Зағиптар әлемді өзгеше сезінеді
Әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі – мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау, қорғау, олардың тұрмыс-тіршілігін, қоғамдағы жағдайын жақсарту. Елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау Ата заңымызбен, Әлеуметтік кодекс баптарымен және басқа да нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі.
2015 жылы республика Біріккен ұлттар ұйымының мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына қосыла отырып, мүгедектігі бар адамдарды қоғамға толыққанды интеграциялауға бағытталған шаралар кешенін халықаралық жоғары талаптар деңгейінде іске асыруға міндеттеме алды. Осы міндеттемелер аясында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған ұлттық жоспар бекітіліп, жүзеге асырылуда. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың оқып, арнаулы білім алуына, еңбек етіп, қоғамдық өмірге араласуына барша мүмкіндік қарастырылған. Емдеу, оңалту, педагогикалық, психологиялық және әлеуметтік шаралар кешені кедергісіз орта мен қызметтердің қолжетімдігін қамтамасыз етіп, қоғамдық сананы жаңғырту бағытында үлкен өзгерістерге жол ашты. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүсіркей қарау, ол – қоғамның кембағалдығы. Мүгедектің құқын он екі мүшесі сау өз құқыңмен тең қою, яғни бірінші кезекте жан-жақты қамқорлық жасау – өскен сананың көрінісі. Жан-жақты қамқорлық дегенде мүгедектер өміріне жеңілдік, жылылық, жайлылық әкелетін тұрмыс-тіршілік қажеттіліктерімен қатар, олардың рухани дамуына, сол тұрғыдағы талап-тілегіне жауап беретін іс-шаралардың маңызы қаншалық екенін айтып жату артық. Жақында қарағандылықтар осындай бір жақсы істің куәсі болды. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында зағип суретшілердің шығармашылық көрмесі өтті. Тактильді картиналар, мүсіндер мен өнер нысандары қойылған осынау көрменің ерекшелігі – мұндағы барлық экспонаттарды қолмен ұстауыңыз қажет.
Зерттеуші-суретші, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Евгения Казакова өз сөзінде «Ғарыш дыбыстары: жанасу арқылы аян» атты осы алғашқы көрме The British Council халықаралық ұйымының қолдауымен ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Қала жұртшылығы мен қонақтарының назарына ұсынылған бұл көрме – баршаға қолжетімді өнерді қалай дамытуға болатыны жайлы ой-толғам мен ізденістің нәтижесі. Өткен жылы мен зағип адамдардың шығармашылығын басқаларға қалай жеткізуге болатыны туралы ойландым. Күн шуағынан кейін көзімді жұмған кезде, қараңғыда мен күн қояндарын көремін. Зағиптар әлемді өзгеше сезінеді. Осы тұрғыдағы ізденістерден туған бұл көрме келушілердің сана-сезіміне әсер етіп, арман-тілектерді ортаға салуға, ой-пікір бөлісуге көмектеседі, – дейді Евгения Казакова.
Командалар негізінде жұмыс істеген «Ғарыш дыбыстары: жанасу арқылы аян» жобасына он екі зағип суретші қатысып, өз жұмыстарын ұсынған. Жобаға қатысушылардың бірі, №1 көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттың тәрбиешісі Екатерина Әбішева жобаға ұсынған өзінің шығармалары арқылы адамдарға өмірдің әдемі екенін, әр сәттен ләззат ала білудің кереметін жеткізгісі келгенін айтады.
– Бұл – өте қызықты жоба. Ол біздің ішкі жан дүниемізді ашуға, мына әлемге деген көзқарасымызды, ой-сезімдерімізді, тілек-ниеттерімізді адамдарға жеткізуге мүмкіндік берді. Біздің бейнелегеніміз – ең алдымен эмоциялар мен сезімдер, толық абстракция. Өз суреттерімде мен ашық түстерді көбірек пайдаланамын. Жылы да жарқын бояулармен дүниенің әсемдігін бейнеледім. Айналамдағы адамдарға біз өмір сүріп жатқан әлемнің қаншалық сұлу екенін жеткізгім келді. Алты жасқа дейін мен біршама көретін едім. Сол кезде анам гуашь, май, акварель сатып әперген болатын, содан негізгі ермегім сурет салу болды. Кейін мен тек брайльмен сурет салдым, бұл жоба мені балалық шағыма қайтарды, – деп бөлісті өз ойымен Екатерина Әбішева.
«Ғарыш дыбыстары: жанасу арқылы аян» жобасын қолдаушылардың бірі – «The British Council» халықаралық ұйымының Қазақстандағы директоры Роберт Тейлор көрменің ашылуына арнайы келіп қатысты. Ол өз сөзінде өнерде шекара жоғын, түр-түсі, нәсіліне қарамай адамзат баласын біріктіретін өнер құдіретін айтып, қандай да бір ерекшеліктеріне қарамастан, адамдардың қоғамдық процестерге толыққанды кірігуіне мүмкіндік беретін инклюзияның маңызына тоқталып өтті.
– Бұл менің мұндай тактильді көрмеге бірінші рет келуім. Мұнда қойылған жұмыстардан керемет ләззат алдым. Көрмеге келгеніме өте қуаныштымын, – деп ол ризашылығын білдірді.
Жалпы, облыстық бейнелеу өнері мұражайына келушілер қатары қашан да қалың. Ал бұл жолғы жанасу арқылы суреттен сыр тартар көрме көрерменінің қарасы тіпті де сиреген жоқ.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА