Әлемді өлеңімен тербеткен ақын
23.04.2025
2225
2

Алматы қашан да ән құшағында тербеліп тұрғандай. Жылдар бойы қалыптасқан өзіндік әдеби-мәдени тіршілігі, өнерді жанындай жақсы көретін тыңдарманы бар қала. Осы ойымды сағынышпен еске аламын да өткен ғасыр, шынында да, шығармашылық өкілдері үшін алтын дәуірі болғанын мақтан етемін. Біз – Мұқағали мен Фаризаның, Мұхтар Шахановтың, Қадыр мен Тұманбайдың өршіл, махаббатқа толы өлең-жырларын оқып, Нұрғиса мен Шәмшінің, Әсет­тің мәңгілік әндерін тыңдап, өмірге іңкәр құштарлықпен өскен ұрпақпыз.Сол лектің ізбасарлары, өнер додасында тай құлындай тебісіп, бірге өскен алаптары таудай Жарасқан мен Кеңшілік, Шөмішбай мен Ибрагим поэзия әлемінің жарық жұлдыздарына айнала бастады. Сол әріптес-достарының жүрекжарды жырларын әнге айналдырған бір топ тамаша композиторлар – Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков, Төлеген Мұхамеджанов, Бейбіт Оралұлы, Жанбота Тұяқбаев, Владимир Питерцев жаңа қырларымен танылып, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Шынында да, олар үйлесімі жарасқан, бірін-бірі толықтырған, аңсай іздеген шынайы дос-әріптестер еді.
Алматы десек ұлы ойшыл Абай ескерткіші еске түседі. Бұл заңдылық та. Сол жерден сәл әрідегі демалыс бағында, ақ қайың ішінде мұңайып, сүйікті сазгер Шәмші Қалдаяқов жалғыз отыр. Ал «Қазақстан» қонақүйінің маңында, буырқанған субұрқақтардың ортасында қолдан жасалған, құшаққа сиятындай жарты арал бар. Әшейінде бұл жерге ешкім келмейтін. Бүгін сол жарты аралда бір-бірімен жарасып әзілдескен, қуаласа билеп, ойнап жүрген бір топ қыз-жігіт­терді көзім шалды. Өзіміздің жастық шағымыз өткен жетпіс-сексенінші жылдардың бойжеткендері сияқты. Көзіме от­тай басылды. Барлығы тойға баратындай әсем – көгілдір, мөп-мөлдір, аппақ, қызылды-жасылды гүл-гүл көйлектерін киіп алыпты. Алматыға су жаңа, ғажайып көктем, махаббат маусымы қайта оралғандай-ды. Мен қызыға да сүйсіне қарап отырмын. Ғажап әлем… Ал сәлден соң… әлгі өмірге ғашық жандар сәл тыныштала қалды да ән айта бастады.
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың маңы терең сай,
Сарқырап аққан гүрілдеп…
Айнала тына қалды. Қол созым жердегі ұлы Абай ескерткіші жастардың әнін естігенде бір сілкініп алғандай күй кешті. Көңілді әуенді тыңдаған халықтың көңіл күйі көтерілгендей. Бір кезде… менің Шөмішбай көкем мен Кеңес Дүйсекеевтің әлемді дүр сілкіндірген, өзіне ғашық еткен «Қарағым-ай» шырқалмасы бар ма:
Қарағым-ай,
Сұлулық осындай болады екен,
Бір басқа армансыз қонады екен.
Адамдар өмірге қонақ екен,
Шынымен бұл дүние-ай шолақ екен.

Қарағым-ай,
Қиылып, үзіліп қарадың-ай.
Қараған қандай сұлу жанарың-ай.
Осы бір ғажайып әуеннен соң Алматыға кешегі Шәмші мен Нұтфолла, Сабырханның, Әсет­тің, Нұрғиса мен Мұқағалидың мәңгілік ән-өлеңдерін жалғастырған бүгінгі Шөмішбай Сариев пен Кеңес Дүйсекеевтің ән мерекесі, махаббат көктемі келгендей болды. Кешегі мыңдаған, бүгінгі миллион, миллиардқа ұласқан тыңдарманды қуанышына бөлеген әуен бүгін ерекше орындалғандай еді. Мен осы бір қуанышты көріністі күтпегенмін. Бір ғажабы ойламаған жерден, табиғат аясында, жанды дауыста!.. Тағы да Шөмішбай ақынды, дос-көкемді рақат­тана есіме алдым.
Кең далам!
Толғанайын,
Толғайын.
Домбырам,
Қолға алайын,
Жырлайын.
Қазағымның даласындай,
Көзімнің қарасындай,
Айналдым сені-ай, атамекен-ай!..
Шығармашылық адамдары өздерінің ең керемет мәңгілік туындысын жазуға ұмтылумен өтеді. Ал Шөкең – өзі ойлаған, армандаған ән өлеңдерін жазып кеткен дара тұлға, өршіл ақын. Бар болмысымен отаншыл-сыршыл, көгілдір көктемін көңілінде сақтап өткен ақын. Оның жүрек жылуынан туған бес жүзге тарта ән мәтіндері соның куәсі. Ән сөздерінің мәтініне байланысты ұстазы, академик Зейнолла Қабдолов: «Әннің ғұмырлы болуы тек сөз мәтініне ғана байланысты. Әннің сөзі жақсы болса ғана әнді халық сүйіп айтады, ғұмырлы болады. Мен сондай әндердің мәтінін Шөмішбайдың жазған ән-өлеңдерінен көріп, сезінемін, ән мәтінін жазудың шебері», – деп айтса, ал ақын Ғафу Қайырбеков ағасы, «Шөмішбай Сариев – қос қанат­ты ақын. Біріншісі – лирикалық жырлары болса, екіншісі – ән-өлеңдері», – деп Шөмішбай көкемді бағалаған еді. Ал жанын шегелей, жазған отыздан астам кітабы бөлек әңгіме. Халық аңсаған, асыға күткен ән шумақтарының өмірге дер кезінде келуі, келе сала көпшіліктің сүйікті әніне айналуы Шөмішбай ақынның поэзия әлеміндегі ерекшелігі, құдірет-қасиеті болса керек! Бұл – заңдылық та, шеберлік те, сәт­тілік те! Ең негізгісі – Шөмішбай Нағашыбайұлының ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі, дара жолы!

***

Шөкеңнің шығармашылық келбеті, ешкімге ұқсамайтын жыр-әлемі жайлы үнемі айтылып та, жазылып та жүр. Ол көзі тірісінде өз бағасын алып қойған қаламгер. Франц Кафка атындағы Халықаралық Алтын медалі, «Платиналы Тарлан» және «Жыл Адамы – Алтын Адам» сыйлықтарының лауреаты, Бірінші дәрежелі Барыс, Парасат ордендерінің, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрмет­ті атағының иегері.
Ал ақынның қарапайым өмір тіршілігіне көңіл бөлмейміз. Айтылмай да, жазылмай да қалатыны сондықтан. Адамның, әсіресе өршіл, талант­ты ақынның қарапайымдылығы оның ұлы тұлға ретінде қалыптасуының бірегей және негізгі белгісі болса керек. Өйткені ол үнемі қуанышқа бөленіп, марапат-сыйлықтың бел ортасында жүре бермейді. Өмірінің көп уақыты қарапайым адамдардың арасында, дос-жаранның қасында, отбасының көз алдында өтеді. Мыңдаған оқырман, тыңдаушы онымен кездескісі, көрген сайын құшағына алып, әңгімелескісі келеді. Осы орайда Шөмішбай көкемнің қарапайым да нәзік жанды, қуаныш пен ренішті серік етіп жүргенін айтқым келеді.
Шөкеңнің көңілі қандай ашық болса, дастарқаны да сондай берекелі болатын. Кездесе қалсаң, қара шаңырағына сүйрейтін. Сондай кездердің бірінде саябағына ертіп барғаны бар. Ақын ағам жыл сайын туған күнінде, яғни 15 сәуірде дәстүрлі түрде бір жеміс ағашының көшетін отырғызады екен. Солардың арасынан бір өрік ағашы өнім бермей, көзге сүйелдей қадалып тұрыпты. Жеңгеміз Жұмагүл Қаженқызы: «Шөке, ана өрік ағашы жыл сайын өнім бермейді. Кесіп тасташы. Орнына басқасын егерміз», – деп өтініш айтады. Қолына қалам ұстап үйренген ақын ағамыз балтаны алып, жеміс салмаса да жайқалып тұрған ағаштың қасына келіп, сүйсіне ұзақ қарап тұрады. Шауып тастауға қимайды. Өрік ағашымен жан досындай сырласып: «Мына балтаны көрдің бе? Егер келер жылы өнім салмасаң, аямаймын, шауып тастаймын», – депті. Болған әңгімені жеңгемізге айтып, өрік ағашына бір жыл уақыт бергенін ескертеді. Ал бір қызығы, келер жылы өрік ағашы уәдесінде тұрып, екі дана жеміс байлайды. Одан соңғы жылдары жайқала гүлдеп, жемісті самсата салады. Сөйтіп, әлгі жеміс ағашы Шөкеңнің сөзін жерге қалдырмапты. Біз күйбелең тіршілікпен табиғат түгілі дос-бауырларымызбен, тіпті перзент-немерелерімізбен сырласуды, ашыла-шешіле әңгімелесуімізді ұмытып кетеміз. Міне, менің ақын көкемнің табиғатпен сырласып тұруы өзіне жарасымды еді.

***

Жұмагүл жеңешем Шөмішбай көкеммен жарты ғасыр бірге ғұмыр кешкеніне ризалығын жасырмады. «Мені ешуақыт­та жанынан қалдырған емес. Шығармашылық іссапарларға да бірге баратынбыз, кітаптарының тұсаукесерлерінде де мен бірге жүретінмін. Қазақ қаламгерлерінің жарларының арасында мен сияқты әлем елдерін аралағандары сирек шығар. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін жер-жаһанды аралауға жолымыз ашылды. Әлемдегі ең ірі мемлекет­тердің бәрінде болдық десем қателеспеймін. Шығармашылық адамы бөлек болады ғой. Шөкең сәл нәрсеге ренжіп, болмашыға қуанып жататын. Оның жан дүниесін түсініп, оны аялап, күту керек екенін түсінетінмін. Ол – өнер, ол – тағдыр! Сол өнер-тағдырды бойыңа қабылдап, тербете алмасаң, ақынның жүрек сырын жүрегіңмен түсіне, бағалай алмасаң, онда ақынның морт кеткені. Өмір бойы аңсаған, мәңгілік ұлы туындысын жаза алмай арманда өтуі мүмкін», – деді ақынның асыл жары. Шығармашылықта Шөкеңнің жолы болды. Бақыт­ты өмір кешті. Жаны әдемі, іскер ұл-қыз тәрбиеледі. Ең негізгісі, әлемді өлеңімен тербетіп өт­ті.

***

Сонау елуінші жылдары заманымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов ҚазМУ-дың ішінде жүріп келе жатқанда бір құдірет­ті леп соңынан ілесіп, шәкірт­терін де, ұстаздарды да еріксіз ертіп жүреді екен. Кейін келе бұл қасиет академик Зейнолла Қабдоловтың құдіретіне тиіпті. Ал Шөмішбай көкем екеуміз Алматының көшелерінде келе жатқанымызда осы көрініс ойыма оралатын. Өйткені Шөкеңді танымайтын адам жоқ. Олар ақын бауырларын көргеніне мәз болып, онымен қауыша амандасуға, жүрек лүпілін білдіруге асығып жататын. Оқырманның ыстық ықыласына бөленген ақын одан сайын көңілдене, шабыт­тана, бақыт құшағында қалықтап жүргендей күй кешетін. Шығармашылық адамы үшін бұдан асқан қуа­ныш, бақыт бар ма?

***

Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінде болашақ әдебиетшілердің ой-арманын бір арнаға біріктірген Мұхтар Әуезов атындағы Әдеби бірлестіктің кезекті жиынын асыға күтетінбіз. Күнге қол созған күнбағыстай жас ақындар бір-бірімен таласа өлең оқитын. Үйірмеге жетекшілік ететін ұстазымыз Сұлтанғали Садырбаев болашақ ақындардың арынды әрекет­терін әрең басқарып, тежеп те, еркелетіп те отыратын. Кей күндері мінбеге шығуға екі-үш ақын таласып, жаға жыртысуға дейін баратын. Ал кейбірі ұзақ поэмасын оқып, мінбеден түспей қоятын. Әлі есімде, әсіресе Жарасқан Әбдірашев, Кеңшілік Мырзабеков, Шөмішбай Сариев арасындағы өлең-дода қызықты өтетін. Бейне бір шағын қойылым көргендей әсер алатынбыз. Оларға басу айтып, Сұлтанғали аға қара терге түсетін. Болашақ ақындардың ішінен менің көзіме жігіт «Пушкинге» ұқсайтын Шөмішбай Сариев ерекше көрінетін. Тойға баратын жігіт­тей ұқыпты киініп, жинақы, от­ты өлеңдерін оқып, оқырманын зеріктірмейтін. Жалын-жүрек ақындарға тән тентектік те, албырт­тық та Шөкеңнің бойынан табылатын. Тентектігі –тектілікке, тектілігі – еркеліке ұласып жататын.
Әдет­те, біз ер жігіт­ті мақтасақ, «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейміз. Бүгін әңгіме етіп отырған кейіпкеріміз Шөмішбай Сариев сондай жан. Оның ақындық қырын бөлек бір төбе десек, журналистік шеберлігі, ғалымдық қөмір мектебі бір бөлек. Жастығына қарамастан, «Қазақстан» саяси баспасында, «Жұлдыз», «Ақиқат» журналдарында қызмет еткені, әсіресе жазған мақалалары, садақ сынына алғанған жазбалары – өз алдына бөлек тақырып. Ал тапжылмай, өмірінің соңғы күндеріне дейін отыз жыл қызмет еткен Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы тыныс-тіршілігі, азамат­тық келбеті, ақындық шыңы, ғалымдық парасаты өз алдына бөлек әңгіме. Оның институт директорлары Мүслім Базарбаев, Серік Қирабаев, Сейіт Қасқабасовпен сырлас-достығын айтсаңызшы! Өзінің курстас досы, ҚазҰА-ның академигі Уәлихан Қалижановпен сыйластығы бөлек. Шөкеңнің 70 жылдық мерейтойы Абай атындағы Ұлт­тық театрында өт­ті. Салтанат­ты жиынды институт директоры Уәкең жүргізді. Өзінің дос-әріптесі жайлы өнер мерекесінде көсіліп пе, шешіліп те сөйледі. Қанша жыл қатар жүрсем де қоғам қайраткері Шөмішбай Нағашыбайұлының жаңа қырын, шығармашылық сырын сонда аңғарғандай болдым. Өнегелі өміріне сүйсіндім.
Шөкеңнің тағы бір айта кетер еңбегі – аудармашылығы. Ол әлемнің ең таңдаулы деген ондаған ақынының өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Р.Тагор, М.Эминеско, Г.Гулия,
О.Берголец, С.Викулов, И.Абашидзе, Р.Рождествинский, Ф.Алиев және А.Дементьев сынды жыр алыптарының өлеңдерін тәржімалады. Солардың ішінен дүниежүзінде екінші Шекспир атанған Португалияның ұлы ақыны әрі драматургі Луиш ди Камоэнстің сонет­терін аударғанын ерекше құрметпен еске алатын.
Шөмішбай Сариев – атамекеннің асыл мекен екенін, мұндай қастерлі де қасиет­ті жердің басқа жақта жоқ екенін жырлап өткен сыршыл ақын. Әлемді он араласа да, өзінің кіндік қаны тамған жер – Аралды сағына жырлап, оның шағала-шабақтарына дейін жақсы көріп, жадында сақтап өткен. Қанша жыл қасында бірге жүрсем де оның жұмбақ-сырын білгім келді, түсіне алмадым. Сөйтсем, ол өзінің бар құпиясын жазған өлеңдері арқылы ашып кетіпті. Ақынның жүрегінен шыққан бес жүздей әнге арқау болған өлеңдері соның айқын дәлеліндей. Бұл қасиет – ақын, журналист, ғалым, аудармашы Шөмішбай Сариевтің бойы­на біткен асыл қасиет!
Ол – әлемді өлеңімен тербеткен ақын!

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
ҚР Президенті сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
публицист, жазушы

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 29.04.2025 | 12:46

Өте жақсы жазылған оқып шықтым.

Қонақ 29.04.2025 | 14:17

Жақсы жазылған мақала екен. Ағамыздың жаны жәннатта болсын! Өте керемет жан еді. Жұмагүл апамыздың еңбегі көп, әрқашан қолдап жүретін еді қасында. Өлеңімен әлемді тербеткен нағыз ақын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір