ШАХАНОВТЫҢ БІР ҚЫРЫ: ӘНДІ ӘРЛЕНДІРГЕН МӘТІНДЕР
«Мен қарайын елжіреп,
отым шығып көздегі,
Өз күшіне сенгендер күндемейді өзгені».
Мұхтар Шаханов
Тәуелсіздік мерекесіне орай Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Шәмші Қалдаяқовқа Еңбек Ері атағы берілді. Әлбетте, композитордың бұл атаққа лайықты екеніне ешкім күмән тудырмайды. Алайда санасы сергек жанның ел Президентінің аузынан тағы бір көрнекті тұлғаға дәл осындай атақ берілуі туралы сөз күткені анық еді.
Көп ұзамай ел оны да естіді. Ол кісі – Мұхтар Шаханов болатын. Бұл шешімнің халық тарапынан әділдік есебінде қабылдағаны да рас.
Әлбетте, басқалардан озық шығып, халықтық ақын деңгейіне көтерілген Шахановтың Қазақстанның ең жоғарғы, мәртебелі атағына ие болуы ешкімді таңдандырған жоқ. Себебі ақын бұл құрметке толық лайықты еді.
Халықтық ақын дегеннен шығады, қазақ арасында «Қалдаяқов – Шаханов» дилеммасына қатысты дабыралы әпсана аз емес. Екеуі де айрықша дарынымен, өзге де жоқ мінез-құлқымен ерекшеленетін тұлғалар.
Бұл жердегі әңгіме сөзін Шаханов жазған Шәмші әндеріне қатысты. Рас, ұлы композитордың айрықша лиризміне лайықты мәтін жазған Нұрсұлтан Әлімқұлов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалы есімі әммеге белгілі.
Алайда жоғарыда айтылған «Қалдаяқов – Шаханов» дилеммасының жөні бөлек дер едік. Өнер адамын алдымен өскен ортасы, туған табиғаты тәрбиелейді, деген постулат биігінен қарастырсақ, екеуі де оңтүстіктің тәрбиесін көргендер, оңтүстіктің перзенттері.
Бір ғана «Арыс жағасында» әнінің сөзін Тұмағаң немесе Қадыр жазды дегенді алып көрелікші. Рас, Т.Молдағалиев теңдессіз ән мәтіні «Бақыт құшағында» әнінің сөзін жазды. Ән де, оның авторлары да қазақ өнерінің тарихында қалды.
«Арыс жағасындағының» көзге көрінбейтін, қолжетпес, абстракциялы персонажы – күмәнсіз Арыстың өз қызы. Ал Арыс қызы мен Алматы қызының айырмасы сыпайылап айтқанда жер мен көктей…
Сөзін Зейнолла Шүкіров жазған «Сыр сұлуы» туралы да осыны айтар едік. Әннің историзмі туралы айтудың өзі артық. Екі әннің де персонажын Шахановтың көзбен көріп, ұнатқаны, ал Шәмшінің сол сезімді сезінгені күмәнсіз дер едік. Нәтижесінде қазақ тұрғанда ұмытылып, жадыдан шықпайтын тарихи ән дүниеге келді.
Алдыңғы жылы теледидардан Германияға бізден көшіп кеткен немістерді көрсетті. Белгілі бір уақытта бас қосып, қазақша ет пісіріп, нан жайып, Қазақстанды еске алады екен.
Көбі қазақша біледі және.
Бір кезде бәрі қосылып, сырнаймен «Арыс жағасында» әнін шырқады. Біразының көзінде жас бар еді. Бір неміс әйелінің көз жасын сүртіп тұрып: «Қайда жүрсек те кіндік қанымыз тамған қазақ елін ұмытпаймыз. Сағынамыз. Сағынышымызды осы әнмен басамыз» дегені есте қалыпты.
Міне, «Қалдаяқов – Шаханов» дилеммасының бір құдіреті осындай!
«Қалдаяқов – Шаханов» дилеммасына қайта ораламыз. «Ана жыры» мен «Қайықта» классикалық әндерінен кейін Шәмші әндеріне мәтін жазуға құлықтылар көп болған. Ол турасында Оразбек Бодықов та жазады.
Қазір жүрек түкпірінде жатқан әуеннің сазын дөп басып, тура таңдай білетін мәтін авторын таба алмай қор болып жүрген композитор қаншама?! Ондай проблеманы ұлы Шәмшінің де бастан кешкені күмән тудырмайды.
Біздің түсінікте, өзі де өлең жазған композитор ән мәтініне автор таңдауда аса кірпияз болғанға ұқсайды. Шәмшінің қазіргі «Астанада жоқ, жоқ. Алматыда жоқ, жоқ» деген тақылдақ мәтіндерден де, өзінің алдындағы «Астыма мінген атым қара құнан, дамбалдың жел соғады балағынан…» деген жабайы мәтіндерден де аулақ болғаны белгілі.
Бір сөзбен айтқанда, Шәмші өз әндерінің мәтіндік авторын өзі таңдаған. Танымдық санада: «Мұхтар Шәмшіні тапты ма? Әлде Шәмші Мұхтарды іздеп тапты ма?» деген сауал бар. Себебі ән мен мәтінді бөліп, айырып қарау мүмкін емес. Екеуі бір-бірін толықтырып, байытып тұр.
Жоғарыдағы сауалдың жауабын біз ұлы композитордың өзі жазып кеткен баянымен беруді жөн көрдік. Әрі бір сөзін, үтір-нүктесін өзгертпей Шәмшінің өзі жазған, айтқан қалпында беріп отырмыз.
«Мен өзім Арыстың Сырдарияға құятын жерінде туғанмын, сол жерде өскенмін. Ол Отырар деген шәһәр, қазіргі Шәуілдір деген жер. Совхоз орталығы Арыс өзенінің бойында болады да, ал бір отделениесі Сырдың бойында болатын.
Мұхтар Шаханов ол кезде қып-қызыл жігіт. Сөз жазып өйтіп-бүйтіп… Әуелде Құдай шығар, сонан соң мен Мұхтарды шығарып алған. «Сен сөз жазғанда біздің ауылды, Арыстың жағасын айтасың да, содан Сырдың бойын да қамтып кетесің» – дедім.
Ол кезде Крайком комсомол еді. Қызылорда, Жамбыл, Шымкент үш облысы Крайкомға қарайтын. Солардың конференциясына мені шақырған соң барғанмын. Бұл 1964 жыл ғой. Бұл – сол конференцияға біздің совхоздың директорын шақырғаннан кейін басталатын тірлік. Не керек, сонымен Тәшкеннен бір пианино әкеліпті де, фоеге қойып қойыпты.
Сонымен, концерт берілгеннен кейін совхоздың директоры сахнаға шығып, мені де шақырып: «Шәмші! Пианиноң анау тұр, кілтің мынау!» – деп, кілтін берген маған. Содан соң мен айттым, енді: «Шерім аға! Қазақта мақал бар: «Берген мәрт емес, алған мәрт! деген. Сондықтан, пианиноңызға үлкен рақмет! Мына, публично, жұрттың алдында уәде берем сізге, – ауылға арнап бір ән жазамын», – дедім. Содан, бұл өзіміздің ауылға арнап жазылған ән. Ал енді, әнді айтатын жастар ғой. Мұхтарға айтып, түсіндірдім: «Сен Мұхтар, дорогой, Арыстың жағасында қыз бен жігітті ұйымдастырмасаң, ешкім айтпайды. Әнді де айтатын қыз бен жігіт. Қыз бен жігіт болмаса ол ән жақсы болмайды» – дедім. Содан кейін Мұхтардың жазған сөзі еді.
Бұл – маған сыйлаған пианиноға жазылған ән. Әйтпесе біз Арыстың жағасында ешкіммен танысқан жоқпыз. Елдің басында бар тірлікті жазу деген сөз…»
Міне, экспромт дегеніміз осы! А.Возненскийде: «Өлең жазылмайды, туады» деген ғажайып сөз бар. Шәмші мен Шахановтың «Арыс жағасында» әні туралы да осыны айтуға болады. Әннің өзі де, мәтіні де жазылмаған, керісінше ерекше тылсымның әсерінен туған! Сондықтан – шедевр! Сондықтан – өміршең!
Махаббат тақырыбына екінің бірі ән шығарады, өлең жазады. Алайда «Мен саған ғашық едім» деп жүрек қалауын мәңгі өшпестей, бақилық ете білу екінің бірінің қолынан келе бермейді.
«Қалдаяқов – Шаханов» дилеммасы дегенге қайта оралайық. Дилемма сөзінің өзі екі мүмкіндіктің, екі басымдықтың бірін таңдауды білдіреді. Қайсысын таңдау да өз еркіңізде, ағайын. Алайда осы екі құбылыстың бірінсіз бірі жоқтай көрінетіні де рас. Ақиқатында бірі екіншісін толықтырып тұр. Халыққа ортақ түсінік те осы!
Шахановтың ән мәтіндері мен жеке әндерінің өзінде де тіршілік логикасы, дүниетаным жалғастығы бар дер едік. «Ақ бантикке» деген балауса да пәк сезім «Мен саған ғашық едім» деген өшпес махаббатқа ұласып, «Жұбайлар жырына» жалғасады. Кәдімгі «махаббат формулласы» десе болғандай жағдай. Ал оның авторы да бас иесі де – Мұхтар Шаханов! Әлбетте, онда ұлы Шәмшінің өшпес әсері бар.
Біз осындай әндердің әуенімен, әсерімен өмір сүріп жатырмыз.
Біздің жүрек те «…кешікпей келем, деп ең…» деп ән салады кейде…
Өмірзақ МҰҚАЙ
Мұхтар Шаханов туралы замандастар пікірлері:
Мен үшін Олжас пен Мұхтар Шахановтың орны бөлек. Халқы да солай қадірлейді. Ақындығын азаматтығы, азаматтығын ақындығы көтерген, елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған, дауласуға бар, бірақ жауласуға жоқ, осындай ұлдары бар, осындай ақындары бар халықта не арман бар.
Дінмұхамед ҚОНАЕВ
* * *
Бакудың екі драма театрында Мұхтар Шахановтың «Сократты ескеру түні» (Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазылған) және « Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» шығармалары бойынша қойылған спектакльдер зор табыспен өтіп жатыр. Бұл ақынымыздың тек түрік дүниесінде ғана емес, күллі әлемдік поэзияда да алар орны ерекше екені белгілі.
Полад БЮЛЬ-БЮЛЬ-ОГЛЫ,
Түрік СОИ төрағасы,Әзірбайжан Республикасының Мәдениет министрі
***
Құдайым әр ақынға өз ұлтына осы Мұхтар Шахановтай еңбек етуді жазсын.
Джон ЭШБЕРИ
* * *
Табиғат берген ақындық талантыңа қоса елім деп еңірегенде етегі жасқа толатын ұлы азаматы бола алсаң, халқың үшін Құдайдың бергені емес пе?
Мұхтар Шаханов – ақындық толымы талант пен күрескер азаматтық қасиеттердің қорытпасынан жаралған өрелі тұлға.
Мұхтардың 20-ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқы дүниеге әкелген айрықша құбылыс екені содан.
Сафуан ШӘЙМЕРДЕНОВ