм, постим­пе­риализм, неоколониализм және постколониализм туралы айта бастады. Жер жүзінде босқындар қайта пайда болды. Ал бір жер­лерде ізгіліктің күл-талқаны шығып, аш­тық елесі тынбай кезіп жүр. Жаңалықтардан үлкен және кіші соғыстардың көлеңкелері қайта көріне бастады. Адам қаны төгілуде… Жас кезімнен тірлігімнің мәні болып келе жат­қан қағидалардың бірі – Ницшенің «Мә­дениет дегеніміз – шиеленіскен бей-бере­кетсіздіктің үстінде ілулі тұрған алманың жұп-жұқа қабығы ғана» деген сөзі. Мен үшін мәдениет ең басты орында тұрады. Себебі, өтіп кеткен, болып жатқан және алда болатын та­рихи, саяси қақтығыстардың бәрі мәде­ниеттің әлсіреуімен және тізе бүгуімен бай­ланысты болған, бола да береді. Ең сорақысы сол, осы құлдыраулардың барлығы мәдениет қайраткерлерінің, ең алдымен, жазушылар мен әдебиетшілердің мәдениет мұраттарын сатып кетуінен және зұлымдық насихат­шы­ларына айналуынан туған. Мәдениеттен жұрдай өзгерістердің ешқайсысы да ұзаққа созылмайды. Соғыстар соңғы жауынгердің жер қойнына тапсырылуымен аяқталып қал­майды. Олар «соғыс» деген ұғым қадір­сіз­ден­генде ғана келмеске кетпек. Бұл орайда біз өте көп кітап жазуымыз және оқуымыз ке­рек. Әлемдегі ұйымдасқан ең қорқынышты күш – нақұрыстар. Олардың сенімді де адал жақтастары мен насихатшылары барлық жер­ді жаулап алды. Әлемді басқаратын саясат­кер­лер, бай-бағландар, әскерилер емес. Әлем­ді әлеуметтік ойшылдар мен ой тудыру­шылар басқарады. Бүгінгі ғаламтор мен ақ­параттық технология заманында не нәрсені де сандар арқылы ойлау, пиксельдермен, байт­тармен өлшеу сәнге айналды. Шын­ды­ғында, әлемдегі бар нәрсенің бәрі мәтіндерден тұрады. Олар кез келген нәрсеге түсірілуі мүмкін, кез келген тасымалдаушы арқылы бері­ле алады, кез келген өлшемге сай келе ке­теді. Ендеше, әлемді басқарып тұрған – мә­тіндер. Яғни, әлемді мәтіндерді құрастыра ала­тын және оқиғаларды ойлап шығара ала­тын адамдар басқарады. Сол себепті де, адам дегеніміз – бейнелеп айтқанда, оқыған және түсін­ген кітаптарының жиынтығы. Сәйке­сінше, кез келген заманауи дау-жанжалдардың ше­шілуі мен қарқын алуы – оқиғаларды «дейін» және «кейін» деп бөліктерге бөлетін, кімді де болсын дүр сілкінтіп, болып жатқан жағдайға басқаша қарауға, келешекті басқаша көруге итермелейтін мәтіннің тез арада та­былуына байланысты. Осы арада «сондай мәтіндер неге өз уақытында пайда болмай жатыр?» деген сұрақ туады. Әлем тарихында қажетті мәтінді сарыла күту, әрекет ете оты­рып күту еш нәтиже бермеген жағдай әлі болған емес. 15-інші жүзжылдықтың Дитрих Нигеймский деген ойшылы өз уақытында: «Христиандықты реформалау қажеттігі турасындағы ұсыныстарға арналған барлық шығармаларды жинап, өңгеріп алып кету үшін жүз түйе де жетпес еді» деген. Алайда, өзінің 98 тезисімен Мартин Лютер тарих сахнасына шыға келді. Бәлкім, біз жай ғана жеткілікті дәредеже терең ойланбайтын шығармыз, жағымды өзгерістерді соншалық қаламайтын шығармыз? Психологиялық тұрғыда қалыптасқан әдетімізге салып, біз тек түбін іздейміз. Оптимистер мен пессимистер су құйылған стақан туралы ақымақ сұрақтың «жауабын» іздеп таласады да жатады. Бір жақ «стақан жартылай толы» десе, қарсыластары «ол жартылай бос» дегенді айтады. Шын­дығында, алдымен «онда нақты қанша грамм не литр су бар?» деп сұрау ақылдырақ болар еді. Негізі, бізге шыңырауды іздеудің қажеті жоқ. Себебі бір кездері сонда болғанбыз. Әліге дейін сонда болуымыз да ғажап емес. Мұндай жағдайда төменге емес, жоғарыға қарап, алда шығуымызды қажет ететін шыңды іздегеніміз дұрыс. Иә, Ізгілік бірден орнай салмайды. Қателіктерді түзету уақыт пен шыдамдылықты қажет етеді. Қателікті айқындау, өкіну, «сауығу» бірнеше жылға созылуы мүмкін. Осы орайда, жазушы дегеніміз – жай ғана әлем емес, әлемді жасау­шы екенін білгеніміз жөн. Адамзаттың шарықтауы мен құлдырауы – жазушылар мен әлеуметтік ойшылдардың ойларының кеңдігіне һәм тереңдігіне байланысты. Адам­зат тарихы дегеніміз – ең алдымен, идеялар мен мағы­налардың тарихы. Уақыттың ұлы­лығы, мем­лекеттер мен халықтардың ұлы­лығы, түптеп келгенде, қазына көлемімен, әс­кер санымен емес, ой тудырушылардың ниеттерінің таза­лығымен және арман­да­рының асқақ­тығымен өлшенуі қажет.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір